АуылӘлеумет

Бөдене бағып, береке тауып отыр

Кәсіпкерлік

Қазір дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы саласына қолдау көп. Кәсіп ашып, пайда тапқысы келген адамға ара өсіріп, бал өндіру, құс, қоян, ешкі бағуға болады. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны.

Бүгінде елімізде бөденені өсірушілер саны көбейген. Тіпті кейбір дамыған елдерде бөдененің жұмыртқасын балабақшаларда ас мәзіріне енгізіп қойған. Өйткені, жұдырықтай жұмыр құстың жұмыртқасы балалардың талма, демікпе, қаназдық секілді дертіне ем. Оны медицина саласы да мойындап, науқастардың  созылмалы өкпе ауруы, туберкулез, гастрит, асқазан, жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы қолдануға кеңес береді.

Осы кеңесті дереу ой елегінен өткізіп, мұқият зерделеген аудандық аурухананың қызметкері, Байдуллиндер әулетінің келіні Фарида Есқалиева оның жұмыртқасын күнделікті тұрмыста қолдансақ, дертімізге дауа болар деген мақсатпен отағасына «Біз де бөдене бағып көрейік» деген ұсыныс білдіріпті.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бөдененің жұмыртқасы адам ағзасына пайдалы екендігін түсінген отағасы Жаңбыршы Байдуллин бірден осы іске бел буып, білек түріп кіріскен. Бұл істі кейін үлкен ұлы Өркен де құптап, облыс орталығындағы шағын құс фермаларының бірінен қырыққа жуық бөдене сатып алып келген.

Осылайша Байдуллиндер отбасы бөдене баптаудың тәсілдерін ғаламтор арқылы үйреніп, оны алғашында өздерінің емі үшін өсірген. Кейін өздерінен ауысқан бөдене жұмыртқасын аудандағы, облыстағы жәрмеңкелерге арзан бағамен шығарып көрген. Нәтижесінде кәсіптің көзі ашылып, Фарида Есқалиев жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, құжаттарын дайындаған.

Ауданның орталығында тұратын бұл отбасы қазір бөденелерін қораның бір бұрышына ұстап бағып отыр. Өйткені қаржының тапшылығы оның кәсібін дөңгелетуге қолбайлау болып тұр. Ал Жаңбыршы болса осы шаруаны кеңейтіп, алдағы уақытта бөдене санын арттыруды мақсат тұтып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алмақ ойы бар. Алайда кәсіп иесіне кепілдік қою кедергі болып отыр.

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button