Жаңалықтар

Бағдарламалар қалай орындалды?

Қоғамдық кеңес

Елбасы қоғамның белсенділігін арттыру мәселесіне ерекше маңыз беріп келеді. Биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлықпен күресте  көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты» деп тағы да атап көрсетті.

Елімізде мемлекеттік, аумақтық, бюджеттік бағдарламаларды қоғамдық бақылаудың барлық деңгейде берік тетіктері жасалған. Алдыңғы күні Қуаныш Елубаевтың төрағалығымен өткен облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы осының айқын мысалындай көрінді.

Кеңес өткен жылғы облыстағы аумақтық дамыту бағдарламасының орындалуы мен бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы мәселе қарады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасарлары Жеңісбек Ақбергенов, Айгүл Ерғалиевалар кеңес қараған мәселелерге қатысты деректерді баяндады.

Баяндамашылардың атап көрсеткеніндей, облыстың 2016-2020 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасы барлық орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, өткен жылдың желтоқсанында мәслихат шешімімен бекітілген.

Бағдарламада барлығы 90 нысаналы индикаторлар қарастырылған. Іс жүзінде ол өңір тұрғындарының өмірінің барлық жақтарын қамтиды. Олардың орындалуына жауапты болып облыста 20-дан астам салалық басқармалар, департаменттер мен мекемелер белгіленген.

Облыста өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша қарастырылған болжамдарға қол жеткізілді. «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасын жүзге асыруға байланысты өткен жылы республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, 40 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Үш көп қабатты үйлерге 540 отбасы жайғасты.

Негізгі индикаторлар бойынша, атап айтқанда, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім, агломерация тұрғындарының саны, шағын және моноқалаларда жан басына шаққандағы негізгі капиталдағы инвестициялар бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу күтіледі. Сонымен бірге, өңір өнеркәсібінің дамуын сипаттайтын бірқатар көрсеткіштердің орындалуы қамтамасыз етілді.

Мұнымен бірге, өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласында оңтайлы қозғалыс қалыптасып отыр. Сондай-ақ, кеңесте құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мәдениет, спорт, табиғатты пайдалану, жер қатынастары саласында жоспарланған барлық  негізгі индикаторларға қол жеткізілгені айтылды.

Қазіргі кезде республикада халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған 8 мемлекеттік және 6 үкіметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылы 65 жобаны жүзеге асыруға 18 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы қаржының 143 миллион теңгесі мемлекеттік сатып алу барысында үнемделген. Қаржы 10 білім беру нысаны құрылысы кезінде игерілген, оның жартысы пайдалануға беріліп, қалған бесеуі келесі жылға көшкен.

Қоғамдық кеңес отырысында мәселе талқыланған кезде кеңес мүшелері әр цифрға сергек қарап, үлкен талқы туғызды. Белгілі кәсіпкер Мұрат Итеғұлов бағдарламалар бойынша алынған қаржының нақты игерілуіне  қатысты сауалдар беріп, өз ойларын ортаға салды. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысы Қайыржан Тоқышев облыстық білім басқармасына қатысты келтірілген көрсеткіштерге күмән келтірді. Мәселен, баяндамада мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының түлектерінің және оқуды бітіріп, алғашқы жылы жұмысқа орналасқандардың үлесі ресми деректер бойынша 90 пайызды құрайтыны айтылған еді. Әрине, бұл кім-кімге де жағатын жаңалық болғанмен, күнделікті өмірді жақсы білетін адамдарды иландыра қоюы екіталай еді. Талқылау барысында мұны кеңеске қатысқан мемлекеттік органдардың басшылары да мойындады.

Мәселені баяндаудағы осындай ағаттықтарды ескерте отырып, кеңес төрағасы отырысқа қатысқан мемлекеттік қызметшілерге алдағы уақытта кеңестің жұмысына мұқият дайындықпен келуді ұсынды.

Жиын соңында кеңес жұмысының бірінші жартыжылдыққа белгіленген  жоспары бекітілді және қаралған мәселелер бойынша қарар қабылданды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button