«Аманаттың» шашуы

Күй кеші
Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетін биыл тәмамдағалы отырған жас талап күйші, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, жерлесіміз Ардақ Елеусіздің «Аманат» атты күй кеші өтті.
Кештің тізгінін Қазақ Ұлттық өнер университетінің домбыра кафедрасының меңгерушісі, профессор Жанғали Жүзбай ұстады. Өзі де шертпе күйдің хас шебері атанған өнерпаз күй туралы келелі әңгімесімен көпті баурап, шынайы қамқор ұстаз ретінде өздері баптаған талантты шәкіртіне дем бере отырып жүргізді, әдемі кештің ажарын кіргізді.
А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі А.Жұбановтың шәкірті Кенжебек Күмісбековтің «Аманат» күйімен (оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов) концертті бастады. Содан соң кеш иесі, Ақтөбе күй өнері мектебінің жас өкілі Ардақ Елеусіз сахнаға шықты. Жас күйші Қазанғаптың «Күй шақырғыш Ақжелең», Мәменнің «Қайғылы қара» күйінің виртуоз күйші Қали Жантілеуов жеткізген нұсқасын тартты. Сондай-ақ Жанғали Жүзбайдың айтуынша, күйшінің күйшісін сынайтын Маңғыстау күйшілік мектебінің өкілі Мұрат Өскенбайұлының «Өрен» күйін күмбірлетті. Оркестрдің сүйемелдеуімен Айтқали Жайымовтың «Отпан тау» шығармасын орындады. Ардақтың кешінде республикаға танымал күйшілер Жайлау Асылханов, Талап Хамзин, Асылбек Кенегесовтер күйден шашу шашты.
Ардақ Елеусіздің ұстазы, Маңғыстау күй мектебінің озық өкілі Жұмабек Қадырқұлов Есірдің «Жалғарасы» мен Қазанғаптың «Көкілін» көсілтті. Ардақ оқитын өнер ордасының түлегі, жырау, композитор Әлихан Дүйсенбай Оңғар жырау мен Жаңаберген жыраудың термелерін төгілтті.
Жас күйші өзінің мүмкіндігін молынан ашты, Сүгірдің 1916 жылғы Созақ көтерілісінде ұлт азаттығы жолында құрбан болғандарға арналған қаралы күйі «Қосбасарды» орындап, шертпе күйді де игергенін байқатты. Құрманғазының «Төремұратын», Махамбеттің «Қайран, Нарын» күйлерін тартты.
Кеште Ардақ Елеусіздің ұстазы, Ақтөбе өңірінің тума талант күйшісі Бақыт Басығараевтың ұлы, доцент Еділ Басығараев шәкірті туралы лебізін білдірді:
— Ардақ біздің университеттің мектебіне 7-сыныпта оқып жүргенде келді, талапты бала екен. «Тұқымыңда күйші бар ма?» деп сұрадым. Атасы Тұрмағамбет күйші болған екен. «Күйші болу оңай емес, шыдайсың ба?», — деп едім, «Иә», — деді. Содан бері, міне, колледж, университеттің бакалавриатын бітіргелі отыр. Еңбекқор, айтқаныңды уақытында орындайды, болашағы бар. Ардаққа ақ жол тілеймін,— деді. Еділ Қазанғаптың «Кәрі Ақжелеңі» мен әкесі Бақыт Басығараевтың репертуарынан Қазанғаптың «Жем суының тасқыны» күйлерін тартты.
Кеште Жанғали Жүзбай Қытайдағы жарыста қазақтың атын шығарып, әлемді дүр сілкіндіріп жатқан теңдесі жоқ әнші Димаш Құдайберген мен қасиетті күй өнерінің жас өкілі Ардақ Елеусіз сияқты өнерпаздарға ақ тілегін білдіріп, ақтөбеліктерді құттықтады.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева Нұрғисаның «Жүрегім менің» әнін шырқады. Шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев Сүгірдің «Шалқымасын» орындады. Кеште күй тартыс та болды.
Кеш соңында Ардақ Елеусіз бен кеш қонақтарын облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиев, облыстық білім басқармасының басшысы атынан Айсұлу Әбдірахмановалар құттықтап, Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
«Болайын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» дегендей, болашағынан көп үміт күттіретін талантты ұлымыз Ардақ Елеусіздің ұстаздарының, әріптес ағаларының, жерлестерінің шынайы тілеулестігі көпке үлгі болғандай екен.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.




