Кәрі қыздар көбейіп бара жатыр…
Бейресми деректерге қарағанда, он алты миллионнан сәл-ақ астам халқы бар Қазақстанда басына ақ орамал жамылып, отқа май құймаған 25-55 жас аралығындағы қыздардың саны 120 мыңның үстiнде екен. Ал ендi осы 120 мың қызымыз не күйде?
Жапон халқында «Ұрпағың екі қоғам алмасқан кезде өмір сүрсін!» деген жаман қарғыс бар екен. Ал дәл қазір 28-30 жасқа келген бойжеткендер еліміз Тәуелсіздік алып, нарықтың қыспаққа алған тұсында бой түзеп еді, содан ба екен, бұйығылау боп өсті. Жеке өміріне де батыл кірісе алмады… Ал олардың қазіргі қаракөз сіңлілері еркіндеу, әрі батылдау. Бұл — үлкендердің әңгімесінен кейін түйгеніміз.
Алайда осы құлаққа түрпідей естілетін «кәрі қыз» атауын жамылған, бағы ашылмаған сол қыздар ешкімнен кем емес. Рас, сырттай қатыгез, мейiрiмсiз, тәкаппар немесе мансапқұмар боп көрiнуi мүмкiн. Ал шындығында… олар біреудің қамқор бауыры, біреудің жанашыр досы, яғни, әпкелер.
Айналамызда жасы жетсе де, күйеуге шықпаған қыздар толып жүр. «Ащы да болса шындық», мәселен, осы облыстық әкімдіктің өзінде орташа есеппен әрбір кабинетте кем дегенде екі қыз тұрмыс құрмаған. Жалпы санын өзіңіз есептей беріңіз… Тіпті, осы мемлекеттік қызметке қыздай болып келіп, «жұмысқа деген адалдығы мен белсенділігінің арқасында» зейнет жасына дейін тұрмыс құрмай өтетіндері де кездеседі. Қыздардың өздеріне кезек берейік…
Гүлнар:
— Қазақ қызы ең әуелі отбасындағы ескертулер мен тыйымдардан аттап кетпейді ғой. Көше дегенді білмей, мектеп бітірдім. Одан соң, университетке оқуға түстім. Кейбір құрбыларым секілді үшінші курста оқып жүргенде күйеуге шықпақ түгілі, жігітке бола бас та ауыртпадым. Керісінше, оқу оқыдым. Одан мамандығым бойынша жұмысқа орналастым, соңыма ерген бауырларыма көмектестім. Әйтеуір, күйкі тірлік біте ме, сол өмірдің ағынымен жүре беріп, уақыттың қалай зу еткенін білмеппін. Қазір менде көлік те бар, үй де бар, жақсы жалақы төлейтін жұмыс та бар. Қазір кімге сенесің? Кейбіреулер материалдық жағдайға қарап та үйленеді ғой. Ауырғанда жаныңнан табылып, шаршағанда басыңды сүйер бір шын жанашыр болмағасын, тұрмыс құрып, не керек?
Арай:
— Қашан үйленесің, қашан күйеуге шығасың — оның бәрі тек сенің қолыңда тұрған нәрсе емес. Адамда маңдайға жазылған тағдыр деген болады, жастау кезімде бұған сенбеуші едім, ал қазір сенемін. Жасым 33-те, жағдайым көп адамнан алда деуге болады, оқығанмын, жұмысым бар, үйім бар, өзім әдемімін, ешкім мені 33-те деп ойламайды, әрі кетсе 25 жаста дейді. Бірақ әлі тұрмысқа шыққам жоқ, шыққым келмейді емес, тек «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деп жүрген жанмын. Құрбылар мен жігіттерге айтарым, бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Бірігіп жеткен жетістік қадірлі де тәтті болмақ. Маңдайыңа жазылған адаммен жолықсаң, ештеңеге де қарамай үйлене беріңдер!
Жасы жетiп, ақыл тоқтатқан әр қазақ қызының бойында өткен күндерге өкiнiш, өкпе болса да, өмiрден күдер үзу жоқ. Бүгінде халықтың тұрмысы тәуір, ішем дегенін ішіп, кием дегенін киіп жүр. Бiрақ, кәрi қыздардың жан дүниесiн жарып шыққан ой-сезiмдерiне қарап, өмiрде шынайы бақыт тек байлықпен өлшенбейтiнiне тағы бiр рет куә болдық.
Осы орайда Әйелдерді қолдау орталығының психологы Әсел Құрманова:
— Жасы жетіп, тұрмыс құрмаған қыздарды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Олардың бір тобы алдын ала іштей өзін «кәрі қыз» болдым деп есептеп қояды да, солай қабылдап, сол шеңберден шыға алмай қалады. Тағы бір тобы — отбасылық өмірге психологиялық та, жалпы да дайын емеспін деп есептейтіндер. Енді бір тобы — кезіндегі ғашығын немесе махаббатын ұмыта алмай, өзге жанды көзге де ілмей, өз өмірлерін тек сол бір адамға ғана арнап, өмірін өткізіп алатындар. Ендігі бір топ өзін төмендетіп, ұнатқанын өзінен жоғары қойып, тек армандап қана жүреді де, мүлде тұйық боп қалады. Тағы бір топтың өкілдері керісінше, өзі туралы жоғары ойлайды, олар жігіттің кемшілігін көріп қалса, менсінбей, теріс айналып кетеді. Ең соңғы топ жұмыстан кеш оралу мен уақыт жоқтығын сылтау ететіндер. Қазір осы соңғысы жиі кездесіп жатады. Дегенмен, өзін сыйлайтын әрбір қыз бала жеке өмірін де ұмытпауы қажет. Сондықтан да көпшілік жерлерге барып, өзіңді сергітіп, бой жазған дұрыс. Жаңа адамдармен танысу қажет. Қасыңда көп адам болса да, кейде әр адамның жалғызсырайтын сәттері болады. Ал сыңарың мұндай сәттердің азаюына көмектесері анық. Байқасаңыз, кәрі қыздар көбіне ашуланшақ, күйгелек, ештеңеге зауқы соқпай, үнемі көңілсіз жүреді. Өйткені, жалғыздық күйзеліске ұшыратып, түрлі ауруларды өршітеді. «Қыз мұраты — кету» емес пе?! Ендеше, тұрмыс құруға асығыңыздар! — дейді.
Қазiр некеге тұратын қыздардың орта жасы — 23, жiгiттердiкi — 26 жас. Оның үстiне, орташа есептегенде 30-34 жастағы ер-азаматтардың 14 пайызы — «тақиялы перiштелер». Ал дәл осы жастағы азаматшалардың 10 пайызы — кәрi қыздар.
Қоғамда кәрi қыздардың көбеюi, ең алдымен, ер адамдардың әйелдерге қарағанда санының аздығында екен. Оның үстiне, ҚР Санақ агенттiгiнiң мәлiметiнше, ер-азаматтар әйелдерге қарағанда он жыл кем өмiр сүредi.
Баспасөз беттерінде демограф Мақаш Тәтім қазiр елiмiзде кәрi қыздардың саны 350 мыңға жеткенін айтып жүр. Оның өз сөзімен айтар болсақ, «..Бұл — 350 мың ақталмаған үмiт, көтерiлмеген шаңырақ, ашылмаған гүл. Нақтырақ айтсақ, туылмай қалған бала. Кәрi қыздардың көбейгенi жақсылық емес. Бұл тек кәрi қыздардың өздеріне байланысты емес. Еркектердiң көп өлуiне де байланысты. Ер-азамат әртүрлi жазатайым жағдайда әйелдерден гөрi үш-төрт есе көп өледi. Кәрi қыздардың «жиналып» қалатыны сондықтан. Ең негiзгi себебi — осы. Ал қыздардың мiнезiнен деген — бер жақтағы әңгiме. Мiнезi жұмсақ болса да, тентек болса да кәрi қыз болып қалуы мүмкiн. Өйткенi, олардың теңi жоқ. Сондай-ақ, санда бар да, санатта жоқ еркектер көп. Олар кiмдер? Маскүнемдер, бомждар, белсiздер, аурулар, дiмкәстар, қызтекелер…
Егер кәрi қыздар ешқашан күйеуге тимесе, бiрде-бiр бала таппаса, бұл қалай демографияға әсер етпейдi? Әсер етедi. Әр қазақ әйелi орта есеппен үш бала табады десек, сонда кәрi қыздардың салдарынан миллионға жуық бала өмiрге келмей қалады екен.
Өркениеттi қоғамда «кәрi қыз» деген ұғым жоқ. Олар тығырықтан өзi-ақ шығып кетедi. Басқа бiреуден бала табады, жалғызбасты әйел атанады. Күйеуге тиiп, ажырасып кетедi, бұлар ажырасқан әйел болып есептеледi. Кәрi қыздарда, қазақшалап айтқанда, «не бай жоқ, не бала жоқ». Гендерлiк саясаттың ең бiр жағымсыз көрiнiстерiнiң бiрi де — осы».
Кәрi қыздардың орташа жасы — 40 жас. Ал 40-44 жасқа келген әрбiр 1000 кәрi қыздың бар-жоғы жүз елуге жуығы ғана балалы болады екен. Қалғаны… Егер әйелдiң басты мiндетi — ана болу, бала сүйiп, оны тәрбиелеу десек, бiздiң елдiң қаншама қыздары бармақ тiстеп жүргенiн есептей берiңiз. Кәрі қыздар өмірінің екінші бір қыры олардың денсаулығына қатысты. Бұл орайда біз маман пікіріне жүгінген едік. №2 қалалық емхананың дәрiгер-гинекологы Балсекер Нысанова :
— Медицина бойынша кәрi қыздар санатына 27-28 жасқа толғандар жатады.
Олар көбiне бiрiншi баласын операция жасау арқылы дүниеге әкеледі. Іштерінде 45-49 жаста бірінші сәбиін сүйетіндер де кездесіп жатады. Әрине, 18 жас пен 35 жастың айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, олардың арасында жыныстық қатынасқа ерте тұратындар да бар. Көпшілігі 30 жасқа дейін оқу мен мансап қуып, кейін материалдық жағдайын түзеймін деп жүріп қалады, осы кезде сәби сүйгеннен гөрі түсік жасағанды тиімді көреді. Түсікті жеке клиникаларда жасатады да, одан кейін кешенді толық ем жүргізілмейді, оның арты бедеу болуға немесе түрлі созылмалы ауруларға әкеп соқтырады. Кейін жүкті болудан қорғану туралы дәрігерлерден кеңес те алмайды. Қыздардың көбі мұндай ақпараттарды көшеден естиді. Мектепте дәрістер де оқылмайды.
Тек қыздарды кінәлап отырғаным жоқ, қазір жігіттер де үйленуге асықпайды, керісінше, жыныстық серіктерін ауыстырып отырады. Бұл жағдайда түрлі жыныстық аурулар өршіп, белең алады. Мұның да соңы жақсылыққа апармайды.
Мәселен, бiздiң ақыл-кеңесiмiзге банк және мемлекеттiк қызметтегi бұрымдыларымыз көбiрек жүгiнедi. Көптеген қыздар «өз отбасымды өзiм асыраймын» деп уақыт оздырып алады. Сіңлілеріме айтарым, жас үлкейген сайын сәби сүю мүмкіндігі де азая береді. Оның үстіне, түрлі аурулар көбейе түседі. Осыны ертерек түсінсе екен.
Қайталап айтамын, әйел өмiрде өз мiндетiн түсiнiп, тұрмыс құрып, бала сүюi керек. Бiз кәрi қыздарға кейде «өзiң үшiн бала туып ал» деп те кеңес беремiз. Өйтпегенде қайтемiз? Менiңше, бар кiнәнi қыздарға арту дұрыс емес. Себебi, бiрен-сараны болмаса, кез келген қыз отбасын құрып, бала сүюдi армандайды, — дейді.
Өркениетті елдердің жетегіне еріп, әдепсіз қылық пен ретсіз жүріске бой алдырып, болашаққа жүгенсіз бет алған жастарға ең әуелі бойын таза ұстауды үйрететін —
ұлттық тәрбие.
«Он үште отау иесі» деп ұлын үйлендіруге асыққан, дүниеге сәби келсе, бесік құда болып жататын ата-баба ұстанған дәстүр ұмытылды. Тым болмаса, өмірдің заңы — жұптасу екенін жастардың есіне салып отыратын ескінің көздері де азайды.
Ал халқымыздың бесік құда, яғни атастыру, сүйек жаңғырту, әмеңгерлік салттары жайлы қазаққа түсіндірудің қажеті жоқ. Әр қазақ жақсы біледі. Қазақ халқының демографиялық жағдайын түзету үшін қажет болса, неге жаңғыртпасқа?!
Ал «Нұр ғасыр» мешітінің имамы Бауыржан Есмахан:
— Құран Кәрімнің Нұр сүресінің 32-аятында былай делінген: «Іштеріңдегі бойдақтарды үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла, аса кеңшілік иесі, толық білуші». Әлбетте үйленгендер бойдақтарға айтуымыз керек: «Үйлену қаншама сауап істер және жақсылық істерге мұрындық болса, керісінше үйленбей салт бас бойдақ жүру көптеген қиыншылықтар мен қайғы қасіреттерге алып келеді. Мен үйленген адамда ешбір қиыншылық болмайды деп айтпаймын. Кейде қиыншылығы бұрынғыдан да арта түсуі мүмкін, бірақ ондай уақыттарда сабыр етуіміз қажет. Үйленбей жүргеннен үйленудің пайдасы мол. Ұятты жерлерді сақтаумен бірге көзді бөгде қыз-келіншектерге қараудан тыяды. Бұл сөзге Пайғамбарымыз с.а.у. былай деген: «Ей, бойдақтар араларыңдағы кімнің шамасы үйленуге жетсе, үйленіңдер. Шындығында ол көздеріңді тыйып, ұятты жерлеріңді қорғайды. Ал кімнің шамасы жетпесе, ол ораза ұстасын». (Бұхари, Муслим). Сонымен қатар Пайғамбарымыз айтады: «Үйленіп үй болмағандарың менің үмбетімнен емес» деп, немесе «Көбейіңдер, өсіп-өніңдер. Келешекте үмбеттерімнің көптігімен мақтанатын боламын» деген өсиет қалдырыпты.
Пайғамбарымыздың мына өсиетін де еске түсірейік, мүбәрәк Мұхаммед с.ғ.с алты жағдайда асығуды әмір еткен. Соның алтыншысында: «Бойжеткен қызыңды күйеуге беруге асық» делінген екен, — дейді.
Ал бүгінгі әкелер мен шешелер дәл осы өсиетті қаперге де алмайды. Қызы бойжете бастағаннан оны жоғары оқу орындарына сүйрейді. Одан кейін қыздардың өзі мансап қуып, қырыққа қалай келіп қалғанын да білмей қалады. Кейбірі бір оқудан соң бір оқуды тауысып, білімнің соңына түседі. Әрине, қыздың да, ұлдың да оқығаны жақсы. Алайда басқа нәрсенің бәрін ысырып қойып, тек оқудың ізінде жүру, әсіресе, қыз баланы әбден жұтып қояды. Сөйтіп, оның отбасылық өмірін қалыптастыруына мұршасы болмай қалады.
Қазақтың «бұйрығы болмаған шығар» дейтін жұбаныш даналығы бар. Алайда әрекет етпей отыра берсеңіз, біреу алдыңызға күйеу немесе келіншек әкеліп бермесі де бесенеден белгілі. Ал кей жастардың үйленбек түгілі, болашақ жарымен танысуға да мұршасы болмай, «жұмыс көп» деп, кеңседе түн батқанша отыратынын қайтеміз… Қазір интернет желісі арқылы да өмірлік серіктерін тауып алып жатқандар көптеп кездеседі. Осылайша танысу қазіргі жұмысбасты әрі уақыты жоқ жастарға тиімді болып тұр. Бірақ, оған қолы жететіндер де халықтың белгілі бір тобы ғана. Ал халықтың компьютер алуға шамасы келмей жүрген тобы интернет қызығын қайдан білсін… Жалпы жастардың бас қосып, «бастаңғы» дәстүрі немесе арнайы танысу кеші болмағанымен, қоғамдық-көпшілік орындарға жиі барып тұрғандары жақсы. Бірақ…
…жасы жеткен қыздарымызбен сөйлесе қалсаң, кежегесі кейін тартқан олар кештер мен отырыстарға баруға мойындары жар бермейтіндігін, өздерін енжарлық басып тұратындығын айтады. Өздерінің айтуынша, осы жасқа дейін белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп, яғни, диплом алып, жұмыс жасап жүрген бұрымдылар қаланың арзан кафелеріне барғылары келмейді. Өйткені, ол жерлерде «әлі аяғына тұрмаған» жігіттер отырады. Қалталы жігіттер тым жақсы кафелер мен мейрамханаларда тамақтанады. Ол жерге баруға жаңағы өзін және бауырларын «обеспечить» етіп жүрген қыздың құрбыларымен бірге барып, қыдыруға қалтасы көтермейді. Сөйтіп, олар «жақсы күйеу табу үшін де ақша керек!» деген тұжырымға келеді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.





Амансыз ба, Айнұр! сіздің көтеріп отырған мәселеңіз әр бір тұрмыс құрмаған бойжеткендердің өмірлік, өзекті мәселесі екені шындық.Кез-келген адам баласын жеңіске, жетістікке жеткізетін бір үлкен күш бар, ол -сенім. мен бір бақытқа сенемін. жоғарыдағы психологтың айтқан қыздардың тобының ешқайсысына кірмейтінімді айтқым келеді. мен өзімнің өмірлік жарымды әлі кездестірген жоқпын, бірақ бір Алла жалғыз қалдырмайтынын білем және сенемін. сондықтан бұл анау айтқандай утопия емес. тек қана ар-ұятың мен адамшылығыңды сақтай білуің керек. ал, байлық, дәулет, абыройлы қызмет дегендер қажырлы еңбекпен келсе, махаббат деген ол Жаратушының ғана құзырындағы дүние. қазіргі психологтардың көбі үнемі «қыздар, әрекет жасаңдар. қыдырыңдар» деген сияқты пікірлерді алға тартады. мысалы, күнде-күнде кафелердің табалдырығын тоздырып, саябақтарда отырып алып өтіп бара жатқан жігіттерге көз сүзіп, семішкі шағып, өсек айту деген қылықтар мүлдем болмысыма сәйкес келмейді. қайда жүрсек те әке-шешеміздің берген тәрбиесі бізді шідерлеп тұрады. СОНДЫҚТАН ДА, АЯУЛЫ ҚЫЗДАР, БӘРІҢІЗГЕ СӘБИДІҢ ҮНІ КЕТПЕЙТІН, ТОЙ-ДУМАНЫ ТАУСЫЛМАЙТЫН, ШАҢЫРАҒЫ БИІК БІР-БІР ОТАУДЫҢ БАҚЫТТЫ ӘЙЕЛІ БОЛУДЫ БІР АЛЛА НӘСІП ЕТСІН ДЕП ТІЛЕЙМІН!!!
Ассаламу алейкум! Нағыз үйленетін кездеріңізде, карьера қуам деу ақымақтық!
Менде кәрі қыздардың бірімін.Жасым отыз алтыда.Студент кезімде бір жігітті ұнаттым. Ол кезде менің әлеуметтік жағдайым нашар болатын,ал ол тұрмысы жақсының баласы еді.Үйленем дегенде оның үй-іші хош көрмеді.Содан күн демей,түн демей жұмыс істедім. Жағдайым шүкір. Енді қарап отырсам жұмысым мен жинағаным кімге керек деп өзіме күйеу болатын жігіт іздеп жүрмін.Алла адалын жолықтырар деп ойлаймын.
Сол «кәрі қыздар» екінші әйел болуға да көнсе, екі әйелге қарай алатын отбасысы бар ер кісілер алар еді. Бұл