Әдебиет

Мен — жерге түскен жалғыз дән, жапырақтардан сөйлеген…

Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

Бүгін қазақ өлеңінің көгінде найзағайдай жарқ ете қалып, кенеттен сөнген ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толды. Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген Төлегеннің атамекені  — Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы.

Небары 30 жыл өмір сүріп, дүние-жалғанның дидарынан аунап кете барған біртуар таланттың аруағына тағзым ете отырып, бір топ өлеңін ұсынғанды жөн көрдік. 

Сен менің өзімді көрсең,

Тұрысым осы менің.

Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең,

Шошыр едің!..

 

Сен онда ойланар ең,

Мен болып сезінер ең.

Мен болып оянар ең,

Мен болып көз ілер ең.

Жеткізе алмас ең бұны

Адамның сөзіменен.

 

Иә, сен ойланар ең,

Толғанар ең бармақты тістеп тұрып.

Мендегі ыстық жалын

Бойыңа күш боп кіріп,

Тұрар еді сен түгіл тас та лаулап.

Көзінде жатар еді,

Жұлдызды аспан аунап…

 

Сен мендегі достықты көрсең,

Қалтқысыз сенетұғын.

Қайғыңды көтеруге,

Қайғысыз көнетұғын.

Тек қана сол болар еді,

Түсіңе енетұғын.

 

Сен мендегі бауырмалдықты көрсең,

Баурайынан бар таудың сел күреген.

Жел өтіңнен желкен боп желбіреген,

Көлдерге айналар ең,

Көктемде мөлдіреген.

 

Шошыр ең көрсең құдірет бұл сезімнен,

Туған жермен, адаммен аймаланған.

Онда сен дер ең сөзсіз,

«Мынау иттің баласы, мұнша байлықты

қайдан алған!..»

 

Сен мендегі махаббатты көрсең,

Тұратын кіршік түспей.

Жүрегің қалмас еді,

Бір рет ыршып түспей.

 Бір тойым бар

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ… бірақ…

Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

Онда ортаға тасталар ұран сондай:

Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.

Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,

Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам…

Сәбилерге ағаны үлгі етемін,

Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.

Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,

Ақ көңілімен ақ қайың бүртігіндей,

Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,

Ажырасқанды жүреді қайта қосып.

Мен өзім де ән салам түн ауғанша,

Менің жаным бұл күнге құмар қанша!

Бәйгі берем жығылған палуанға да,

Адалдығы сезіліп тұрар болса.

Қыз қуатын жігітке ат беремін,

Жанам деген жүрекке от беремін.

Мен, әйтеуір, бар жиған-тергенімді,

Бір тамаша той қылып өткеремін.

Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,

Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.

Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,

Қазанымда бір асым ет қалмауын.

Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,

Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.

Кім білсін, талай түнгі тілегім еді,

Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.

Апаларым

Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,

Төртеуіміз бір әкенің баласы едік.

Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын,

Өстік біз бір омыраудан таласа еміп.

 

Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,

Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.

Таралып шартарапқа жолдар шықты

Сендердің бұрымдарың сияқтанып.

 

Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып,

Қатыгез қимастықты қыз аты қып.

Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,

Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.

 

Деді әкем: Қиын болды-ау, қарағым-ай,

Жан көкем, жадыратшы қабағыңды-ай.
Мен үйде жалғыз қалдым, мергендердің

Қосына тастап кеткен қарауылдай.

 

Кеттіңдер «Жат жұрттық» боп жаратылып,

Жанары басқа ауылға қаратылып.

Мен болсам, еш дария құймайтұғын,

Көлшік боп қалдым шетте дара тұнып.

 

Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,

Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.

Әкенің қасиетті шаңырағы,

Тікейіп кетті талай құлап барып…

 

Туғасын талмай ұшу қанатқа сын,

Білем мен ол күндердің сан аптасын.

Көнбеуге жалғыздыққа амалың жоқ,

О бастан жалғыз қылып жаратқасын.

 

Жігерін жетті жылдар қайрап маған,

Сонда да амалым жоқ ойлап қалам!

Төрде үлкен шарайна тұр, айдынында,

Бір кезде алты бұрым ойнақтаған.

 

Кейде мен көлінде қап Қособаның,

Сендердің саулығыңа тост аламын.

Бүгінде мені ұмытып кетсеңдер де,

Бақытын ойлап басқа босағаның.

 

Көп өтті қимас күндер белестері,

Көп болды сендер жақтан жел еспеді.

Өзі ұшқан ұясына қонбай кету —

Япырым-ау, құстарға тән емес пе еді!

 

Бұл үйде әкең өтті бас иетін,

Ана өтті ардақтаумен қасиетін.

Бір менің маңдайыма жазылған ба,

Көтеру мына төрдің қасіретін.

 

Қайтейін, өтсін деп ем еленбеумен,

Мықтырақ болып шықты менен кеудем.

Мен бе деп жүрмісіңдер, әлде сендер,

Көлденең көк аттыға елеңдеумен.

 

Бар болған кездеріңе сүйінемін,

Жоқ болған күндеріңе күйінемін.

Мен, сірә, ақ перзенті болсам керек,

Үміті үзілмейтін дүниенің.

Аруана — бауыр дүние

Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып.

Апталап-айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын.

Қазығын таппай тоқтамайды екен, мәңгілік тіпті күн батсын.

Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана — бауыр дүние,

Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.

Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам,

Жетер ме адам сөзі оған!

Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғы қас,

Туған жер, сен деп қайғыра алмасам тағдыр да мені бай қылмас.

О бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен

Қазығын таппай қайырылмас.

Әрқашан аңсап оралам саған тартпасын мені қай тарап,

Көгілдір көлге алқынып ұшқан аққудың даусын қайталап.

Оны да кешір, ойда жоқ сәтте жанардан ыстық жас болып,

Мөлт ете қалсам балапанымды шайқап ап…

Қашаннан жақын таныс хал маған болса да удай бал шарап,

Дидарың үшін қалдырдың артта қанша бақ!

Мен сенің бүгін қойныңа жеттім сабылып ұшып, туған жер,

Сарғайып ұшып, жүректі тоқсан паршалап.

Қайғырған жоқпын баратқан қалып малға да, тіпті басқа да,

Гүл шығады ғой тасқа да.

Тауға да керек астана,

Тасқа да керек астана.

Басқаға сенен айта алман,

Әнім бұл менің басқа сөздермен сан рет салып қайтарған.

Сәнім бұл менің жамылып шығар жаңғырған басқа тойларға,

Жүрісім менің басқа жорғамен шайқалған.

Кеудемде жүрген, зердемде жүрген ынтызар, ықылас от өріп,

Сен мұны менен бетер ұқ!

Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен,

Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!

Жалғыздық

Болғанмен бойда қандай күш,

Не жетсін бауырың болғанға??.

Жападан-жалғыз мен байғұс

Келеатқандаймын орманда.

 

Жаралып па ем деп жейдемен,

Тас-талқан болам кейде мен.

Мен — жерге түскен жалғыз дән

Жапырақтардан сөйлеген.

 

Сыздауы менің арқамнан,

Өтпеген, сірә, жон бар ма.

Суындай таудың тарқалған,

Адастым талай жолдарда.

 

Кешетін сазды етікпен,

Басында ердің аз ба күн.

Осынша арманды ертіп мен

Теңізде қирай жаздадым…

 

Қайтейін, қайран құрбым-ай,

Күн кештім маңдай терменен.

Жыласам қой дер, бұл Құдай,

Аға да маған бермеген.

 

Шығам деп шырқап асқарға,

Тайғанда табан тастарға.

Сүйендім арлы достарға,

Армандай қарындастарға.

 

Сүйендім сенбей жалаға,

Алыстан жеткен хаттарға.

Баламнан кіші балаға,

Әкемнен үлкен қарттарға.

 

Жарған ем бүршік, жанардың,

Жалынын балап арға мен.

Арқасыменен солардың

Аунаттым талай қарға өлең…

 

Секілді менің тағдырым,

Тағдыры корабльдердің.

Сан кепті менің жаңбырым,

Көзінде лала гүлдердің.

 

Көктемдер жетті мені іздеп,

Тұндырып сайға салқын қақ.

Сөйледім Қара теңізден,

Қара семсердей жарқылдап.

 

Қуатыменен қос қолдың,

Қала да болдым қамалсыз.

Балға да болдым, төс болдым,

Қайрақ та болдым амалсыз.

 

Теріс те борап ұштым мен,

Көтеріп бәрін еңсеммен.

Күндерде осынау үстімнен,

Үкілі бақтар теңселген.

 

Десем де жауған оқтарға,

Жауынгер болсаң, жалғыз бар,

Кейде амал таппай тоқтарға

Қаламын соқса жанға ызғар.

 Қызғалдақ дәурен

Қызғалдақ қуып құмардан,

Шығатын болдық, құрбым-ау.

Аэропорттардан туы алуан

Айнымай жатқан қыр мынау.

 

Гүл де әсем мұнда, көр, міне,

Қап-қара мақпал түн де әсем.

Толқымай жатқан көлді де

Толқисың көріп мұнда сен.

 

Тау да әсем жалтыр көк айдын,

Қауырсын қанат бау да әсем,

Зер шашақ шығы тоғайдың,

Шашылғалы тұр «әу» десең…

 

Қай-қайдағы ыстық балдырған,

Сағынышыңа от себер.

Шүрегей үйрек алдыңнан,

Шүйкілдеп ұшып кетсе егер.

 

Басайық, бауырым, ілгері,

Сазанды сайлар қайда екен?

Мынау сай сәби күндегі,

Мен тұзақ құрған сай ма екен?

 

Тырналар мынау кеудемнен,

Сусылдап ұшқан құс па екен?

Жанымды менің тербеуден,

Бір тынбай қалай ұшты екен?

 

Білмедім қанбас сыр ма бұл,

Жазылмай қалған жыр ма бір,

Қай жерлерде ұшып жүр екен

Ұстатпай кеткен қырғауыл?

 

Айтпақшы, соны қайтсең де

Қыз қайда ұстап кел деген!

Ол да ұшып әлде кеткен бе,

Қырғауыл кеткен жолменен.

 

Дариға, менің алдымнан

Тағы бір өтсең кес-кестеп,

Қырғауыл арман, жанымнан

Қалар едің-ау өшпес боп.

 

Жастықтың кейде сыры өзге,

Кеттің бе еске сақтамай.

Сен тоқтар разъезге,

Мен кеттім бе әлде тоқтамай.

 

Жолығар болсам қайта мен

Тағы бір мәрте сол шақпен,

Бәрін де саған айтар ем

Жалғыз-ақ тамшы моншақпен…

 Біздің жігіттер

Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа,

Жарқылдаған алмас па,

Дейсің-ау, дейсің сен оны,

Айырып кетсе жол басқа,

Орны тіпті толмас та,

Дулатар тек от денені.

 

Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа,

Маңдайындағы бір атын,

Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын.

Көкірегінен күн сөнбей,

Осы бір шақтан білсең ғой,

Тұратын тауып мұратын.

 

Бұл қазақта жігіттер бар мәрт-батыр,

Жалаңаш батыр көбі оның.

Аударып тастар сен үшін,

Алтын бар десең, астында мынау төбенің.

Солардың аппақ ниетімен,

Ақ қарға жаққан отымен,

Лапылдап мен де келемін.

 

Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес,

Тұра да алмас шың бұлай.

Қасқайып олар тұрғанда.

Биіктер сенің тұлғаң да,

Миллион мәрте, құрбым-ай!

*  *  *

Бір жетсе менің ажалым жетеді,

Найзағай оттарынан,

Сатқындар оқтарынан,

Өйткені, мен теңіз боп ақтарылам.

 

Бір жетсе менің ажалым жетеді,

Адам қолы жасаған ұяттардан,

Қалыңдығы осынау сияқты орман.

Әйтпесе, пысықтыққа пысқырмайды,

Мендегі қуатты арман.

 

Мен күн сайын теңіз боп ақтарылам,

Бұлбұл болып шулаймын бақтарыңнан.

Көктем жаққа аққулар ұшырамын,

Жазираның ақ түтек ақпанынан.

 

Басқасынан ажалым жетпес менің,

Жауыздықпен, өйткені шектеспедім.

Мен жарақат салмаған семсер едім,

Сондықтан жарқылдаймын,

Әйтпесе, өтпес те едім.

 

Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,

Мен өлемін өзімнің биігімде.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button