«Алмас қылыш» фильмі көрермендер көңілінен шықты

Тәуелсіздік тәлімінің салиқалы сабағы
5 қаңтардан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрерменге «Алмас қылыш» фильмінің көрсетілімі жол тартқаны белгілі. Алғашқы күннен бастап-ақ фильмді көруге асыққан жұртшылықтың қатары көп болды.
«Алмас қылыш» фильмі көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісі бойынша түсірілген. Сценарийін жазған — жазушы Смағұл Елубай. Көркем фильмнің режиссері — Рүстем Әбдіраш.
Фильм XV ғасырдың орта тұсынан сыр шертеді. Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Керей мен Жәнібектің Жетісуда өз ұлыстарын құрған сәтін бейнелейді.
Фильм режиссері Рүстем Әбдіраш баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында:
— Біз жобаны отандық тарихтың хрестоматиялық оқулықтарына жақынырақ негізде жасауға тырыстық. Әрине, әр тарихшының өз көзқарасы бар. Олар «мына жері былай емес не ана жерінде қателік бар» деген сияқты өз ойларын айтуы мүмкін. Бірақ, бұл деректі фильм емес, көркем фильм дегім келеді. Жобаға белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романын лейтмотив етіп алдық. Дегенмен тұтас кітаптағыдай етіп жасаған жоқпыз. Өйткені, білесіздер, «Алмас қылыш» кеңес заманы тұсында жазылған кітап. Ол кезде тарихи деректердің барлығы бірдей айтыла бермегендігі мәлім. Біз сол себепті жаңа тарихи деректерді де пайдаландық, — деді.
Фильмнің түпнұсқасы толығымен қазақ тілінде өрбиді, арасында жоңғар тілін және солтүстік моңғол диалектісі де бар. Кинотетрларда орыс тілді нұсқасы да көрсетілуде. «Бізде материалдың үлкен қоры жинақталды. Сондықтан фильмнің жалғасы міндетті түрде болады», — дейді Р.Әбдіраш.
Тарихи жобаның авторы — Нұрсұлтан Назарбаев. Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен түсірілген.
Фильмнің сценарийін жазған Смағұл Елубай:
— Сценарий жазған кезде Берекет Кәрібаевтың еңбектерін оқып, пайдаландым. «Қазақ хандығы» кітабының үлкен пайдасы тиді. Жалпы, «Алмас қылыш» фильмі ұлы тарихқа кіріспе деуге болады. Біз бұл жерде Қасым ханның отыз жылдық соғысына дайындық жасадық. Қасым мен Бұрындықтың арасындағы жағдай, Қасымның Сығанақты алуы, бұларды құрту үшін Әбілқайырдың аттануы секілді тарихтың бәрі алда. Біз соны арман етіп отырмыз, — деді «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
Ауқымды жобаға жалпы алғанда 500-ден астам адам қатысып, 100-ден аса актер тартылған. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында жүргізілген. Тың актерлерге таңдау жасалған. Атап айтсақ, басты рөл — Керей ханды сомдаған Қайрат Кемалов, Қасым сұлтан — Мейірғат Амангелдин, Шаһмұхамед — Ниязбек Шайсұлтанов, Жаһанбике — Мәдина Есманова, т.б.
«Алмас қылыш» фильмі Ақтөбе қаласындағы ««Локомотив» кинотеатры мен «Мега Ақтөбе» сауда кешеніндегі «Кинопарк» орталығында көрсетілуде. Осы орайда «Кинопарк» орталығында болып, Ақтөбе жұртшылығының бұл фильмнен алған әсерін білген едік.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры:
— Тамыры терең тарихымыз бейнеленген туындыға көп тер төгілгені көрініп тұр. Фильмде Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп, өз ұлыстарын құру жолындағы кескілескен күресі иісі қазақты елең еткізбей қоймайды. Жазықсыз төгілген қан, қайғыдан аққан жас. Тарих жылнамасындағы осындай қиын жылдардан кейін ақыры қазақ жұрты Керей ханды ақ киізге отырғызып, хан сайлайды. Сөйтіп, бүгінгі тарихымыздың бастауы — Қазақ хандығы құрылады. Фильм ұнады. Бір қуанғаным, әсіресе, жастар жағы залда толып отыр. Айта кетерлігі, кинофильм облыс аудандарында да көрсетілсе, ондағы жастар да тамашалай алар еді. Себебі бұл туындының кейінгі ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор.
Марат ҚОЙЛЫБАЕВ, Ауған соғысының ардагері, «Ер бақыт» спорттық патриоттық клубының төрағасы:
— Қазақ хандығының 550 жылдығы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды. Жастарымыз ең алдымен Мәңгілік Ел тарихын, түп тамырын білуі керек. Олар осындай көркем туынды арқылы Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың бейнесін көріп, бір рухтанғандай әсерге бөленеді. Қазтуған жыраудың жырлары Бекболат Тілеуханның орындауында ұтымды берілді. Бұрындық пен Қасымның көркем бейнелерін жастарға танытты.
Жақсы дүниені жақсы деп санау керек. Фильмнен ерекше әсер алып шықтым. Еліміздің аңсаған Тәуелсіздігі жастардың қолында. Сондықтан жігерлі де намысты жастарымыз көп болсын!
ЖАСТАР НЕ ДЕЙДІ?
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ:
— «Алмас қылыш» фильмін асыға күттім. Көңілімнен шықты. Киноның соңында көзіне жас алып шыққан бір емес, бірнеше нәзік жандылар да болды. Аяныштан емес, мақтаныштан кеудені қуаныш кернегені соншалық, менің де көңілім босап кеткен еді. Тіпті адамға жігер беріп, рухтандыратын туынды десем де болатын секілді. Аяқталысымен қол шапалақтап, ризашылығын білдірген көрермендер дән риза болып шықты. Әлеуметтік желілерде кемшілігін көрсетіп жатқандар да жоқ емес, ол — дұрыс қадам. Көш жүре түзелетінін олар да біледі. Бастысы, қазақ киносының жаңа деңгейге көтерілуіне сеп боларлықтай пікірлер айтылғаны жөн деп ойлаймын. Біз әлі әлемді мойындатамыз!
Әлия ДАБЫЛОВА:
— Бұл фильм адамды ерекше рухқа жетелейді. Картинадағы сұлтандардың «Алаш» деп ұрандаған бейнесі ұзаққа жадымда сақталады деп ойлаймын. Әр қазақтың баласы өз тарихын осындай фильмдер арқылы біледі. Ең бастысы, өзіміздің елдің актерлары сомдап шыққаны қуантады. Қазақ тарихында ел қорғаған батыр, жаужүрек аруларымыз көп болған. Солардың ізін жалғастырған қазақтың батыр қызы Жаһанбике бейнесі «Алмас қылышта» ерекше танылады. Сондай-ақ кинода қазақ қыздарының қару асынып, қалмақтарға соққы берудегі ерліктеріне тәнті болдым. Кино соңы Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлауымен аяқталды. Осындай намысты ата-бабаларымыз болғанына мақтанамын.
Нұрбол КӘМЕНОВ:
— Бұған дейін «Көшпенділер» мен «Жау жүрек мың бала» фильмдерін көрдім. Осындай тарихи фильмдер көп болуы керек. Фильм арқылы Тәуелсіздік деген тәтті сыйдың оңай келмеген ұғынасың. Қазақ халқы қандай болғанын, тарихымызды насихаттайтын мұндай кинолардың мағынасы терең. Мемлекет құру, ұлт болу жолындағы жанқиярлық күрес жайлы тарихи фильм ретінде көптеген көрерменге ой салары анық.
Тамыры терең тарихымыз бейнеленген бұл фильм жұртшылықтың ұлттық рухын көтеруде. Туындыда «Мәңгілік Ел» идеясы негізге алынып, оның тәрбиелік орны мен рухани мәні көрсетілген. Ата-бабамыздың сол кездегі асқақ арманы бүгінгі өркен жайған тәуелсіз мемлекетімізде Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында жүзеге асырылуда. «Мәңгілік Ел» — өскелең ұрпақты тәуелсіздікті қорғауға, мемлекетті нығайтуға үндейтін идея.
Фильм соңында айтылған: «Бабаңның қаны, анаңның жасы төгілген қасиетті атамекен — қазақ жері енді сендерге аманат» деген Асан қайғы сөзінің жастарға артар жүгі мол.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.




