АуылЖаңалықтар

Берік НЫҒМАШЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі: Кооперация құруда ақтөбелік шаруалардың қызығушылығы өте жоғары

Құрамында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ғылыми ұйымдардың өкілдері, осы салаға жауапты жергілікті мамандар мен қаржы институттарының қызметкерлері бар арнайы топ ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мониторинг жасау және кооперация негіздері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Топ мүшелері Темір, Мұғалжар, Алға, т.б. бірқатар аудандарда болды. Сенбі күні топ мүшелері Ақтөбе қаласы аумағында құрылған бірқатар кооперативтердің жұмысымен танысты.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, биыл 1 ақпан мен 18 ақпан аралығында еліміздің барлық аймақтарында ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және кооперацияларды мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осыған сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Берік Нығмашев бастаған топ мүшелері Ақтөбе аумағында жұмыс жүргізді.

 «ҚАЗАҚТЫҢ НУБИЙКАСЫ» — ЕШКІНІҢ ЖАҢА ТҮРІ

Сазды селолық округіндегі «Шекшек ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің негізгі бағыты — ешкі өсіріп, сүтін өндіру. Былтыр сәуірде бұл кооператив 3 жеке қосалқы шаруашылықтың негізінде құрылыпты. Оның бірі — «Актюбводстрой» акционерлік қоғамы мен 2 жеке тұлға. Кооператив меншігіне 10 гектар жайылымдық жер және 150 асылтұқымды ешкі тіркелген. Қазіргі таңда кооператив күніне 200 литр ешкі сүтін өндіріп, аймақтағы коммуналдық базар мен бірқатар сауда желілерінде сатылымға шығарып жүр. Кооперативте ешкі сүтінен жасалған қымыз да өндіріледі. Топ мүшелері ешкі сүтінен жасалған қымыздың дәмін татып көрді.

Шаруашылықта ешкілер арнайы аппаратпен күніне екі рет сауылады. Ешкілер жаңа технологиялық әдіске әбден бейімделген бе әлде жем жеуге асыға ма, әйтеуір сауатын мезгіл таяғанда аппараттың түбіне қаздай тізіліп келіп тұратын көрінеді.

Қазір кооперативте 8 адам тұрақты жұмысқа тартылды. Ешкі шаруашылығымен он жылдан бері айналысамын. Заманға сай кооператив құрып, жұмысты жаңа үлгіде жүргізіп жатырмыз. Кооперация — мал басын көбейтуге, өнім көлемін ұлғайтуға үлкен себеп. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі біздің шаруашылықта үш-төрт рет болып кетті. Ол аймақта ешкі шаруашылығын дамытып, Сексек ата тұқымын көбейтуге күш салу қажеттігін айтып, қолдау білдірді. Біз ешкінің заанин және нубийка тұқымды түрлерін өсіріп, көбейтудеміз. Екі түрлі тұқыммен будандастыру арқылы ешкінің жергілікті түрін алуға күш салып жатырмыз. Себебі, ешкінің голландиялық заанин тұқымы өте сүтті, оның сүті жоғары құнарлылыққа ие. Өздеріңіз білесіздер, ешкі малы тез көбейеді. Төлдеген ешкілерді бөлек ұстаймыз. Қазір 60 шақты сауын ешкінің сүтін қала базарлары мен сауда желілеріне жеткізіп отырмыз. Ешкі сүтіне сұраныс өте жоғары. Сүтке тапсырыс беріп, шаруашылықтың басынан алып кететіндер де көп, — дейді «Шекшек ата» ауыл шаруашылығы кооперативін басқарушы Сайфуддин Қойшыбаев.

Шаруашылықта мал басын асылдандыруға ерекше мән беріледі. Ыстыққа да, суыққа да төзімді африкалық текені Ресейден 4 мың АҚШ долларына сатып алыпты.

— Мұндағы текенің шыққан тегі — африкалық. Ешкінің бұл түрі Африканың Нубий қаласында арнайы питомниктерде өсіріліп, сол жерден әлемнің түкпір-түкпіріне сатылады. Нубийка тұқымды ешкіні неліктен құрметтейді? Біріншіден, бұл ешкінің иммунитеті өте күшті, екіншіден — биік келеді, үшіншіден — сүтінің қоюлығына байланысты құрметтейді. Бұл ешкі өте қымбат тұрады. Доллардың бағамы 150 теңгені құраған кезде 3 айлық текені біз Мәскеу қаласындағы питомниктен 4 мың АҚШ долларына сатып әкелдік. Африкалық текені әкелгенімізге үш жыл болды. Қазір оның төлін алып жатырмыз. Ал заанин тұқымды ешкілердің арғы тегі Голландиядан шыққан. Бір сауғанда әрбіреуі 3-4 литр сүт береді, бірақ сүтінің құрамында майдың мөлшері 3-4 пайыз ғана болады. Ал нубийканың сүті аз болғанмен, қоюлығы жоғары. Сөйтіп, біз ешкінің екі түрін жергілікті жерге бейімдеп, солардан «қазақтың нубийкасын» шығарып жатырмыз, — дейді С.Қойшыбаев.

Кооперативте «Қуат» атауымен өндіріліп жатқан ешкі қымызы Ақтөбеден бөлек Астанада да саудаланыпты.

Алдағы уақытта бұл кооператив ешкі өсірумен ғана емес, алма бағын өсірумен айналысу үшін де жер телімін алу жұмыстарын жүргізуде.

 КООПЕРАТИВТЕРДІҢ ЖОСПАРЫ КӨП

Бұдан кейін топ мүшелері Қурайлы селолық округіндегі «Айнад Батыс» ауыл шаруашылығы кооперативінде болып, шаруаның жайымен танысты. Кооперативтің негізгі бағыты — сүтті бағыттағы ірі қараны өсіріп, сүт өндіру. Былтыр желтоқсанда құрылған кооперативтің меншігінде 157 асылтұқымды ірі қара бар. Мұнда жылқы өсіріліп, қырық шақты уақ малға да күтім жасалуда.

Кооператив иелігіндегі сиырлар төлдеп жатқандықтан, сүт өндіру ісі уақытша тоқтатылған. Кооператив басшылығы алдағы уақытта өндірілген сүтті қайта өңдеу орындарына уақытында жеткізу үшін сыйымдылығы 500 литрлік цистерна сатып алыпты. Шаруашылық үшін басты проблема — жайылымдық жер. Бүгінгі күні бұл мәселе мемлекетпен бірлесіп шешілуде.

Содан кейін топ мүшелері Благодар селолық округіндегі таңқурай өсірумен айналысатын «Садовое» кооперативінде болды. Биыл қаңтарда құрылған кооперативтің құрамына екі шаруашылық пен екі жеке кәсіпкерлік кірген.

Алдағы уақытта кооператив мүшелерінің саны 20-ға жетуі мүмкін. Бүгінгі күні кооперативке «Болат ЛТД» серіктестігі мен «Арай» шаруа қожалығы, «Мерей», «Шураханов» жеке кәсіпкерліктері бірікті. Енді әрбір шаруашылықтың меншігіндегі мүліктер ортақ мақсатта пайдаланылып, істі жандандыратын боламыз. Оның үстіне, мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды да пайдалану ойымызда бар. Ең бастысы — техникаларымызды жаңартып, өнім көлемін ұлғайтпақпыз, — дейді  «Садовое» кооперативінің директоры Данат Шураханов.

Қазір кооператив аумағы — 15 гектар. Былтыр 10 гектар жерге таңқурай егіліп, одан 30 мың тонна өнім алынған.

Топ мүшелері Қарғалы ауданының Шәмші Қалдыаяқов ауылындағы «Ақтөбе омарташылары» кооперативінің жұмысымен де жақын танысты.

 

1 ЛИТР СҮТ ЖӘНЕ  10 ТЕҢГЕ СУБСИДИЯ

Берік Нығмашев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында бес жыл ішінде кем дегенде 500 мыңға жуық адамды, жеке қосалқы шаруашылықтарды, ірі шаруашылық құрылымдарын кооперацияға жұмылдыру және сол жұмыстарды жандандыру турасында алдымызға міндет қойған болатын. Былтыр «Кооперация туралы» Заң қабылданды. Кооперативке бірігу турасында ел аймақтарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл — атқарылған жұмыстардың бірінші кезеңі. Биыл елімізде нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылады.  Осы бағдарлама аясында көптеген мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылды. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкер жылдық сыйақысы 6 пайызбен несие алады. Несие қаражатын қайтару мерзімі — жеті жыл. Бұл бағдарламаға қатысушыларға 18 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда біз кооперативтер үшін бағдарлама арқылы 50 миллион теңгеге дейін несие қаражатын беру жағын қарастырып жатырмыз. Ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін де мемлекет тарапынан берілетін осындай қолдаулар мен кооперация негізінде төленетін субсидиялардың жайы, кооператив құрудың шарттары мен талаптарын облысқа жасаған сапарымыз кезінде тұрғындарға жан-жақты түсіндіруге тырыстық. Аудандарда құрылған кооперативтерде болып, олардың басшыларына нақты берілетін көмектің жолдары түсіндірілді. Мәселен, сүт бағытында құрылған кооперативтерге берілетін субсидия бар. Яғни, сүт бойынша мемлекетте қарастырылған субсидияның жаңа түрі енгізілді, яғни 1 литр сүтке 10 теңгеден субсидия төленеді. Егер сүт өнімдерін жинау мен өткізуге танкер сатып алса, оның 50 пайызы мемлекет тарапынан қайтарылады. Біздің зерттеулеріміз бойынша, елімізде танкердің құны 5 миллион теңге тұрса, соның 2,5 миллион теңгесі мемлекет есебінен қайтарылады.

Кооперацияға бірігу турасында ақтөбелік шаруашылықтардың қызығушылығы өте жоғары. Бұған дейін шаруашылықтар тарапынан «кооперацияны қалай құрамын?» деген сауалдар көп туындаса, ал қазір кооператив негізінде салықты қалай өтеу  керектігі, мемлекеттік қолдауға қол жеткізудің жайын, кооперативті дамыту мәселесін алға тартып отыр.

P.S. Қазір Ақтөбеде құрылған кооперативтердің саны 107-ге жетті.

Оның 60-ы — ет өндірумен, 13-і — сүт өндіру, 2-еуі көкөніс өсіру, 4-еуі дәстүрлі емес салада, ал қалғандары әртүрлі бағытта жұмыс жасайды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button