Денсаулық

Жасанды жолмен ұрықтандыру бедеулік мәселесін шеше ме?

Балалы үй — базар… Алайда бүгінгі күні елімізде сәби сүйе алмай отырған шаңырақтардың саны көбейіп барады. Мәселен, облыстағы отбасылардың  17 пайызы балалы болуа алмай отыр. Мемлекет осы мәселені озық технологиялардың арқасында шешудің жолын қарастырып жатыр. Соңғы он жылда елімізде қолға алынған жасанды жолмен ұрықтандыру, яғни экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әдісі оң нәтиже беруде. Осы әдіс арқылы перзент сүйген отбасылардың саны көбейіп келеді. Егер қаржы мәселесі шешімін тапса, аталған  жүйе биылғы жылы біздің облысымызда да жүзеге асырылмақ. Сонымен…

Жасанды жолмен ұрықтандыру дегеніміз не?

Аталған жүйенің нәтижесі алғаш рет  Англияда жүзеге асқан.  Яғни, 1987 жылы осындай жолмен дүниеге Луиза Браун есімді сәби келіпті. Ал  Кеңес Одағындағы алғашқы бала  1986 жылы Мәскеуде өмірге келсе, біздің елімізде 1996 жылы «Экомед» медициналық орталығында дүние есігін ашқан. Көршілес Ресей, Украина, Белорусия елдерінде  де бұл жүйенің қолданысқа енгізілгеніне біраз уақыт болған.  Қазіргі таңда әлемде  құтыдағы ұрық арқылы жылына екі миллионнан астам сәби өмірге келеді екен. Бұндай жүйеге барлық ем-домды жасап, алайда ем нәтиже бермей, өз бетінше сәби сүю мүмкіндігінен айрылған ана ғана жүгінетіні анық.

Біздің елде аталған жүйенің енгізілгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. Сондықтан біз басында  аналарға жасанды жолмен ұрықтандыру әдісіне жүгініңдер деп айтуға қорықтық. Бұл әдістің тиімді екеніне көз жеткізгеннен кейін  ғана кеңес бере бастадық. Бұндай  жолмен әйелдердің бала көтеріп кету мүмкіндігі — 37 мен 57 пайыз аралығында. Бұл ананың денсаулығына, онан алынған эмбрионға тікелей байланысты. Аталған әдіс қалай жүзеге асады? Әйелдің жатырында аналық жасушаны өсіріп, оны арнайы әдіспен алып, ер адамнан алынған спермаға қосады. Арнайы құтыда өсірілген эмбрионды белгілі бір мерзімнен кейін әйел жатырына қайта салады. Бұндай әдіспен дүниеге келетін баланың денсаулығына күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Алайда бұл баланың денсаулығына ешқандай әсер етпейді.

Перзент  сүйе алмай жүрген аналардың барлығына экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгін деп кеңес бермейміз. Барлық мүмкіндікті пайдаланып, нәтиже болмаған жағдайда ғана осы жүйеге «жүгінуге» болады.  Мәселен, біздің орталыққа ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген аналар келеді. Біз олардың күйеуін де тексеруден өткіземіз. Өйткені бедеулік мәселесі бұрын тек әйелдерге арналып айтылып келсе, соңғы жылдары бұл ер адамдар арасында да үлкен мәселе екені анықталып отыр. Сондықтан алдымен ер адамға  тексеру жүргізіп, егер оның денсаулығы жақсы болса, бірден әйелдің  денсаулығына баса назар аударып, оны арнайы медициналық тексерулерден өткіземіз.  Бедеуліктің түп  тамыры неде екенін анықтаймыз. Өйткені инфекциялық, гинекологиялық аурулар және жыныстық органның қабынулары әйелдің бала туу мүмкіндігін шектейді. Ауру анықталғаннан кейін арнайы терапия жасаймыз. Қажет жағдайда орталықта гистероскопия жасап, арнайы аппараттардың көмегімен жатыр ішін тексереміз және  ем жүргіземіз. Егер аналық  түтікшеде ақау болса, лапараскопияға жібереміз. Квота арқылы Астана, Алматы қалаларында да емделіп қайтуға мүмкіндік бар. Егер жүргізілген емнен кейін нәтиже болмай, ананың әрі қарай денсаулығы бала көтеруге қабілетсіз екеніне көз жеткізсек, сонда ғана қолдан ұрықтандыру әдісіне жүгінуге кеңес береміз, — деді отбасын жоспарлау және адам репродукциясы орталығының гинекологы Клара Утянова.

Алайда әйелдердің көпшілігі жеке емханалар мен бақсы балгерлерді жағалайды екен. Тіпті, бір мекеменің еміне көңілі толмай екіншісіне барып тексерілетіндер  бар. Ал әр мекеме  тексеру жұмыстарын басынан қайта жүргізетінін ескерсек, ана біріншіден, екі ортада уақытын жоғалтса, екіншіден әжептәуір  шығындалады. Клара Утянованың айтуынша,  35 жасқа дейінгі әйелдердің жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы сәби сүюге мүмкіндігі көп. Өйткені жас ұлғайған сайын нәтиже де соғұрлым азая бермек.

ЭКО тегін бола ма?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияровтың мәліметіне жүгінсек, соңғы жылдары әлеуметтік жағдайдың жақсарғанына байланысты облыста бала туу көрсеткіші артқан. Мәселен, бір жылда 15 мыңнан астам  бала дүниеге келеді. Бұл біріншіден, ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатындағы жұмыстарға жіті көңіл бөлуді талап етсе, екіншіден, дәрігерлердің иығына түсетін жүкті салмақты етпек. Әрине, соңғы жылдары облыстағы медициналық мекемелердің жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға баса назар аударылып жатыр. Мәселен, былтыр облыстық бюджеттен бөлінген  45 миллион теңгеге  отбасын жоспарлау және адам репродукциясы орталығының үшінші қабаты салынды. Аталған қабат жуық арада пайдалануға беріледі.  Егер қаржы мәселесі шешімін тапса,  биылғы жылы осы орталықта жасанды жолмен ұрықтандыру жүйесін жүзеге асыратын бөлім ашылмақ.

Жасанды ұрықтандыру, яғни экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы еркектер мен әйел бедеулігі мәселесін шешу жұмыстарының басым бөлігі жекеменшік емдеу мекемелерінің құзырында. Елімізде бұндай әдістің құны 4000- 5000 долларға дейін барады. Ал бұндай қаржыны бір перзентке зар болған қарапайым отбасының қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігі аталған жүйені тегін медициналық көмектің кепілдендірілген тізіміне енгізу туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас гинекологы Светлана Есенаманова былай дейді.

Халыққа көрсететін тегін медициналық қызметтің тізіміне жасанды жолмен ұрықтандыру жүйесін енгізу туралы ұсыныс жасалды. Алайда ұсыныс әзірге  республикалық бюджеттік комиссияның қарауында жатыр. Өйткені медицинаның бұл әдісі өте қымбат тұрады.  Ал аталған жүйені облыста  жүзеге асыру мақсатында отбасын жоспарлау және адам репродукциясы орталығының үшінші қабаты салынды. Қазіргі күні қажетті мамандар дайын. Егер қаржы бөлінсе арнайы құрал-жабдықтар сатып аламыз. Сондай-ақ  Ресей мен еліміздегі  ЭКО орталықтарымен байланыс орнаттық. Жалпы, облысқа бұндай орталық қажет-ақ. Өйткені өзімізде жоқ болғандықтан әйелдер өзге қалалар мен Ресейдегі орталықтарға баруға мәжбүр. Соңғы бір-екі жылда қаламызда осындай жолмен он шақты ана перзент сүйіп отыр, — деді.

Қазіргі күні отбасын жоспарлау және адам репродукциясы орталығында әйелдердің  жатыр қуысына оталар жасалып, бедеулікті емдеудің түрлі әдістері қолданылады. Сонымен қатар орталық кеңес беру жұмыстарымен айналысады. Бұдан бөлек жатыр мойыншасы, эндокринологиялық, жұқпалы ауруларды емдеу және жас қыздардағы гинекологиялық аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүргізеді. Ауылдан келген жүкті әйелдер ультрадыбыстық зерттеуден  және өзге де тексерулерден өтеді.  Жүктілік кезіндегі сәбидің денсаулығы да  назардан тыс қалмайды

Бас гинекологтың айтуынша, әйелдер арасындағы қан аздық пен бүйрек ауруы және жыныс жолдарының түрлі қабынулары  әлі де өзекті мәселе болып отыр. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бөлінген тегін дәрі-дәрмектердің арқасында  әйелдер арасындағы қан аздық ауруы 20 пайызға төмендеген. Кейінгі кезде   дәрігерлерді жүктілік кезінде кездесетін гестоз ауруы алаңдатуда.  Сондықтан бас гинеколог әйелдерге жүктілік басталғанда 12 аптаға дейін тіркеуге тұруға кеңес береді. Өйткені 12 аптаға дейін туа бітті ауруларды анықтау оңайға түседі. Әрі, осы уақытта қандай да  бір аурудың белгісі байқалып жүктілікті жалғастыру ана денсаулығына қауіпті болған жағдайда, оны тоқтату тиімді болмақ. Ал 12 аптадан асып кеткеннен кейін тексеру жүргізу және жүктілікті тоқтату жұмыстары денсаулыққа кері әсерін тигізеді.

Бедеуліктің басты себебі неде?

Бедеуліктің себебі көп. Клара Утянованың айтуынша, алдымен экологиялық жағдай, екіншіден,күнделікті тағам сапасының нашарлауы себеп болуда. Ғылыми техниканың үздіксіз дамып, өндіріс ошақтарының көбеюі, ауаға таралатын улы заттардың артуы денсаулыққа кері  әсерін тигізбей қоймайды. Осының салдарынан жыл өткен сайын аурулардың түрі де саны да көбейіп келеді. Сондай-ақ бедеулікке жыныстық қатынас мәселесіндегі білімсіздік те себеп болуда. Кездейсоқ адаммен жыныстық қатынасқа жиі түсу, ер адамда да әйелде де ұрық санының азаюына және түрлі қабынулардың пайда болуына  әкеліп соқтырады. Бұған қоса соңғы он жылда ерлер ұрығының белсенділігі отыз пайызға төмендеген. Дәрігерлер егер жағдай осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта бедеулік мәселесі бірінші орынға шығатынын ескертеді. Әрі, осы жолмен жұғатын аурулар соңғы жылдары тіпті көбейіп кеткен. Демек, бұл әйелдердің өмірге ұрпақ әкелу мүмкіндігінен айырса, әрі жұқпалы, туа бітті аурулар дүниеге келер баланың денсаулығына тікелей әсер етеді.  Әйелдердің  жыныстық қатынасқа ерте түсуі, жасанды түсік жасату, жыныс жолдары аруларына шалдығуы, түрлі гармондық препараттарды қолдану, қалқанша безі ауруы — бедеулікке «апаратын» бірден бір жол. Бірақ әйелдердің, әсіресе, ауыл әйелдерінің бұндай дертке салғырт  қарайтыны белгілі.

— Гинекологиялық аурулар өзге ауруға қарағанда жанға батып ауырмайды. Сондықтан аналар жатыр түткішесі әбден асқынып, бітеліп қалғанша жүре береді. Ал қабынып кеткен ауруды емдеу қиын, әрі ол созылмалы күйге ауысады. Сондықтан біздің орталыққа аудандардан ауруын асқындырып алған әйелдер жиі келеді. Әрине, бұл әуелі ауылдық жердегі әлеуметтік жағдайға байланысты. Көптеген  аналар отбасы жағдайына байланысты емделе алмайтынын айтады. Біреулері қалаға келуге қаржы таппаса, енді бірі күнделікті күйбең тірліктің кесірінен денсаулығына мән бермейді. Қазір ерлер арасындағы бедеулік те жыл өткен сайын көбейіп барады. Мәселен, әріден  қозғамай-ақ  қабылдауыма  келетін отбасыларды айтсам, оның ішінде ерлердің үлес салмағы әйелдермен бірдей, — деді Клара Утянова.

P.S.

Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі  еліміздегі бала сүю бақытынан айрылған отбасылардың  мәселесін түбегейлі шешпегенмен, бірқатар шаңырақта сәби күлкісінің естілуіне септігін тигізері анық. Демек, жүйе кепілдендірілген тегін медициналық қызметтің түріне енген жағдайда, көптеген отбасының қуанышқа бөленері анық.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

5 Comments

  1. Мен осыдан он жыл бурн 1 улымды дуниеге акелерде операциямен женилденип менин жатырымды алып тастаган болатын мен енди кыз тугым келеди оган кандаи жолдары бар

  2. Салеметсизбе.менде котере алмай журмин 4жыл болды енди каралып та жатырк жолдасымдики 35% екен врач бизге Инсеминация жасау керек деди жасатсак сразу котеремба ол зиян емеспа кеин 2ши рет озим коте аламба билми отырм жасатсамба озим котергим келген? Логининизди калдырынызшы комегиниз керек.рахмет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button