Тарих

Ауған соғысының сабағы ұмытылмайды

Бүгін, яғни 15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толады. 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейінгі  аралықта болған бұл соғыс талай шаңырақты шайқалтып, талай әке-шешені өрімдей жас баласынан айырды.  Мен 1984 жылы әскерге шақырылып, шекарашылар қатарында Отанға қызмет етіп жүріп, арнайы тапсырмамен 1985 жылы Ауғанстан жеріне интернационалдық борышымды өтеуге барып, танкіге қарсы тұратын взводтың бірінші бөлімшесінің командирі болып Файзабад провинциясына қарасты Зардев шатқалында жауынгерлік тапсырманы орындауға қатыстым. Өткенге көз жүгіртіп қарасам, 18 жасымда әрбір сапарым өмір мен өлім үстінде болған екен.

Бұл соғыстың біздің елімізге де әкелген адам шығыны мен зардабы аз болған жоқ. Ауған соғысына 22 000-нан астам қазақстандықтар қатысып, керзі етіктерімен ауған топырағының шаңын аспанға көтерсе, солардың 700-ден астамы елге оралмады, 21-і хабар-ошарсыз кетті, олардың не өлі, не тірі екені бір Аллаға ғана аян.

Ақтөбе облысы бойынша 26 жауынгер жерлесіміз қаза болып, біреуі жөнінде дерек әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Қаза тапқандардың ата-аналарының, жақын туыстарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу қиын.

Ауған соғысы сабағы ешқашан ұмытылмайды. Оқ пен оттың ортасынан оралып, ата-анасымен аман-сау қауышқан жауынгерлер ұрыста қаза болған қаруластарын жүректерінде мәңгі сақтайды, ал 15 ақпан саналарында қанмен, термен жазылған күн болып, Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді.

Бүгінде Ауған соғысының ардагерлері Отан соғысына қатысқан абзал ағалардың ізін басып, егемен еліміздің өркендеуіне атсалысып жүр. Сот жүйесінде де көп жылдардан бері қызмет етіп жүрген ауған соғысының ардагерлері аз емес. Өкінішке қарай, жылдар жылжыған сайын ауған соғысының ардагерлері де азайып барады.

Бүгінгі айтулы күні, батырлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, соғыс даласынан қайтпай қалған боздақтар рухына тағзым ете отырып, қайыспас қайсар ұл тәрбиелеген қазақстандық аналардың алдында ауған соғысы ардагері ретінде басымды иемін. Тарих бетіне қаралы әріппен жазылған ауыр күндер қайта оралмасын, аспанымыз әрқашан ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Айсұлтан БАЛМҰХАНОВ,

Ақтөбе қаласы №2 сотының төрағасы,

ауған соғысының ардагері. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button