Мәдениет

«Димаш сияқты таланттарды қазақтың ұлттық байлығы деп жариялау керек!»

Жас әнші Димаш Құдайберген Қытай Халық Республикасының орталық «Hunan TV» телеарнасы ұйымдастырған «Мен әншімін» («I am singer») байқауына қатысып жатқаны белгілі. Бірнеше күннен бері күллі қазақ ғаламторға үңіліп, тақымын қысып отыр. Жұрттың бәрінің аузында Димаш! Ал қытайлықтар сұмдық таңғалып жатыр. Ол туралы түсірілген әзілдің қаралымы 300 миллионға (!) жетіп қалды. Музыка мамандары тіпті «Тәңірінің назары түскен ұл…»,   «Димаш біздің әншілердің жай ғана караоке әншілері екенін көрсетті…» десіп жатыр.

Біздің әлеуметтік желілерде  де Димаш туралы айтылып жатқан пікірлерде есеп жоқ. «Ақтөбе» соның бірнешеуін оқырман назарына ұсынып отыр.

 Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,  ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

— Димаш Құдайбергеннің жарқ еткен жарығы біздегі және әлемдегі талай жұлдыздарды сөндірмесе де, көмескілендіріп тастады.

 

 

 

Ермұрат БАПИ, журналист:

Димаш сияқты таланттарды Қазақтың Ұлттық байлығы деп жариялау керек. (Бірақ ол категорияға Төреғалилар кіріп кетпеуі керек). Оны ұлттық құндылық ретінде толық мемлекеттік қамқорлыққа (бәлкім, тұрақты грант негізінде) алу қажет. Осындай ұлттық қамқорлық жүйесін Димаштан бастауға Ақорда қалай қарайды?

 

 

Ғалым БОҚАШ, шығыстанушы-журналист:

 Димаш туралы

Контратенор. Мінсіз фальцеті альтиномен шектесіп жатыр. Төменді тұнық алады, жоғарыны ашық шырқайды. Шырылдамайды, шыңғырмайды. Әдемі әуезді әнші. Түрі келісті жігіт. Сахнаны сезуі, залмен байланысы ғаламат әртіс. Шіркін, бір көзі ашық продюсер пайда болып, runs & riffs техникасын жетілдіре түсіріп, АҚШ-тағы немесе Ұлыбританиядағы додаға салар ма еді. Шын мәнінде бір-ақ түнде дүниежүзіне танылар еді. Әйтпесе Қытай деген халық саны ғана көп демесеңіз, мандарин деген тілі мен Байду деген желісі Қытай қорғаны құсап тас бітеп қоршап жатқан жабық мәдени кеңістік қой. Жас әншіміздің жолы ашық, маңдайы жарық, жұлдызы биік болсын!

 Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы:

— Орақ Әлиев деген қазақта философ-экономист бар. Экономиканың теоретигі. Сол кісінің өсім мен даму ұғымдарын ажыратқан теориясы Ресейдің ғалымарын жөнге салды. Олар Орақтан өсім үшін сан қуып, жыламай-сықтамауды үйрене бастады. Бұны экономистер ғана біледі. Бірақ оның айтуынша «өсім» — биологиялық термин, ал «даму» — философиялық термин.
Бұл қағида бойынша: өсім — сан да, даму — сапа, сан жағынан құлдыраған жерде де даму болуы мүмкін дейді ғұлама. Яғни өсуді ғана көксеп жерде отыра қалып тізені құшып жыламай, дамудың барына көз жеткізе білу керек көрінеді.
Эстрада да өсім бар еді, енді дамуға қол жетті. «Ұлытау», «МузАрт», «Жігіттер», Төреғали, Қайрат, Қанат-Света, т.т. өсімнің өкілдері болып қалды. Ал дамудың өскіні тебіндеп Димаш болып шыға келгенде, планканың шарықтап кеткенін байқамай қалдық. Бағаның көрсеткіші байқатпай өседі. Кері кетуден соң қияндап шарықтау келеді…

Пікірлер авторлардың фейсбуктегі парақшаларынан алынды.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button