Мереке

Нұрипа АЛТЫНБЕКОВА: Мен үшін қызымның әр сыйлығы ерекше

Біз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ақтөбелік жерлесіміз, волейболшы Сабина Алтынбекованың анасы Нұрипа Әміреқызына хабарласып, оның мерекелік лебізін білген едік. 

Сурет Сабинаның жеке мұрағатынан алынды

 

— 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнін биыл ерекше тойлап жатырмыз. Өйткені ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында жұмыс істеген еңбегім ескеріліп, бүгін (7 наурыз күні хабарласқанбыз — А.С.) басшылықтың қолынан мерекелік медаль алғалы отырмын. Бас Прокуратураның атынан сол марапатымды табыстағалы отыр. Соған әрі қуанып, әрі қобалжып, айрықша сезімді бастан кешіріп тұрмын. Бұл, сөзсіз, біз үшін қуанышты оқиға.

Көктемнің ең әдемі мерекесін біздің отбасы да сән-салтанатпен қарсы алады. Дастарқан жайып, бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. Қызым Сабина да бұл күні маған жылда сый-сияпат жасап тұрады. Әлі есімде, кішкентай кезінде өз қолымен жасалған құттықтау хатты ұсынып, балалық ақ жүрегімен мәре-сәре болатын. Ал осыдан бірер жыл бұрын, алғаш дүниежүзіне танымал болғанда, бәрімізге шетелге жолдама алып беріп, бір қуантқаны бар. Биыл да сондай сыйлық жасаймын деп отыр. Сіз нақты не сыйлады деп сұрап отырған соң, айтып жатырмын. Әйтпесе, оның әр сыйлығы мен үшін ерекше, ешқайсысын бөліп-жармаймын. Ең бастысы — үш қызымның амандығы, солардың ешқандай қиындыққа тап болмай, бәрінің ойдағыдай болуы. Соның өзіне ризамын. Бұл сөзімді әр ана қуаттайды ғой деп ойлаймын.

Қызым аталған мейрамды көпшілік спортшылар сияқты әдеттегідей жолда қарсы алғалы отыр. Қазір чемпионаттың қызған уақыты. Өскемендегі жарыста болады. Өзі сол 14 жасынан бері сыртта жүрген бала ғой, онысына бойымыз үйреніп те кетті (күліп). Біз үйде қызымыздың тек тілеуін тілеп, қайда жүрсе де аман болуын қалаймыз.

Барлық қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Барлықтарыңызға амандық, бақыт, жақсылық тілеймін. Осылай іздеп, мерекелік көңіл күйімді одан сайын көтеріп жатқан сіздерге де ризашылығымды білдіремін.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button