«АЛТЫН ОРДА» — 10 ЖАСТА!
Бүгін республикалық «Алтын Орда» газетінің шыға бастағанына тура 10 жыл толды. «Кіндігі» Ақтөбеде кесілген басылым қазақ баспасөзінде қарғын жүргізіп, сананы оятуға зор ықпал етті.
Біз бүгін уағында «Хан қайрылып, би бұрылып қараған» газеттің әр жылдарда ыстық-суығына күйген бір топ журналиске сөз беріп отырмыз.
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі:
«Алтын Орда» мен үшін әрі мақтаныш, әрі өкініш сияқты.
Мақтаныш болатыны — сол газет қазақы бұқаралық ақпарат құралдарының өміріне шын үрдіс, жаңа бағыт әкеліп қана қойған жоқ, әбден зәрезап болып, зәресі қалмаған, содан да өз жоғын өзі сұрай алмайтын қазақы санаға өзгеріс әкелді. Орыстар мен ебірейлер нені болса да тура айтып, тіпті, қажетін жер тепсініп талап етіп тұрған сол тұста қазақы басылымдар «Атекең біледіден» аса алмай, айтарын өлімсіретіп әзер айтушы еді. «Алтын Орда» осы «құл-сыпайылықты» бұзды, қазаққа ғана мәтіби болып отырған билікті қазақпен тең дәрежеде сөйлесуге үйретудің басын бастады. Ең бастысы — осы ұжымдағы қыз-жігіттер құр жалақы мен күнкөріс үшін емес, идея үшін, әділдік үшін, халықтың болашағы үшін шын жан-жүрегімен жұмыс істеді. «Алтын Орда» ондаған жаңа тұрпаттағы журналистерді қалыптастырды, ұлтқа, тырнақтай болса да, жәрдемі тиді. Мұның атауы менің «Алтын Ордадан кету» дейтін мақаламдағы идеядан шыққан-ды. Алтын Ордаң — елің. Ұлтың — Алтын Ордаң. Солар тарихтағы Алтын Ордадай даңқын асырсын, рухын асқақтатсын, бірақ… Алтын Ордадай мүжіліп, тарқап, кім көрінгеннің қолында кетпесін деген идея еді ғой ол. Мені түсінген, «әке-шешесі» жоқ газеттің барлық ауыртпалығын көтерген әріптестерімнің сол тұстағы еңбегі нендей құрметке де лайық еді. Соларға алғысым шексіз. Ерекше айту керек — сол тұстағы ел серкелері Аслан Мусин, Елеусін Сағындықовтардың адал қамқорлығы, «басбұзар» газетке «тәйт!» демеуге мәдениеттерінің, адами, азаматтық түсініктерінің жеткендігі, ерекше ықыласы «Алтын Орданың» еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Ал Ерген Дошаев сияқты қажырлы, іскер, риясыз қимылынсыз, оның тікелей әкелік қамқорлығынсыз бұл газет өмірге келмес те еді. Идеяның иесі де, мен сияқты қыңырды көндірген де, барлық «еркелігімізді» көтеріп, барлық ауыртпалықты үнсіз арқалаған да, бізге шексіз қамқор болған да — сол. Расы сол — «Алтын Орда» — Алланың өзі сәтін салған іс еді. Өзімнің өмірімде «Алтын Орданың» болғанын мен мақтан тұтамын. Жұрт әрқилы жолмен алғанына бола бұтына толып жүрсе, менің шынайы марапатым да, мақтанышым да – «Алтын Орда», сонда қызмет істеген бауырларым.
Өкініш болатыны — шалғай шетте шығып-ақ қазақтың жақсы басылымына айнала білген «Алтын Орданың» жартыкеш жоба күйінде қала бергені, қазір «ауыл-аймақтың» газетіне айналып бара жатқандығы. Бұл жоба соңына дейін жеткізіліп, мен ойлағандай болғанда, «Алтын Орда» қазақтың ең дұрыс газетіне айналатын еді.
Бұл, әрине, қазіргі, ұжымның кінәсі емес. Мәселе, «асыраушыда», соның түсінік деңгейінде. «Алтын Орданы», оның нағыз бастамашыл, энтузиаст, идеяға берік бұрынғы ұжымын шын жүректен құттықтаймыз — біздің «Алтын Орда» бізбен бірге жасайды. Себебі, ол — біздің өміріміздің мазмұнындағы ең сәулелі сәттердің бірі.
Дәурен ҚУАТ,
«Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы:
2000 жылы қаңтар айының 21-і күні Ақтөбеде тұсауы кесіліп, ақпарат кеңістігіне шыққан «Алтын Орда» әп-әдемі басталған ән сияқты еді. Әдемі әнге, әуезді үнге айлапат дала да, айдын көл де, аспан-таулар да елітіп қалатыны бар емес пе. Сол сияқты бір сәт қазақ баспасөзінің «Алтын Ордаға» жалт қараған, оның даусын тыңдаған кездері болған.
Әр іс, әр шаруа өзінің қиындығымен, қызығымен басталады. Оның барлығын тізіп айтпай-ақ қояйық. Бірақ «Алтын Орда» көзінің жасын жеңінің ұшына сүртіп жүрген қазақтың тілегін, үмітін жеткізе алмай жүрген қазақтың төл газеті бола білді. Бір қызығы, дәстүрлі қазақ баспасөзінің нарығында мұндай газеттер орталықтан шығып жататын. Ал «Алтын Орда» сонау Ақтөбеден шықты. Сол кезде біз қай жерде болсақ та, қазақ даласының қай пұшпағында жүрсек те, ақпарат кеңістігіне қазақтың үнін таныта алатынымызды көрсете алдық. Мен бір жағынан бұған таң қалмаймын. Өйткені біздің кешегі қайраткерлеріміз Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар даланың көкжалдары сияқты кезіп жүріп, біресе Омбыда, біресе Түркістанда, біресе Көкшетауда, біресе Орынборда қазақ газетін шығарған. Менің Мейірхан ағамның, Бауыржан бауырымның, Сәтжан досымның бойында сондай рух, қуат бар сияқты. Біз ештеңеге қараған жоқпыз, ешкімнің қолтығына кірген жоқпыз, ешкімге сұраншақтанып барған жоқпыз, бірақ газетті шығардық.
Ежелгі Алтын орда мемлекетінің астанасы да көшпелі болған ғой. Сол секілді атына сай «Алтын Орда» газеті кейін кей жағдайларға байланысты Ақтөбеден Атырауға көшіп барды. Қазақ мемлекеті ақпараттық кеңістігінің орталығынан алыстап кетті. Дей тұрғанмен, «Алтын Орданың» үні бәрібір шығып тұрды.
Қазақ даласының қай пұшпағында болса да, тіпті аудандық газетте болса да, мәселе көтеріледі, бірақ пікір Алматыда қорытындыланады. «Алтын Орда» сол Алматыдағы пікір алаңына, қоғамдық пікірге ықпал етіп отырған газет болды.
Кейін Атырауға «Алтын Ордаға» редактор болып бардым.
Сонда Алтын орда мемлекетінің астанасы болған Сарайшық қаласының орнын көруге барғанымызда, хандар су ішкен құдықты көріп, қатты құлазығаным бар еді. Бір жарым жылдан кейін барсам, ескі қаланың орнын жалмап жататын Жайық әлгі хандар су ішетін құдықты да «жұтып» қойыпты. Уақыт та өзінің кемерімен ағып, жағасын жұтып қоятын су сияқты. Біздің осыдан он жыл бұрын шығарған «Алтын Орданың», біздің сол кездегі сәттеріміздің барлығын уақыт алып кеткен екен. Бірақ біз жасаған еңбегімізді ешкімге бұлдамаймыз. Оның ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын қалаймыз. «Алтын Орда» еліміздің батыс өңірінде – Ақтөбеде, Атырауда өзінше бір мектепке айналды. Аймақтардағы журналистердің дәстүрлі мектебін, дәстүрлі сабақтастығын үзбеу керек. Ол үшін «Алтын Орда» секілді газеттер болуға тиіс. «Алтын Орда» жаңа есімдерді қалыптастырды. Меніңше, «Алтын Орда» қалыптастырған мектеп әлі сабақтастығын үзген жоқ. Атырауда республикалық «Алтын Орда» газетіне студент боп жүрген кезде келген жастардың көбі қазір белгілі журналистерге айналды.
Қысқасы, «Алтын Орда» қазақты серпілткен, өз уақытында нағыз ұлт үніне айналған газет болды.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
«Ақтөбе» газетінің бас редакторы:
Мен ол кезде Алматыда, «Ана тілі» газетінде жұмыс істеймін.
— Сені Мейірхан Ақдәулетұлы іздеп келіп кетті, — деді әріптестерім бір күні түстіктен сәл кешігіп келген маған.
… Біз, тоқсаныншы жылдарда журналистикаға келген жастар, Мейірхан Ақдәулетұлының жазғандарын үзбей оқыдық. Әсіресе, ұлт мәселесіне арнап жазған материалдары айызымызды қандыратын. Сол тұстағы ақпараттық соғыста «үстем тап» — орыс тілді БАҚ-тың «бетін қайтара алатын» аз шоғырдың ішінде ол дараланып тұратын.
Сәлеміміздің түзулігін есептемегенде, мен ол кісімен емен-жарқын әңгімелесіп көрмеген екем. Сондықтан мені іздеп келгеніне қатты таң қалдым. Ешкім ештеңе білмейді. «Қазақ әдебиетіне» топтамаңды жариялайын деген шығар…» дейді Нұрлан Мәукенұлы марқұм.
Көп ұзамай кездесіп, телефон алмастық. «Ақтөбеден газет ашқалы жатырмын. Соған «Жас Алаштағы» Дәурен Қуат екеуіңді ала кеткім келіп отыр», — деді Мәкең. Болашақ газет туралы әңгімесі ғажап, ұйытып барады.
Ертеңіне Дәуренге хабарласып ем, ол да елеңдеп отыр екен: «Несі бар, барайық. Мәкеңнің айтып отырғаны дұрыс, қазір сондай газет керек!».
Сол күні жұмысқа арыз тастап, үйге келдім: «Мен Ақтөбеге кететін болдым». «Жолың болсын!» — деді келіншегім. Сірә, қалжыңдап тұр деп ойласа керек…
Дәурен жұмыстан шығып болмады да, мен пойызға билет алып, 21 желтоқсан күні Ақтөбеге тартып кеттім. Вокзалдан редакция жүргізушісі Александр күтіп алды.
Алғаш «редакцияны» көргенде шошып кеттім. Екі бөлмелі пәтер. Ортада бір үстел тұр. Екі орындық, бір телефон-факс бар. «Ничего, бізде әлі бәрі болады! — дейді Мәкең.
Алматыға екіұдай сезіммен қайттым. Бірақ онымды Дәуренге білдірмеу керек еді.
… 7 қаңтар күні алғашқы жиналысымыз өтті. Жер-жерден «собкорларымыз» жиналды, кілең «сен тұр, мен атайындар»: Алматыда — Мақсот Ізімұлы, Астанада — Талғат Батырханов, Атырауда — Исатай Құндызбайұлы, Ақтауда — Зәкіржан Кәлкенбайұлы, Оралда — Бауыржан Ғұбайдуллин, Қызылордада — Мұрат Жетпісбаев. «Штабтағылар» да осал емес ек, Алматыдан келген үшеумізге Сәтжан, Баян, Индира, Шара және Аймырза қосылған.
Мәкең газеттің бағыт-бағдарын айтып, әрқайсымызға нақты тапсырма берді. 21 қаңтар күні алғашқы нөміріміз шығатын болып белгіленді. Меншікті тілшілер ауылдарына қайтып, біз іске кірістік. Кірістік дегенде, біз орналасатын ғимарат әлі дайын болмағандықтан, баяғы екі бөлмелі үйде едік. Үстелге сыймаймыз, Баянның қабырғаға қағазын «қойып», жазып жатқаны әлі күнге дейін есімде. Санаулы күндер қалғанда ғана баспаханадағы өз орнымызға көштік.
Алғашқы нөмір шығарда үш күн редакцияда түнедік. Беттеуші Қайрат Сарқұлов үлгермегендіктен, Жәрдем Жасжановты көмекке шақырдық. «Дәурен, сенің сақалың менің көз алдымда өсіп бара жатыр…» — дейді көп үндемейтін Жәрдем. Терімшілер Ақмарал мен Зәмзәгүл бізге үйлерінен тамақ тасып әлек. Әлі шығып үлгермеген газетке жарнама тарта білген Айжанның еңбегі де — ерлік.
Ол кезде қазіргідей интернет жоқ. Тіпті баспаханадан республикалық газеттер де шықпайды. Сондықтан теледидардан жаңалық «аңдып», жақын жердегі Сәтжанның үйіне барамыз.
Қазір ойлап қарасам, сол кезде ИДЕЯҒА сенген кіл жанкештілер жұмыс істеген екен. Түнгі 2-3-те үйге қайтып, таңертеңгі 9-да жұмыстан табылатын адамдарды басқа кім деуге болады?!
Ұжым өте ұйымшыл еді. Жарқылдап жүріп жұмыс істегесін қиындықты елемеппіз.
«Алтын Орда» бірден жарқ етіп шықты. Өйткені оған дейін қазақ баспасөзінің тарихында 32 беттік газет шыққан жоқ. Кейбір сары басылымдарды есептемегенде, аймақтан шыққан тұңғыш республикалық газет те — «Алтын Орда».
Әрине, қиыр шеттегі облыста шығып жатқан газетті басында ешкім елегісі келген жоқ. Бірақ Мәкең редактор ретінде кейбір қулықтарға барды. Көп кешікпей бізді мемлекеттік газеттер де, оппозициялық басылымдар да «ұра» бастады. Ал «Плохая реклама — тоже реклама» екені мәлім.
Орталықтағы газеттер «баса алмайтын» мақалалардың шығуы да газеттің беделін күрт өсірді. «Алтын Орда» бірте-бірте ашық пікір алаңына айнала бастады. Енді оны Билік те, бұқара да, зиялы қауым да іздеп тұратын болды.
«Алтын Орданың» шығуы қазақ журналистикасына ерекше серпіліс әкелді.
… «Алтын Орданың» мектебінен өткендер жаман болған жоқ. Тек қана «орталықтағыларды» айтсам, Дәурен кейін осы газеттің тізгінін ұстады. Одан соң республикалық «Жас қазақ» газетін дөңгелентіп әкетті. Қазір көпшілік соны қараумен «оразасын» ашатын «Abai.kz» ақпараттық порталын басқарып отыр. Баян — «Жас Алаштың» ең белсенді меншікті тілшілерінің бірі. Шара өзі «АО»-дағы ең алғашқы хабарында «… «жарылыстан» оянатын болды» деп жазған Алғасында аудандық газеттің «екі тізгін, бір шылбырын» ұстап отыр. Анда-санда «жарылыс» жасап қояды. Аймырза — «ҚазТрансГазда» дөкей қызметкер. Біз, Сәтжан, Индира үшеуміз облыстық газетте жүріп жатырмыз.
Тек содан бері он жыл өтіп кеткеніне біртүрлі сенгің келмейді…
Шара ЕЛЕУСІЗ,
Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің бас редакторы:
Менің алтын ордам…
… Сол кезде «Алтын Орданы» шығарып бастаған Бауыржан, Дәурен, Қайрат, Жәрдем, Гүлзадалар түсінеді бұл сөйлемнің астарын…
Бас редактор Мейірхан мен екі орынбасары Дәурен мен Бауыржан білмейтін (Бауке мен Дәурен, бәлки, білетін, Мәкең сезетін де шығар) бір жағдай болды.
Компьютерді Қайраттан (Сарқұлов) басқамыз аса білмейтін кезіміз. Шыққалы тұрған отыз екі бетті (бірінші сан, оның үстіне осының алдында ғана Мәкеңнің, Мейірханның үйіндегі жеңгеміз (мықты филолог) келіп оқып, үтірлерін қойып кеткен) жоғалтып алдық. Компьютерден. Бастықтарға айта алмаймыз. Мына масқараны білетін екі-үш адам бәрін қайта бастадық. Ол кезде «восстановить» деген нүктені басуды да де білмейді екенбіз.
Қайраттың (ұлы компьютерші!) арқасында ертемен «Алтын Орданың» бірінші саны жарық көрді…
Қабырғаға қаламын қойып материал жазатын (бір қызығы, сиясы таусылып қала беретін (сіз де қабырғадағы қағазға жазып көріңіз) Баян Сәрсембина , «діңкесі құрып» (себебі, біз өмір сүріп жатқан әлемнен биіктеу, сосын да түсініксіздеу адам ғой) бет жасайтын, «үндемей көп айтатын үндегеннен» Индира Өтеміс, сырбаз, сыпайы бірақ, керек болса, «арнасынан таситын» Сәтжан, бас редактор бажырайып қараса күздің жапырағындай дірілдейтін Ақмарал, он бес – жиырма адамға жатақхананың электр пешіне ет асып әкелетін Зәмзәгүл, адамға өмірі тіке қарамайтын, қасы қабағы қиылып жүретін Жанар, «мықты» жүріп, мықты материалдар жазатын Ай-аға, Айдос Шөкіш… бәрі- бәрі менің жақсы мектебім деп айта аламын.
«Алтын Орданың» қазіргі бас редакторы Исатай Құндызбайұлынан алғаш рет факс алғаным да қазақ журналистикасының алтын кітабына жазылатын бір қызық болған шығар, «Алтын Орда» өзін сыйлайтын кез келген журналистің алтын ордасы, айшықты мезеті болды.
«Алтын Орда» үй, жағдай, тұрмыс дейтін тапал, жерлік ұғымдарды ысырып тастаған энтузиастардың ордасы, ортасы болды. Үй-күйін Алматыға тастап келген, жағдайлары болмай жүрсе де, ораза ұстап, ауыз ашарын менің жоқ үйімнен (жалдамалы пәтерімнен) ашатын Бауыржан мен Дәуренге «мама» болғаныма мақтанамын. « Жауапты шығарушы» деген «со-лауазымнан» бастап, сол «Алтын Орданың» жауапты хатшысы, кейін Мейірхан Ақдәулетұлына (!) орынбасар болғаныма мақтанамын.
«Алтын Ордада» жүріп қазақ баспасөзінде алғаш рет цыгандар туралы, (олардың таборына барып), Әйтеке бидің жерленген жері туралы, жындыхана туралы (ондағылар бізден де жынды ма?!), қазақтың мықты тұлғасы Табыл Досымов туралы, т.б. маңызды дүниелер жазғаныма мақтанамын. Қазір де көп оқырмандарым « сіз сол Шара Елеусізсіз бе?» деп танитындығына мақтанамын.
…Біздің «Алтын Орданың», менің Алтын Ордамның он жылдық мерейтойында айтылар тілек көп, «өйтейік, бүйтейік» деген пендеәуи нәрсені мен де, сіз де айта аламыз, арман да, тілек те — біреу — өзім қазір басқарып отырған аудандық газетті «Алтын Ордаға» ұқсатқым келеді, ең болмаса макетіне…
Біздің министрліктегі мырзалар әр ауыл, әр ауданнан шығатын « газеттерді» шектесе деймін. Ұлт ұсақтап барады…. Сол «газетсымақтардың» бетіндегі жалаңаш қатындар мен қатын еркектерге еліктеген ұл ұсақтады. Қыз құрыды!
… Екі-үш қана үйі бар темір жол бекетіндегі оқырмандар алып оқитын, жазылмағандары жазылғандарға кезекке тұрып оқитын, бір саны келмей қалса поштаны, пошташыны сотқа сүйрейтін оқырманы бар «Алтын Орда» бола алсақ қой! Бола алсақ…
Баян СӘРСЕМБИНА,
«Жас алаш» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.
«Алтын Орда» қазақ баспасөзіндегі ерекше құбылыс болғандығы жөнінде қазірде аз айтылып жүрген жоқ. Аймақтан шыққан журналистиканың елдік, ұлттық мәселелерді республикалық деңгейде көтере алды, қоғамдық пікірді өз жағына қарай бұрды, ең бастысы – орталықта ғана кәсіби журналистер жұмыс жасайды деген кеңестік форматтағы қасаң түсінікті бұзды. Кәсіби басылымды адами, қаржы ресурстары жеткіліксіз аймақта да жасауға болатындығын бір дәлелдеді. Ол үшін ең бастысы өз кәсібіне адал, ел-жұртына жаны ашитын сауатты да білікті мамандар болса жеткілікті. «Алтын Орданың» мысалы осыны дәлелдеді. «Алтын Орданың» ешкімге ұқсамайтын өз бейнесі қалыптасты. Өз мінезі, өзіндік қолтаңбасы болды. Соның арқасында дараланды.
Шартты түрде алғанда, нарықтық капитализмге адасып жүрген адамдай кейіпте енген біздің қоғам үшін адамдардың материалдық игілігі бірінші орында тұрды. Рухани құндылықтар әлсіреп, рухани игіліктерге сұраныс бола алмаған кез еді. Басқа бір уақыттың есігі ашылып жатты. Жұрт белгіздік күйін бастан кешірді. 90-жылдардың соңындағы экономикалық дағдарыс елдің есін жиғызбағаны өз алдына.
Қазақтың көңілі де қазіргідей ояна қоймаған кез. Осындай жағдайда, «біз қайда барамыз және қандай қоғам құрамыз?» деген классикалық сауалдарды «Алтын Орда» басылым бетінде түрлі деңгейде қоя білді. Бұл, мейлі әлеуметтік жағдай, экономикалық сараптама, не белгілі тұлғалармен сұхбаттар болсын, әр түрлі жанрдағы, әр түрлі тақырыптардағы мақалалардың артында осы екі сұрақ тұратын.
10 жылдан бері де біздің жас мемлекет түрлі жағдайларды бастан кешіріп келеді. Жығылған тұстары да көп, сүрінгені де бар. Бірақ «Алтын Орда» көтерген өзекті мәселелер сол күйінде қалды: мемлекетіміздің іргесі бүтін тұруы үшін не істеу керек? Шекараның сыртында аңдыған көз көп. Ұлттың ішкі тұтастығын сақтау. Қазақты ояту. Қазақтың оянуы.
10 жыл бұрын «Атын Орданың» журналистері ұлтының тағдырын өзінің жеке тағдырынан бөліп-жарып қарай алмады.
10 жыл бұрын «Алтын Орданың» арқасында Ақтөбе облысында аймақтық журналистика биік сатыға көтерілді.
10 жыл бұрынғы «Алтын Орданың» екпінін сағынып жүрміз.
Жанар НҰРҒАЛИЕВА,
«Керек.info» қоғамдық – ақпараттық
апталығының журналисі:
«Алтын Орда» республикалық тәуелсіз апталығына мен 2000 жылдың маусым айының 21-інде журналистік жұмысқа алындым. «Алтын Ордада» жұмыс істеу қиын да, қызықты болды. Қиын дейтінім, ол кезде ең қызықты ақпараттар орыс тілінде шығатын. Соны аударатынбыз, едәуір уақыт алатын. Қазақ тіліндегі интернет әлі дами қоймаған еді. Қызық дейтінім, «Алтын Ордада» жұмыс істеген журналистердің арасында іштей бір бәсеке болатын. Бір-бірімізге білдіргіміз келмегенмен, «оригинальный» материал жазуға тырысатынбыз. Әр журналист өзінің мықтылығын мақаласымен көрсеткісі келетін.
«Алтын Орда» республикалық тәуелсіз апталығы – еліміз тәуелсіздік тізгінін қолына алған жылдардағы өзіндік көзқарасы, тұшымды айтары, мінезі, өз «мені» бар қазақ тілді басылым болды. 2000-шы жылдар тұсында ол – еркін ой айта алатын қазақ тілді қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашындай еді. Бұл басылым Ахмет Байтұрсынұлының «Масасы» боп иісі қазақ жұртын қалғып кеткен ұйқысынан оятты, жігерін жаныды. Қазақ деген ұлттың өз тілінде шоң газет шығаруға болатындығын көрсетті, дәлелдеді. Қазақ тілді басылымның озық үлгісін салып берді. Бұл жолда сол жылдары басылымды ашып, оның тізгінін ұстаған ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлының және осы басылымда жұмыс істеген талантты қыз-жігіттердің қосқан үлесі, еңбегі зор. Мейірхан ағаны сонау Алматыда ҚазМҰУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген кезден өнерге, өлеңге құмар бір топ жас ұл-қыздар өзімізге пір тұтушы едік. Студент кезімізде өмір, поэзия жайлы әңгімелерін жалықпай тыңдайтынбыз. Кейін бірге жұмыс істестік.
«Алтын Орда» — қазақ баспасөзінің бағдаршамы болды. Бұрыннан шығып келе жатқан қазақ тілді басылымдар «Алтын Ордаға» қарап көшін түзеді. Бұл – шындық. Тек оны өзгелер мойындауы керек.
Өнердің ордасы Алматыдан немесе елордасы Астанадан қашықтағы Ақтөбе жерінен республикалық деңгейде, ақпарат әлемінде бәсекеге қабілетті басылым шығару, шынымен де ерлікпен парапар іс-тұғын. Мұны көзі қарақты оқырман кезінде білді, таныды, бағасын берді. Жоқ іздеген қазақтың бәрі сол жылдары «Алтын Ордаға» кеп басын тірейтін. Республиканың түкпір-түкпірінен оқырмандар хаттар жазып жататын. Қазір де солай жалғасын тауып жатқан шығар деп ойлаймын.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
«Алтын Орда» газетінің бас редакторы:
…Қазақтың Ильясы, қадірменді Илья ағам сонау Қарағандыдан телефон шалды:
— Ғажап болды, Исатай, ғажап! – Бір сәт көңіл толқуын басқандай кідіріп қалды.
— Айта беріңіз, Іл-аға, — Менің де білгенше дегбірім кетіп барады.
— Бәрі де «Алтын Орданың», өзімнің «Алтын Ордамның» арқасы! Өткенде «Жаңаарқа самалы» деген жаңа әнімнің қалай туғаны жөніндегі эссемді жарияладыңдар ғой. Қазір мұндағы жұрттың аузында одан өзге әңгіме жоқ, менің де мерейім өсіп, тебіренісім арнасынан асып жатыр. Ана жолы «Дударай» әні кімдікі?» атты дүниеден кейін де жұрт аузында ай бойына одан өзге әңгіме болмай кетіп еді…
— Ұзағынан сүйіндірсін, Іл-аға, ұзағынан!..
Телефондағы әңгімеміз тағы да сүт пісірім уақытқа созылды. Илья ағам өзінің Қарағандыда демалып жатқанын, мұндағы жұрттың қолдан-қолға тигізбей құрмет көрсетіп, соның ішінде екі сөздің бірінде «Алтын Орда» ауызға алынатынын елжірей айтты.
— Иншалла, «Алтын Орданың» да мәртебесі аспандап, биылғы таралымдарың өсетіні қазірден-ақ көрініп тұр, — деді Илья ағам сөзін түйіндеп.
Айтқаны айдай келді. Барыс жылының таралымы көкке атылған қабыландай күрт көтерілді…
Газет – қашанда оқырманымен ғана газет. Осы аксиома үддесінен алсақ, шүкірміз! «Алтын Орданы» жанына балап, «менің газетім» деп бауырына басатын Илья ағамдай белсенді де, тұрақты авторларымыз да, ой-пікірін көк конвертке түйіп, күн құрғатпай жолдайтын мың-сан оқырмандарымыз да аз емес.
Соның өзінде де біз «бүгінгі буын, ертеңгі келешек атадан кеңкелес туып, қоңыз теріп кетпесе, еңсе тіктер ерлік пен мәртебемізді ұлықтар мәрттікке бастар бағдаршам болсақ…» деген жанкешті тірлікті әу баста қолға алып, ұлы Қағанның Тәңір текті ұрпағына ғаламның бас иесі екенін есіне түсірген «Алтын Орда» атауын ақпарат айдынында ту етіп көтерген алдыңғы буынды ілтипатпен ауызға аламыз. Өзіміз шаңырағын бірге көтеріп, уығын бірге шаншыған «Алтын Орданың» алғашқы редакторы Мейірхан Ақдәулетұлының өрт қаламы газетті бірден танымал етті. Сол елді елең еткізер жаңалықтың бастауында меншікті тілші ретінде өзіміз де тұрдық, кейіннен орынбасар болып та тізе қоса қызмет қылдық. Мәкеңнің мол тәжірибесінен тәлім алдық, көңілге түйдік, істе қолдандық. Сондай-ақ осы он жыл бедерінде «Алтын Ордадан» журналистердің қаншама шоғыры шыңдалып ұшты десеңізші. Өз басым, қазір түрлі БАҚ-тарда шығармашылық қуатын танытып жүрген Бауыржан Бабажанұлы, Сәтжан Дәрібай, Индира Өтемісова, Мейрамгүл Сатаева, Баян Сәрсембина, Шара Елеусіз, Қайрат Сарқұлов, Ерболат Қамен және басқа да аттары аталмаған әріптестеріммен қызметтес болғанымды ерекше мақтан тұтамын.
Газетті ұстап тұратын үштағанның алдыңғы екеуі – оқырман мен белсенді авторлар хақында айттық, ендігі негізгі тірек – тілшілер корпусы. Редакция аппаратындағы Күләнда, Гүлжан, қос Баян, Нұрберген, аймақтарда Рәзиғамыз бен Айдосымыз, Зәкіржанымыз бен Жадырамыз, Сайлауымыз бен Оразалымыз, Дәулетқалиымыз бен Серігіміз бар – біз бақыттымыз! Олардың қаламынан туған төлтума дүниелер еліміздің түкпір-түкпіріндегі қазақтың санасына сәл де болса сәуле шашып жатса, бізге одан артық орден-медальдың керегі шамалы. Осыны жете түсінген редакциядағы қыз-жігіттердің қай-қайсысы да күн демей, түн демей мігір көрмейтін нағыз жанкештілер. Бір сөзбен айтқанда, «Алтын Орда» — ақпарат айдынында алғы күнге үкілі үмітпен, әппақ сеніммен, жалын жігермен бет алған ақ желкен!
«Алтын Ордаға» — 10 жыл. Алғашқы он жылдық белес. Ақпараттық тұтастық үшін, пікір еркіндігі үшін, балама көзқарас үшін, жылт еткен жақсылық пен қазаққа құт-береке әкелер игіліктерді әйгілеп, індет атаулыны қоғамдық ойдың тезіне салып отыру үшін… өзін азат елдің шын иесі сезінетін көңілі сергек, көкірегі ояу оқырман үшін… «Алтын Орда» әлі де талай асулардан асып, талай шығармашылық белестерді бағындыруы тиіс!




Бауыржан, саламат па? Сайттарына ойламаган жерден тап болдым. Меиирхан туралы бірталай материал, озиннин макаланды да окыдым. Менин куттыктауымды да жариялапсыздар, рахмет. Онын озимен жана сухбат бергендеринде кызык болар еди, арине… «Алтын Орда» туралы жаксы берипсиздер. «Алтын Орданы» ашушылардын катарында болмаганмен, 2001 жылы Меиирхан жумыска шакырган сон Алматыдагы косыннын жетекшиси болып, газеттин интеллектуалдык денгеиин котеру, аясын кенейтуге «жан алып, жан берип» 3-4 жыл жумыс жасаганым бар еди. Объективти-субъективти себептер жетерлик болса да, апталыктын бурынгы беделинен, республикалык денгеиинен айырылганы окиниш.
«Өкініш болатыны — шалғай шетте шығып-ақ қазақтың жақсы басылымына айнала білген «Алтын Орданың» жартыкеш жоба күйінде қала бергені, қазір «ауыл-аймақтың» газетіне айналып бара жатқандығы. Бұл жоба соңына дейін жеткізіліп, мен ойлағандай болғанда, «Алтын Орда» қазақтың ең дұрыс газетіне айналатын еді…» Дурыс. Бирак, Меиирхан ойлагандай жоба болуы ушин, мумкин ози кетпеуи керек пе еди. Бирак, бул омирде мумкин, мумкин емес жайттар жеткиликти гой…