Мереке

Бақытты әже

Аналар мерекесінде өмірдің ауыртпалығына ерте иық тосқан, ерте есейген буынның өкілі — алты баланың анасы, бүгінде сексен бес жасқа толып отырған Қарагөз Қосаевамен әңгімелестік.

Ол өткенге көз жүгірте отырып, жастарға үлгі боларлық ғибратты әңгімелерімен бөлісті. Ұзақ жылдар ұстаз болып, кейін мектепте басшылық қызметтер атқарған Қарагөз Қамақызының тұрмысқа шығуының өзі бір қызық әңгіме.

Ақтөбе педагогикалық институтын тәмамдап, жаңадан жұмысқа орналасқан кезде ол өзінен гөрі соғыстан жараланып оралған әкесінің денсаулығына алаңдап, үй шаруасындағы анасы мен соңына ерген қаралардың жағдайын уайымдап, соларды қайткенде жеткізсем екен деп жүріпті. Сөйтіп жүргенде, 23 жасқа да жетіпті. Ол кезде қыздар қазіргідей емес, тұрмысқа ерте шығады екен. 20-дан асқанша ұзатылмаса, кәрі қыз саналыпты.

Бірде Қарагөз көрші ұжымшарда агроном боп жүрген Байсалбай Жолмырзаевтың көзіне түсіп, жас жігіт бойжеткенге отбасын құру туралы ұсыныс айтыпты. Ол кезде

үйдегі тірлік пен мектептің шаруасымен жүгіріп жүретін Қарагөз Қамақызы тұрмысқа шығу туралы ойлауға мұршасы да болмапты. Бір күні оны Байсалбай арнайы іздеп келіп, Ойыл ауданына қызметке ауысқанын айтып, мекенжайын қалдырып, хабарласып тұруын өтініпті.

Бір күні анам үйге  қатты ренжіп келіп, бір әйелдің мені «Қама ағайдың «отырып қалған» қызы…»  деп атағанын естігенін айтты. Анамның ренжіп отырғаны жаныма қатты батты. Намыстандым.  Дереу поштаға барып, Бәкеңе хат жазып жібердім. Ата-анам бұл шешімімді құптап, ақ батасын берді. Бақытыма қарай, тағдыр мені жақсы адамға жолықтырыпты, — дейді Қарагөз апай.

Осылайша 1955 жылы Қарагөз Қамақызы Жолмырзаевтар шаңырағына келін боп түседі. Бұл отбасы қызмет бабымен Ойылда, Темірде және Ақтөбе қаласында болыпты. Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған тұста екеуі де бұл өңірге сіңісіп, олардың атқарған істері мен бауырмалдығы, тіпті адалдығы туралы әңгімелер әлі күнге дейін айтылып келеді.

Сөз орайы келгенде Қарагөз Қамақызы: «Ойыл Бәкеңнің атамекеніне, ал менің төркін жұртыма айналды», — деп отырды. «Жақсыда жаттық болмайды» демекші, Қарагөз әже әлі күнге дейін Ойылмен байланысын үзбей келеді.

Байсалбай Жолмырзаевтың басшылық еткен тұсын білетін үлкендер ол жылдар Ойылдың өрлеу кезеңі еді деп айтып отырады, әсіресе, осы жылдары аудан орталығына су жүйесі тартылып, көшелерге ағаш отырғызылғанын ерекше айтады.

— Бәкең абыройлы жүріп-тұруды ғана ойлады. Мен де оны тұрмыстың таусылмайтын ұсақ-түйегімен мазаламай, оның алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауға үйрендім. Ол «Барынша қарапайым бол» деп отыратын үнемі. Соны орындауға тырыстым. Немерелеріме де аталарының осы сөзін айтып отырамын. Қазір баяғыдай емес, заман жақсы, тұрмыс тәуір. Қарапайым мысал, біздің жас кезімізде киімді шоқ үтікпен үтіктейтінбіз. Бүлдіріп алсаң, құрыдың. Ал қазір үтіктің түрі бар. Келіндеріме де қазіргі тұрмыстың едәуір жеңілдегенін айтып отырамын, — дейді Қарагөз әже.

Әңгімесін отбасы бақыты байлықпен, тұрмыс рахатымен өлшенбейтінін, тек түсіністік бар жерде тұрақтайтынын айтып түйіндеді.

Қаракөз Қамақызы — қазір алты баласынан өрбіген немере-шөберелердің ортасында, бақытқа бөленген аяулы ана, асыл әже. 14 наурызда сексен беске толатын әже әлі тың, өзін сергек ұстайды.  Өзінің айтуынша, 2017 жылды Ұлыбританияның астанасы Лондонда қарсы алыпты. Ол жақта үлкен ұлы Адайбектен көріп отырған немересі Аян тұрып жатыр, сол жақта қызметте екен. Алматыдағы бауырларына да жиі барып тұратынын білдік. Осындай жаста ұшақтан ұшақ қоймай, ел аралап, немерелері мен бауырларына қыдырып жүргені сергектік емей немене. 8 наурыз мерекесі мен туған күн қарсаңында Қарагөз әжеге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button