Мереке

Мектеп-интернатты сақтап қалған кәсіпкер

Кәсіпкер Күлпаршын Айдарханова мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында еңбек етіп, бизнесін гүлдендіріп отыр. Мемлекеттен тапсырыс алып, жабылып қалу қаупі төнген дарынды, талантты балалардың ордасын — облыстық физика-математика мектеп-интернатын сақтап қалды десе де болады. Аталған мектептің оқушылары әр ғимаратқа көшіп-қонып, тіпті бірнеше жыл бойы мектеп-интернатқа лайық емес нысандарда білім алуға мәжбүр болғанын көпшілік жақсы біледі. Мұғалімдердің мұң-мұқтажы, ата-аналардың жанайқайы, балалардың тілегі Күлпаршын Алпысбайқызын бейжай қалдырмады. Сөйтіп, былтыр 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау мерекесінде «Ақбөбек» білім беру  орталығының жұмысымен танысуға келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ұсыныс айтты. Нағыз істің адамы екенін дәлелдеп, аз уақыттың ішінде, небары жеті айда сән-салтанаты келіскен төрт қабатты зәулім мектепті салып берді. Білім шаңырағының 100 орындық интернаты да бар. Сөйтіп, сонша жыл бойы шешілмей келген түйін, осылай, кәсіпкердің қолдауының арқасында шешілді.

Біз мереке қарсаңында «Ақбөбек» компаниясының бас директоры Күлпаршын Айдархановамен сөйлескен едік.

 

МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ЕКІ ЖОБА

Өз кәсібін ашуға ниетті, өз ісін бастауға ықыласты адамға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек көп. Тек сол мүмкіндікті жіберіп алмай, тиімді пайдалана білу керек, — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. — Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік — мемлекет көрсетіп жатқан сол көп қолдаудың бірі ғана. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл тетіктің мемлекет үшін де, кәсіпкер үшін де пайдасы зор: мемлекетке бюджет шығындарын жеңілдету үшін сеп болса, ал біз үшін, кәсіпкерлер үшін бизнестің қанат жаюына ықпал етеді.

Қазір Күлпаршын Айдарханованың екі жобасы облыстық әкімдік тарапынан қолдау тауып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асып жатыр. Оның бірі — облыстық физика-математика мектеп-интернаты болса, екіншісі — «Ақбөбек» балабақшасы. Заман талабына сай жабдықталған жалпы ауданы 7500 шаршы метр болатын «Ақбөбек» білім беру орталығында орналасқан балабақшада бүгінде 542 балапан тәрбиеленіп жатыр. Балалардың жан-жақты дамуы үшін бар жағдай жасалған жекеменшік балабақшаға сұраныс көп: 100 балапан кезегін күтіп жүр! Балабақша қызметі үшін ата-ана 20 мың теңге төлейді. Ал мемлекеттен әр бала үшін бөлінетін қаржы: 19 мың теңге.

Компанияға қарасты білім беру орталығы бұдан төрт жыл бұрын «Даму»  кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегімен ашылған. Орталық үш бағытта жұмыс істейді. Оның бірі — балабақша. Екіншісі — жеке мектеп. Онда жүзден астам бала оқып жатыр. Оқу ақысы: 55 мың теңге. Биылғы оқу жылынан бастап ата-аналардың өтініші бойынша орыс сыныбы ашылған. Үшінші бағыт — үйірмелер. «Ақбөбекте» 22 түрлі үйірме жұмыс істейді. Жалпы бұл білім беру орталығына күн сайын мың бала келеді. Кәсіпкер болашақта  халықаралық мектеп ашуды жоспарлап отыр.

Аталған компанияның құрамында оңалту орталығы, демалыс лагері, республикалық газет бар. Сондай-ақ, жақында 4-10 сыныптың оқушыларына арналған «Әл-Фараби» математика орталығы ашылды.

КӘСІПКЕРДІҢ ЕКІ ҰСЫНЫСЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі ретінде елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді міндеттеді.

Бұл межеге жетсек, ел экономикасы қарқынды дами түсері, халықтың әл-ауқаты анағұрлым жақсаратыны анық. Дегенмен, банктерден несие алмай, бизнес  дамымайды. Бізде Үкімет тарапынан қолдау, көмектің бәрі көрсетіліп жатыр. Кәсіпкерлікті дамытудың бір емес, бірнеше бағдарламасы бар. Алайда, кәсіпкер үшін банктерден кедергі көп. Басқа басқа, жоба үшін мемлекет кепіл болғанның өзінде банктегілер сенім білдірмей, адамды әуреге түсіреді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жобаларға мемлекет 20 пайыз, 50 пайыз көлемінде кепілдік береді. Дегенмен, екінші деңгейлі банктер үшін мемлекеттің кепілдігінен гөрі, кәсіпкердің кепілдігі маңыздырақ. Банктер кепілді көп сұрайды. Мысалы, 500 миллион теңгенің балабақшасын салып жатқан кәсіпкерден банк миллиард теңгеге бағаланатын кепіл талап етеді. Ал миллиард теңгеге бағаланатын жылжымайтын мүлігі болса, кәсіпкер әуреге түсіп банкке барып несі бар?

Екінші мәселе, балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыстың көлемін арттыру керек. Ісін жүргізген кәсіпкер әр бала үшін берілетін 19 мың теңгені үйлестіріп  жеткізер, ал кәсібін енді бастаған кәсіпкер үшін бұл қаржы аздық етеді, — дейді кәсіпкер.

ҮЛКЕН ҰЖЫМНЫҢ ЕҢБЕГІ

«Ақбөбек» компаниясында жалпы 245 адам еңбек етеді. Балабақша тәрбиешілері 110 мың теңге жалақы алады. Ал жеке мектептегі педагогтердің қолға алатын еңбекақысы — 150 мың теңге. Жас мамандардың өзіне 80 мың теңгеден беріледі.

— «Ақбөбек» Тәуелсіздіктің арқасында аяғынан тік тұрды. Компанияның ашылғанына биыл жиырма бір жыл болады. Ел игілігі үшін, балалардың болашағы үшін жасалып жатқан осы ізгі мақсаттағы жұмыстардың барлығы да менің жанашыр жақындарымның, үлкен ұжымның еңбегі. Менің ісімнің ілгері жылжуына, әсіресе, жолдасым Талғаттың үлесі зор. Ол әр жоба, әр мақсатым үшін үнемі қолдау білдіріп, әрдайым көмек көрсетуге әзір тұрады, — дейді Күлпаршын Айдарханова. Ол басқарып отырған ұжым тұрақты: 30 пайызы он жылдан артық еңбек етіп жатыр. Араларында 20 жылдан бері жүйелі жұмыс жасап жатқандар да бар.

Кейіпкеріміз Күлпаршын Айдарханованың ізгі ісі көпке өнеге.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button