2016. Киноқорытынды

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Бір кезде қазақ киносы — жай ғана қазақ киносы болатын. Соңғы жылдар бедерінде «қазақ киносы» деген анықтама ортақ белгіні бере алмайтыны белгілі болды. Отандық киноөнімдер бірнеше лагерьге бөлінді. Ол, алдымен, көрерменге алдымен жетіп жатқан, көбінде ұсақ студияларда әуесқой режиссерлер түсіретін, кейде «Қазақфильм» қаржыландыратын, коммерциялық не бұқаралық кино. Сәттік көңіл аулауды мақсат қылған олардың көбінің жаңалығы аз, көркемдік құндылығы төмен болатыны түсінікті. Екіншісі, мемлекеттік тапсырыспен, аға буын, не атын қалыпастырып үлгерген орта буын режиссерлер түсіретін, тарихи, идеологиялық кино. Бұл санаттағы фильмдерде негізгі мақсат елжандылықты насихаттау, өткеніміздің қандай қиын болғанын, бүгініміздің қандай жарық екенін шегелеу. Үшіншісі, коммерцияның да, идеологияның да қамытына сыймайтын, суреткерлік ұстанымдарына ғана адал режиссерлер тобы түсіретін авторлық, фестивальдік кино.
Бұлардың әрқайсысы бөлек заңдылықтармен, параллель кеңістіктерде дамып жатқандай. Көрсететін «шындықтары» да кереғар. Коммерциялық кино, негізінен бір нәрсені айтады: қазір өмір сүрген қызық дейді. Идеологиялық кино қазір өмір сүрген оңай, сендер бақыттысыңдар дейді. Авторлық кино, қазір өмір қиын, мына қоғам дертті, бұл бетімізбен кетсек, ел болмаймыз дейді. Қайсысын таңдау өз еркіңіз. Сонымен… өткен жылы түсірілген осы сипаттас фильмдерді мүмкіндігінше шолып шықсақ.
Коммерциялық кино
Біздің кеңістікте өздерін кәсіби режиссер санайтындарға бұл — бейәдеп сөз сияқты естіледі. Қазіргі коммерциялық кино, бір кездегі «Жаралы сезім» емес, өзбек ағайындарға түсірткен клиптектес дүниелер де емес, қазақстандық коммерциялық кино әзірге Голливуд фильмдерінен үйренуге, шаблондар мен штамптарды сіңіруге тырысу процесін бастан кешіп жатқан өзінше бір әлем. Бірақ ең өкініштісі, біз Голливуд киносынан техникалық қана емес, тақырыптық тұрғыда шаң қауып келеміз.
Той киноның топыры
Жер бетіндегі барлық халықта үйлену ғұрпы бар: адамдар кездеседі, ғашық болады, той жасайды. Бірақ басқа ешбір елдің кинотеатрын дәл біздікі сияқты тойдың видеосы жауып кетпеген. Соңғы бір жылда кинотеатрларда жиырма жеті қазақ киносы көрсетілді. Оның екеуі әлеуметтік драма, екеуі үрей фильм (ужас), үшеуі тарихи драма, бесеуі боевик, қалған оншақтысы той туралы комедия мен мелодрама. Яғни, сіз қазақ киносын көрем деп барған екі күннің бірінде тойдың үстінен түсесіз: үшеудің үйленуі де болды («Свадьба на троих» А.Бисембин), он алты қызға үйлену де болды («Он алты қыз» Қ.Мұстафин), ауылдан қалаға қашып барып үйленеді («Побег из аула» Н.Адамбай), қаладан ауылға қашып барып үйленді («72 сағат та үйлену» Е.Жолдас), алып қашып үйленді («Мезет» А.Әбілов (қосымша линиясында), шымкентше үйленбек болды («Потому что шымкентский» Ш.Орынбаев), отызға толып та («Замуж в тридцать», А.Бисембин), толмай да үйленеді («Супертой или замуж по-казахски» Ғ.Асылов). Бәрінің кейіпкерлері де тойға дайындалып жатады, не той жасайды, не тойға қонақ болады, әйтеуір нысана той маңындағы туысқандарымыздың әрекеті. Сонда қазақта үйленуден басқа проблема жоқ па дейміз ғой. Болмаса, қазақты тойдан басқа ештеңе қызықтыра алмай ма?
Бір кездері біз Қазақстанда шоу бизнес жоқ, той бизнес бар деп шулайтын едік. Енді қазақтың ойлы киносынан талғамсыз тойлы киноның топыры басым түсті ме деген үрей бар. Әрине, аталған фильмдердің бәрі нашар еді демейміз. Асқар Бисембин соңғы жылдары коммерциялық киноны, әсіресе мелодрамалық комедияларды меңгергенін мойындатты. Биыл жарыққа шыққан «Адель» мелодрамасы да, «Отызында үйлену» комедиялық мелодрамасы да кей бірқатарластары («Супертойлар» мен «Жетпіс екі сағат та үйлену») сияқты жүйкеңді аса жұқартпайды, тынығып отырып көріп шығуға жақсы. Қанағат Мұстафин әлі де өз қолтаңбасын таппаса да, қазақ киносының дәстүрлеріне құрметпен қарайтыны аңғарылады. Өзгелердің жұмыстарының көбі әуесқойлық, үйрену деңгейінде екенін айту парыз: мақсаты мен әсері жөнінен сықақ театрының бес минуттық скетчтарынан әрі аса алмайды. Ол түсінікті де. Өйткені, қазір киноға таласы бардың көбі тойдан келеді: той түсіріп, нан тауып, тойдың эстетикасынан өсіп шығады. Қаймақ алу үшін сүт керек. Сапа болу үшін сан керек. Бірақ тойдан басқаны көрмеген адам, киноға қалай таласа алады? Киноны кім түсіргені маңызды (Кристофер Нолан ба, Еркін Рақышев па), қалай түсіргені одан да маңызды (талантты ма, талантсыз ба). Бірақ не түсіргеніне қарап, жеке автор туралы ғана емес, әдетте қоғам жайлы да біраз нәрсе түюге болады. Өйткені, кино деген диагноз. Ол қай жерде тұрғанымызды көрсетеді және қайда баратынымызды анықтайды.
Сондықтан той тақырыбының сондай деңгейде сұраныста болғаны қоғам үшін де комплимент емес. Қазақ мәдениетінде тойдың орны бөлек екені рас. Той десе қубастың домалайтыны да рас. Бірақ одан осыншалықты культ жасауға болмайды ғой. Қазір той тойлап жүретін заман емес. Дамуға бет алған қоғамдарда тұлғалық өсу, білім алу, жетістікке жету культ болу керек. Өйткені табысты мемлекет табысты адамдардан құралады. Америка неге Америка дейсіз бе? «Қорғаушы» (реж. П.Ландесман, Нигериядан көшіп келсе де, ең мықты америкалық дәрігерлерінен асып түскен сот медициналық сарапшысы туралы), «Шпиондар көпірі» (реж. С.Спилберг, орыс шпионын қорғау үшін басын бәйгеге тігетін адвокат жайлы), «Гудзондағы таңғажайып» (реж. К.Иствуд, пассажирлерін аман алып қалған ұшқыш туралы), «Джобс» (реж. Д.Бойл, «Эпл» компаниясының негізін салушы С.Джобс туралы) сияқты фильмдерін қараңыз. Бәрі де өз ісіңнің шебері бол дейді. Өмір сүруге, кәсіпқой болуға, айналаңды жақсы жағына өзгертуге үндейді. Олардың алаяғының өзі жанкешті («Тапаншалы жігіттер», реж. Т.Филлипс). Осыдан келіп ұлттың сапасы шығады. Біздің Америка бола алмай жатқан себебіміз де сол сияқты. Біздің өмірлік мақсатымыз той жасаумен шектеледі. Одан жоғары аңсар жоқ. Ал аңсар болу керек. Адам өсуі керек. Кино соған септесуі керек. Марғауларды оятып, сергектерге қанат бітіру керек. Жә, тым ұзап кеткен сияқтымыз.
Ауылдан қалаға «қашу» мен қаладан ауылға «қашу»
Әрине, біз аз ұлтпыз, оны да есепке алу керек, бірақ қазақстандық коммерциялық кино ауылдан қалаға қашу мен қаладан ауылға қашудың ортасында жүргені өкінішті. Жоғарыда аталған және аталмаған бірсыпыра фильмдердің негізгі мотиві осы, қос әлемнің кереғарлығына құрылады. Ауылдан келген адам қалаға үйренісе алмайды, орысшаға тілі жетпей, елге күлкі болады. Қаладан ауылға келген адам қазақша сөйлей алмайды. Ауыл адамы аңғал, марғау, қарапайым, адал. Қалалықтар әбжіл, қу, ерке, өтірікші, бұзақы. Мұның бәрі бізде тұрақталып қалған стереотиптер. Кейде одан да шаршайсың.
Мысалы, «Гламұр для дур» — Асқар Ұзабаевтың «Жұлдызды коктейль» мен «Жолдың» арасында әрі-сәрі күйде жүргенін көрсетті. Жылтырақтан әлі де арыла алмайтын оның «партизандық кино» қозғалысына түбегейлі қосыла алмайтыны, бірақ коммерциялық киноға өзіндік талабы бар екені белгілі болды. Месседж тұрғысында бәрі дұрыс, «Гламұр для дур» біздің адамдардың өзгенің өміріне қол салғыш сұғанақтығын, жаппай сауатсыздығын, өзгені табалауға дайын тұратын тұрпайы мінездерін сынайды. Әлеуметтік желідегі негізсіз танымалдықтың иллюзия екендігі де уақтылы айтылып отыр. Қос кейіпкер арқылы қыз тағдырына көз салу да бар. Бірақ, фильмнің құрылымы арзан анекдоттардың ретсіз ауысуы сияқты әсер береді. Әрі орысша сөйлей алмайтын ауыл адамын әжуа қылу ешқандай тапқырлық емес. Ақбота Нұр Сейтмағамбет пен Әсел Ақбарованың мінез, болмысындағы қайшылықтар фильмді қызықты етіп тұр.
Қ.Мұстафиннің «Он алты қызы» да ауылдан қалаға келген бейбақ туралы. Бұл туынды Берік Айтжановты тосын амплуада көрсетуімен ғана есте қалды. Ол жасаған бейне ауыл адамдарын аңғал, таза қылып көрсеткенімен, бүгінгі күннің кейіпкерінен гөрі, советтік кинодан көшіп келгенге көбірек ұқсайды. Кейіпкерлер бастан өткеретін қызықты оқиғалар калейдоскопының көбі жасанды. Дәл осыны Ж.Момышевтің «Бизнес по казахски» комедиясы туралы да айтуға болады.
Фильмдердің енді бір парасы қала адамының ауылға баруы туралы. Бұл тұрғыда Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті А.Әбіловтің «Мезет» фильмінен сюжет құрудағы ізденіс байқалады. Сценарийде үш актілі классикалық жүйе сақталған. Алғашқы бөлім. Қаладағы өмір. Екінші бөлім. Ауылдағы өмір. Үшінші бөлім. Қаладағы өмірге оралу. Үш бөлімдегі бас кейіпкер үш түрлі. Басынан аяғына дейін біз оның қалай өзгергенін көреміз. Өсу, даму, динамика бар. Бірақ, қосалқы кейіпкерлер детальді түрде ойластырылмаған, стилистикасында бірізділік жоқ. Мысалы, оператор В.Багликовтың алғашқы он бес минутты шайқалып тұрған камерамен түсіргені ұнады. Өйткені ,Асқардың жан-дүниесі де шайқалып тұрған. Бірақ бәрі өзгере бастаған ауылдағы көріністердің бірінде (Асқар серванттағы мүсіншелерді қызықтап тұрған) сол әдістің қайталанып қолданылуы орынсыз. Фильмнің ең басты табысы — Нұржан Сәдібеков. Ол роль ойнап жүрген адамға ұқсамайды, құдды өзін сомдаған сияқты. Әрине, мұнда да фильмнен фильмге көшіп жүрген типтік бейнелер: ақымақ полицай, жұмыссыз қазақтар, кеңес киноларынан тіріліп келген дүкеншілер бар. Жаңалығы мен таптаурындығы кезектесе келетін «Мезет» ең жақсы жанрлық кино емес. Бірақ кедір-бұдырлықтарына қарамастан, жылы әсер қалдырады.
Нұртас Адамбай «Келінка Сабинасының» жалғасын ұсынды. Қаладан ауылға келіп өз тәртібін орнатқан тапқыр келіннің образы ұнамды болғанымен, карикатуралық мәнерде шешілген басқа кейіпкерлер (ене, ата, күйеу) керісінше әсер етеді. «Келінка екінің» негізгі кемшілігі — бұл бірінші фильмдегі әзілдерді, ситуацияларды қайталау ғана болып шықты. Және түптеп келгенде, мұныңыз әлі кино емес, скетчтердің жиынтығы ғана. Нұртас кәсіби телевизияшы болғанымен, кәсіби киногер емес екенін байқатып қойды. Бірақ, бұл фильмдердің шытырлатып касса жинайтын себебі, сұранысқа сай болып тұр. Бізде кино эстетикалық бірлік ретінде ешкімді қызықтырмайды. Мақсат кино көру емес. Мақсат, көңіл көтеру.
Қылмыстық жанр
Жылдың екінші жартысында Н.Адамбай тағы бір, тосындау жанрда фильм ұсынды. «Тараз» қылмыстық драмасының тақырыбы, мазмұны ескі, тоқсаныншы жылдары, қазір санасақ, отыз жыл бұрын түсірілуі керек «туынды» еді. Оның үстіне науқас ана, жетім бала, жетім шал, күшпен күйеуге берілген қыз — бақытсыз кейіпкерлердің букетін жинапты. Сормаңдайдың біреуі де бір киноға жетер еді, ал мұндағы тотальді дағдарыста кейіпкерлердің ешқайсысы толық ашылмай, бәрі эскиз күйінде қалған. Сюжеттік жүрістер сенімсіз. Мұның бәрі режиссердің тәжірибесіздігінен болса керек, өйткені, схема бар да, қисын жоқ. Экранда драма болып жатса, зал жырқ-жырқ күледі. Шыны керек, мұнда Е.Дайыровтың ойынынан басқа көз тоқтататын ештеңе жоқ.
Нұртас Адамбайдың «Таразының» ізін ала тағы бір қылмыстық драма, А.Сатаевтың «Районы» фильмін ерекше ықыласпен қарайсың. Көзің анық жетеді: бәрін де кәсібилік шешеді екен. Ең бастысы нені түсіру емес, қалай түсіру. Мәселе тіпті жанрда емес, стилистика мен қолтаңбада. Сценарист Т.Жақсылықовқа тән көше слэнгінің табиғилығы, «жігіттік» юморы тартымды. Режиссер Ақан Сатаевқа тән мәдениет пен жаңа актерлерді ашу қабілеті ұнамды. Сатаевтың тұрақты операторы Хасан Қыдырәлиев камерасының қисыны да түсінікті. Үш жыл қатарынан «Оскар» алған Эмануэль Любецкидің триумфынан кейін «Районы» фильмінде үзбей түсіретін операторлық жұмысты көргенде еш таңғалғанымыз жоқ. Жылпылай алғанда Сатаев тағы да дәлелдеді: сексенінші жылдың өзін көзің тоятындай етіп түсіргенде «тақырып ескірді» деп шала бүлінбейсің. Мойындау керек, әдебиетте де, кинода да ауыл, не ауылдан шыққан қазақтың тұрмыс-тіршілігі басты тақырып болады да тұрады. Қалада туып, қалада өскен адам көп зерттелмеді. Осы тұрғыдан қазақтың қаласындағы өмірдің нышандарын О.Сүлейменовтің поэмасына негізделген «Балконнан» көретін едік. А.Сатаев туындысы ондай терең оқиға болмаса да, сексенінші жылдардағы Алматының иісін береді. Фильмнің басты мотиві де сол өткен күнге деген ностальгия, бұрынғы Алматыны сағыну. Бірақ бұл картинаның одан гөрі биігірек көтеріліп, әлеуметтік мәселе туралы фильмге айнала алатын потенциалы бар еді. Еріксіз ойымызға талантты режиссер Э.Байғазиннің жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің түбіне үңілген «Үндестік сабақтары» («Уроки гармонии») фильмі оралады. Ең өкініштісі, Сатаевтың фильмі сол биікке көтеріле алмады, қолын қанға бояған бейбақ бала туралы ғана болды да қалды. Жалпылау жоқ, масштаб жоқ, ешқандай шешімге әкелмеген жеке адамның оқиғасы ғана бар. Ал «әр жаман адам, жақсы адамның қолынан қаза тапсын да, жақсы адам сол үшін түрме құшсын» деген Сатаевтың моралі бұл фильм үшін жеткіліксіз. Бір адамнан гөрі үлкен құбыжықты: әлімжеттікті, жүйені айыптау керек еді. Ал «Районы» тартымды баяндалған, бірақ ұсақ оқиға деңгейінде қалды. Өкінішті.
Халықаралық жобалар
Қазақстан нарығы тым кішкентай, сондықтан шұлық тігуші мен кино түсірушіге дейін кез келген өндірушінің өз шекарамыздан шықпай табыс табуы екіталай. Киноны бизнес деп қараған адам құрығанда көрші елдердің кинотеатрларына таралуды ойлау керек. Жыл соңында сондай ұмтылыстың алғашқы нышандары, жеке студияларда түсіріліп, халықаралық прокатын жариялаған қос туынды болды. Олар Г.Нұртастың «Тоқалы» мен А.Сатаевтың «Хакері». Әрине, ниет жақсы. Бірақ түсірген өнімдері де сол ниет деңгейінде болса еді. «Тоқал» фильміне келейік. «Алғашқы әсеріңізді айтыңыз» дегенде көрерменнің бәрі «бұл қазір маңызды тақырып, өмірде болып жатқан оқиға» дейді. Сосын жеке туынды жайлы емес, тоқал алушылық туралы айтып кетеді. Өйткені фильмнің жалғыз жеңісі, актуальді тақырыпты көтеруі. Бірақ кейіпкерін зерттеу жоқ, еркектің бәрі бірдей деген құрғақ айыптау ғана аңғарылады. Олар неге тоқалды болуға құмар? Мүмкін моногамия адам табиғатына жат шығар? Неге жас қыз біреудің көңілдесі болуға келіседі? Сіз қоясыз сұрақты. Сценаристер сұрақ қоймайды. Тіпті мұны сценарий деп атау қиянат, бір қайнауы ішіндегі, аса қисынды емес оқиғалар тізбегі ғана. Телеарналарымызда қаптаған отбасылық деректі драмалардың бірі сияқты. Ең қызығы, Гауһар Нұртас алдымен полигамия норма деп санайтын қазақ еркегінің танымын көрсетеді (әке, бала, күйеу бала), бірақ фильмнің соңына қарай кейіпкерлеріне өзінің әйелдік пікірін күштеп таңғысы келеді. Бұл зорлық, еш ізденіссіз айыптау көзге анық ұрып тұрады, сондықтан да қабылдай алмайсыз. «Тоқалды» Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия, т.б. бірнеше елде көрсетеміз деген жоспарлар айтылды (көрсетілген де шығар). Касса жинауына шын көңілден тілектеспіз (шынын айтқанда, касса жинайтын потенциалы төмен). Бірақ көркемдік құндылығы күмәнді «Тоқал» Г.Нұртастың киногер ретіндегі репутациясына қаншалықты жағымды әсер ететіні семіз сұрақ белгі.
Пікір тудырмайтын фильмдер болады. Жақсы емес. Жаман да емес. Мақтау да қиын. Даттау да қиын. Ақан Сатаевтың тұңғыш халықаралық жобасы «Хакер» дәл сондай туынды. Бұл Голливудқа шыққысы келетін режиссердің Голливудтық стандарттарға сай түсірілген, сюжеті қызықты ғана туындысы. Бірақ, оның шетелде абырой жинайтынына сену қиын. Өйткені Голливудтың көп киносының көшірмесі ғана, суреткерлікті айтпағанда (Иньяритту деңгейіндегі), өзіндік (тіпті Бекмәмбетов деңгейіндегі) үлес, қолтаңба жоқ. Ал Голливудқа өзінің бет-әлпеті жоқ режиссерлер қызық емес.
Идеологиялық кино
Кино — бизнеске айналды. Әрі кино түсіру жұлдыз болудың, жалтырақтың арасында жүрудің бір жолы. Сондықтан дәл қазір телевизиядан, КВН-нан, клиптен, тойдан ағылып жатқан режиссерлер легін ештеңемен тоқтата алмайсыз. Жанрлық киноны жоғары деңгейде түсіретін Сатаевтар мен Бисембиндер көбейіп, экранды түбегейлі тартып алмаса. Соның өзінде өз ақшасына кино түсірем, қыбын тауып кинотеатрдан көрсетем деген адамның қолын байлап қоя алмайсыз. Сондықтан коммерциялық киноның бізге керектігін ешкім талқыламайды.
Бірақ, мемлекеттің ақшасына түсірілетін идеологиялық киноның қажеттігі туралы көп тартыс бар. Біздіңше, бұл тартыс аталған фильмдердің сапасына байланысты туады. Мойындау керек, мемлекет болған жерде идеология болады, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Және мемлекеттің ақшасына түсірілген кино көрерменді елдік, ұлттық мақсаттарға жұмылдыруы тиіс. Әйтеуір бізде солай түсініледі. Ал ондай фильмдер халықтың көңілінен шығатын деңгейде түсіріліп жатса, ешкім де қыңқ демес еді.
Идеологиялық кинодан көркемдік жаңалықтар күтпейтініміз анық. Бірақ ол өте нашар деңгейде жасалуы керек деген сөз емес. Штамптар мен шаблондар шегінде де көрерменге ой түйінін тастай алатын туындылар болады. Әрине, көрермен идеологиялық киноны жақсы көруге міндетті емес. Бірақ киногерлердің міндеті оны жақсы көретіндей етіп түсіру ғой.
Осы биікке екінің бірі жетпей жататыны өкінішті. Мысалы, аттай қалап Ресейден Сергей Снежкинді алдырып түсірілген «Так сложились звезды» осыған дейінгі «Көшбасшы жолынан» асып түскен жоқ. Сонда да әйтеуір шапан жауып, медаль тағып, еліне қайтардық. Есесіне Елбасы туралы үш фильм түсірген Рүстем Әбдірәшев тарихи тақырыпқа бас қойып, қазақы рухани ортаның ерекше ықыласпен күткен жобасы «Алмас қылыштың» кинонұсқасын көрсетті.
«Алмас қылыш»
Туынды Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуі мен жеке хандық құру кезеңін қамтиды. Тақырыптың маңыздылығына күмән жоқ. Бірақ о бастан толықметражды фильмге арналып жазылмағандықтан, драматургиясында бүтіндік жоқ. Сценарий авторлары (С.Елубай, Т.Жақсылықов, Р.Әбдірәшев) алғашқы, сарай маңы эпизодтарда интрига тудыруға тырысқанымен, одан әрі фильм сол шиеленісті ұстап тұра алмады. Сериалға түсірілген үзік-жұлық материалды бір жүлгеге өру үшін кадр сыртындағы дауыстың, баяндаушының қажеттігі түсінікті. Бірақ, «Қайран, аңғал қазағым» деп күңіренген Асан аз болғандай, кадр сыртындағы екінші дауысты қосарлау не үшін керек болды? «Таза мінсіз асыл сөзден» бастап, Асан Қайғының бірталай өлеңін созбалатып оқу дәл осы фильмге неге керек болды? Түсініксіз. Мұның бәрі фильмді көркем туындыдан гөрі деректі шығармаға ұқсатып тұр. Кадр сыртындағы мәтінде де, актерлердің диалогтарында да артық сөз көп. Өкініштісі, әлі де сөз драмасынан шыға алмай келеміз, әрекеттен-ақ түсінікті дүниелерді кейіпкерлердің аузына салып жатамыз.
Кинодастанның негізгі идеясы, ешкімге бағынғысы келмеген, «әркімнің қолында қылыш боп ойнаған» батыр қазақтың рухын көрсету еді. Туындының өн бойында бірнеше шайқас сахнасы бар делік. Бірақ ылғи да қазақтар қоршауда қала береді. Соның бірінде ғана табан астында арбалардан қорған құрып, құндақтаулы сәбиімен садақ кезенген аналар, шауып бара жатқан атқа теріс отыратын мергендер, ойраттың қылышын қақ жаратын алмас қылыштар, жалпы қазақтың мобильді соғысып, шабуылға тойтарыс беру өнері орынды көрсетілген.
Бірақ техникалық тұрғыда, бұл бір компьютерлік графика ойлап табылмаған ықылымда түсірілген кино сияқты. Оншақты ойрат оншақты қазақпен соғысады да, кері қашады. Хандықтың негізін қалаймын деп көшіп жатқан жұрт та әрі кетсе жүзшақты адам. Масштаб жоқ. Жұпыны. Түмен-түмен адам жалдап, оларға көне киім тігіп беру қолдан келмейді, түсінікті. Бірақ «Трояны», не «Батыл жүректі» қарасаңызшы, бес адамды бес жүз мың әскер қып көбейтеді ғой. Біздің графистердің қолдан келері ойға сыймайтын түстерге бояу ғана. Көрермен соны байқамайды деп ойлай ма?
Сосын фильмнің түсірілу эстетикасында бірізділік жоқ. Алғашқы ұрыс сахнасында кесілген аяқ, шабылған қол, шашыраған қан сияқты натуралистік көріністер басым. Одан кейін бірнеше шайқасты көрдік. Мүлде басқа мәнерде. Неге? Режиссер о бастан «бір жағына шығып», қалай түсіргісі келетінін анықтауы керек еді ғой.
Фильмде бірнеше метафора бар. Бірақ оның кейбірі сәтті, көбі сәтсіз. Актерлердің ойынында театралдылық басым. Кейде ойлаймыз: мүмкін, «бұл қазақ киносының ерекшелігі, қазақ актерлерінің қолтаңбасы» деп «заңдастыра» салу керек шығар? Өйткені, осы театралдықтан құтылатын түріміз көрінбейді. Тіпті театрдың сахнасын көрмеген актерлеріміз сонымен ауырады. Қазтуған (Б.Тілеухан) сөйлей жөнелгенде Парламентте мәлімдеме жасап отыр екен деп қалдық. Мұрнының астымен сөйлейтін Рабия бегімнің (Қ.Мұхамеджанова) көзін аударып-төңкергенінің бәрі жасанды. Әр сөзін нығарлап сөйлейтін Керей (Қ.Кемалов), әр сөзінен кейін пауза керек деп санайтын Саид (Б. Әбділманов) екіұдай әсер қалдырады. Досхан Жолжақсыновтың Әбілқайыры, өзін өте әккі, ақылдымын деп ойлайтын, бірақ қартайып, әлі кеткен билеуші. Ниязбек Шайсұлтановтың Мұхаммеді тым эмоционалды, Мейірғат Амангелдиннің Қасымы нәзіктеу көрінгені рас. Есесіне Мәдина Есманованың Жаһанбикесі ұнамды, Арман Әсеновтің Қобыландысы есте қалады. Еркебұлан Дайыровтың үлкен актер болып өсіп келетіні қуантады.
Жалпы дала, сүреңсіз күз мезгілінде түсірілгені өкінішті. Жалпы костюмдер, әсіресе Қобыланды мен Өз Темірдің сауыты, жас сұлтандардың киімі ерекше көзге түседі. С.Құрманбеков пен Ө.Шманов бастаған топтың аянбай еңбек еткені көрініп тұр. Бірақ Өзбек хандығы солай аталады екен деп, Әбілқайырды тұқым-тұқиянымен көзін боятып, ала матасын оратып, қазіргі өзбектерге айналдырып жіберуге болмайтын шығар. Шайбани да Шыңғыстың ұрпағы емес пе еді. Ал Моғолстанды Ұйғырстан қылып шығарудың қай қисыны бар? Ол да қазақтың өз тайпалары, қалың үйсіннің қонысы еді ғой. Фильм логикасына сенсек, қазақтар өзбектен қашып, ұйғырдың қолтығына тығылыпты (астапыралла!). Неге Керей мен Жәнібек: «Шу да біздің өз жеріміз, атамекенге оралайық» демейді? Идеологиялық мақсатта түсірілген фильмнен айрықша көркемдік жаңалық күтпейміз, бірақ дәл осы идеологиядан ақсап жатқаны қиындау екен.
Түсіру тобындағы барша азаматтардың еңбегін бағалаймыз. Ешкім де қазақтың еңсесін түсіретін кино түсіреміз деген жоқ. Бәрі рухымызды көтереміз, намысымызды жанимыз деген шығар. Белгілі бір деңгейде бұл мақсатына жетуі де мүмкін. Қалай болғанда да патша көңілді көрерменнің өзі бағалағаны ләзім.
Кейіпкерсіз қаһармандық
«28 панфиловшы» ресейлік мамандардың, «Қазақфильмнің» қаржылық қатысымен түсірген туындысы. Фильм бір нәрсені дәлелдеді: Ресей халқы мен қазақ билігі кеңестік героизмді сағыныпты, және оны экраннан көру үшін рубльмен (не теңгемен) дауыс беруге дайын екен. Бұл Ресейдегі алғаш рет краудфандинг (қазақшалағанда асар, не жылу жию) жүйесімен түсірілген фильм.
А.Шальопа мен К.Дружининнің «Жиырма сегіз панфиловшысы» ұжымдық батырлықты көрсетуі тұрғысынан советтік киноның дәстүрлеріне адал. Бірақ бір жарым сағаттық фильмнен кейін бірде-бір кейіпкердің есімі есіңде қалмайды. Өйткені, ешбірі тұлғаланбаған, биографиялары жоқ. Мұндағы жалғыз оқиға шайқас. Шайқасқа дейін сарбаздардан тұтастық көрмейсіз: әрі кетсе «Жеті самурай» мен Отан, Атамекен туралы, өмір мен өлім жайлы ақылды әңгімелер айтады. Оның бәрі реалистік мәнерде түсірілген шайқас сахнасына кіріспе ретінде қаншалықты орынды, қаншалықты қисынды, біз білмейміз. Бірақ шайқаста соңғы демі қалғанша күресіп, тырнағы қимылдап тұрғанда шүріппені басып жатқан кілең ғажайып адамдар. Шетінен батыр. Қорқақтық жоқ, сатқындық жоқ, тек адал достық, қапысыз ерлік қана. Осындай қапысыз ерлік бүгінгі бейбітшілік үшін жанын берген аталарымызға тағзым ретіндегі әдемі ертегі болып елестейді. Бұл аңызбен таныс адамға, контекстіде, ол түсінікті болуы мүмкін. Ал шетелдің көрермені, мұндай драматургиялық негіздемесі осал «ерлікке» еш сенбейтіні анық. Әйтеуір «Сталинградқа» ұқсап жасанды бояулармен әуестенбегеніне шүкір. Актерлік ойын туралы айту қисынсыз, өйткені мұнда ойнайтын материал жоқ.
Қазір советтік мифтер өліп жатқан заман ғой. Мәскеу мұрағатынан қырық бірдің қарашасында қызыл астананы қорғаған сарбаздың саны жиырма сегіз болмапты, төрт жүзге жуық адам екен деген дәлел шықты. Ал осыған дейін батыр делініп келген жиырма сегіздің ішінде сатқындар да, тұтқынға түскендер де бар екен-мыс. Сөйтіп қоғам екіге жарылды. Бірі шындықты бар күйінде қабылдау керек деді. Екіншісі қасиетті аңыздан қолыңды тарт деп тулады. Бұл фильм, тарих деген өткен оқиға емес, сол өткен оқиғаға деген көзақарас екенін көрсетіп тұр. Фильм авторлары советтік мифтерді қорғағысы келеді. Екіншіден, фильмде кеңестік заман түсірілгенмен, идеология бүгінгі. СССР үшін ешкім де отқа жүгіріп жатқан жоқ, Сталин үшін деп ешкім пулеметтің аузын кеудесімен жаппайды. Орекеңдер туған жер үшін күреседі. Ал қазақтар, туысқан халық ретінде көмекке келген. «Керек болса, Қазақстанды да барып қорғаймыз» деп роталастар арқадан қағып қояды. Халықтар достығы деген дұрыс, әрине. Бірақ, бұл бізге тым қымбатқа түскен достық еді. Ал панфиловшыларға келсек, шындық қымбат па, миф қымбат па, әр адам өзі шешуі керек. Иә, Кристофер Нолан айтпақшы, «Ылғи да шындықты айту міндет емес. Кейде адамдар одан жақсырақ нәрсеге лайық». Бірақ үлкен өлшеммен алғанда шындықтың мифті жеңуге моральдық құқы бар. Біз Дубосеково түбінде Мәскеуді қорғаған жиырма сегіз емес, төрт жүз адам екенін мойындағаннан олардың ерлігі арзандап қалмайды. Қайта аты аталмаған үш жүз жетпіс екі боздақтың аруағының алдында қарыздан құтыламыз. Бұл жағдайда шындық деректерді ғана аздап түзетуі мүмкін, бірақ мазмұн сол қалпы, кеңес әскерінің ерлігін ешкім де жоққа шығармайды. Тарихын фабрикацияларсыз, бар қалпында қабылдап үйрену — ұлттың өскенінің белгісі. Осы тұрғыдан біз әлі ұтылып келеміз. Шындықтың алдында өтелмеген парызымыз барын естен шығарамыз.
Анаға апарар жол
Сол тұрғыдан алғанда шындыққа бір табан жақындау шыққан «Анаға апарар жол» жылдың ең айтулы премьерасы ретінде танылуы орынды. Бұған дейін жиырмасыншы ғасырдағы қазақ даласының күйі туралы «Аманай мен Заманай», «Жерұйық», «Жат», «Аманат», «Көшбасшы жолы» сияқты фильмдер болды, бірақ ғасыр тауқыметтерін неғұрлым толық сыйдыра білген отандық туындының бірі осы «Жол». Бас кейіпкерлер Ана мен Бала. Демек, Ана — Отан, Атамекен, туған жер. Бала — перзент, халық, қазақ. Анасына асыққан Ілияс арқылы туған жерге байланған қазақ туралы айтады. Екеуінің басындағы талайлы тағдыр қатар өріледі, параллель сипатталады. Сол арқылы бүтін бір дәуірдің портреті шығады.
Алтынай Нөгербекова, Ілиясты босанатын алғашқы көріністен баласын құшақтап отыра кететін соңғы көрінісіне дейін, ақылды көздерімен, жүзінен төгілген мейірімімен фильмді жылытып тұрды. Әділ Ахметовпен бірге экранымызға «жаным арымның садағасы» дейтін адамгершілік оралды. Оның бір ғана кемшілігі — кемшілігінің жоқтығы. Кеңес кезіндегі оқулықтардың бетінен түсе қалғандай. Қосалқы рольдердегі Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов, Еркебұлан Дайыровтар есте қаларлық образдар түзген сыңайлы.
Фильмде көбінесе салқын түстер пайдаланылады, сол заманның мінезіне сілтеме деп түсіндік. Қазақ жері де жайнап тұрған жасыл желек емес, ашаршылықты көрген, қуғын-сүргінді өткеріп жатқан құнарсыз, бақытсыз дала болып көрсетіледі. Тасты жарып шыққан гүл — фильмдегі ең басты образдың бірі. Бұл — Ілиястың, не оның шешесінің ғана сипаты емес. Бұл — бүкіл қазақ халқының сипаты. Дүние қандай қатыгез болса да, өмірді сүйген елдің сипаты.
Біз қазақ киносының тілі өте кинематографиялық деп мақтанамыз. Бірақ, бұл, кино лайым классикаға ұқсағысы келіп тұруы керек деген сөз емес. Мойындайық, өз-өзімізді ұмытып, бәріміз «кинематографиялық» киноның соңынан кетсек, қазақ көрермені Голливудтың жемтігі бола береді. Қазір бұқараның санасы үшін күрес жүріп жатыр. Зеңбірекке қарсы ақберенмен шығуға болмайды. Бұқаралық киноға қарсы авторлық киномен қарулана алмайсыз. Биік өнер, эстеттік кино- ол да керек, бірақ бұқара үшін «сторителлинг» немесе қарапайым сюжет баяндаушы фильмдер басымдықта болатынын жасыра алмаймыз. Ақан Сатаевтың бұл фильмі нағыз сол тұрпатты дүние.
Авторлық «партизандық» кино
Ал авторлық киноның орны бөлек. Өткен жыл «партизандық кино» қозғалысын жариялап, шындықты ғана түсіреміз, әділдікті айтамыз, әлеуметтік реализм бағытын ұстанамыз деген жас режиссерлердің Мәдениет министрлігімен ырғасқан жыл болды. Мойындау керек, олар дегеніне жетті. Жыл соңында біразы «Қазақфильмнен» қаржыландыру алды. Бірақ жыл бойы да тынығып отырған ешкім жоқ, кейбірі бірінші, кейбірі кезекті жұмысын ұсынып үлгерді. Мысалы, Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы обасы», Серік Әбішевтің «Алтыншы нөмірлі куәгері» мен Мұрат Махановтың «Сот орындаушысы» бір фильм сияқты әсер қалдырады. Көтерген тақырыптары ортақ, тіпті кейіпкерлері бірден-бірге көшіп жүргендей әсер береді, сәл ғана бояуы өзгеше болғанымен, бір атмосфера. Экранды жаулап алған жылтырақ, ойсыз, талғамсыз фильмдерден шаршаған адам үшін — жан демалысы. Әрқайсысы да бүгінгі күн туралы ашық, ащы, кейде тіпті ашулы кейіпте сөйлейді. Қай-қайсысында да билік өкілдерімен қақтығыс, тіпті айыптау бар.
«Қаратас ауылындағы обада» ол – обаны тұмау деп көлегейлейтін қоғам. «Ауруын жасырған өледі» деген қазақ мақалының бар салмағын сезесіз. Бұл фильмді Калачи ауылымен байланыстырғандар болды. Бірақ түптің түбінде картинаны қабылдау, адамның әлемді қабылдау деңгейіне байланысты. Бұл би билеп, ән айтып, қисалаңдаған есуастықта өзінің дерттерін көргісі келмейтін, той думаннан бас алмайтын, ақылсыз әншілерге жеңілген қазақстандық қоғам десеңіз де еркіңіз. Бұл есуастықта жарысқан бүкіл әлемнің моделі десеңіз де еркіңіз.
«Алтыншы нөмірлі куәгерде» ең тамашасы, бос кейіпкер жоқ, бәрін иіп әкеліп бір жүлгеге бағындыра алған. Алты-жеті кейіпкердің қайсысының да өмірбаяны, болмысы, олар арқылы қоғамның моральдық бейнесі ашылады. Және ең жақсы жағынан емес. Бәріне ақша керек. Баласы өлген алқашқа да, жағдайы жақсы ағаға да, інісін сүйреп жүрген учаскелік полицейге де, әйелін ұстап қала алмайтын адвокатқа да. Тек анасы науқас, өзі малай Ерболды ғана ақшадан басқа нәрселер де толғандыратын болып шығады. Мұнда да өткір айыптаулар кейіпкерлердің аузына салынады. «Міне, біздің жеткен жеріміз» дейді полицей, «Әр қазақтың сіңірі шыққан туысы бар, итаяқтағы ас үшін жұмыс істейді». «Сендер тартасыңдар, тәтелеріңді, інішектеріңді, соның кесірінен бізде ештеңе дамымайды» дейді Төлеген Байтүкеновтің кейіпкері. Әрине, қоғамдық жараны тырнап, публицистік тілмен кейіпкердің аузына салу көркемдіктің ең биік шыңы емес, бірақ конструктивті сынға зәру біздің қоғам үшін мұндай «дәрінің» артықтық етпейтіні анық.
«Сот орындаушысында» операторлық жұмыс есте қалды. Кей көріністерде көлеңкелермен ойнауы, жарықты қоюы қызықты. Мұнда да берекесі қашқан тіршілік: әйелін ұстай алмаған еркек, қызына мойын бұрмайтын әке, баласын өсірем деп жеңіл жүріске салынған әйел, өзіне жұмыс тапқан дағдарысты ұлықтайтын сот орындаушылары. Бәрі ашулы, тістеуге, жағаға жармаса кетуге дайын кейіпкерлер. Әйел: «Мен осының бәріне қызым үшін көнемін, сен кім үшін өмір сүріп жүрсің?» дейді. Режиссердің өмірге деген көзқарасы құрғақ айыптаудан тұрмайды, сол кетеуі кеткен тіршіліктің мәнін іздеуі жағымды әсер қалдырғанымен, актерлік ойында сәтті шешімін тапты дей алмайсыз. Жалпы, бұл фильмдерде актерлік ойын соншалықты маңызды емес. Авторлық позиция, қоғамдық құрылысқа қарсылық, және сол ұстанымға сәйкес атмосфера, бояуы маңызды.
Осы бағыттағы Эмир Байғазиннің «Жаралы періште» фильмі — бір тақырыппен біріктірілген бірнеше бөлімнен тұрады. Бұл оның есімін әлемдік кинонарықта танымал қылған «Үндестік сабақтарының» мағыналық, тақырыптық жалғасы. Атауы да, атмосферасы мен бояуы да фин суретшісі Хуго Симбергтің «Жаралы періштесіне» сілтеме. Мұнда бір ауылдың есейіп келе жатқан балаларының болмысы суреттеледі. Бірі әнші болып келе жатып қылмыстық жолға түседі, екіншісі әлеуметтік қиындыққа төзе алмай жолдан таяды, келесісі жетімдік зардабынан қашып, есірткіден қорған табады, тағы бірі өзінің жалғыз екенін біліп, ақшаның жолында кісі өлтіруден де тайынбайды. Олардың бәрі соншалықты қатыгез дүниеде өмір сүруге мәжбүр жаралы періштелер. Адамның бәрі өмір илеуіне түскен жаралы періштелер. Фильм «Үндестік сабақтары» сияқты, жалпы адамның есеюі, періште қалыптан күнәһар кейіпке түсу процесін зерделеу.
Бұл фильмдердің бәріне ортақ қасиет, әлеуметтік құбылыстарды зерттеу, саралау, суреткерлік бағалау бар. Бұлар неге қараңғылықты көрсетеді, ескі үйді, көңілсіз баланы, бақытсыз ананы неге төңіректейді деп ренжудің жөні жоқ. Өйткені бәріміз бір қоғамда өмір сүргенімізбен, шындықты әркім өзінше көреді. «Ура, Қазақстанмен!», «Аттан, қазақпен!» алысқа бара алмайтынымыз анық. Ал «партизандық кино» өкілдері альтернативті шындық ұсынады. Есесіне бұл жұмыстардан суреткерлік позиция ғана емес, жас режиссерлердің жаны көрінеді, шынайылық, өз ісіне адалдық еседі. Соның өзі біраз олжа емес пе.
Көріп отырғанымыздай, қазақ киносының қазіргі келбеті, бүкіл қазақ қоғамының келбетіндей ию-қию. Мемлекет өзіне ұнайтын киноға ақша бөледі, кейде өзіне ұнамайтын киноға да мүмкіндік береді. Ал кино арқылы табыс тапсам, танымал болсам, абырой жинасам дейтін жеке студиялар, кейде кино еместі кино деп түсіріп, өз бетімен дамып жатыр. Мейлі, біз әртүрлілік жағындамыз. Бірақ жалпы талғамды көтеретін дүниелердің зәрулігі өкінішті. Авторлық фильмдер кинотеатрларға жетпейді, жетпеуіне мұндай сипаттағы киноны көрсеткісі келмейтін билік өкілдері де, көргісі келмейтін көрермен де кінәлі шығар. Бірақ, көрермен көргісі келетін киноны деңгейлі түсіру камера ұстаған ағайынға да серт пе дейміз.




