Білім

298 мектептің сайты неге әлі жоқ?

 «Тylek.kz» сайты небары 17 мектепте ғана бар 

Қаңтардың 16-сы күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы барлық мектепте бір ай мерзім ішінде түлектерге арналған «Тylek.kz» сайтын немесе мектеп сайтынан түлектерге арналған парақша ашуды міндеттеген болатын.

Дегенмен, облыстағы 415 мектептің 117-сінде ғана мектептің жеке сайты бар. Ал түлектерге арналған жеке сайт 17 мектепте ғана жұмыс істеп тұр. Бұл мақсаттағы жұмыстарды Алға, Қарғалы, Хромтау аудандарының білім бөлімдері тиянақты орындап жатыр.

Алға ауданындағы 32 мектептің бәрінде де жеке сайт ашылыпты. Сондай-ақ, Қарғалы ауданындағы 17 мектептің 14-інің жеке сайты жұмыс істеп тұр. Хромтаудағы 26 мектептің 21-інде сайт бар. Ал облыс орталығындағы 71 мектептің 26-сында ғана сайт ашылған.

Түлектерге арналған жеке сайт ашу жұмысы тіпті көңіл көншітпейді. Ақтөбе қаласында және 8 аудандағы мектептерде түлектер үшін ашылған бірде-бір сайт жоқ. Бұл ретте тек қана Қарғалы ауданының жұмысы мақтауға тұрарлық. 14 мектепте (10 орта, 4 негізгі мектеп) түлектердің арнайы сайты жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Темір ауданындағы №3 Шұбарқұдық, Кеңқияқ және Хромтау ауданындағы Бөгетсай орта мектептерінде арнайы сайт бар.

Білім бөлімдерінің сайттары арқылы 380 мектептің парақшалары ашылған.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр мектеп «Тylek.kz» сайтын немесе мектеп сайтының ішінен түлектерге арналған парақша ашып, онда әр мектептің түлектерінің базасын қалыптастыруды, түлектерді «Туған жерге тағзым» акциясына үлес қосуға шақырып, мектептеріне қолдау көрсеткен түлектердің  ізгі ісін жариялауды, елге танымал, жетістіктерге жеткен түлектер туралы мәліметтер жарялауды тапсырған болатын. Бұл мақсаттағы жұмыстар әзірге үш ауданда — Алға, Қарғалы, Хромтауда тиянақты орындалып жатыр. Дегенмен, Алға ауданындағы мектептердің бәрі бірдей info доменін пайдаланған. Сол себепті, бұл мектептердегі сайттарды жетілдіру керек.

Қаржылық қиындықтарға байланысты мектептер әзірге аудандық білім бөлімдерінің сайттарынан ғана парақшалар ашып жатыр. Мысалы, Әйтеке би ауданындағы 30 мектептің 29-ы, Байғанин, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Мәртөк, Ойыл, Шалқар аудандарындағы барлық мектептің аудандық білім бөлімдері арқылы ашқан парақшалары бар, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Орынова. Оның айтуынша, Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл  аудандарындағы түлектердің тізімі толық емес.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button