Денсаулық

9358 бала «А» вирусты гепатитіне қарсы егілді

«А» вирусты гепатиті — кең таралған инфекциялық ауру. Адамға сапасы нашар су мен тағам арқылы жұғады. Бұл вирустың ерекшелігі — қоршаған ортаға төзімді, бөлме температурасында бірнеше аптадан бастап бірнеше айға дейін  сақталады.

Аурудың көзі — науқас адам. Ауру адамнан тамақ, су, күнделікті пайдаланатын заттар мен ойыншықтар арқылы таралады.

Аурудың профилактикасы — вакцина. Екі жастағы балаларға вакцина егіледі. Вирус жұқтырмау үшін жеке бастың гигиенасын сақтау қажет. Тамақтанар алдында қол жуу қажет. Жеміс-жидектерді ыстық сумен жуған соң ғана жеген дұрыс. Ауру балалар арасында тарамас үшін мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға мән берілуі тиіс.  Асхана, буфет және дәретханаларда күн сайын бөлме мен ыдыс-аяқтар арнайы құралдармен тазартылып, жуылуы керек. Және бұл жұмыстар, яғни бөлмелерді жинау, жуу техникалық қызметкерлерге жүктелуі керек. Бастауыш, негізгі орта мектептердегі оқушылар сыныптарды жинап, жуу жұмыстарына тартылмауы тиіс.

Жалпы Ақтөбе облысында бұл вирус бойынша аурушаңдық тұрақты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласында «А»  вирусты гепатитімен үш адам науқастанса, 2015 жылы 11 адам тіркелген. Ауру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 0,66-ға тең. Былтыр 14 жасқа дейінгі балалар арасында бұл ауру тіркелген жоқ. 2016 жылы қалалық бюджеттен 41 512 088  теңге қаржы бөлініп, вирусқа қарсы 9 358 вакцина сатып алынған.

Қазіргі таңда қалада 2014 жылы туған балаларға вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Вакцинамен 2-9 жас аралығындағы 9358 бала егілді. Вакцинаның арқасында бастауыш сынып оқушыларының ішінде  аурушаңдық тіркелмеген.

 Ақтөбе қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button