ЖаңалықтарЭкономика

Ахуал қалыпты бақылауда болуы тиіс

Облыста инфляцияның өсуіне жол бермеу және көліктерге газ құю станцияларында газдың қымбаттап кетуінің себептерін анықтау облыс әкімдігінде өткен кеңестің күн тәртібіне қойылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқарма мен департаменттер басшыларына әлеуметтік-экономикалық саладағы ахуалды қатаң бақылау қажеттігі туралы кезекті рет ескертті.

— Мұндай жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажет. Өйткені, осы ауқымдағы процестерді назардан тыс қалдыруға болмайтыны түсінікті болды. Мысалы, бізде инфляция деңгейі 2,4 пайыз құрап отыр, ал республика бойынша барлығы 1,8 пайыз ғана. Сиыр еті неліктен 5 пайызға көтеріліп кеткен, картоп неге қымбаттайды? «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы өндірген газдарының литрін 19 теңгеден өткізеді, ал көліктерге 50 теңгеден сатылады. Осылайша өсім 16 пайызға жетіп отыр. Мұның себептері неде? Ал тарифтер бұрынғы күйінде қалды. Бұл тізбектерді бақылау атқарушы билік органдары үшін қиынға соға ма? — деп сауал тастады жиналғандарға Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы облыстағы мектепке дейінгі мекемелердегі төлемнің қымбаттауына байланысты мәселеге де назар аударды. Білім беру саласына қатысты әңгіме барысында үш тілде оқыту жүйесі жайы қозғалды. Бұл бағытта қажетті кадрлар даярлауға қатысты тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, үш және одан көп тілдерді игерушілер қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде. Арнаулы орталықтар жұмыс істеуде, сондай-ақ әдістемелер әзірленген. Басқарма басшысы мемлекеттік қызметкерлердің 93 пайызы мемлекеттік тілді игерген деген деректі келтірді. Облыс басшысы бұл мәліметке қатысты әлі де нақты жұмыстар атқару қажеттігін алға тартты.

Күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің бірі — инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасау. Бүгінгі күні негізгі капиталға салынатын жалпы инвестиция аумағында шетелдік инвестиция көлемін 30 пайызға дейін жеткізу маңызды болып отыр. Бұл мақсатқа жету үшін шаралар жасалды. Бұл жоспарға сәйкес жобаларды елшіліктер, сауда-өнеркәсіп палаталары, халықаралық институттар мен қорларға жіберу, трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізу, облыстың инвестициялық әлеуетін таныстыру үшін араб елдерінде, оңтүстік-шығыс Азия мен шығыс Еуропа елдерінде «роуд-шоу» ұйымдастыру, сондай-ақ бизнес-форум өткізу жұмыстарын атқару жоспарлануда. Сондай іргелі жұмыстардың бірі осы айда өткізілетін Қазақстан-Израиль бизнес-форумы болмақшы.

Шетелдік инвестицияны тарту үшін Ресей Федерациясының кейбір өңірлерінің тәжірибесі зерттелді. Мәселен, жергілікті делегация Татарстанда және Ульянов облысында болып, шетелдік күрделі салымдар үшін жасалған жағдайлар ауқымымен танысты.

— Бүгінгі күні Татарстанда 68 инвестициялық аумақтар орналасқан. Олардың ішінде 2 айрықша экономикалық аймақ, 34 өнеркәсіптік алаңша, 9 технопарк, 7 бизнес-инкубатор, 15 өнеркәсіптік парк пен 1 технополис бар. Инвестициялық алаңшалардың әртүрлілігі ірі бизнес өкілдерін ғана емес, сондай-ақ жас кәсіпкерлерді де тартуға мүмкіндік береді.

Ал «Ульянов облысын дамыту корпорациясы» басымдықтағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тапсырыс берушілердің құрылыс, техникалық-экономикалық негіздеу, жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу функцияларын орындайды. Сондай-ақ аталған ұйым инвестициялық жобаларды ішінара қаржыландыру механизмін жиі пайдаланады. Бұл шаралар инвесторларды дайын жобаларға тартып, сол арқылы олардың құжаттарды әзірлеу мен құрылымдауға кететін уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Өңірдің инвестициялық стратегиясы бекітілді, оның болуы инвестициялық саясатты құрылымдаудың негізгі кілті болып табылады, — деді жиында сөз алған облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы.

Облыс басшысы шетелдік инвестицияны тарту экономиканы дамытудың негізгі құралы екенін атап көрсетіп, атқарушы биліктің бұл мәселеге ерекше назар аударып отырғанын баса айтты. Сонымен бірге шетелдік капиталдың Ақтөбе жерінде өнімді жұмыс істеуі үшін қажетті бірнеше бағыттарды атап көрсетті.

— Бізде үш консулдық ашылған. Олардың міндеті — өздерінің елдеріндегі кәсіпкерлерді тарту. Бұл ретте біз барлық тиісті көрсеткіштерімен бірге инвестициялық жобалар мен нақты талаптарымызды дайындауға тиіспіз. Шетелдіктер қандай жағдайда жұмыс істейтіндігінен хабардар болып, соған әзір болуы, ал біз олар үшін барлық жағдайды жасауымыз керек, — деп атап көрсетті облыс әкімі.

Жиын барысында мемлекеттік сатып алу мәселесі де қозғалды. Өңір басшысы конкурстарды дер кезінде өткізуге кідірістер болмауы керектігін ескертті. Оның ақыры бөлінген қаржының игерілмеуіне соқтыратыны, сондай-ақ белгіленген жұмыстарды орындау мерзімі себепсіз созылатыны тиісті мекеме басшыларының назарына салынды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button