Мереке

Мұңсыздың автобусына мініңіз!

Ұзақ жылдардан бері әуелі троллейбус тізгінін ұстаудан бастап, кейіннен автобус жүргізіп келе жатқан Мұңсыз Тілегенова — Ақтөбе қаласындағы осындай кәсіпті меңгерген жалғыз әйел. Нәзік болмысымен автобус тұтқасын ұстаған кейіпкеріміздің жүзі, әсіресе, №19 қоғамдық көліктің тұрақты жолаушыларына жақсы таныс.

Күні бойы жолда жүретін автобус жүргізушісінің жұмыс кестесі тығыз болатыны түсінікті. Сол себепті Мұңсыз Тілегеновамен тілдесу үшін №19 автобус бағытымен айналым жасауымызға тура келді. Жүзінен жылы шуақ төгілген жүргізушінің жұмысына адалдығы мен қарапайымдылығын осы тұста байқадық.

1982 жылы 19 жастағы бойжеткен алты айлық жүргізуші мамандығын тәмамдап, Алматы қаласында үш ай тәжірибе жинақтаған. Ақтөбедегі «Троллейбус паркіне» жұмысқа қабылданып, 2000 жылға дейін троллейбус жүргізген. Өзінің саналы ғұмырын жолаушылар тасымалына арнап келе жатқан ол ақпан айының 1-і күні 54 жасқа келді.

— Өзім Алға ауданында дүниеге келдім. Халықпен жұмыс істеу қиын, әрине, бірақ бәріне төзіп келемін. Арнайы жұмыс кестесіне бағынамыз. Таңғы сағат төрт жарымда ұйқыдан тұрып, бестен өте автопаркке келеміз. Бағытқа шығу алдында автобусты мұқият тексереміз. Алғашқы рейс сағат алтыдан жиырма бес минут кеткенде, соңғысы кешкі сағат сегізде басталады. Жалпы саны 11 автобус қарама-қарсы бағытта жүреді. Жүргізушіге ең алдымен сабырлылық қажет, — деген тәжірибелі жүргізуші күн сайын жол бойы неше түрлі жағдайлар орын алатынын айтты.

Автобуста осыншама өмір иесін тасымалдаған соң, жүргізуші мойнындағы жауапкершілік орасан.  Мұңсыз бұл жауапкершілікті әйелдер ерекше сезінеді деген ойда.

— Қызметім жаныма жақын. Автобус тізгіндеген әйел көрмегендіктен бе, кейде жолаушылар аялдамасынан түсетін уақытта мені көріп таңғалып, ерекше құрмет білдіріп жатады. Сондайда көңілім одан сайын көтеріледі.

Бұл саланы таңдауыма ата-анам ешқашан қарсылық танытқан емес. Әсіресе, әкем ерекше түсіністік танытты. Ауылдан қалаға келген уақытта автобусқа қасыма отырғызып алушы едім, — дейді жүргізуші.

Мұңсыз Тілегенова 2008 жылы отбасылық жағдайына байланысты Қарағанды қаласына қоныс аударады. Ондағы автопарк орталығы мұны таңданыспен қарсы алыпты. Өйткені әйелдерге бұрын мұндай іс сеніп тапсырылмаса керек. Бірақ ол жерде бос орын болмай, кондуктор қызметіне кірісіп кетеді. Екі айдан кейін сүйікті ісімен қайта қауышып, Қарағандыда 7 жыл автобус жүргізген.

Бұдан кейін туған жерін аңсаған жүргізуші Ақтөбе қаласына қайта оралады. Содан бері №19 автобусты жүргізіп келеді.

Автобус артынан жанұшыра жүгіретіндерді сабырмен күтіп, ешкімнің көңілін қалдырмайтын жүргізуші зейнеткерлік демалысқа дейін жұмысын жалғастыруға дайын.

Мұңсыз бірінші жетіп, кестені орындау үшін басқа автобустармен бір жолда жарысып жүруге де түбегейлі қарсы. Сонымен бірге, уақыты жеткілікті болса біреулер секілді аялдамада ұзақ тоқтап тұрып алмайды. Ондайда келесі аялдамаға қарай баяу қозғалу керек деп санайды.

— Менің бұл мамандығым бұйырған жұмысым шығар деп ойлаймын. Рөлде отырғанды жақсы көремін. Өзімнің жұмысымды сүйіспеншілікпен, қуанышпен істеймін.

Жүргізе алмайтын жүргізуші болмайды. Бірақ, біреу жолыңды кесіп кетуі мүмкін, тағы біреуі дереу тоқтауы мүмкін дегендей қиындықтар кездеседі. Осындай жағдайларда біреуге ақыл үйрете алмайсың, әркім өзін-өзі тәрбиелеуі керек, — дейді ол.

Біз барған кезде, соңғы аялдамада күтіп алған №19 автобустың диспетчері Жаңабай Қожаниязовтың айтуынша, Мұңсыз Тілегенова осынша жыл еңбек өтілінде өзін үздік жүргізуші ретінде көрсете білген. Жұмысына ыждаһаттылықпен қарайды. Өз ісіне аса жауапты, әріптестері оны ерекше сыйлайды.

Жүргізушінің сөзінше, әдетте жүргізуші аса сақ болуы керек. Бірақ кейде жолаушылардың өздері де кінәлі болатын кездері кездеседі. Салонға шұғыл кіріп үлгермекші болады. Жүргізуші болса оның қалай жүгіріп келгенін байқамай да қалуы мүмкін. Ол бар назарын сол жақтағы көліктерге аударады.

— Соңғы аялдамаға жеткен соң, он минут үзіліс, сосын қайта айналым басталады. Түскі үзіліс жарты сағаттай ғана. Дұрыс тамақтанып үлгермейтін күндеріміз болады. Жолаушылар аз болса, белгіленген жоспарды орындай алмайтын сәттер де аз емес.

Әр жұмыстың өзінің қиындығы бар. Әркім адал еңбегіне қарай, нәпақасын алады. Ұзақ жыл тапжылмастан бір орында жұмыс істеген соң, өзге жұмысқа ауысқым да жоқ. Бұрындары 8 наурыз мерекесі күні жұмысқа шығып жүрдім. Ал биыл бұл күні демалыс алдым. Барлық қазақтың аналарын, қыз-келіншектерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын, — дейді ол.

Қарапайымдылығымен ел есінде жатталып, әріптестерінің ықыласына бөленген, сыйлы жүргізушінің бүгінде бір ұлы бар. Сол перзенті үлкен азамат болса екен дейді.

…Бүгін №19 бағыттағы автобустың тұрақты жолаушылары арасынан Мұңсызды мерекесімен құттықтағысы келетіндер мол болатынына сенгіміз келеді. Біз де солармен бірге нәзік жанды болғанымен білегі берік жүргізушіге алда да сәтті жолдар тілейміз.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button