Денсаулық

Облыста 2538 бала екпе алмаған

Тікелей телефон

 

Облыста екпеден бас тартатын ата-аналардың қатары көбейіп барады. Қазіргі таңда екпе алмаған 2538 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде 1534 бала туғаннан бері бірде-бір рет егілмеген.  Ата-аналардың 74 пайыздан астамы діни көзқарасына байланысты екпеден  бас тартқан.

Жалпы қоғамда екпеге қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі оның бала денсаулығына пайдасы бар деп есептесе, екінші тарап бұл пікірмен келіспейді. Бір сөзбен айтқанда екпеге қатысты сұрақ көп.

Осы орайда  «Арасан Ақтөбе» ЖШС-ның мамандары «Тікелей телефон» ұйымдастырды. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №2 балалар аурулары кафедрасының жетекшісі Қуанғали Әбдірахманов пен жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі Галина Жұмағалиева тұрғындардан түскен  сұрақтарға жауап берді.

— Қазақстанда балаларға егілетін вакцинаның сапасы қалай тексеріледі? Осы жағдай қатаң бақылана ма?

Меруерт, Ақтөбе қаласының тұрғыны.23 жаста.

— Дәрілік заттарды, соның ішінде вакциналарды сатып алуды бірыңғай «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дистрибьюторы жүзеге асырады. Барлық вакциналар Ұлттық дәрілік заттардың сараптама орталығында сараптамадан өтеді және онда қауіпсіздік үшін  бақылау мен мемлекеттік тіркеу жүзеге асады. Вакциналар тендер бойынша сатып алынады. Ол  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сай болуы керек. Және халықаралық аттестациядан, тiркеуден өткен вакцина ғана елімізге әкелінеді.  Вакциналардың сапасы өндірушінің қадағалау жүйесінен тәуелсіз, қатаң халықаралық және ұлттық құжаттар арқылы реттеледі.

— Қазір кейбір ата-аналар өз балаларына екпе жасатқысы келмей, одан бас тартып жатыр. Ал бұл баланың денсаулығына қалай әсер етеді? Сіз бұны қалай түсіндіресіз?

Алмагүл, Ақтөбе қаласының тұрғыны.45 жаста.

— Иә, ата-аналардың екпеден бас тартып жатқаны рас. Бұл қазір үлкен мәселеге айналып отыр. Топтық иммунитет деген бар. Мәселен, балабақшада он бала екпе алып, бір бала алмай қалса,  екпе алмаған бала ауырмайды. Өйткені топтағы баланың 95 пайыздан астамы екпе алған. Яғни топтық иммунитет қалыптасып отыр. Ал бұндай иммунитет қалыптасу үшін әр инфекция бойынша балалардың 95 пайызы екпе алуы тиіс. Топтық иммунитет қалыптаспаған жағдайда  аурудың таралу қаупі жоғарылайды. Мәселен, 1999-2001 жылдар аралығында облыста дифтерия ауруы, ал 1998-2000 және 2014-2015 жылдары қызылша, эпидемиялық паротит инфекциялары өршіп кетті. Аурушаңдық көрсеткіші тек Қазақстанда ғана  емес, ТМД елдерінің де аумағында байқалды. Осыдан кейін елімізде аурудың алдын алу жолдары қарастырыла бастады. Ал 2010 жылы  Тәжікстанда полиомиелит ауруының өршуі де бізге қауіп төндіргенін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан аталған ауруларға қарсы екпеден ата-аналардың бас тартпағаны жөн.

— Президент биылғы Жолдауында медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетінін айтты. Бұл жүйе енген кезде екпе ақылы түрде бола ма? Әлде бұрынғыдай тегін жасала ма?

Азамат, Алға қаласының тұрғыны.

26 жаста.

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда 2018 жылдан бастап енгізіледі. Ал биыл шілде айынан алғашқы жұмыстар басталады. Жаңа жүйе енгізілген кезде мемлекет мына  медициналық көмек түрлеріне кепіл береді.

Олар — жедел жәрдем және санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде (онкологиялық аурулар, туберкулез, қант диабеті) және шұғыл түрде көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер.

—  Ұлым манту сынамасынан  кейін туберкулезге қарсы ауруханаға жіберілді. Ол су тигізген жоқ, тырнаған жоқ. Бірақ  кейбір себептермен инъекцияның орны ісіп, қызарған. Бұл  қаншалықты қауіпті? Мұндай жағдайда не істеу керек?

Шынар, Ақтөбе қаласының тұрғыны.

25 жаста.

Шынар, сіздің сипаттамаңызға сәйкес сіздің ұлыңызда — мантудың оң сынамасы. Манту сынамасы алғаш туберкулез микробактериясы мен туберкулезге гиперергиялық реакцияны анықтау үшін жасалады. Сонымен бірге БЦЖ вакцинациясы мен ревакцинациясын жүргізудің алдында манту сынамасы салынады. Туберкулез ауруының бар-жоғын анықтау үшін де осы сынама пайдаланылады. Манту сынамасы оң мәнді болса, бала БЦЖ ревакцинациясын алмауы керек. Және сізді туберкулезге қарсы ауруханаға жіберулері дұрыс. Сіз өз мекенжайыңыз бойынша тіркелген емхананың  фтизиатр дәрігеріне жолығуыңыз қажет. Ол сізге толық мәлімет береді.

— Құрбым баласына екпе салғаннан кейін көптеген асқынулар болғанын айтты. Енді мен өз балама екпе алуға қорқып отырмын. Шын мәнінде солай бола ма?

Жанайым, Алға қаласының тұрғыны.

23 жаста.

— Вакциналар биопрепараттар болып есептелетіндіктен егуден кейін асқынулар болуы мүмкін. Яғни баланың дене қызуы жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер болуы ықтимал. Олардың саны 10 000-100 000 балаға шаққанда бірен-саран жағдайда кездеседі. Бірқатар ата-аналар осы аталған асқынуларды желеу қылып, екпеден бас тартып жүр. Ұрпағымыздың дені сау болып, өмір сүру үшін мемлекет өзі тегін ұсынып отырған екпелерден неге бас тартуымыз керек? Жұқпаға қарсы егілмеген бала сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекцияны таратушы. Ал егілген бала, тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді.

Заң бойынша ата-аналарды екпе алуға рұқсат беруге міндеттеуге бола ма?

Нұрпейіс, Ақтөбе қаласының тұрғыны.

41 жаста.

— Елімізде балалардың құқығын, денсаулығын қорғау Ата Заңмен және басқа да құқықтық нормативтермен белгіленген. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 89-бабының 1.1-тармағында әрбір бала «денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметін ауруларды емдеу құралдарын пайдалануға және денсаулығын қалпына келтіруге» құқылы және 156-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстанда тұратын физикалық тұлғалар кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберіндегі инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы алдын алу екпелерін алуға міндетті» делінген. Олай болса, балаларына екпе өткізуден бас тартып отырған ата-аналар бала құқын шектеп отырғанынан хабарсыз.

— Екпеге қарсылық танытқан ата-аналармен жұмыс қалай жүргізіледі?

Серік, Ақтөбе қаласының тұрғыны.

26 жаста.

— Облыстық денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық басқарманың, салауатты  өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.  Соған қарамастан, олардың саны азаяр  емес. Бұл шараға дін қызметкерлері, мұғалімдер, құқық қорғау қызметкерлері, ата-аналар қауымдастықтарының өкілдері де тартылып отыр.

— Неліктен қызылшаға қарсы екпе 15 пен 19 жас аралығында жасалады?

Алтынай, Ақтөбе қаласының тұрғыны.

35 жаста.

— Қызылша ауруы 15 жас және одан жоғары жастағылар арасында жиі байқалады. Сондықтан осы жаста мектеп оқушылары, жоғары оқу орнының студенттері, әскер қатарына шақырылғандар және қызылшаның таралу қаупі жоғары деп саналатын ұжымдарға екпе жүргізіледі.

— Екпе алудың маңыздылығы неде?

Ернат, 19 жаста

— Балаларға екпе (вакцинация) жасау адамзаттың үздік жетістіктерінің қатарына жатады. Екпе арқылы жер шарында миллиондаған балалар өлімнен, мүгедектіктен құтқарылады, яғни толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алады. Оған дәлел — жер бетінде шешек (оспа) ауруының жойылуы. Өткен ғасырдың 1977 жылының қазан айынан бастап жер шарында шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты бұрынғы КСРО-да 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқтатылып, ол екпе күнтізбесінен алынып тасталды. Күні бүгінге шейін қауіпті жұқпалы аурулардың қатарында саналатын полиомиелит те жойылудың қарсаңында, бұл да екпе жасаудың нәтижесі. Өкінішке қарай, осындай  жетістіктер бар бола тұра әлі де екпе жасау арқылы жоюға немесе әлсіретуге болатын жұқпалардан дүниежүзінде жылма-жыл 4 миллионға жуық бала өледі. Инфекциялық ауруды басынан өткерген балалардың қаншасының мүгедек болғандығы және оларды емдеуге, сауықтыруға кеткен қаражаттың мөлшерін нақты есептен шығару мүмкін емес.

P.S. Мамандар ата-аналарға тегін медициналық көмектен бас тартпауға кеңес береді. Себебі екпе дерттен қорғайды. 

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button