Әдебиет

Әке аманаты

Ғибрат

Әкемнің жарық дүниеден өткеніне отыз екі жылдан асыпты… Мәңгілік ешкім жоқ… 

Өмір осылай. Қарапайым жан еді, қоңырқай тіршілік кешті. Ешкімге зияны жоқ, барға — тәуба, жоққа — сабыр, жетістікке шүкіршілік жасаушы еді, жарықтық. Сонау жас күнімде қолыма қалам алып, өткен өмірін әңгімелеп  беруді сұрайтынмын.

* * *

Әкем бір мың тоғыз жүз тоғызыншы жылдың күз айларының бірінде, Ұлықұм бойында дүние есігін ашыпты. Сол тұстарда атынан адам шошитын жұқпалы шешек ауруы айналаны жайлапты. Осы елге жаппай келген індеттен көп адам бақилық болған. Бұл дерт біздің Қожаберген әулетін де айналып өтпепті. 1911 жылы екі мүшелден асқан шағында, Мәтжан атам елді өкіндіріп, тұңғышы Елеусіз бен аяғы ауыр құдай қосқан қосағы Балымды қалдырып, мына пәниден бақилыққа мәңгілікке аттаныпты. Жастан асқан шағында әкем осылай әкеден жетім қалады.

Әкемнің жастық шағы елде болып жатқан дүрбелең оқиғаларға сәйкес, яғни Ресей халқының екіге жарылып, бірі ақтар болып жанталасып, екіншісі қызылдар болып қан төгіп, патша өкіметін құлатып, Кеңес үкіметін құрған, кімнің-кім екенін біліп болу мүмкін емес тұсқа келеді. Екі дүркін қайталанған алапат аштықты, шыбынша қырылған халықты, атыс-шабысты да бастан өткерген.

1935 жылы әкем он сегіз жастағы Алмажан Аяпбергенқызына үйленіп, атақонысы Қозақ деген бұйра құмның бойында қоңыр күй өмір сүреді. Менің анам да қазақтың көп әйелдері сияқты өмірдің зейнетінен гөрі бейнетін көбірек көрген адам. Шешесі Зейнеп анам бір жасқа келгенде қайтыс болады. Анамның тұрмысқа шыққанға дейінгі өмірі немере шешесі Меруеттің үйінде өтеді.

Тыныш жатқан елдің шырқын қуғын-сүргін дауылы бір бұзса, одан кейінгі неміс фашистері ашқан соғыс одан сайын дүрліктіреді. Әкем осы Ұлы Отан соғысы деп аталған қан майданда болып, ұрыста алған жарақатынан мүгедек болып елге оралған. Соғыс кезіндегі елдің жағдайы өте ауыр, күнкөріс қиын, бас көтерген азаматтар батыста жаумен арпалысса, елде қалған бала-шаға, кемпір-шал, әйелдер күн демей, түн демей еңбек майданында жүрген.

Әкем елге келіп денсаулығын әжептәуір түзеген соң еңбекке араласып, алғашқы жылдарда колхозда ферма меңгеруші, бригадир, кейін мал бақташысы болған. Жарымжан бола жүріп, үш ұл, үш қызды үйлі-баранды қылып, ел қатарына қосты. Көп сөйлемейтін, томаға тұйық болатын. Ал кейде көңілі шалқып, құймақұлақ тыңдаушыларының алдында әңгіме айта қалса, онда оларды еліктіріп әкететін шежіреші де адам еді, жарықтық. Менің де әңгімеге қызығушылығыма әкенің тікелей әсері болды деп толық айта аламын. Ел аралағанда, мал қарағанда, мені қосшы баладай қасына ертіп, талай ұзақ-сонар әңгімелер, шежірелер айтатын.

— Қарағым балам, сен желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақсың, мен өткен өмір тарихымды, бастан кешкен түрлі оқиғаларды, ата-тегімізді айтып отырғанымда ұғып ал. Қажет десең, қағазға түсіріп қой. Бірде болмаса, бірде керек болар. Біздің қазақ тегін білмегенді тексіз дейді ғой. Бұл — аманат, қарағым. Аманат жолы ауыр, оған қиянат жасауға болмайды. «Кісі болатын баланың кісімен ісі бар, кісі болмайтын баланың кісіде несі бар» демекші, байқаймын, ықыласың бар, — деп атын тебіне түсіп, әңгімесін жалғастыра беретін ол.

Әкемнің жеті қазынаның бірі саналатын жылқы малына қатысты айтқан әңгімелері жадымда сақталып қалыпты. Ендігі сөзді сол тұрғыдан өрбітейін.

Жылқыға құштарлық

— «Тегіміз — түркі, түлігіміз — жылқы» дейтін қазақтың баласымыз ғой, — деп бастаған-ды ол кезекті сөз желісін. —  Өмірім мал шаруашылығына қатысты болғандықтан төрт түлік малдың небір ерекше қасиеттерін көріп, біліп, көңілге тоқып өстім. Атам қазақ жылқының қадір-қасиетін бағзы замандарда-ақ білген. Біліп, бұл жануарды төбесіне көтерген.

Себебі қазақтың сөзі де, өзі де, табиғаты да, мінез-құлқы да жылқы деген жануарға ұқсас. «Жылқы баласы кісінескенше, адам баласы сөйлескенше» деген сөз де бекерге айтылмаса керек.

Иә, ешкімді жат санамайтын қазақ бірін-бірі бір көргеннен-ақ әңгімеге тартып, жөн сұрасып, бауырласып, әрі-беріден соң қарынбөле шығып, туыс бола қалады. Сол себепті қазақты  жылқы мінезді халық дейді. Шындығында да солай, жапан далада қауышқан қыл құйрықты жануарлар бір-біріне оқырая қарасып, шұрқыраса кісінесіп, тұмсықтаса иіскелесіп, үйірлес болып кете барады. Адам баласымен ұқсастық па? Ұқсастық. Жарықтық, жылқы малы мінсең — көлік. «Ат — ердің қанаты» деген ғой халқымыз. Ал қымызы ше? Ішсең сусын, жанға — шипа, дертке — дәру, сауға — қуат.

Өзім үшін мал соңында жүргендіктен, неге жылқы ұстап, жанға шипа болатын қымыз ішпеймін деген ой келіп, алғашында қос бие ұстадым. Бие ұстау үшін міндетті түрде айғыр керек. Айғыр ұстайын десең, ол кездегі үкіметтің қаулысы бойынша жеке адамдарға аталық мал ұстауға қатаң тыйым салынған болатын. Дегенмен «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, ойға алған ниетімді іске асыру үшін көптен ағалы-інілі болып сыйласып жүрген, қарамағындағы малшыларына қайырымы мол, кең пейілді колхоз басшысы Есіркеп Малайдаровқа барып, жағдайымды айтып рұқсат алдым.

Алланың рахымы жауғыр, Есіркеп жақсы адам ғой. Жаз айларында үйге келіп, екі-үш күн жатып, қымыз ішіп жайланып, ашық-жарқын әңгімесін айтып, демалып кететін. Содан мал бағуға колхоз тарапынан мініске берілетін екі аттың бірін атақты жылқышы, «аға баласы» Жиеналы ақсақалға барып, айғыр қылып алдым. Көпті көрген қария, бір сөзді, адамдарға сауап ісімен ғана танымал, ауылдың қадірлі де қадірменді қарты менің ниетіме балаша қуанып,  текті тұқымды, шат қимылды, қамшы салдырмас, жүрдек жүрісті құнаннан дөнен шығар, бас білетін Қарала айғырды табында жүрген сәуріктердің ішінен таңдап ұстап, «бес мың ала шұбар қыл құйрықпен айбаттанған атаң Тотан бай сияқты жылқылы бай бол!» деп ырым қылып, бата жасап беріп еді, жарықтық. Бұл айғыр менің малымның мәйегі болса, торы бием малымның басы болды. Қарала айғыр малыма да, жаныма да ырыс әкелді. Малыма  дейтінім осы айғырдан өрбіген өңкей ала жылқы қазір бір айғырдың үйірі болып алдымызда жүр, балам. Тәубе, Аллаға шүкір. Алла ниетке береді деген осы екен, берді, қанағат.

Жаныма — шипа дегенім, тайдың терісінен жасалған сабада немесе серкенің терісінен жасалған ысталған месте иі қанып пісілген не сары ожаумен сапырылған зерең толы сары қымыздан құмарлана ішсең, шіркін, жан сарайыңды ашып, денеңе қуат беріп, мейіріңді қандырып, сергітіп жібереді ғой бұл қасиетті дәрі сусын. Қымыздың ерекше дәмді, құнарлы болуы дайындалған ыдысына тікелей байланысты. Саба іреп сойылған тайдың терісінен жасалады. Теріні көлеңкеде кептіріп, сосын қымыздың бетіне шыққан іркіттен немесе қатты ашыған айранның іркітінен и жасап, сол иге салады. Тері ашыған и ішінде апта жарым жатады. Сосын и сіңді болған теріні кермеге іліп қырғышпен қырады, шелиді, шелін алады. Көгеріп таза терінің өзі қалады. Осылайша дайын болған теріні саба қылып тігеді де, тобылғының ащы түтінімен ішін ыстайды. Ысталған сабаға саумал құйып, ұзақ шайқайды. Қайта ыстайды, қайта саумалмен шаяды. Қашан ішіне құйған қымыздан тері дәмі кетіп, тобылғы табы қалғанша ауыстырып, алмастыра береді. Бұдан соң  сабаны киік отының қошқыл иісті түтінімен ыстайды. Әбден иіс сіңді болған соң сабаға қымыз құйылады. Ішсең аузыңнан дәмі кетпейтін, бал татитын тәтті қымыз дайындайтын саба осылай жасалады. Сондай-ақ сабадан басқа қымыз дайындайтын торсық, көнек, күбі сияқты ыдыстарды ертеректе ата-бабаларымыз жол жүргенде, батырларымыз жорыққа шыққанда пайдаланатын болған. Ал біздің қолданып жүргеніміз саба емес, мес дейсің ғой. Иә, қолданып жүргеніміз — мес. Енді месті қалай жасайтынын айтайын. Месті үш-төрт жасар семіз серкенің артқы бір борбайынан (санынан) іремей сойылған терісінен саба жасаудың жолымен жасалады. Осылайша дайындалған сабада немесе месте ашытылған қымыз адамның жан сарайын сергітіп, зауқын көтереді, шөліңді қандырады.

Қымыз маусымына қарай: уыз қымыз, жазғы қымыз, күзгі қымыз деп аталады. Биелер құлындағасын он бес күннің шамасында құлындар марқаймай тұрып, яғни мамырдың алғашқы күндерінде қазық қағылып, желі тартылып «Бие байлау-қазық майлау» рәсімі ауыл адамдарының қатысуымен «Төл басы желіге толсын!», «Сары қымыз мол болсын!» деп тілек айтылып құлындар байланады. Осы мамырдағы қымызды уыз қымыз, ал маусым мен шілде айларындағы қымызды жазғы қымыз, тамыз-қыркүйек айларындағы шөптің әбден піскен кезіндегі қымызды күзгі қымыз дейді. Қымыз ашыған күндеріне байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Бір күнгі қымызды саумал қымыз дейді. Бұл қымызды жақтырмаған адамына береді. Оны ішкен кісі түзге шыққыш, тобылғы қуалағыш, байыз тауып отырған жерінде отыра алмай, жөніне жоғалады. Екі күндік қымызды құнан қымыз дейді. Бұны ақ жарыла сырласар әуезді сөздің шебері — сыйласына береді. Үш күндік қымызды дөнен қымыз дейді. Бұның жөні қызуқанды, ақын жанды, желікпе көңілді адамдарға ұсынылады. Төрт күндік әбден өлтіріле пісілген сусынды бесті деп атап, ел ақсақалдары мен сыйлы адамдарға беретін болған. Ал соңғы бес күндік құтырған у қымызды қазекем кезбе бақсылар мен саудагерлерге татырған.

Осылайша әр күндік қымызды баптаудың өзіндік сыры, атына сай мінезі болады. Бұны да білгенің жөн. Бірде болмаса бірде керек болады, — деп атын тебіне отырып, әңгімесін жалғастыра беретін.

Ажал құшқан жат құлын

— Жалпы жылқы деген жануар, тілі жоқ демесең, есті мал ғой. Басқа түліктердей өз төлімен шағылыспайды, басқа айғырдан шығып, үйірге келіп құлындаған биенің төлін  қабылдамайды, лас жерді баспайды, лай суды ішпейді, жайылымның шұрайлы жерін іздейді.

Текті жануар әлгі Қарала айғырдың бір-екі ерекше қасиетін  айтып берейін. Бұндай таңғаларлық оқиғаға ауылда өскен, малдан хабары бар немесе мал баққан адамдар ғана сенеді, басқаларға айтсаң нанғысыз жай.

Өмірінде жылқы ұстап көрмеген, бұл текті түліктің сырынан бейхабар көрші отырған Сейітмағанбет ақсақал бір беткей мінезіне басып, қоярда-қоймай, жылқының қасиетіне байланысты айтқан уәжді сөзге тоқтамай, малдануға алған құлындайын деп тұрған жалғыз қаратөбел биесін үйірге әкеліп қосты. Айғырдың көктем кіре белең алатын ашушаң мінезінен алдын ала сезіктеніп, ақсақалға: «Биеңіз аман құлындап, бірақ құлыныңыз айғырдан мерт болып жатса, маған ренжімеңіз», — дедім.

Ол маған жаратпай, сұраулы көзбен ойлана қарап, «Алланың жазғанын көрермін де» деп, алған бетінен қайтпады. Бір жұманың шамасында бие құлындады. Әдеттегідей ауылдың іргесінде жатқан жылқының жай-күйін білейік деп ақсақал екеуміз атқа қондық. Жақындай бергенімізде үйірін қызғанған айғыр алдымыздан жалын күжірейте, құйрығын тік көтере, айбат шегіп шықты да, іле дауыс шығарған өз иесін танығандықтан кері бұрылып кетті. Үйірді сырттай шолып, аз-кем аялдап, келген жолымызбен кері қайтуға бұрыла берген едік, кенет Қарала айғыр басын төмен сала, құлағын қайшылап, мені көрдіңдер ме, дегендей әлгі қаратөбел биенің жаңа туған құлынына тап берді. Бие құлынын қорғамақ болғанымен азулы айғырға төтеп бере алмады. Мен жалма-жан құлынға араша түсу үшін құрығымды көтере тұра шаптым. Ақсақал не істерін білмей шошып қалды.

Мен жетемін дегенше айғыр бейне бір дала бөрісіне тап болғандай қимыл жасап, мойны әлі толық қата қоймаған құлынның жалынан қаба тістеп, сілкіп-сілкіп жіберді де, айқайға басып екпіндей жеткен менен сескенді ме, әлде өзін кінәлі санады ма, әйтеуір шетке тайқып кетті. Жазықсыз құлын кеудесімен жер сүзе құлап, қимылсыз жатты. Енесі оқыранып, жиі-жиі кісінеп, құлынды айналды да қалды. Аттан түсіп, құлынның жарақатын көріп едім, мойнын үзіп жіберіпті. Анадай жерде тұрған ақсақал: «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген осылай болады екен ғой, өзім кінәлімін бұйырмаған төл болды. Сенде кінә жоқ, өз көзіммен көрдім, не шара» — деді. Төлінің өлі не тірісінен хабары жоқ бие құлынын иіскелеумен болды. Ақсақал «Енді не істейміз?» дегендей маған жаутаңдай қарайды. Мен: «Биені жетекке алып ауылға қайтамыз. Құлыннан күдерін әбден үзген соң үйірге қосамыз», — дедім.

— Бұл тілі жоқ, бірақ есті жануардың өзгенің кіндігінен жаралған құлынды өгейсіп, шайнап өлтіруі табиғи жаратылысына тартып жасаған қылығы. Не істейсің, ол жануар ғой. Жалпы көктемгі мал төлдету кезінде барлық түліктердің қызғаныштары, оның ішінде биелердің құлындап, алды келеге келіп жатқан уақытта айғырлардың қызғаныш мінездері еселеп күшейеді. Содан болса керек, тап осы кезде оқшаулықты, тазалықты ұнататын текті айғырлар ашушаң, алдына келгенін шайнап тастайтындай күйде, тіпті шын шамырқанса, астыңдағы атыңмен қоса аударып тастайды. Сондықтан байқамаса болмайды, әлгінде айттым ғой, көнбедіңіз, бұл жарықтық қой емес қой. Дегенмен бас аман болсын, бас аман болса әлі де талай мал жиналар, біз білмейтін бұл қасиетті жануардың көптеген жұмбақ қылықтарына жүре бара қанығармыз, — деп ақсақалды сөзбен жұбатып сабырға шақырдым.

Көкжалмен арбасқан айғыр

Иә, бұл текті жануардың дала көкжалдарына көрсеткен айбатты мінезін айтсам, тіпті қайран қаласың. Қазақта «Жақсы айғыр үйірін жауға бермейді, жақсы жігіт туысын дауға бермейді» деген сөз бар. Осы сөздің рас екеніне Қарала айғыр көзімді жеткізді.

Өткен 1962 жылы Тұз базында мал қыстатқанмын. Наурыз айының екінші жартысында сәлем беріп келген әжесінің баласы, жылқы құмар Болысбай: «Ертең үйірді көрейік, менің биелерім құлындады ма?» — деді. Содан көрші отырған Хасен інім бар, үшеуміз ертелетіп, Мамай тамы жақта жатқан үйірді көруге сайланып шықтық. Соңымызға ерген Хасеннің Таймас тазысы, менің Қойтөбетім ары-бері шапқылап, алып-ұшып, аң көрінсе ала түсетіндей болып келеді.

Ауылдан алты-жеті шақырым ұзаған соң жолда кездескен төбеге көтеріліп, жан-жаққа көз салып едік. Алдымыздағы жыңғылды көлде жылқыны иіріп, айнала шапқылап жүрген үш қасқырды, олармен арбасып жүрген айғырды көріп, Болысбай мен Хасен айқайға басып, үйірге қарай тұра шапты. Алысты жеткізе көрмейтін көзім, олардың ала ұшып шапқан бағытына ілесе, мен де атыма қамшы бастым. Олар үйірге жақындағанда үш бөрі үш жаққа тұра қашты. Бірінің соңына Хасен Таймасымен, екіншісінің соңына Болысбай, үшіншісінің соңына Қойтөбет түсіп қуып кетті. Таймас қасқырды көп ұзатпай жете шаптан алып, құлатып апыр-топыр болып жатты. Қойтөбет те көкжалға қыр аса жетіп, тамақтап өлтіріпті. Үшінші қасқыр құтылып кетті. Қолға түскен бөрілерді өңгеріп, үркіп, шошып қалған үйірге келдік.

Алдымыздан айғыр шығып, аяғын билей басып, қасқырға шығын бермегеніне мақтанғандай мінез көрсетті. Тұрқына көз салып едім, шабыстан келген бәйге атындай тұла бойы шылқыған тер, өзі ашулы, мойнымен жер сүзе үйірін айнала береді. Жарықтық үйірін қасқырға бермеймін деп, бірнеше сағат бөрілермен арпалысқан сияқты. Жылқыда шығын жоқ, құлындаған бие де байқалмайды. Туғанына он шақты күн болған қара төбел биенің құлынының артқы санынан қасқыр жарақаттап, ала алмаған. Шамасы айғыр өзін қатерге итере қорғаған сияқты. Не болғанда да мал басы аман. Қалай риза болмайсың, тілі жоқ, бірақ есті жануар, үйірін алдына салып, ауылға қарай бізден бұрын айдай жөнелді.

Жардан ұшқан байтал

Алдымды малды қылған, айналамызға береке әкелген Қарала айғырдың тағы бір мінезі туралы  айтайын. Жоғарыда айтылған жайттан кейін бірер жыл өткен соң, яғни колхоздан совхозға өтетін 1964 жылы Балғасын бойындағы Ақжар базын қыстап отырғанмын. «Өлмеген құлға болды жаз» дегендей, қыраулы қыстан мал отарын шығынсыз шығарып, төл алу науқанын өткізіп жатқан кез болатын. Мал төлдеп қорада шу, ауыл маңы абыр-сабыр.

Ауылдың іргесінде жатқан Қарала айғыр үйірі де қыстан күйлі шығып, төлімен көбейе бастады. Қыстан күйлі шыққандықтан ба, торы биенің күрең қасқа құнажын байталы ерте күйлеп, айғырды айналшықтап мазалай берді. Бұрын-соңды өз төлінен мұндай мінезді көрмеген есті айғыр құлағын қайшылап, ашуға булыға күрең қасқа байталды тістелей қуалап, үйірден әлденеше рет қуып шығарса да, күйі басылмаған байтал үйірге қайта орала берді. Мен де онша мән бермей, күйі әрі кетсе бір жеті, он күнге барар, ештеме бола қоймас деп жүре бердім. Бұным қате болған екен, ұстап ауылға алып кеткенде аман қалатын еді, жануар.

Жалпы жылқы өсірудің тәртібі бойынша Ата айғырдың үйіріндегі құнажын байталдар ерте көктемде жинап алынып, бір үйірге топтастырылып, айғыр салынады. Бұндай үйірді қысырақтың үйірі деп атайды. Шөміштен қысып отырған үкімет қысырақтың үйірін құрғызатын ба, еді. Әрине, құрғызбайды, бұл үкіметке ауқаттылар керек емес.

Екі-үш күнде үйірді көретін әдетім бойынша жылқыға әудем жер жақындағанымда айғыр өткендегідей ашуланып, басымен жер сүзе жорытып, үйірін үйіре қуып, Ақжардың биік құзына қарай бағыттады. Япыр-ай, қате болмаса болар еді деп, атымды қамшылап, дауыс шығарып, жақындап келемін. Мен жетем дегенше үйір биік құз басына жақындады, сол сәтте айғыр басымен жер сүзе ызалана шапқылап, шатырлаған жайдай болып, үйірдің ішіндегі күрең қасқа байталға айбаттана ұмтылды. Байталға бара аузын арандай ашып, тісін сауырына басты. Сауырына қатты тіс тиген күрең қасқа байтал, есі шығып, ышқына шыңғырып, қатты екпінмен келіп, құздан құлап кетті. Айғыр шорт бұрылып, кейін шегінді.

Есі кіріңкіремеген жас бұланың жөнсіз әрекеті сияқты күрең қасқа құнажын байтал хайуандыққа салынып, өз әкесінен аталық әрекет дәметкені үшін қатаң жазаға ұшырап, құздан құлап мерт болды. Жарықтық, өз төліне өзі шаппайтын осындай текті айғырды есті демегенде, қандай жануарды есті дейміз.

Тегінде жылқы жануары асыл ғой. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ халқының берік ұстанымы сияқты жылқы деген хайуан бола тұра өз төлімен өзі шағылыспайтын, тазалықты жақсы көретін жануардың төресі екеніне мал соңында жүрген ұзақ жылдарда көзім жетті.

Сонымен не керек, колхоздан совхозға өткен кезде Қарала айғырмен қимай-қимай қоштасуға тура келді. Себебі, «Қызыл жұлдыз» колхозы жаңадан құрылған «Жаңақоныс» совхозына қарайтын болды да, Балғасын бойындағы барлық жайылымдар мен қыс кезінде мал қыстататын қыстаулар «Ақтоғай» совхозына берілді. Сөйтіп, мен «Жанақоныс» совхозына, яғни құм бойына көшетін болдым, жылқышы Жиеналы «Ақтоғай» совхозында малымен отырған жерінде қалатын болды. Бұрын бір колхоздың меншігі болған мал екі меншікке айырылған кезде Қарала айғырды Жиеналы ағаға қайтып беруге тура келді. Алайда текті айғырымның орнын текті түркімен жылқысына шатыс, тай күнінен өзің қолға ұстап үйреткен, бас білдіріп баптаған, омырауы есіктей, тұлғасы тұтас, құрыш тұяқты, екі көзі оттай жанған күрең қасқа айғыр басты ғой.

Күрең қасқа — құрбандық

— Бұл айғырдың ажалы сен студент болып оқып жүргенде  үкіметтен болды, — деп сабақтады әкем кезекті әңгімесін.

Елде жекеменшігінде аталық мал ұстайтындар тексеріліп, тізімге алынды. Қарала айғырдан тараған өңкей ала шұбарды жинап, бие сауып, қымыз ішіп, көре алмаушыларды әңгімеге қалдырған, атағын шығарған Елеусіз бұл тексерістен аман қалсын ба? Мен де көппен бірге тексерілдім. Жаз ортасынан ауа елге өкілдер шығып, өрістегі төрт түлік малдың ішінде аталығы бар-жоғы  толық тексеріліп, жылқылар үйір-үйірлерімен ауылға айдап әкелініп, совхоздың гаражына қамалды. Мақсат — үкіметтің қаулысына сәйкес аталық малды — айғыр мен бураларды, бұқа мен қошқарларды түгел ұстап, етке өткізу. Менің ала үйірлі Күрең қасқа айғыр бастаған жылқымды да айдап әкеліп, гаражға қамады. Жарықтық қасқа айғыр бір жамандықты сезді ме, ауланың ішін шыр айналып, аяғымен жер тарпып, басымен жер сүзіп, бұғалық салдырмады. Белсенділер көп әуреленді, жарықтық, киелі мал ғой, тіпті оларға айбат шегіп, тік шапшып, бұғалықшыны мерт қыла жаздады. Кісінеген дауысы жүрегіңді жаншиды.

От шашқан көзіне көзім түсіп еді, мені қаматқаның не еткенің дегендей сұстана қарады. Амалым қанша, ішім жылап, көңілім босап кетті…

Жануардың жазығы не, үкіметке бір тиын да зияным жоқ қой. Өз күнімді  өзім көргенім үшін кінәлімін бе? Біз сияқты шаруадан не зиян бар. Қайта өз күнін өзі көрген малшылар үкіметке пайда емес пе, малын бағады, етін өндіреді. Есті айғыр әбден ашуға басып, адамдардың айқайынан секем алып, екі метрлік ауладан әлденеше рет секірмекші де болды. Белсенділердің дамылдағанын пайдаланып, айғыр секірмейтін жерден секіріп, ауланың екінші жағындағы шөп шабуға арналған темір-терсектер арасындағы жерге қағылған қадаларға кеудесімен соғылып, ақадал малым көз алдымда мерт болды. Осындай зорлық құрбаны болған айғырымды көргенде, менің де жүрегіме сом темір сұғылғандай болды. Айғырдың төрт аяғын шірене керіп, жағын тістене қарыстырып, екі көзін зорлана бадырайтып, кеудесін тесіп өткен істік темірлерге шыдас беріп, жан тәсілім еткен сәті мені есеңгіретіп жіберді. «Обал-ай, обал-ай» деп шулаған адамдардың даусынан не істерімді білмей,  «жануарым-ай, жануарым-ай, сені қорғай алмаған мен бейбақта не шара, не шара» деп күбірлей беріппін. Екі көзімнен жас парлап, көз алдым тұманданып, кеудемді ашу кернеп, істікке шаншылып, басы салбырап, жансыз қалған айғырымның басын құшақтай «ой, сұмдық-ай, о заман да, бұ заман, адам емес, малмен алысқан билік те болады екен, обалың үкіметке, обалың үкіметке, құрылғалы қарғыспен келе жатқан бұл үкімет сірә да оңбас» деп аузыма не келсе соны айтып күйініп, қорғансыздың лажсыз даусын шығардым.

Айғырдың ажалын күткен белсенділер менің зарымды одан әрі естігісі келмеді ме, «шаруа  бітті, айғыр өлді» деді ме, дереу көліктеріне отырып көзден таса болды. Мен қалдым өлі айғырдың басын құшып, қоштасып, Аллаға жалбарынып. Қайтесің, «мал ашуы мен жан ашуы бірдей» дегендей, мұсылманша ұстап, Аллаһу әкбар айтылып, пышаққа шалынса сөз бар ма, көз алдымда арам өлді. Өзім апарып етке өткіземін деген уәжіме тоқтамай, қуып келіп қамағандағы істері осы болды. «Басқа түссе баспақшы» дегендей көнесің, көнбегенде менің  қолымнан не келеді, шарасызбын, үкіметтің айдауына,  жазалауына көнемін. Бұл да жазалаудың бір түрі, адам емес аталық малға шүйліккен үкіметті, адамдарды зар қақсатқан заманды да бастан кешірдім балам, — деді әкем толқып…

Иесіне адал Қойтөбет

Әкенің тағы бір есте қалған әңгімесі жеті қазынаның бірі — ит туралы.

— Сен туған жылы ғой деймін, ауылдың қаншық төбеттері бірінен соң бірі жаппай күшіктеп, әп-сәтте ауыл ит-күшік базарына айналды. Шамадан артық күшік көбейгендіктен бе, осы Қойтөбеттің ұялас алты-жеті күшігін біреу ауылдан аулағырақ жерге апарып көміп кетіпті. Көмілген күшіктердің ішінен бірі тірі қалып, қыңсылап жатқан жерінен көріп, жеті қазынаның бірі ғой деп, үйге әкеліп, атын Қойтөбет қойып асырадым. Қасқыр алатын кәдімгі қазақтың ақ ала төбеті болып өсті, өте сақ, талай ит-құспен бетпе-бет келіп, бірнеше қасқырға ажал құштырды.

Сондай оқиғаның бірі туралы айтайын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын, бас тоқсан айының ортасынан ауа отарды өріске шығарып, жайып жүргенмін. Кенеттен жел көтеріліп, аспанды тегіс бұлт торлады, қар ұшқындап, боран басталып, айнала алай-түлей болды да кетті. Қаңтардың қысқа күні күндегіден де ерте батқалы тұр ма, қалай, айналаны әп-сәтте қараңғылық басты, Ауыл, шамасы, арқадан жел соғып тұрған бағытта қалған сияқты. Қой ыға бастады. Байқаймын, ауылдан он шақырымдай қашықтықта Қызқырылған жайылымының жоғары бауырайында жүрмін. Ыққан қойға қарсы тұрып, оны қайыру мүмкін болмай барады. Себебі, желдің күштілігі уақыт озған сайын үдей түсуде, не де болса ығатын болдым.

Алдымда жыңғылды көл, тобылғылы сай, қой тоқтаса, осы жыңғыл мен тобылғының ықтасынына тоқтауы мүмкін. Осылай ыққан қойдың артынан амалсыз ере бердім. Қойтөбет айнала жүгіріп, ауық-ауық арс-арс етіп қояды. Оны елеп жатқан отар жоқ. Не де болса отарды бөліп алмай, соңына ере беруге бекіндім.

Түн ортасы болды-ау деймін, денем тітіркеніп тоңа бастадым. Аяз қатая түсті, тиген жерін қарып кетеді. Сақал-мұртқа жабысқан қырау мұз болып қатты. Оның үстіне ат үстінде ұзақ отырғандықтан ба, әлде кешеден бері тамақ ішпегендіктен бе, әлім кетіп, белім сырқырап, басым ауырғандай болды. Аттан түсіп, қозғалайын деп, шамалы уақыт жаяу жүрдім. Сәлден соң-ақ әлсіз екендігімді сезініп, атыма қайта міндім.

Қой түнімен ықты. Буалдырланып, ешқандай сәулесіз таң атты. Аяз қатая түсті. Жарық түсе алдымдағы отарға қарасам, қырау қарға әбден бөккен екен. Менің де сақал-мұртым мен бет-жүзімді ақ қырау орап алыпты.

Боран сәл басылғандай. Айналаға көз салып, қай шамада келе жатқанымды жобаладым. Шамасы жыңғылды көлге соқпай, тура тобылғылы сайға жақындап қалыппын. Иә, Алла, күнді райынан қайтара көр деп, тілек тіледім. Басқа не шара келеді менің қолымнан. Отар бұл түннен аман шыққандай, тобы азаймаған сияқты.

Екінші түн келді. Аттан түсіп, тобылғының түбін қуалай бұйығып жатқан отарды тізеден қар кешіп, айналдым да жүрдім. Түн түнегі қандай ұзақ еді, аяз шытырлап, бет-қолды қарып барады. Екі күн нәр татпадым, асқазан ұлып тұр. Екінші жағынан ұйқы қысып, ауық-ауық көзім жұмылып кетеді. Қатты шаршағандықтан болар, тобылғыға қалай отырып, қалғып кеткенімді білмеймін, шамасы таң алды болу керек, қойдың дүр ете қалуы мен маңырауынан шошып ояндым. Бірден ес жия алмай, ұйқылы-ояу орнымнан ұшып тұрып, «Қойтөбет, айт-айт» деп айқайлап жіберіппін. Осы кезде Қойтөбеттің отарды айнала жүгірген, арсылдаған даусы құлағыма жетті.

«Алда ғана сорлы басым-ай, қойға қасқыр шапқан екен» деп, есімді жияр-жимастан тобылғыға байлаулы тұрған атқа міне салып, иттің арсылдаған жағына қарай шаба жөнелдім. Ақ қар үстінде қызыл қанға боялып бір көкбөрі сұлап жатыр. «Бәрекелді бөрібасарым-ай, Қойтөбетім-ай» деп, екінші қасқырдың соңынан түскен итімнің артынан айқайлап қудым. Менің көмекке келе жатқаныма арқа сүйеді ме, Қойтөбет те өжеттене, арындай қасқырға жете шаптан ала, апыр-топыр болды да қалды. Әп-сәтте аузы-басы қан-қан, «қасқырды жарып тастадым» дегендей, арқа жүні тікірейіп, ашулы айбат қимылмен маған жетіп келді.

Риза болғанымнан «Бөрібасарым-ай, бөрі басарым-ай, жарайсың!» деп айдалада айқайлап жіберіппін. Қойтөбет шығына қашқан, бытыраған қойдың алдына жүгіріп, отарды тоқтатты. Мен де атты тебіне жүріп, отарды дереу айналып шықтым. Маңайдағы ақ қар үстінде екі жерде жайрап жатқан екі қасқырдан басқа ештеме көрінбейді. Енді қасқырдың шапқан тұсын қарайыншы деп кейін жүргенімде, төбет алдыма түсіп, тамақталып өліп жатқан екі қойды тобылғы түбінен көрсетті.

«О, тәңірі! Сақтай көр! Бір-екі бас, бас садақасы, қалғаны аман болса да, шүкір» деп өзімді өзім жұбаттым.

Сүт пісірім уақыттан соң Қойтөбет арсалаңдап, қасыма келіп жата қалып, жаланғандай болды. Аттан түсе салып, төбетіме ұмтылдым, ол орнынан атып тұрып иығыма асылды. Ит екеш ит те иесінен мақтау күтеді, «мен жеңіп келдім ғой, менің басымнан сипасайшы» дегендей болды. Менің ішім жылып, көзімнен қалай жас шығып кеткенін байқамай қалдым. Төбетімнің әр жерін ұстап, сипап көріп едім, жарақат жоқ, аман сияқты. Көзіне көзім түсіп еді, оның қанталап, қызыл шоқтай жайнап тұрған отты жанары шақырайып тұр. Қос аяғын иығымнан жібере салып, арс-арс етіп, қой соңынан қайта жүгіре жөнелді. Міне, менің қасиетті итім иесіне деген адалдығын бір емес, бірнеше рет осылай көрсетті… Үнсіз тыңдап келе жатқан маған әкем:

— Балам, төбет иттің қандай қасиеттері болады, білесің бе? — деп сұрады.

— Жоқ, білмедім.

— Білмесең, айтайын. Төбет ит екіге бөлінеді. Бірі иесіне адал, атына лайық, рұқсатсыз алдындағы ас-суын ішпейтін таза тұқымды болып келеді. Екіншісі қарау, қорқақ, көзді ала бере ұрлық жасауға ыңғайлы тұрады. Мұндай иттер бір-біріне қас, кездескен жерде таласа кетеді. Бір қызығы, тек ит емес, адамдар да осындай ма деп қаламын. Шаршы топта кездескенде кейбір бірін-бірі көре алмайтын адамдар, иттер сияқты таласпағанмен, бірінің артын бірі ашып, несібін беттеріне шашысып жатады. Ой, сұмдық-ай! Ал менің Қойтөбетім қасиетті, иттің нағыз сырттаны болды, — деді әкем.

Әкемнің зердеме құя айтқан осы бір сөзі менің жүрегімде мәңгі сақталып, әлі күнге құлағымның түбінен естілгендей болады. Себебі, әкемнің сөзі шығыс ақылмандарының «адамдармен неғұрлым жиі араласқан сайын иттерді жақсы көріп кетемін» деген даналық ойымен сәйкес келетін сияқты.

Ұлы Отан соғысының зардабы мен еңбек майданының ауыр тауқыметтерін басынан өткізген әке 75 жасында Алланың аманатын тапсырды. Әке қазасы бізге, оның артында қалған бала-шағасына, оңай соқпады. Онымен бар әлем бірге көшіп, дүние бос қалғандай дел-сал күйде жүрдік.

1984 жылдың тамыз айының 21 жұлдызында қаралы көңілмен, көзімнен жасым сорғалап, қабіріне топырақ салып тұрып: «Әке, сен ғажап жансың, дүниеге шарана болып келіп, Адам болып өтіп барасың. Пешенеңе жазылған аумалы-төкпелі заманның барлық бейнетін, пенделердің қысастықтарын көп көріп, соған төзе жүріп, ұл-қыздарыңды өсіріп, келешек ұрпақтарыңның  болашағын толғана ойланып, бізге, балаларыңа — әулетіміздің алдағы тағдырына  елеңдей отырып, өміріміздің адами болуын Тәңірден тілеп кеттің. Сенен ерекше сабақ алған мен, өміріңнің беймәлім тұстарын біліп, жазып, кейінгі немере, шөберелеріңе жеткіземін», — деп іштей серт беріп едім, Жаратушы ием қош көріп, соны орындаудың сәті түскен сияқты…

 Қанатбай ЕЛЕУСІЗҰЛЫ,

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button