Мәдениет

Ақтөбедегі қазақ театрының тұңғыш директоры

Ұшы жоқ, қиыры жоқ боз даладан

Ұшқан ән,

Бота болып боздаған ән.

Мұңлы қыз, мұзбалақ ер, бозбаладан

Қалған ән,

Қалың шерді қозғаған ән…

Күләш Ахметова.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ үшін оңай болған жоқ. Сонда да кеңес өкіметімен бірге келген кесір-кесапат  қазақтың салын суға кетіре  алмады. Ұлттың  үмітін үздірмей, алдағы күнге жетелеген, өлмес рух берген     —   қазақтың әні мен күйі, жыры, өнері. Сол жылдардағы аш-жалаңаш халықтың өнерге деген шексіз сүйіспеншілігінің сыры, бәлкім, осында жатса керек. Көкіректегі  шерін әнмен тарқатып, күймен емдеп, жыр-дастандармен жазды. Сол кездегі барлық өнердің басын қосатын музыкалық драма театрды құру ісінің басы-қасында болған адамдар жайлы сөз қозғаудың реті келген сияқты. Әуелі драма үйірмесі ретінде құрылып, кейін музыкалық драма театрына айналған өнер ордасының алғашқы директоры Нығмет Тойбазаровтың туғанына биыл 100 жыл толады екен.

Сонау 1926 жылдары қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, ғұлама ғалым Құдайберген Жұбанов  Ақтөбеде білім саласында қызмет еткен жас шағында , жазушы, журналист Жиенғали Тілепбергенов екеуі Ақтөбе қаласындағы қазақ жастарын ұйымдастырып, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік- Кебегін» қойғаны белгілі.  Сол жылдарда  Қ.Жұбанов өзінің  «Біз де ұлт театрына қарай маңдайладық» деген мақаласында  қойылымға келген халықтың театр үйіне сыймай кеткенін, сахнаны безендіру мәселесіндегі қиындықтарды, актерлердің ойындары жайлы жазады. Сол ойында Жиенғали Кебек ролін еншілепті. Одан кейін де бұл үйірменің мүшелері «Мақпал мен Сегіз» сияқты талай ойындар қойған. Жиенғали Құдайберген мен Раушанның махаббатын өзек еткен «Сүйіскендер» атты пьеса жазып, оның сахнаға шыққанынан хабардармыз. (Әрине, Жиенғалидің бұл пьесасының бүгінгі күнге дейін жетпегені өкінішті). Құдайберген Жұбанов қазақ драма театрын ашуды армандаған. Кейін өзі ғылым жолын қуып, Ленинградқа оқуға кетеді.Оның осы бір ізгі ниетін кейінгі жастар жүзеге асырады.

Қазақ музыкалық драма театрының тұңғыш директоры болған  Нығмет Тойбазаров Орынбордағы Коммунаның 4 кластық үлгілі мектебінде оқып, жоғары білім алған азамат. Ырғыз жақтың тумасы. Оның  ағасы Әбіш Тойбазаров та  Орынборда халық ағарту комиссариатында Ахмет Байтұрсыновпен қатар  қызмет жасаған. Сәбит Мұқановтың «Есею жолдары» атты кітабында Орынборға барғанда  Ғабит Мүсірепов екеуінің Әбіш Тойбазаров деген жігіттің үйінде қонақ болғаны, оның әйелінің қонақжайлығы жайлы естелігі бар. Әбіш Ахмет Байтұрсыновты пір тұтқан, інісі Нығметтің тұңғыш ұлының атын Ахмет деп қойғызған. Әбіш ерте қайтыс болған. Нығметтың інісі партия, комсомол жұмысына белсене қатысқан Абдолла Тойбазаровтың суреті  облысымыздағы тұңғыш комсомол ретінде кешегі күнге дейін облыстық тарихи-өлкетану музейде тұрған. Ал Нығмет облыстағы алғашқы пионер екен. Нығмет Тойбазаров жасынан өткір, ширақ болған. Ол Ақтөбе қаласындағы мәдени іс-шараларға белсене қатысқан. Шалқарда аудандық комсомол комитетінде қызмет жасаған, одан аудандық темір жол клубында меңгеруші, Ақтөбедегі Ленин атындағы темір жол клубында ұйымдастырушы болған. Іскер Нығмет өзі бастама көтеріп, көркемөнерпаздардан хор ұжымын, драма үйірмесін құруды қолға алған.

Ақтөбеде ол темір жол клубында ұйымдастырған драма үйірмесінің негізінде алғаш 1935 жылы қазақ музыкалық драма театры ашылады, соның  директоры болып Нығмет Тойбазаров тағайындалады. Ал театрдың алғашқы кәсіби режиссері Мәскеудегі МХАТ жанындағы театр студиясын тәмамдаған Ғұмар Омаров болады. Нығмет Ұлы Отан соғысында шейіт болған Ғұмар Омаров туралы өз естелігінде былай жазған: «Театрдың көркемдік жетекшісі Ғұмар Омаров болды. Ол Мәскеуден режиссерлік оқу бітірген. Аса  сауатты, адамгершілігі мол адам еді». Ғұмар әуелі Ташкенде қызмет жасаған, кейіннен халық комиссары Темірбек Жүргеновтің жолдамасымен Ақтөбе театрына келеді. Ғұмардың зайыбы Базаргүл Омарова — Ташкендегі Тамара ханумнан сабақ алған биші. Ақтөбе театрында, кейін облыстық филармонияда биші болған.

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі халықтың өнерге деген ықыласын арттыра түседі. Күләш Байсейітованың Қыз Жібегі, Қанабек Байсейітовтің Төлегені,  Құрманбек Жандарбековтің Бекежаны, Шараның биі  ел аузында аңызға айналған шақ. Ақтөбенің сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегі» қойылып, Жібек ролінде Нағима Өсербаева деген сұлу келіншек ойнайды. Төлегенді Абыл Мырзағалиев сомдаған. Шегенің әнін әуелеткен Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі Жүсіп Сейіловтің өнері көрермендердің  театрға деген сүйіспеншілігінің артуына себеп болады.

Сол  жылдары  М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», «Түнгі сарыны», Ж.Шаниннің «Арқалық батыры», Б.Майлиннің «Шұғасы» қойылыпты. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегі» Ақтөбе сахнасынан ұзақ жылдар бойы түспеген.

1937 жылы Алматы театр училищесінің 15 түлегі театрға келген, содан соң жұмыс жанданып  жүре берген. Ғ.Омаров «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Ақан сері-Ақтоқты» пьесаларын сахналаған. Соғыстың алдында қазақ театры Қарақалпақстанда екі айлық гастрольдік сапарда болады.  Сол жақтағы қазақтар театр ойындарына тайлы-таяғы қалмай жиналып, үлкен мерекеге айналдырған.

Сол кезде театрдың  дәуірі жүріп тұрған деуге болады, өйткені қаладағы қазақтар  ғана емес, жақын маңдағы ауылдардан ат арбамен, өгіз арбамен театрға халық ағылатын болған.  Оның үстіне профессионал режиссер мен театр мектебінен өткен актерлердің өнері шын мәнінде көңілден шыққан  болар, небір сүбелі шығармалар сол тұста театр репертуарынан орын алыпты. Сол кезде театр ауыл-ауылдарға гастрольге шығады екен, қайда барса да халық құшақ жая қарсы алып, қой сойып, бас тартып, арнайы қонақ етеді екен. Бір ауылдан екінші ауылға кетерінде театр труппасын ауылдың адамдары тайлы-таяғы қалмай жаяу-жалпы шығарып салатын болыпты. Ал мұндай ықыластың өнер адамының шабытын тасытып, жаупкершілігін арттырары сөзсіз емес пе?

Осылайша театрдың думанын қыздырып жүрген өнерпаздардың өрекпіген көңілін тұтқиылдан басталған Ұлы Отан соғысы  басып тастағандай болды. Дегенмен тіршілік жалғаса берді, ел басына күн туған шақта да театр  труппасы  жаңа құраммен толығып, елдің еңсесін көтеріп, рухани тірек  бола білді.

Театр директоры Нығмет Тойбазаров, режиссері Ғұмар Омаров, сонда қызмет  істейтін талай азаматтар Отан қорғауға аттанады. Нығмет соғысты Солтүстік Батыс майданынан бастайды, 1942 жылы Мәскеуді қорғау кезінде иығынан оқ тиіп жараланады. Привольже әскери округінде госпитальде 4 ай жатып емделеді.   Содан әрі  қарай Мәскеу, Түркістан  әскери округтерінде,  Әуе  армиясында     қызметте болады. 1959 жылдарға дейін осы салада қызмет етеді. Әскери қызметтен босағаннан кейін Алматыда тұрады.  Ол  І дәрежелі «Отан соғысы»  орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны  жеңгені үшін», т.б. медальдармен марапатталған.

Екі отбасынан тараған ұрпақтары қазір араласып тұрады.

Нығмет Тойбазаровтың туған жиені Нағашбай Ердәулетов  нағашысы жайында былай дейді: «Менің анам Ақбөпе – Нығметтің туған қарындасы. Әкеміз ұсталып  кеткеннен кейін, «халық жауының» отбасына дамыл бере ме, қуғын-сүргін жылдарында Шалқарға көшкенбіз. 1937 жылы аудан орталығына Ақтөбеден драма театры М.Әуезовтің «Айман –Шолпан» қойылымымен гастрольге келгені есімде.  Жазғы саябақтағы сахнада спектакль көрсетілді, сонда  нағашымның тізесінде отырып мен де қойылымды тамашалағанмын. Нағашым бойы орташадан төмен, аққұба адам екен. Жасы отыздың ішінде. Спектакль соңынан актерлерге олардың қалай  ойнағандарына қатысты әлденелер айтып жатқанын естідім. Бірақ баламын ғой, қазір ойласам, режиссер болып жұмыс жасаған сияқты, әйтеуір артистер оның ескертпелеріне құлақ асып жатты. Бар көргенім осы.  Алматыда тұрады деп естідім».

Ал Нығмет Тойбазаровтың қызы Роза Құрманғалиева апай әкесі туралы :  «Әкем  театрда директор болып тұрғанда мен кішкентай баламын. Соғысқа дейін қойылған спектакльдерді көрдік.  Әкем соғысқа кетерде Ғұмар Омаровқа айтып, анамды театрға актриса етіп алдырды. Анам «Қыз Жібектегі» Дүрияны, Қозы Көрпештің анасы Мақпалды, «Алдар Көседе» әйел ролін  ойнағаны есімде. Біздің бала күніміз қиын уақытқа тап келді. Театр үйінің подвалында тұрдық. Анам, әжем, 4 бала бармыз. Ғұмар Омаровтың үйімен көрші тұрдық,  жақсы аралас-құралас болдық. Қандай ауыр кезең болса да, халық театрға құмар болды. Өнердің құдіреті деген сол шығар, келген жұрт бір жылап, бір күліп тарасатын. Жүсіп Сейіловтің даусы қандай ғажап еді. Соғыстан кейін біраз адам «Қазақ ССР-інің  еңбек сіңірген  артисі»  атағын алды ғой, солардың ішінде Нағима Өсербаева, Жүсіп Сейіловтер бар.

Әкенің орны бөлек, әрине, соғыстан аман оралғанмен, отбасына оралмаған соң, бізге оңай тиген жоқ. Әсіресе, анама. Анам бірақ әкеме кешіріммен қарады. Жас кезімізде бізде өкпе болды. Кейін түсіндік қой, өмірде кімнің ойлағаны болып жатыр дейсіз. Тағдыр ғой. Әкем тоқсаннан асып дүниеден озды», — дейді.

Бір кезде Ақтөбе қаласында театр өнерінің дүрілдеуіне үлкен үлес қосқан Нығмет Тойбазаровтың еңбегі елеуге тұрарлық екені даусыз.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button