Тарих

Ақтөбе өңірінен шыққан алғашқы мұғалім

Зерде

Ырғыз — тарихи мекен. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жұмысы осы Ырғыз жерімен байланысты болды. Ырғыз — халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың арғы аталары  Ырғызбай, Торғай, Кеңгірбайлар туған өңір. Тарас Шевченконың «Ырғыз қала» атты әйгілі суреті бар. 1868 жылы Ырғыз қала атанып, Ырғыз уезінің орталығы болды. ХІХ ғасырдың 60-70-жылдарында сол кезде қала мәртебесі болған Ырғызда еуропалық үлгіде білім беретін мектептер жұмыс жасады.

Патша үкіметі Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан 1850 жылы қазақ балаларына арнап мектеп ашқаны белгілі. Сол мектептің ашылу салтанаты жайында А.Васильев «Торғай облысындағы халық ағарту ісі және оның қазіргі күйі туралы» очеркінде: «Шекара комиссиясы жанындағы мектеп 1850 жылы 22 тамыз күні салтанатты түрде ашылды, оған (қырғыздардың) қазақтардың игі жақсылары, оқушылардың ата-аналары мен өзге туған-туысқандары қатысты, олардың бәріне мектепте қонақасы берілді, сол қонақасыға Орынбор қаласының барлық білікті, білімді адамдары қатысты, тамыздың 23-і күні (қырғыздарға) қазақтарға арналып, қаланың сыртында халықтық мереке өткізілді, онда жарыс, күрес, жаяу жарыс өткізілді, қонақасы берілді, түнге қарай фейерверк жағылды, оған дала тұрғындары таң-тамаша болып қарады», — деп жазды.

Патша үкіметінің қазақ балаларына арнап мектеп ашуының басты себептерінің бірі — өздеріне кеңсе қызметкерін, жергілікті халықтан тілмаштар мен патша саясатын насихаттаушыларды дайындау болатын. Мектепте мынадай дәрістер оқытылды: закон Мухаммаданский, яғни мұсылман діні; орыс тілі; есеп; тергеу жүргізу; татар тілі; іс қағаздарын татаршадан орысшаға, орысшадан татаршаға аудару; ветеринария, яғни мал емдеу.

Оқу бағдарламасынан-ақ ұсақ шенеуніктер мен тілмаштар дайындау көзделгені көрініп тұр. Оқушылардың үлгерімі қазіргідей бес балмен емес, он екі балмен бағаланады екен. Ал 1859 жылдан бастап бағдарламаға орыс тарихы, математика, жалпы және орыс жағрапиясы мен геометрия енгізілді.

Оқуға Орынбор өлкесінен 30 бала қабылданды. Олардың аты-жөні, неше жаста, кімдердің балалары екені жөнінде мәліметтер сақталған: Ыбырай Алтынсарин — он бір жаста, әскери старшина Балғожа Жаңбыршинның немересі; Едіге Айтоқин — он екі жаста, дистанциялық басшы Айтоқанның ұлы; Тілеу-Мұхаммед Саматов — он екі жаста, Самат Әбілғазы сұлтанның ұлы; т.б. Сондай-ақ, сұлтан, би тұқымынан болмаса да, «қарапайым қазақтардың балалары» ретінде көрсетілген бір топ бала бар. Олардың арасында он үш жастағы Шахмұрат Құлыбековтің есімі де жүр. Шахмұраттың әкесі Құлыбек дәулетті адамдар қатарынан болса керек. Себебі, кейіннен Ыбырай Алтынсарин Торғай облысының ауылдары мен қалаларында мектеп ашуға ел ішінен қаржы жинағанда, Құлыбек ақсақал «100 сом ақша берді» деп көрсетілген.

1857 жылы мектепті 20 қазақ баласы бітіріп шыққан. Солардың бесеуі үздік бағамен бітірген: Шахмұрат Құлыбеков (Ақтөбенің Ырғыз ауданы), Тоқтамыс Қосуақов (Ақтөбенің Темір ауданы), Нұрым Мұңсызбаев (Қостанай), Ыбырай Алтынсарин (Қостанай), Шахмұрат Көшербаев (Қостанай).

1859 жылы Шекаралық комиссияның төрағасы В.Григорьев генерал-губернаторға төрт бекіністе мектеп ашу қажеттігін айтып, оның толық жобасын ұсынады. Генерал-губернатор 1862 жылы мектеп үйі салынып болуын күтпей-ақ, алғашқы екі бекіністе жеке үйлерде бала оқыта беру керектігін айтып, облыстық басқармаға ұсыныс жасайды.

Шахмұрат Құлыбеков те Ыбырай сияқты бастапқыда балаларды үйде оқытқан. 1864 жылы қазанның 25-і күні Ырғызда, қазіргі Ақтөбе облысы аймағында бірінші рет, бастауыш қазақ мектебі салтанатты түрде ашылады. Бұрын тек діни медресе-мектептер болған қазақ даласы үшін бұл үлкен жаңалық еді.

Үлкен жиынға ауыл тұрғындары мен бекіністің барлық шенділері қатысқан. Мектептің ашылу құрметіне ат жарыс ұйымдастырылып, ұлттық ойындар өткізіліп, қонақасы беріледі. Білім шаңырағына дәулетті отбасылардың 14 баласы қабылданады. Ырғыздағы осы бастауыш мектепте Шахмұрат Құлыбеков бірнеше жыл мұғалім болды. Ал өңірдегі халық ағарту ісі тарихы, міне, нақ осы мектептің ашылуынан бастау алады. 1864-1865 оқу жылының қорытындысы бойынша үздік оқушыларға кітаптар табысталған.

1859 жылдың қысында Н.Ильминский қазақтың атақты жырауы Марабай Құлжабайұлынан «Ер Тарғын» жырын жазып алып, 1862 жылы Қазанда жеке кітап етіп шығарғаны белгілі.

«Осы қазақ халқында сіз білетін ірі ақын кім?» деп сұраған Көкбайға, Абай:«Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емеспін», — деген. Сол Марабайдың айтуымен жырды татар әрпімен қағазға түсірген Шахмұрат Құлыбеков екен. Бұл жайында Н.И.Ильминский өз естелігінде былайша сыр шертеді: «1859 жылдың қысында батыс жақтағы Марабай (суырыпсалма, шешен) жайында естіп, В.В.Григорьевтен Орынборға шақыруын өтіндім. Бірақ жайлы пәтер, қазынаның тегін күтіміне қарамастан, дала ақыны өзін бұл жерде тордағы құстай сезініп, қаладан кеткенше асықты. Марабайдың айтуымен Шахмұрат Құлыбеков татар әрпімен «Ер Тарғын» жырын түсірген».

Ыбырай Алтынсарин Торғай облысында мектеп ашуға 1860 жылы кірісіп, он тоғыз жылдың ішінде он бір мектеп ашқан. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Алтынсариннің педагогикалық қызметіне тілеулестік білдіріп, құрметпен қарағандардың бірі — жоғарыда аталған Шахмұрат Құлыбеков еді. Мектепті үздік бітірген Шахмұрат бастапқыда тілмаш болып, кейін Ырғызда бастауыш мектепте мұғалім болып еңбек етеді, бұдан соң біраз уақыт уезд бастығының көмекшісі болған.

Бұл кісінің есіміне Алтынсарин Ырғыз училищесінің мұғалімі Ф.Д.Соколовқа жазған хатында: «Әлекең мен Шахмұратқа менен сәлем айтыңыз. Ырғызға енді мен бара алмаймын. Қырмен тура Николаевский уезіне тартып немесе Орск арқылы жүргелі отырмын» — деп, ізет көрсетеді.

Ыбырай Алтынсариннің өтінішімен Ырғыз қаласындағы оқу орындарында Тимофеев, Григорьев, Спиридонов, Сахарова, Царегородцев, Васильева сынды мұғалімдер еңбек еткен. Алаштың ардақты ұлдары Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Бәймен Алманов, Тел Жаманмұрыновтар осы Ыбырай мен Шахмұраттың ұйытқы болуымен ашылған мектептерде білім алған.

Өкінішке қарай, қазақ интеллигенцияның алғашқы легінің өкілі Шахмұрат Құлыбековтің қызметіне бүгінгі күнге дейін лайықты баға берілмей келеді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Шахмұрат Құлыбеков есімі не себептен жоқ? «Ақтөбе» энциклопедиясында ол бір жерде ғана аталады. Шахмұрат Құлыбеков туралы ырғыздық өлкетанушы Сейілхан Оразымбетовтің 1996 жылы жарық көрген «Ырғыз», кейіннен «Жармола жаңғырығы» кітаптарында және журналист Рақымжан Өтемістің «Атадан қалған асыл жол» кітабында жазылды.

Халыққа сіңірген еңбегіне құрметпен қарап, Шахмұрат Құлыбековтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында мынадай ұсыныстар айтқымыз келеді:

Біріншіден, Ырғыз ауданының бір ауылына Шахмұрат Құлыбековтің аты берілсе;

Екіншіден, Шахмұрат Құлыбековтің есімі облыс орталығындағы мектептердің біріне берілсе;

Үшіншіден, Шахмұрат Құлыбековтің 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар ұйымдастырылса дейміз. Осы ұсыныстарды көпшілік болып қолдасаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді.

 Қайрат ҚАРАМАҢДАЕВ,

Құрлық әскерлері әскери институтының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, бауыржантанушы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button