Мереке

Қайсарлық пен құрмет

Өткен ғасырдың 30-40-жылдарында туған балалар ес жиғаннан еңбекке араласты. Әсіресе, ауыл баласы соғысқа кеткен, соғыстан оралмаған не ауыр жұмысқа жарамсыз, мүгедек болып қайтқан әке-ағалардың орнына таңның атысы, күннің батысы мал өсіру, егін егу, шөп шабу секілді толып жатқан шаруаның соңында жүрді. Күләш Оразалина — сол ұрпақтың өкілі.

Қазақ бұрын қыз баланы 16-17 жасынан «құтты жеріне» қондырған. Біздің кейіпкеріміз де 1955 жылы тұрмысқа шыққанда, небәрі 17 жаста екен. Жолдасы Тәртіппен тұрмыс құрғанға дейін тіпті таныс та болмаған. Темір ауданының өзі бұрын көрмеген Кеңқияқ жағына ұзатылыпты.

Біз үшін ата-ананың айтқаны заң еді. Қазақта «құдай қосқан қосағың» деген ұғым бар емес пе, өздері құрған шаңырақты, әулеттің абыройын киелі санап, қызғыштай қорып күн кешу алдыңғылардың өнегесі болатын. Тәртіптің әкесі, яғни атам ғұмыр бойы колхоздың қойын бағып келе жатқан адам екен. Бізді де осы кәсіпке баулыды. Мен келін боп түскен соң, бір жылдан кейін, отарын бізге тапсырды, — деп еске алды Күләш апай.

Сөйтіп, екі жас ата жолын жалғады. Алғашқы жылдары қойды қыстату үшін сонау Сам, Матай құмдарына қарай көшіп баратын.

1961 жылға дейін Матай мен Кеңқияқтың арасында көшіп жүрдік. Түйемен көшетінбіз. Қысы-жазы киіз үйде тұрдық. Қардың суын ерітіп іше береміз. Жалғыз біз емес, жұрттың бәрі солай етеді. Тұрмыс әлі оңала қоймаған, жоқ-жітік шақ. 1961 жылы кеңшар құрылды. Осы уақыттан бастап, 1988 жылы зейнеттік демалысқа шыққанға дейін «Кеңқияқ» кеңшарының 2-фермасында, Құмсайда аға шопан болып еңбек еттім. 33 жыл бойы қой бағыппын. Біз қой бағуды қиын дакөрмедік, абыройсыз іс те санамадық. Керісінше, қой басын көбейту, 50 миллионға дейін жеткізу — республиканың алдына қойылған үлкен міндет еді. Қой шаруашылығы — «екінші тың», ал қой баққан шопандар «екінші тыңның ерлері» аталды. Сол атаққа лайық болуға тырыстық. Рахатты да, абыройды да, қызықты да — бәрін тек еңбектен ғана іздедік, — дейді Күләш апай.

Қойшының тірлігі — ең тынымсыз тірлік. Қой баққан шопанда «жұмыстан қайтатын уақыт» дейтін уақыт та, демалыс күндері де жоқ. Жылдың он екі айында күндіз де, түнде де мал қамымен жүреді. Қойға әр кезде — қыстың аяз-боранында, күздің жауынында, жаздың аптап ыстығында, мал төлдету науқанында — әртүрлі күтім керек. Үп-үлкен қойды көтеріп жүрген кездері де көп… Қауіп-қатер де аз болмайды: ит-құс бар, ұры бар. Бір рет ұрымен бетпе-бет келіп, оқ та атылды.

Мал қамына қоса, таңғы сағат төртте тұрып, нан ашытудан басталатынүйшаруасы бар. Алтын асықтай алты бала өсірді. Өкінішке қарай, жолдасы өмірден ертерек кетті де, үлкеністудент, кішісі небары екі жастағы шиеттей балаға әке де, ана да — бір өзі боп қала барды… 1974 жылдан бастап «Қарлығаш» комсомол-жастар бригадасына жетекшілік жасағаны және бар. Қазақтың қарапайым ғана әйелі осынша жауапкершілікті, осынша міндетті жылдар бойықайыспай көтерді. 1982 жылы ол әр 100 саулықтан, орта есеппен, 135,1 қозы алса, 1984 жылы бұл көрсеткішті 145 қозыға жеткізді. Және әр жылы дерлік алынған төлді 100 пайыз аман сақтады. Өз отарынан бөлек, қарауындағы комсомол-жастар бригадасының отарларына да бас-көз болуы тиіс. Тіпті 5 отардың жауапкершілігін мойнына алған жылдары да болды. 15 жылға жуық уақытта 120 жасты атакәсіпке баулыды.

Қазір соның бәрі көрген түс секілді, зымырап өте шығыпты, — дейді Күләш апай. — «Құп-құйттай болып, бәріне үлгересің, шаршамайсың» — дегенді замандастарымнан жиі еститінмін. Сірә, еңбегі ақталып, бейнетіне орай құрметке бөленіп, абырой алып жатқан соң, адам жігерленіп, күш-қуаты артатын болса керек.«Шаршадым» деген кезім жоқ. 50 жасқа келіп, зейнеттік демалысқа шыққанға дейін, бірде-бір рет ауырып та көрмеппін. Шүкір, еңбегімді жоғары жақ та, халық та бағалады.

Расында да, Күләш Оразалина —  Еңбек Қызыл Ту (1971 жыл),«Құрмет белгісі» (1982 жыл) ордендерінің иегері; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен (1981 жыл) марапатталған. Сондай-ақ, VII және VIII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды, Қазақстан Компартиясының ХV съезіне қатысты.Бұлардан бөлек, облыстық, аудандық кеңестерге депутат болып сайланды, түрлі мерекелерде, шопандар слеттерінде әрдайым аты аталды.

Балалары да азамат болып ержетіп, ұлдары үйленді, қыздары тұрмыс құрды. Бүгінде немере-шөберелер сүйіп отыр. Алты баланың анасы ретінде 2010 жылы «Күміс алқа» иеленді.

«Орденді Күләш» атанып, тұтас облыстың мақтанышы болған ол бүгінде жасы 80-ге таяғанмен, әлі де тың, әлі де жақсыға, жақсы істерге деген құлшынысымен таңғалдырады. Күләш апай сынды қандай қиындықта да жасуды білмеген, қайсар, рухы мықты аналар — еліміздің құты. Арамызда ұзағырақ жүргей!

 Индира ӨТЕМІС.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button