Денсаулық

Ақтөбеде 24 жастағы қыз анасына бауырын берді

Ақтөбеде жетінші рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. Бұл жолы 24 жастағы қыз 48 жастағы анасына бауырының жартысын берді.

Отаны Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Ли бастаған оңтүстіккореялық мамандар мен ақтөбелік хирургтер бірлесе жасады. Бұл жолғы ота лапароскопиялық және 3D әдісімен жасалды. Оның ерекшелігі — ота ашық әдіспен жасалмайды, яғни жарақаты, тілігі аз шағын инвазитті әдіспен жүзеге асырылады. Бұндай ота бауыр трансплантациясы бойынша екінші рет жасалып отыр. Алғашқы ота өткен жылдың қазан айында республикалық эндоскопистердің конгресі кезінде жасалыпты.

— Бауырға жасалатын лапароскопиялық әдісті әлемде 6-7 мемлекет қана қолданады.  Оның ішінде Оңтүстік Корея елі бірінші орында тұр. Сондықтан біз кореялық хирургтердің тәжірибесін меңгеріп жатырмыз. Бұл — өте тиімді әдіс. Жарақат аз болғандықтан науқас тез айығып кетеді. Бұл жолы 24 жастағы қызға жасадық. Себебі ол әлі жас, тұрмыс құрып, ана болуы керек. Қазір екі адамның да жағдайы қалыпты. Алты сағатқа созылған ота сәтті өтті, — дейді облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереев.

Науқас әйел бірнеше жылдан бері «В» гепатитімен ауырған. Кейін ауру бауыр циррозына ұласады. Консервативті емнің  нәтижесі болмаған соң бауыр ауыстыруға тура келген. Қазір дәрігерлер екі науқасты да бақылап отыр. Олар ауруханадан шыққан соң да қадағалауда болады.

Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, бауыр трансплантациясын ақтөбелік дәрігерлер тәуір меңгеріп келеді. Анестезиолог Камалхан Ермағанбетов, компьютерлік томографияға түсіретін Рүстем Әубәкіров секілді дәрігерлер Оңтүстік Кореяда білімін жетілдіріп келген.

— Бауыр ауыстыру отасы — өте күрделі ота. Мәселен, алты сағатта үш ота жасалады. Донордан бауырды алу, науқастың  бүлінген бауырын алу, оның орнына донордың бауырын алып салу секілді  өте күрделі хирургиялық  әдістер жүзеге асырылады.  Бұған кез келген анестезиолог жүрегі дауалап келе бермейді. Ал біздің мамандар  осындай күрделі әдістерді меңгеріп алды, — дейді бас хирург.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button