Білім

Бауыржан момышұлына арнау

Жеңіс—65

Сіздей біртуар ерлер бұл дүниеде кемде-кем болар. Бауыржан Момышұлы десе, бүгінгі ұландар өр рух алдында тағзым етіп, бас иеді.

Сіздің есіміңіз жанкешті ерлігіңізбен әйгілі. Сіз халқымыздың бағы үшін туып, жаныңызды шүберекке түйіп, төніп келген жауға қарсы тұрдыңыз.

Сіз ұрпағыңызды батылдыққа, ұлтжандылыққа бағыттаған шығармалар жаздыңыз. «Қанмен жазылған кітап» атты жинағыңызды оқығанда, көңіліме түрлі-түрлі ойлар келді. Жауыз Гитлердің қанішерлігін айғақтап, жауынгерлердің жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатқаныңыз айқын көрінеді. Сіз бастаған жауынгерлер және өзіңіз кіндік қаныңыз тамған туған жердің, болашақ ұрпақтың бақытты өмірі үшін жандарыңызды отқа салғандарыңыз баршамызға аян. «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» деген — осы. Олай болса, сіздің «Елім, жерім» деген тағылымыңызды бойына сіңіріп өскен қазіргі жас ұрпақ атамекен үшін бәріне де дайын. Сіздің ізіңізді басып, жасаған жақсылығыңызды жадында сақтап жүрген ұрпағыңыз өсіп келеді.

Әсем ЕСЕНГЕЛДІ,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың оқушысы.

Аяулы адам

Мейірім иесі

Біздің әрқайсымыз үшін де өмірдегі ең жақын, ең нәзік әзиз жан — Анамыз.

Мейірім тұнған ана жанары, «Жаным», — деген жалғыз сөзі бәрінен де артық. Ана тақырыбына қалам тербемеген ақын-жазушы жоқ та шығар.

Әр ана баласы үшін отқа түсуге даяр. Ал баласы соны түсініп, анасын алақанына салып аялауы тиіс.

Ана алдында бәріміз де қарыздармыз. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың». Ананың бала үшін ағарған әр шашы алтынға тең.

Әр ана өз баласын көзінің қарашығындай сақтайды. Өмірге шыр етіп келіп, дүниенің есігін ашқанда ана сені оттай құшағына басады. Түн ұйқысын төрт бөліп, тербетеді, бесік жырын айтады.

Осындай жанның асыл қасиеттерін бойыма жиып өтсем, арманым жоқ.

Арман СҮНДЕБАЙ,

№32 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Туған жер

Туған жерім — мекенім,

Саған тағзым етемін.

Білемін мен Отанның

Оттан ыстық екенін.

Қымбат әрбір тасы да,

Өзен аққан қасында.

Алыс кетсем, көруге

Талпынамын асыға.

Астана

Астана — арман қала,

Бағы бір жанған қала.

Тұрады ол жап-жасыл боп,

Мен үлкен болғанда да.

Нұралы ҚУАНЫШ,

№24 лингвистикалық мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Біліп жүр

Қасқыр неге ұлиды?

Қасқырдың Айға қарап ұлитыны туралы түрлі болжамдар айтылады. Тіпті суретшілердің осындай туындылары да көздеріңе іліккен болар.

Расына келгенде, қасқырдың ұлуының Айға да, басқаға да еш қатысы жоқ.

Ғалымдардың айтуынша, қасқырдың ұлуы — жемтік іздеп шығар алдында жолға шығуға берілетін белгі.

Жүйрік жәндік

Жүйрік жәндіктердің қатарына, мысалы, құмырсқаны қосуға әбден болады. Себебі…

Егер адам өз бойына шақтағанда құмырсқаның жылдамдығындай жылдамдықпен қозғалатын болса, шауып бара жатқан атты қуып жете алатын мүмкіндікке ие бола алады екен.

Тіс санасқанда…

Дененің үлкендігі тістің көп болуына кепілдік бере алмайды.

Мысалы, акуланы алайық. Олардың тістері қалақтай екені рас, оның үстіне әр акуланың шамамен 3 мыңдай тісі болады.

Бірақ тіс санасуға келгенде акулалар ұлудан қалып қояды. Ұлудың тістерінің саны 25 мыңнан асып кетеді.

Кеміргіштермен кеңессек…

Кеміргіштердің жақсы көретін дәмдері көп. Мысалы, ірімшік.

Бірақ олардың қай тамақты ерекше жақсы көретінін сұрап жатқан ешкім жоқ. Ал Манчестер университетінің ғалымдары осыны анықтапты.

Олардың айтуынша, кеміргіштер құрамында қант бар дәмдерді, мысалы, шоколадты өте ұнатады екен.

Ер қанаты

Тұлпар мені таниды

Менің атамның аты бар. Атам атын «Тұлпар» деп атады, бағып, баптайды. Мен атамның қасында көп жүргендіктен, Тұлпар мені таниды. Мен атқа мініп, қырға шығып, қыраттарды аралаған кезде бойымды мақтаныш кернейді. Ал атпен құйғытып шапқанда өзімнің аттың құлағында ойнаған қазақтың баласы болғаныма шексіз қуанып, қайраттанып, жігерленіп кетемін.

Атам биыл туған күніммен құттықтап, маған құлыншақ атады. Құлыншағым өсіп, ат болған кезде түрлі жарыстарға қосамын.

Батырбек ОҢҒАРБАЕВ,

5-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button