Мәдениет

Енді «Елесті» тыңдаңыз

Өмірбек Элеков пен Артур Оразалин деген жігіттердің құрған топтары «Елес» деп аталады. Неге бұлай десем, екеуі бір ауыздан: «Оның мағынасы көп. Біріншіден, мәңгілік ештеңе жоқ, алғаш құрылғанда елді аузына қаратқан «АБК» тобы да кейін тарап кетті, «МузАРТ» пен «Жігіттердің» де құрамдары өзгеріп жатыр. Оның бер жағында қанша топ құрылып, ертеңіне қайтадан тарап, елес боп кетіп жатыр ғой. Кейін әлдеқандай себептермен тарап кетсек, біз туралы да солай дейді. Екіншіден, елес — қиял деген сөзге келіңкірейді. Ол біздің топтың болашағы керемет болады деген қиялымыз…» дейді.

Екі жігітті әу баста өнер қосқан.Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Өмірбек облыстық драма театры жанынан құрылған «Арно» тобында ән салса, Артур «Шалқардан ұшқан аққулар» тобының құрамында болды. Кейін олар, өздері айтпақшы, «елес боп кеткен». Содан бұлар тәуекелге барып, дуэт құруға бел байлады.

Екі жігіттің аяқ алысы тәуір. Екеуінің орындауындағы «Алло» деген көше әні мен Өктем Алтаевтың «Ақ сәулем» әндері жастар арасына тарап та кетті.

Қазір екі жігіттің қоржынында бірнеше ән бар. Мәселен, Б.Тәжібаевтың сөзіне жазылған Н.Тілендиевтің «Бауырым» деген әні, белгісіз автордың «Достарға», «Айналайын» көше әндері, т.б. Әндерін оралдық жас аранжировщик Ерлан Мичурин деген жігітке жаздырды екен.

Өткен жылдың аяғында «Елес» тобы «Айналайын» көше әніне клип түсірді. Клип түсіру оңай шаруа емес, оның үстіне «Елес» секілді өздігінен өсіп келе жатқан жас топ үшін. Клипті «Димаш Али» студиясы түсірді. Бұл клип тректік деп аталады. Яғни, онда шиеленіскен сюжет жоқ, мақсат негізінен орындаушыларды көрсетуге бағытталған. Клип қаламыздағы клубтардың бірінде түсіріліпті. Нағыз жастар билейтін жеңіл ән. Қазір ол жергілікті телеарналарда көрсетіліп жатыр.

«Әуелі «Бауырым» әніне клип түсіргіміз келді. Бірақ ол үшін көп қаражат қажет», — дейді жігіттер. Әншілердің қолы қысқа болғанымен, армандары асқақ. Өнердің қайнаған ортасы — Алматыға барғылары келеді. Провинцияда бәрібір қиындау. Мәселен, кәсіби деңгейі жоғары продюсердің жоқтығының өзі аяққа тұсау. Демеушінің, сүйейтін тіректің болмағаны да үлкен проблема.

Десек те, «Елес» өнердегі өз жолын, өзіндік стилін табу үшін әлі іздене беретінін айтады. Енді олар ретро әндерді айтуға ден қоймақ. «70-80 жылдарда шырқалған  қазақтың керемет әндерін үлкендер де, жастар да сүйіп тыңдайды. Сондықтан, ендігі жерде ретро стильге бет қойғымыз келеді», — дейді жігіттер. Несі бар, жақсы идея…

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button