Шағын жинақты мектеп: бүгіні мен болашағы

Шағын жинақты мектептердің жағдайы — білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Әдетте мұндай мектептердің материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Өркениет игіліктерінен шет қалған. Арнайы пәндік кабинеттер жеткіліксіз. Кадр тапшы. Оқушы саны аз болғандықтан да бір оқу кабинетінде екі, үш, тіпті төрт сыныптың балалары топтасып оқуға мәжбүр. Бұл, әсіресе, бастауыш мектептерге тән мәселе. Мұндай мектептердегі білім сапасының қандай болмағы айтпаса да түсінікті. Сонда бұл мектептер жаңартылған білім беру мазмұнына — 12 жылдық білім беру жүйесіне қалай көшеді? Өйткені биылғы оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінің 1-сыныптарына енгізілген 12 жылдық білім беру жүйесі — әлемдік тәжірибенің озық үлгісі. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі енгізілетін мектептердің кадрлардың сапалық құрамы жоғары деңгейде, материалдық-техникалық базасы мықты болуы тиіс.
Ең қиыны сол, біздің облыстағы мектептердің тең жартысы — шағын жинақты мектеп: 227 мектеп бар. Оның біреуі Ақтөбе қаласында орналасқан, қалғаны ауыл мектептері. Облыстағы ағаштан, қамыстан, саманнан салынған 65 мектептің де көпшілігі шағын жинақты мектептердің үлесіне тиесілі. Сондай-ақ, әлі күнге дейін пешпен жылытылатын 41 мектептің дені де осындай мектептер. Облыс әкімі облыстық білім басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, құрылыс материалдары талапқа сай келмейтін мектептердің мәселесін шешуді, от жағып, күл шығаратын мектептерді жоюды нықтап тапсырған болатын. Сонымен бірге, оқушы саны өте аз мектептерді оңтайландырып, ондағы балаларды орталықтардағы мектептерге ауыстырып, қатынап оқитын балалар үшін интернат салуды міндеттеген-ді. Біз құзырлы мекемеден өңір басшысының тапсырмаларының орындалу барысын білген едік.
Үш жылдық жоспар: 11 мектеп жабылады, 13 мектеп мәртебесін өзгертеді
Қаңтардың 1-і күнгі дерек бойынша өңірдегі 227 шағын жинақты мектептің 42-сі — бастауыш, 73-і — негізгі және 112-сі — орта мектеп. Жалпы шағын жинақты мектептерде 15 мың бала білім алады. Оларға 4800 педагог сабақ береді.
Өткен оқу жылында облыстық білім басқармасының мамандары облыстағы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын зерттепті. Қорытындысында, ағаштан, қамыстан, саманнан салынған 65 мектептің бар екені анықталды. Білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін үш жылдық жоспар бекітілген.
Шағын жинақты мектептерді оңтайландыру жоспарына сәйкес, жаңа оқу жылының басында 7 мектеп жабылған. Сондай-ақ, 11 мектеп мәртебесін өзгертіп, қайта құрылды.
— Шағын жинақты мектептердің мәселесін шешу үшін мұндай мектептердің бірқатарына оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Үш жылда кезең-кезеңмен 11 бастауыш мектепті жабу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, үш жылдық жоспар бойынша 13 негізгі мектеп мәртебесін өзгертіп, бастауыш мектеп болып қайта құрылады. Бұл мектептердің 8-і ағаштан, 3-еуі саманнан, 2-еуі қамыстан салынған мектептер, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова.
Жабу жоспарланған 11 мектеп қай мектептер? Бұл туралы С.Өмірбекова былай дейді:
— 2017-2020 жылдары аралығында Қарғалы ауданындағы Мамыт, Кемпірсай, Алға ауданындағы Ерназар, Ойыл ауданындағы Құбасай, Байғанин ауданындағы Көптоғай, Ноғайты, Сәкен Сейфуллин атындағы бастауыш мектептер, Мұғалжар ауданындағы Сабындыкөл, Қобда ауданындағы Жарық, Роповка бастауыш мектептері, Мәртөк ауданындағы Чайда мектебі жабылады. Бұл мектептер сапасыз құрылыс материалдарынан салынған әрі пешпен жылытылады.
2017-2018 оқу жылында жоспар бойынша жалпы 12 мектеп жабылады және мәртебесін өзгертіп, қайта құрылады. Мысалы, Мәртөк ауданындағы 8 бастауыш мектептің үшеуін биыл жабу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Мұғалжар ауданындағы №52 бастауыш мектебі жабылады.
Бұл мектептерді жабудың басты себебі — бала саны талапқа сәйкес келмейді.
Үкіметтің қаулысына сәйкес, бастауыш мектепте 5 баладан, негізгі мектепте 41 баладан, орта мектепте 180 баладан кем болмауы тиіс. Дегенмен, қаулыда баланың өмір қауіпсіздігін сақтау үшін мемлекетаралық шекара маңында, өзен, көл бойында орналасқан ауылдар мен теміржолы бар елді мекендерде бұл талаптың орындалуы міндетті еместігі көрсетілген.
— Ауыл тұрғындары мектептердің жабылғанын қаламайды. Өйткені мектеп — ауылдың тірегі. Биылғы оқу жылында Алға ауданындағы Ерназар бастауыш мектебін жабу жоспарланған-ды. Дегенмен, ауыл тұрғындары наразылық білдіріп, мектепті жаппау туралы өтініш жазды. Сол себепті аудандық әкімдік мектепті сақтап қалды, — дейді басқарма басшысы.
11 интернат ашылады
С.Өмірбекованың айтуынша, білім сапасын көтеру, шағын жинақты мектептердің санын азайту мақсатында аудан орталықтарында және ауылдардағы үлкен мектептердің жанынан интернаттар салу жоспарланып отыр. Қазір облыста 29 интернат бар. Жоспар бойынша, үш жылда 11 интернат ашылады.
— Биыл Алға қаласында 100 орындық интернатымен бірге 600 орындық мектептің құрылысы басталады. Құрылыс жұмыстары үшін қаржы бөлінді. Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында 150 орындық интернат салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Байғанин, Ырғыз, Хромтау, Қобда, Мұғалжар, Мәртөк, Темір аудандарында да интернаттар салынатын болады, — дейді С.Өмірбекова.
От жағып, күл шығаратын 41 мектептің мәселесі қалай шешіледі?
Қазір облыста пешпен жылытылатын 41 мектеп бар.
— Былтыр от жағып, күл шығаратын мектептердің саны тіптен көп болды. Өткен жылы пешпен жылытылатын 24 мектептің мәселесін шештік. Нақтырақ айтқанда, 6 мектеп жабылды. 8 мектеп электр қуатымен жылытылатын болды. 10 мектептің жылу жүйесін автономды жүйеге көшірдік. Сөйтіп, 41 мектеп қалды. Бұл мектептердің де мәселесі үш жылда шешіледі. Мұның 10-ы жабылады. 24 мектептің жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Қалған 7 мектептің орнына жаңа мектеп салынады. Сөйтіп, от жағып, күл шығаратын мектептердің мәселесін толықтай шешетін боламыз, — дейді Сәуле Өмірбекова.
Апатты жағдайдағы 4, үш ауысымда оқытатын 16 мектеп бар
Облыста оқу процесін үш ауысымда өткізетін 16 мектеп бар. Апатты мектептердің саны — 4.
— Үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында биыл 4 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл нысандардың құрылысы былтыр басталған болатын. Сондай-ақ, Ұлттық қордың қаржыландыруымен 10 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл да осы үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында қолға алынады. Сөйтіп, бұл құрылыстардың арқасында Алға қаласындағы №3 мектептің, Хромтау ауданындағы Дөң мектебінің, Мәртөк ауданындағы Хлебодар, Қобда ауданындағы Қобда орта мектептерінің және Ақтөбе қаласындағы №5, №15, №29, №41, №45, №49, №51, №56 мектептердің мәселесі шешіледі, — дейді басқарма басшысы.
Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында жаңа құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Өйткені бұл ауданда бала саны көп. Аталған шағын ауданда биыл республикалық бюджеттің есебінен сыйымдылығы 600 және 300 орындық екі мектеп ашылады. Бұл мектептер пайдалануға берілгенде үш ауысымда оқытатын №23 мектептің мәселесі шешіледі. Сонымен қатар Бауырластар-2 және Кеңес Нокин елді мекенінде жаңа мектеп салынып жатыр. Бұл жаңа нысандар пайдалануға берілгенде Сазды және Благодар мектептерінің мәселесі шешіледі.
Сәуле Өмірбекованың айтуынша, Байғанин ауданындағы №3 Қарауылкелді мектебі мен Ырғыз ауданындағы гимназия да үш ауысымда білім береді. Бұл мектептердің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Апатты жағдайдағы екі мектептің құрылысы биыл басталады. Екеуінің жобалық- сметалық құжаттары әзірленуде.
Облыс бойынша биыл жалпы 20 мектеп бюджет қаражаты есебінен салынады. Сонымен қатар Шалқар ауданында бір мектеп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой тіктейді. Сонымен бірге 23 мектептің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
P.S.
Облыстық білім басқармасының қызметкерінің айтуынша, 4 сыныптың баласы бір кабинетте оқитын мектептер де бар. Бұлар негізінен бастауыш мектептер. Сол төрт-ақ түйір бала үшін мектепті сақтап қалып отырған аудандар да бар. Олар, сөйтіп, тұтас бір ауылды, ондағы берекені сақтап қалып отыр.
Мәселенің қайсысы маңыздырақ: ұлттың ұйытқысы ауылды сақтау ма әлде білім сапасы ма?
- P.S. Облыстық білім басқармасының қызметкері: «Шағын жинақты мектептердің бәрінде бірдей білім сапасы төмен деп айтуға болмайды. Өйткені ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ең төменгі және ең жоғары көрсеткішке ие болған екі мектептің екеуі де шағын жинақты мектеп. Бірінің орта балы 42 болса, екіншісінің көрсеткіші — 111,5 балл. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу — білім сапасының көрсеткіші», — дейді.
Сіз не дейсіз?
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.




