Мереке

Ұстаның ұрпағы, батырдың бәйбішесі

Жем-Сағыздың бойында  атақты ұста болған Құрманәлі Наурызәліұлының жалғыз қызы, «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаевтың бәйбішесі Шынкүміс әжеміз бүгінде сексеннің үстінде, әлі күнге  сергек қалпында балаларының, немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.

Анасынан алты жасында айырылып, әкесінің тәрбиесін көп көрді. Кішкентайынан  көргені ұстаның көрігі, төс пен балға, басқа да құрал-саймандар болғандықтан,   Шынкүміс те осы кәсіпке  бейімделе бастапты. Мұны көрген әкесі қызының ер кісіге ғана жарасатын кәсіпке көңілінің ауып бара жатқанын байқап: «Бұл кәсіп қыз балаға қол емес» деп ақылмен тоқтатса керек. Кезінде Байғанин ауданындағы 40 шақты   ұжымшардың, кейін осылардан біріктірілген 3 кеңшардың ұстасы болған, күні-түні тыным таппай, қабағын шытпай еңбектенетін Құрманәлінің қолынан шыққан дүниенің құнын  жұрт та білетін.  Өйткені ол кезде ең жеңілі — ыдыс-аяқтың өзі қат еді. Шелегінің, тегешінің, бақырашының тесілген жерін жамап-жасқап, дәнекерлеудің өзі бір өнер еді. Еңбегін бұлдамай, халқына қалтқысыз қызмет еткен ұста бес уақыт  намазын қаза қылмай,  соғыстың алдындағы аумалы-төкпелі уақыттарда да, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы кезінде  ат шана, ер-тұрман, қару-жарақ, басқа да шаруашылыққа қажетті құралдарды жасады. Әкенің өнегесі Шынкүміске үлгі болды. Ұстаның қызы да ауыл тіршілігіне араласып, әйел затына тән шаруалардың бәрін келістіретін ақылды тентек болып өсті.

Шынкүміс апа жасөспірім бала кезінде қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновты көргенін ұмытпайды:

— Біздің жаққа Алматыдан жер бөлу мәселесіне байланысты үлкен бастықтардың бірі Нұртас Оңдасынов келіпті деп естідік. Мінген жеңіл көлігі Самның құмына шыдамай, бір жері сынып, істен  шықса керек. Аудан орталығынан шалғайдағы ауылда көлік жөндейтін шеберхана  жоқ ол кезде, оған әкемді білетін адамдар: «Осында бір ұста бар, одан басқа ешкімнің қолынан келмес» деп жөн сілтейді,  содан менің әкеме келеді. Әкем олардың көлігін қарап, тез жөндеп береді. Содан Нұртас Оңдасынов әкемнің ұстахасына келіп, алғысын айтты. Ол кісі әкеме еңбегіңіздің ақысы деп құлынды бие мен  10 қой бергізді.  Әкемнен: «Ақсақал, балаңыз бар ма?» деп сұрады, «Міне, қызым бар», — деп мені көрсетті. Сонда: «Өсіп қалыпты ғой, мектепті бітірген соң Алматыға жіберіңіз, маған келсін», — деген еді, — деп есіне алады.

Тағдыр  атақты ұстаның қызының маңдайына батыр жігітті жазыпты. Ұлы Отан соғысында қанды шайқастарда көзсіз ерлік көрсетіп, «Даңқ» орденінің толық иегері болып қайтқан Сәрсенғали Ешбаевтың анасы Шынкүмісті сұрап Құрманәлі ұстаның үйіне үш рет құда жібереді. Үшінші рет құда түсіп келгенде, қызының көңілінің кетәрі емесін түсінген ұста: «Екі тентек қосылды, есен болсын!» деп батасын беріпті.

Сәрсенғали мен Шынкүміс  ел сүйсінгендей берекелі отбасы болды, 5 қыз, үш ұл сүйді. Өсіп-өнген әулеттің анасы  бүгінде 12 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.

Батырдың тұңғышы, Ақтөбе телеарнасында ұзақ жылдар режиссер болған  Бақыт Ешбаева  айтады:

— Анамыз — қайратты кісі.Былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаев анамызды әйелдер мейрамымен үйге келіп құттықтады. Соғыс уақытында, одан кейін өскен балалардың еңбекке ерте араласқаны белгілі. Анам нағашы атамның ұсталық өнерінің шет-жағасын үйреніп қалған, зергерлік бұйымдардың ерекшелігін көзі жақсы таниды. Нағашы атамды Алтай, Оймауыт, Абайдың халқы «Әкем» дейтін, ол кісінің қолынан шыққан зергерлік бұйымдар Мәскеудің, Алматының, Ақтөбенің музейлерінде тұр. Анам да ел-жұртына қадірлі болды. Қимылы ширақ, үй шаруасын дөңгеленткен кісі. Іс те тікті, кілем де тоқыды, ою да ойды, сырмақ та сырды. Малды өзі сауатын, шұбат, қымыз, май, қаймақ, ірімшік-құрт  үзілген жоқ үйден. Тіпті қойды да өзі қырқатын. Қандай шаруаға да кірісіп кететін. Оны жаңалық демеймін, ол кездегі әйелдердің бәрі солай өмір сүрді.  Әрдайым жинақы жүрді, әкемнің қонақтарын да жақсылап күтетін. Балаларын да еңбекке тәрбиеледі. Үйдің жұмысын әрқайсысымызға бөліп беретін, — дейді.

Шынкүміс апа секілді заманның қысылтаяң шағында да, бейбіт, тыныш күндерде де парасатын жоғалтпаған, балаларын өмірдің мәні адал еңбекте  деп тәрбиелеген аналардың мерейі әрқашан биік.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button