Мереке

Бастапқы сатының бапкері

Ұстаздықтың жүгі қандай ауыр болатынын негізінен баласының тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлетіндер түсінетін шығар. Әйтпесе мектепке тарыдай болып кірген баланы таудай етіп өсіру үшін төгілетін тердің есебін ешкім шығарып бере алмас.

Міне, осындай себептерден де 35 жыл бойы бастауыш сынып шәкірттерін оқытып келе жатқан Маржанкүл Бекетованың еңбегін тұтастай баяндап шығу тіпті де мүмкін емес. Мұндайда мұғалімнің шығармашылық ізденістері немесе өзіндік әдістемелік шеберліктері туралы айтқан мақұл. Бұл тұрғыда Маржанкүл Қалдауқызының бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша оқыту мен тәрбиелеудің қазіргі заманғы әдісін шебер пайдаланып жүргеніне ерекше назар аударған жөн. Мысалы, оның республикалық ғылыми-әдістемелік «Бастауыш мектеп», «Бастауыш сыныпта оқыту», «Білім — жаңа бағдар» тәрізді журналдарда сабақ үлгілері мен мақалалары жарық көруі немесе облыстық «Үздік әдістемелік қобдиша» атты байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталуы, аудандық «Қолданбалы курстың ең үздік адаптивті бағдарламасы» байқауынан бірінші орын иеленуі, «Ең үздік кабинет» байқауының жеңімпазы атануы осындай тынымсыз еңбегінің жемістері екені көрініп тұр.

Әрине, озық ұстаздың оңды тәжірибелері өз меншігі болғанымен бұдан көпшілік те нәр татуы тиіс. Бұл ретте де ұстаз еңбектері өз тартпасында жатып қалып жатқан жоқ. Мысалы, 3-4 сыныптарға арналған «Биоақпараттандыру және синергетика», «Табиғат — тал бесік» әдістемелері облыс көлемінде таратылса, «Сынып жетекшісі» нұсқаулығы, «Тест тапсырмалары» тақырыбындағы дидактикалық материалдары аудан көлемінде таратылды. Бұларға республикалық, облыстық түрлі оқу-әдістемелік жинақтарда, педагогикалық сайттарда жарияланып жүрген дүниелерді қоссаңыз, педагогтың осы заманғы оқыту технологиясын қаншалықты терең меңгергені өзінен-өзі көрініп тұрады.

Маржанкүл Қалдауқызының 2010 жылы Астана қаласында өткен Ұстаздар күні мерекесіне білікті педагогтер қатарында арнайы шақырылуы, облыс әкімінің «Үздік мұғалім» грантын иеленуі, 2013 жылғы Ұлттық бірыңғай тест кезінде басқа облысқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі ретінде жіберілуі, көптеген дипломдармен, грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталуы, міне, сол жетістіктерінің арқасы.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» екенін ескерсек, №8 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Маржанкүл Бекетованың оқушылары да білім сайыстары мен өнер, спорт жарыстарында талай рет топ жарды, берісі облыстық, әрісі республикалық додаларда бірнеше жүлделерді жеңіп алды.

Мектеп — өмірдің бастапқы сатысы. Одан әргі биіктерге, әрине, әуелде білім уызына жарыған шәкірттер еркін өрмелей алады. Сондай оқушылардың үнемі алғыс арнап жүретін ұстаздарының бірі Маржанкүл апайлары екендігіне ешкімнің дауы жоқ та шығар.

 Зәуреш МАХАЕВА,

№8 орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Шалқар қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button