Сматолла БЕРКІМБАЕВ: әр кезеңнің өз құбыласы болады

Үлкеннің сөзі қашаннан үлгі. Қай кезеңде де ел-жұрт түйінді сөзді тыңдарда аузы дуалы ақсақалдарына қараған. Көпті көрген, көненің көзі саналатын қарияларымыз өздері бастан өткерген өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, алдағыны бағдарлап отырған.
Биыл облысымыздың құрылғанына 85 жыл. Осы тарихты жасауға қатысқан, қиын-қыстау кезеңдерде көп шаруаның ортасында жүрген алдыңғы буын өкілдері бұдан былай газетімізде тұрақты түрде беріліп тұратын «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!» айдары аясында көңіл сарайларындағы ойларын, жүректегі жазуларын жалпы жұртшылыққа ұсынады, ашық әңгіме аясында бүкпесіз сөз қозғайды деген ойдамыз. Әртүрлі әңгімелер жиын-тойларда, садақаларда айтылғанша, баспасөз беттерінде айтылса. Алғашқы сөз тізгіні — өңірге белгілі еңбек ардагері Сматолла Беркімбаевта.
— Сматолла аға, Сіздің сексеннің бел ортасынан әрі ауған тұсыңызда да өзіңіздің сергек қалпыңызбен айналаңызға ақылшы болып, өмірлік серігіңіз Күміс апамен ұрпақтарыңыздың қызығын бірге көріп келе жатқаныңыз қуантады.
Сіз туралы айтылғанда әдетте Байғанин ауданын үзбестен он сегіз жылдай басқарғаныңыз, принципті басшы болғаныңыз ең алдымен тілге тиек етіледі.
2001 жылы Сізге «Байғанин ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Мұны — елдің сізге деген құрметі, еңбегіңіздің шынайы бағасы десек, қателеспейтін болармыз. Сіз басқа аудандарда да қызмет еттіңіз, бірақ бүгінгі әңгімемізді негізінен сол Байғанин өңірімен байланыстырып өрбітсек.
— Шынында да елдің бағасына ештеңе жетпейді. Мәселен, менің еңбектерімді үкіметіміз бен мемлекетіміз ескерусіз қалдырған жоқ. Әр жылдарда алған Ленин, Октябрь революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерім бар, басқа да марапаттарым жеткілікті. Ал мен Байғанин өңірінде біраз жыл қызмет істеп, ол жерден кеткеннен кейін араға жиырма жыл салып маған құрметті азамат атағын беруі, әрине, ойландырады, шынын айтсам, тебірентеді. Қазақта ең жаман нәрсе — «әй, кәпір» атану.
Қазір де өзім біраз жыл дәм-тұзын татқан Байғанин ауданының азаматтарымен сағынысып көрісіп тұрамын, көңіліміз түзу, елдің амандығына елеңдеп отырамын.
Сол өңірдің мен бармаған, аралап көрмеген ой-шұқыры жоқ деуге болады. Еңбек адамдарының мұң-мұқтажын қамтамасыз ету жолында қызмет еттік.
— «Партия айтты — бітті!» деген кезең болғанын білеміз. Сонда жоғарыдан не айтылды, ылғи соған қарап бас шұлғи бердіңіздер ме?
— Енді нақ солай деп бір жақты түйіндеп, шегелеп тастауға болмас. Ең алдымен мынаны түсініп алайық. Жоғарыдан берілген нұсқаудың бәрін бірдей елдік мүддеге қарсы деп айта аласыз ба? Онда да көп жайлар талқыға салынып, салмақталатын.
Мынадай жағдай әлі есімде. Сонау сексенінші жылдары Маңғыстау облысы Гурьевтен бөлініп шығып, өз алдына бөлек отау тіккенде мал жайылымдары жетіспей, біздің шұрайлы жеріміз — Матайқұмға көздері түсті. Бұған аудан басшысы ретінде мен бірден қарсы шықтым. Оның алдында он жылдай уақыт бұрын Қарақалпақ жағынан ел көшіріп әкеліп, солардың арасынан Рабай деген азаматты ферма меңгерушісі етіп тағайындап, қыста он алты-он сегіз мал қыстағы бар өңірдің игілігін көріп-ақ отырғанбыз.
Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Түймебай Әшімбаев Матайқұмды алуға бар күшін салып кірісті, оны Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Сағидолла Құбашев қолдады. Мұны мен қиянат деп ұқтым да, алған бетімнен қайтпауға бел будым. Ақыры өзіміздің облыстың басшысы Василий Андреевич Ливенцовқа хабарласып едім, ол «Сматолла, жауды көбейтіп не қыласың, қарсыласпа, жерді бер!» деді. Амалсыз көндім.
Сонымен, көрші облыс жиырма жылға деп алды. Арты іздеусіз қалды ғой…
Ал Байғанин өңірі үшін қашаннан құт болған Сам жайлауын 1963 жылы көршілес Гурьев облысына беріп, бір бармақ тістеп қалғанбыз.
— Қай кезде де «Іс тетігін кадрлар шешеді» деп айтылып келеді. Сіз басшылықта болған тұста осы мәселеге қалай қарадыңыз? Мәселен, Байғанин ауданынан жоғары деңгейге өсіп шыққан кадрлар туралы не айтасыз? Кадрларды өсірудің бір жолы — оларды жоғары партия мектептеріне жіберу жайы қалай болды?
— Сол кездегі кеңшар директорлары шетінен мықты адамдар болғанын айтқым келеді. Олардың қатарында Сұлтан Аманғосов, Жұбан Айжарықов, Қартабай Жұмағалиев, Қайырмұхан Әлқуатов, Зейнолла Боқтыбаев, Мұхамбет Молдағазин, Дәулетжан Елеусізов сияқты басшылар жігерлі еңбек етті. Бұлар басқа жұмысқа бармайтын, өз істеріне әбден берілген, шын мәнінде сол жердің тетігін ұстап тұрған адамдар еді. Әрине, осы қатарда менің тағы да ондаған азаматтарды атауыма болады. Бәрі бірдей ойға түсіп жатыр ма?
Бибатпа Былшықова аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ауылдық кеңестің төрағасы, Теңгежан Мұңалбаева Қарауылкелді ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарды.
Жоғары партия мектебіне біздің ауданнан да кадрлар жіберілді, бірақ көп болмаған секілді.
Еңбек адамдарының ерен еңбегін айрықша атап айтқым келеді. 1966 жылы «Сағыз» кеңшарының аға шопаны Қылыш Төлепов Социалистік Еңбек Ері атанып, 10 адам Ленин орденімен марапатталды. Одан беріректе еңбеккерлерге 9 Октябрь революциясы ордені, 54 Еңбек Қызыл Ту ордені, 1 «Халықтар достығы» ордені, 82 «Құрмет белгісі» ордені, 30 үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені тапсырылды. Ол кезде мұндай марапаттаулардың Одақ бойынша әбден екшеліп барып берілетінін ескерсек, адамдардың қандай биік көрсеткіштерге жеткенін байқауға болар еді. Екі кісі «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген зоотехник», екі адам «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мал дәрігері», 6 адам «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген ауылшаруашылық қызметкері» құрметті атағына ие болды. Үш адамға Қазақ КСР-інің Құрмет Алтын кітабына енгізілгені жөнінде диплом тапсырылды.
— Тағы да сіздің өміріңіздің бір бөлшегіне айналған Байғанин өңіріне оралайықшы. Мәселен, Доңызтау туралы көп әңгіме айтылады. Осы жөнінде сіз не айтар едіңіз?
— Доңызтау қазір елсіз, иесіз жатыр. Бір кездері әскери полигон аймағына айналып еді, бүгінде ол қайтарылды. Осы аумақта 10 мың гектардай жайылма су бар. Шалқар жағынан Шаған өзені, Жаңажол беттен Мәні өзені келіп құйып жатады. Береке көзі деген осы емес пе?!
Сол Доңызтау — тегін ет, тегін жүн еді. Неге соны жаңғыртпаймыз? Жемнің арғы беті — Оймауыт, Дияр шаруашылықтары болған жерлер де қазір бос жатыр. Үстіртті игеру мәселесі қажет-ау деп ойлаймын. Қазір, шүкір, Үстірттің үстімен теміржол жүреді, сенімді қатынас көзі бар. Елбасымыз айтып жүрген кооператив құру сол өңірдің шаруасына сай келеді деп ойлаймын. Жылқы, қой, түйе өсіруге таптырмайтын мекен ғой бұл. Рас, ірі қара бағуға келе бермейтін тұстары бар.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасына дейін Доңызтауда бес шаруашылық болған, олар сосын бірігіп Жамбыл атындағы ұжымшарды құрады. Шаруашылықты білікті ұйымдастырушы Сұлтан Аманғосов басқарды. Сол тұста КСРО сияқты алып мемлекеттің тізгінін ұстаған Никита Хрущев Алматыда өткен үлкен жиынға қатысып, «Ақтөбе облысындағы Жамбыл ұжымшары — еліміздегі ең үздік, арзан ет өндіруші шаруашылық» деп жарты әлемге жар салған ғой.
Ауданның негізгі өзендері Жем мен Сағыз — табиғат берген байлығымыз іспетті. Ащысай, Шетірлі, Кенжалы, Алшынсай, Шаған, Қияқты, Тереңсай, Жиделі, Жарлы, Ебейті, Дауылды, Қарауылкелді, Саралжынды, Қамысты, Мәні, Жайынды, Терісаққан сияқты шағын өзендер мен сайлар да береке көзі деп айтуға болады. Өзендердің суын мал суаруға, көкөніс егуге пайдаланудың мол мүмкіндігі әлі де бар.
— Сіз облыстық партия комиссиясына да жетекшілік жасадыңыз. Бұл қызмет сізге не берді, не үйретті?
— Партия комиссиясы дегеніңіздің өзі қысқаша тұжырымдап айтқанда, коммунистердің қандай да бір іс-әрекеттерін таразыға салып, бағасын беріп отыратын орган ғой. Партиялық талап деген бар, негізінен мәселе сол тұрғыдан шешіледі.
Менің алдымда бұл қызмет тізгінін Ғайса Әбуов деген ағамыз ұстаған еді. Ол кісі бұрыннан келе жатқан сенімді кадр, адал, әділ қызметкер болатын. Елдің жағдайын жақсы білетін қазақы адам-тұғын, өзі соғысқа қатысқан майдангер. Мен Байғанин ауданында қызметте болғанымда іссапарға да келіп кеткен. Осы кісінің өзім көрген, сезінген жақсы қасиеттерін үлгі тұтуға тырыстым.
Әрине, кадрлармен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, партиялық принципті берік ұстандым ғой деп ойлаймын.
— Сіздің жадыңызда сақталып қалған жақсы жайттар қандай? Күнделікті тыныс-тіршіліктің бәрі бірдей бірыңғай жұмыс ағымымен өте бермеген шығар…
— Не айтуға болады? 1972 жылы Кеңестер Одағы бойынша мал шаруашылығын өркендету бойынша жүлделі орындардың біріне ие болдық. Ауданымыз бәйге алып дүрілдеп тұрды. Сол кезде Қазақстанның алғашқы жер комиссары болған, уақытында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюро мүшелігіне кандидат деңгейіне жеткен, Алматыда құрметті зейнет демалысында тұрып жатқан Әшімбек Бектасов ағадан хат алдым.
Ол «Байғанин ауданы бұрынғы уақытта да дәл қазіргідей тамаша мал шаруашылығы өңірі болған. Табысқа жете беріңіздер!» деп тілектестігін білдіріпті. Адам баласы жылы лебізге семіреді ғой. Жасы үлкен ағаның алыстан жолдаған ізгі ниеті бізді қанаттандырғанын әлі күнге дейін ұмытпаймын.
Немесе жерлесіміз академик Сақтаған Бәйішевтің елге деген жанашырлығын қалай айтпассың?! Ол елдің ахуалын біліп, үнемі хат арқылы хабарласып тұрды. Бір ретінде «Сырттан естіп жатырмын, шаруашылықтарың тәуір көрінеді, соған тілектеспін» деп жазғаны бар. Экономика тақырыбына жазған екі-үш еңбегін арнайы беріп жіберді бірде. Одан кейініректе жазған хатында Мәскеу түбіндегі санаторияда демалып жатқанын айта келіп, мүмкіндік болса, жуық арада ауданның жалпы ахуалын, экономикалық көрсеткіштерін, даму бағыттарын, проблемаларын көрсетіп анықтама жіберуімді өтініпті. Ондағы мақсаты — жақын арада республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қабылдауында болғанда Байғанин ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуына қолдау көрсетуді өтінбекші екен. Ғалым адам ғой, қолында нақты деректер болғанын жөн көрген секілді. Өкінішке қарай, ол бұл арманына жете алмай кетті…
— Байғанин өңірінен талантты адамдар көп шыққан. Тіпті осыған байланысты аталған өңірді Қазақстан Жазушылар одағының бөлімшесіне теңеген де сәт кездескен. Ақын-жазушыларды былай қойғанда, ел ішінде айтқыш адамдар да аз болмағанға ұқсайды…
— Біз әдетте адамдардың айтқанға көнгеніне, айдағанға жүргеніне үйренген жұртпыз ғой. Ал тура айтатындарды бұрышқа тықпалауға тырысамыз. Негізінде мұндай адамдар бәрібір терте бұзып шығып кете береді. Турасын айтайын, бәрібір сондай айтқыштар керек біздерге.
Байғанин өңірінде Қазанбай деген адам болды. Ол туралы әңгімелер көп, біреуден біреуге тарай берген ғой.
Ертеректе Қазанбай партияның қаз, тауық өсіру керек деген талабына сай осы істі қолға алғанға ұқсайды. Бәлкім, іштей наразылығы бар ма, кім білсін, бірде өзгеше қылық танытыпты. Шаруашылық басшысы жоғарыдан келген бір мықты өкілді осында алып келіп, Қазанбайдың тірлігін көрсетеді ғой. Мақтау айтылады. Бәрі жақсы екен деген әңгіме айтылып, қонақтар көліктеріне міне бергенде, Қазекең қайдан тауып алғаны белгісіз, кір-кір орамалға бес-алты жұмыртқаны салып, жүгіріп келіп бастыққа ұсынады ғой, «Мынаны балаларға ала кетші» деп. Мұның ар жағында басқаша әңгіме жатқанын сол арада өкіл де, басқалары да түсінеді, бірақ ешқайсысы сыр бермейді.
Басшылық қызметте болған адамдар арасында айтқыш, сөзі өтімді азаматтар аз болған жоқ. Олар ел ішіндегі түйінді мәселелерді, даулы жайларды кейде бір ауыз сөзбен шешіп жүре беретін.
— Уақыт өзгерді, адамдардың көзқарасы жаңаша қалыптасты. Дегенмен, қай кезде де ел ерге қарайды. Сіз қандай басшы болдыңыз? Бүгінгі басшы қандай болу керек деп ойлайсыз?
— Әр кезеңнің өз құбыласы болады. Мұны жұртшылық басқаша түсінбесін. Біздің құбыламыз — Тәуелсіздік. Міне, ширек ғасырдан асты, еліміз егемендігін алып, тереземіз көп мемлекетпен теңесті.
Тұңғыш Президентіміз осы жылдар ішінде халқымызды ілгері бастап, әлемдік деңгейге алып шықты. Елбасымыздың өкілеттігіне ие болған азаматтар өңірлерді басқарып отыр. Оларға қойылатын талап та, сенім де жоғары.
Менің қандай басшы болғанымды ел айтатын болар. Менің білетінім — шамам жеткенінше адал қызмет ету бағытын ұстандым. Басшылар жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейді ғой.
Мен бірінші хатшы басшы болып қызмет атқарған тұста аудан үш рет республикалық, төрт рет Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы атанды, Ауыспалы қызыл туларды төбемізде желбіреттік. Тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысымен Байғанин ауданы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына жазылды. Бұл деректер, әрине, мен қандай басшы болдым деген сауалдың толық жауабы бола қоймас. Дегенмен, қағазыңа жазып қойшы.
Ал бүгінгі басшы қалай болу деген сауал мені де ойландырады. «Мен қауіп еткеннен айтамын» демекші, кейде басшыларымыздың дені сыбайлас жемқорлықпен айналысып жатқандай әсер ететіні бар. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына сүйене қалсақ, анау да жемқор, мынау да жемқор. Күн сайын дерлік ұсталып жатыр. Министрден бастап бәрі бар. Бұл қалай деп ойланасың кейде.
Бұдан шығатын қорытынды — басшының жүрегі таза болуы керек. Жүрегінің түкпірінде кір жатқан адам ел сеніміне ие бола алмайды.
Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.




