Әдебиет
Қыздар
Қарайды-ау қыздар
Қарақат көзін төңкеріп,
Жанарды ғажап
байлайды сиқыр еркелік.
Мұндайда тіпті
құрып-ақ кеткім келеді-ау
Қыз-дүниенің
ыстық деміне өртеніп.
…Лүпілдеп тұрған
жүрекке жүрмей әмірім,
Дал болып барам —
Қаттырақ соғып тамырым.
Еліктей өңшең
елеңшіл қызды көрдім де,
Ессіз бір шөлім
басталып кетті-ау, тәңірім.
Әнеки, әне,
ақсүйрік ару жымиды,
Мойнына іліп алғысы келіп бір үйді,
Жайғысы келсе
жігіттер үрім-бұтағын —
Бұраң белдерге
бастарын байлап құриды.
Қашаннан мәлім,
Қыз деген жақсы «жау» халық,
Еш жігіт одан
көрмесе керек сау қалып,
Өлем деп қорықпай,
тиіскің келіп тұрады-ау,
Көздердің оғын
өзіңе ылғи аударып.
Бозбала түгіл,
айтпай ма қызды шалдар да,
Түнде де сәуле
жүгірер құба талдарға.
Самарқанды да садақа қылып бір ақын,
қыз үшін қиған
қара ормандарын хандар да.
Сыры не мұның?
Қыз деген неткен өр есім?
Қымызға қызып,
қыз жайын толғай бересің!
Ғажап-ау өмір!
Баласы болып бір қыздың,
Тағы бір қыздың қосағы болып өлесің.
Меңдекеш САТЫБАЛДИЕВ.



