Мәдениет

«Сағындырған әуендер»

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Көрісу күніне орай «Сағындырған әуендер» атты ретро концерт өтті. Кешті қалың көрерменмен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тамашалады.

Кеш барысында камералық оркестрдің сүйемелдеуімен облыстық филармония әншілері өнер көрсетті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі — Әли Ермекбаев.

Сахна шымылдығы филармония әншісі Арман Төлесіновтің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлау» әнімен ашылды. Сондай-ақ өзіндік тарихы бар, құлаққа сіңген «Өз елім», «Куә бол», «Шынарым», «Сырласу вальсі», Қайықта», «Арыс жағасында» сынды жиырмадан астам ескі әндер шырқалып, көрермендер бірер сәт сол заманға саяхат жасап қайтты. Кеште әсем әндермен бірге әр әннің болмысын ашатын әдемі қойылымдар көрсетілді.

Залдағы көрерменнің басым бөлігі  аға буын болды. Олар шырқалған ретро  әуендер өздерінің жастық шақтарын еске түсіргенін айтып, алған әсерлерімен бөлісті.

— Концерт өте жақсы өтті. Баяғы менің жас күнімде шырқалған әндер. Бұл әуендер ешқашан ұмытылмайды. Осындай көтеріңкі көңіл күй сыйлаған өнер ұжымына көп рақмет, — деді Сәбила Әжимова.

— Бүгінгі Көрісу күніне орай, арнайы мерекелік ретро бағдарлама дайындалған болатын. Бұл кеш ескі әндерімізді еске алу әрі ұлттық өнерімізді, еліміздің белгілі композиторларының шығармаларын жастарға насихаттау мақсатында арналған шара. Соңғы жылдары әртүрлі бағытта ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, ретро әндерге деген сұраныстың көп болуына байланысты мұндай кештер алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Керемет кештен көрермендер тамаша көңіл күймен тарқасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button