Мәдениет

Адамның сұңқары атанған бабаға құрмет

Т.Ахтанов атындағы драма театрда Мырзан Кенжебайдың «Тілеу батыр» тарихи драмасының премьерасы өтті.

Премьераға Алматыдан «Тілеу батыр» тарихи драмасының авторы, ақын, журналист Мырзан Кенжебай, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Дулат Исабеков,  академик Өмірзақ Айтбаев, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, «Арыс» баспасының директоры, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының вице-президенті  Ғарифолла Әнес тәрізді елге танымал тұлғалар келді.

«Тілеу батыр» спектакліне келген жұрт көрермендер залына сыймай кетті. Халықтың ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, ел бірлігін, қазақтың кең-байтақ жерінің тұтастығын сақтау жолында жанын құрбан еткен батыр бабалары туралы дүниеге сусап жүргені байқалды.

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, жас режиссер Алмат Шәріпов қойған қойылымға «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» қоғамдық қорының басшысы Қанатбай Елеусізов демеушілік жасады әрі әдеби кеңесші болды.

Айтулы би-батырларымызды ұлықтауға ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана қолымыз жетті. Мырзан (азан шақырып қойған аты — Жалмұрат) Кенжебай пьесасында өзінің туған жері мен елі үшін басын бәйгеге тігіп, Сайрам соғысында сарбаздарымен ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Тілеу батырдың болмысын жан-жақты ашып көрсетуге тырысады. Жас ұрпаққа құрғақ сөзбен «еліңді сүй, жеріңді сүй» деп уағыз айтқаннан гөрі, Тілеу батыр сынды бабасы туралы қойылымды көрген пайдалырақ. Спектакль арқылы қазақтың тарихынан хабардар болады, «Сайрам соғысы деген қай соғыс? Тілеу батыр Түркістанға 17 мың әскерді неге бастап барды, әкелі-балалы батырлар не үшін шейіт болды?» деген сұрақтарға жауап табады. Спектакльде қазақтың рухы мықты, дініне берік ұлт екенін жауларының аузымен айтқызады.  Елдік мәселелер қозғалады.

Біз де батыр туралы қысқаша мәлімет бере кетелік.

Тілеу Айтұлы — би әрі батыр, ірі  қолбасшы. Ол — Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, атақты Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сұпы Әжіні пір сайлауға қатысқан. Тілеудің Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке  есімді балалары болған. 1681-84 жылдары жоңғарлармен болған Сайрам соғысына батыс аймақтан әрісі Маңғыстау, берісі Бершүгір, Ұлы Борсық, Арал өңірі, Сағыз-Жем, Темір өзендерін жайлаған қалың елден шамамен он жеті мыңға тарта  қол жинап Түркістанға аттанады. Қасына баласы Жолдыаяқ пен немере інісі Қалдыбай Қангелдіұлы сынды батырларды ертіп барып, соғысқан. 1684 жылы Сайрам қаласын қорғауда шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болды. Екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы. Түркістан қаласында Тілеу, Жолдыаяқ батырлар атындағы көше бар. «Тілеуқабақ» әні Айттан туған ағайынды Тілеу мен Қабаққа арналған. Тілеудің тікелей ұрпақтары: Қаражігіт молда Бектауұлы, Мырзағұл би Шыманұлы, Достан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы, Таразы ақын, жазушы Тахауи Ахтанов, тағы басқалар.

Спектакльдің қоюшы суретшісі — Т.Ахтанов атындағы драма театрдың бас суретшісі Айбек Орынбасар. Сахналық киімдердің суретшісі — Гауһар Әлиманова, музыкамен көркемдеген «Наурыз» этнофольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі — Асылбек Кенегесов). Сахнадағы шайқастарды қойған Астанадағы Ұлттық өнер университетінің оқытушысы —  Жалынбек Ахан.

Спектакльде Тілеу батырды батыр тұлғалы актер Дәурен Парман, оның ұлы Жолдыаяқты Т.Жүргенов атындағы  өнер академиясының түлегі, актер  Бексұлтан  Ізтаев, інісі Қалдыбайды Нұрсұлтан Айтқалиевтар сомдады. Қалмақ ханы Қалдан Бошық рөліндегі театрдың белді актері Кеңес Кемалбаевты танымай қалдық.

Спектакльдің әр көрінісінен соң халық қол соғып, қошеметтеп отырды. Бұл спектакльдің кәсіби биік деңгейде шыққандығынан емес, Тілеу батырға деген шексіз құрметтің белгісі болатын.

Қойылымнан соң академик Өмірзақ Айтбаев сөйледі:

— Ақтөбелік бауырлар, Тілеу батырдың ұрпақтары! Тілеу батырға ескерткіш орнатқанда сүйінгенбіз. Аруақ сыйлайтын елдің ұрпақтарының спектаклін көріп сүйсініп отырмыз. Тілеу батырдың аруағы риза болып жатқан шығар.Тәуелсіздік алғаннан кейін ата-бабаларымызбен қауыштық. Манадан бері ойланып, қазақ тілінің өлмеуі үшін Ақтөбеде үлкен қызмет жасаған марқұм Кемейдолла Төлеубайды есіме алып отырмын, Тілеу батыр, Мөңке би туралы зерттеп, олардың атының лайықты ұлықталуына да көп еңбек сіңірді.  Оларға ескерткіш орнату, көшенің атын беру туралы мәселе көтерген еді кезінде — деп, одан кейін облыс әкімі Б.Сапарбаевқа арнап әкелген  халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы шығарған «Қазақ хандығына 550 жыл»  медалі мен сертификатты облыс әкімінің орынбасары Асқар Шерияздановқа табыс етті.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург:

— Ақтөбеде Тілеу батырға арналған  ескерткіштің ашылу салтанатында  20 мыңдай әскерді    Сайрам соғысына бастап барған Тілеу батыр сынды бабамыздың өмірі туралы пьеса жазып, оны  сахнаға шығару керек деп айтқан едім. Соғыста әкелі-балалы екеуінің бірдей мерт болуы оңай дүние емес.

Маған да сол пьесаны жазу туралы ұсыныс түсті. Бірақ мен осы жердің тумасы, батырын да, биін де жақсы білетін Мырзанға Тілеу батыр жайлы пьесаны сен жазсаңшы деп, ақыл-кеңесімді бердім. Пьесаға автор болудың азабы көп. Ол прозалық шығарма емес, кім оқып жатыр, онда шаруаң жоқ.  Тілеу батыр мен баласы Жолдыаяқтың өлімінің өзі бір спектакльге өзек болады. Тілеу батыр қорының басшысы Қанатбайға риза болдым. Қорлар көп қой, бірақ осындай елдігімізді көрсететін үлкен шаруа тындырып жатқандары бар ма, білмеймін. Осы шаруаның басы-қасында жүріп, Тілеу батырды халқымен қауыштырды.

Бұл   тарихи драма Ахтанов театрында ғана емес, Шымкент, тағы да басқа сахналарда қойылатын болады, — деді.

«Тілеу батыр» драмасының авторы Мырзан Кенжебай:

— Ассалаумағалейкүм, ағайын! Той-мереке құтты болсын. Кемейдолла ағамыздың арманы Тілеу батырды халыққа таныту еді.

Халықтың арасында «Қазақтың жауы — қазақ» деген бір жағымсыз мәтел бар. Егер солай болса, онда еліміздің батыс өңіріндегі Тілеу  батыр 2 мың шақырым жердегі  Сайрамға барып, жауларымен алысып, жастығын ала өлер ме еді. Патриотизм деген осы емес пе?

Спектакль туралы айтсам, Тәуке ханнан  гөрі жоңғардың ханы артық көрінді. Ал Тілеу батыр қимыл-қозғалысы баяу, мінезі ұяң болып шыққан. Кейіпкерлердің аузында «басқыншылар, сандаған жылдар, өсімдік» сияқты менің пьесамда жоқ сөздер жүр. Әлі де спектакльді талдайтын болармыз.

Қанатбайдың  осы спектакльді шығаруда еңбегі көл-көсір.  Кезінде ел басқарған азамат, әлі де руханияттан хабары мол осындай азаматтар әкімдердің қасында жүрсе, еш ұятқа қалдырмас еді деп ойлаймын, — деді.

Қанатбай Елеусізов: «Мақсатым атақ, дәреже алу емес. Дүниеден озғанына 333 жыл болған Тілеу бабамыздың ерлігін дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету. Қойылымды дайындауға 4 ай уақыт кетті, театр труппасының да еңбегі зор. Таңғы төртке дейін репетиция жасап жүрді», — дейді.

Енді осы қойылымның ғұмыры ұзақ болса дейміз.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button