ЖастарЖаңалықтар

Инновациялық материалдардың игіліктері мол

 Қазақстанда жасалған

Ақтөбелік жас кәсіпкер Қуаныш Айғожин құрылысқа қажетті заттарды шығарумен айналысады. Ол басшылық ететін компанияның ерекшелігі сол, мұнда тек қана экологиялық жағынан таза, қоршаған ортаға зияны жоқ материалдар өндіріледі екен. Оның сөзінше, аталған бұйымдардың Қазақстан түгілі, ТМД елдерінде баламасы жоқ.

«Тыңнан түрен салып», жаңа істі бастауына Нұрхан досының септігі айрықша болғанын, идеяның авторы сол екенін айтқан Қуаныш әңгіме тиегін былай деп ағытты:

— 2014 жылдың мамыр айында Нұрхан екеуміз ортақ ісімізді бастаймыз деп шештік. Біреудің қарамағында қашанғы жүре береміз? Өз-өзімізге еңбек етсек, бұдан да жақсы өмір сүреміз деп ойладық. Сөйтіп, оның бастамасымен елімізде кенже қалған, тіпті өндірілмейтін құрылыс материалдарын шығару ісіне бет бұрдық. Бізде түрлі заттардың көптеген түрі шығарылатыны сөзсіз. Бірақ, экологиялық жағынан таза, адамдардың денсаулығына мүлде кері әсерін тигізбейтін құрылыс өнімдерінің жоқтығына ешкім дау тудыра қоймас.

Үлкен іске кіріспестен бұрын Мәскеуге аттанып, сондағы білікті мамандардың семинар-тренингтеріне қатыстық, солардан ақыл-кеңес алдық. Түрлі курстарға жазылдық. Соның барлығының оңды әсері тиген болуы керек, Ақтөбеге келе сала бизнесімізді бірден бастап кеттік. Әрине, бәрі біз жоспарлағандай бола қойған  жоқ. Бірталай қиындықтарға кезіктік. Көп ұзамай досым серіктестік басшылығын толықтай маған сеніп тапсырып, өзі басқа жобаларға ден қойды.

2015 жылға тұспа-тұс келген қаржылай қиындықтардың салқыны, атап айтқанда, төл теңгеміздің нарықтағы құнының төмендеуі жаңа істі бастағандарды да айналып өтпейді. Алғашқы қарқыны мықты болған Қуаныштың «командасының» сол уақытта өндіретін заттар көлемі күрт кеміп, жан-жақтан түсетін тапсырыстар азаяды. Әйтсе де, бизнесінің болашағы зор екеніне іштей сенген іскер жігіт бұл тығырықтан да  жол тауып, мемлекеттің көмегіне жүгінеді. Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қайтарымды субсидияға қол жеткізеді.

— Оның өзі бірден бола қойған жоқ. Әуелі «Даму» қорының облыстағы өкілдігінің ғимаратына барып, сондағы мамандарға жолықтым. Жас кәсіпкерлерге нендей көмек көрсететінін білдім. Кейін солар ұйымдастырған барлық шаралардың, соның ішінде шеберлік сыныптарының, семинарлардың тұрақты қатысушысына айналдым. Сол арқылы бұл саладағы таным-түсінігімді арттырдым. Тіпті «Дамудың» Астанадағы басқосуының тыңдаушысы болғаным бар. Көп ұзамай өзімнің бизнес-жоспарымды жазып, оны жауапты тұлғалардың алдында ойдағыдай қорғап, 2015 жылдың соңында мемлекеттен субсидия алдым.

17 миллион теңгені 4 жылға қарызға алу оңай емес, әлбетте. Басында бойымда әлдебір үрей де болды, бірақ сол кезде барлығын тынбай еңбек етіп, еңсеретінімді ғана ойладым. «Көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, адам шынымен қаласа, мүмкін емес ештеңе жоқ екен, — деген әңгімелесушіміз қаражаттың көп бөлігін Қытай Халық Республикасынан қондырғылар сатып алуға жұмсағанын атап өтті.

Облыста 50 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Онда 115 мың ақтөбелік қызмет етеді.

Ресейден басқа, Еуропа елдерінде де тәжірибе алмасып қайтқанын сөз арасында келтірген Қуаныш бүгінде соның арқасында өзі жетекшілік ететін компанияның өндіретін заттарының көлемі ұлғайғанын қосты. Құрылысқа қажетті өнімнің 60 түрін шығаруға шама-шарқы жететін «Казизол» ЖШС қазіргі күні нарықтың сұранысына қарай он материалды ғана ұсынады. Олар — іргетас, төбе, қабырға, тіпті бассейнге арналған гидрооқшаулағыш заттар. Жалпақ тілмен айтқанда, кез келген нәрсені су мен суықтан қорғайтын, жарықшағын қалдырмай тұтас бітейтін қою сұйықтық. Бұл арнаулы материал төңірегінде кейіпкеріміздің өзі кеңірек баяндап берсін.

— Әдетте сіз сияқты бірден түсінбей, қайта сұрайтындар көп. Бізде көпшілік үй салғанда негізінен Кеңес дәуіріндегі, әлдеқашан ескірген әдістерді қолай көреді. Мысалы, үйдің іргетасына қарамай (смола) құятындар әлі де аз емес. Оның орнына оннан астам табиғи  өнімдердің қосындысынан жасалған қою сұйықтықты —  гидрооқшаулағыш затты пайдалануға болады ғой. Неге десеңіз, оның құны сәл қымбат болуы мүмкін, бірақ ұзақ жылдарға дейін сізге қызмет етеді. Мысалы, біз өз өнімдерімізге 10-15 жылға дейін кепілдік береміз. Оның үстіне, бұл — инновациялық құрылыс материалы. Мұндай заттар елімізді айтпағанда, ТМД-ға қарасты мемлекеттерде де шығарылмайды. Бір қынжылтатыны, жаңашылдықтан қорқатындар, жаңа ғасыр бұйымдарын қолдануға сескенетіндер азаймай отыр. Ал бұл арқылы олар оның қызығын ұзақ көретінін, онымен «жұмыс» та аз уақытты алатынын біле бермейді, — деп сыр ақтарады ол.

27 жастағы кәсіпкердің серіктестігі, сондай-ақ, жабындылардың, сылаққа және тегістеуге керекті материалдардың түр-түрін шығарады. 6 адамды жұмыспен қамтып отырған Қуаныш өнімдеріне, әсіресе, Ресейдің Орынбор мен Қазан қалаларынан, Қырғызстанның астанасы — Бішкектен тапсырыстардың көптеп түсетінін тілге тиек етті. Шикізатты Еуропадан тасымалдайтын одан күн суытқалы бері сатып алушылардың азайғанын білдік. Себеп — аталған инновациялық материалдарды күн райы -5 градустан жоғары болмаған кезде ғана қолдануға рұқсат етілген көрінеді, тиісінше қыс мезгілінде тапсырыстар аз. Кез келген сұрағымызға мүдірмей, демде жауап беріп,  қай жағынан да ширақ екенін танытқан жігіттен бұл дәрежеге қалай жеткенін білгіміз келгені бар.

— Бұған уақыттың өзі бейімдеді. Көре-көре осындай болады екенсің. Әйтпесе, мені ешкім кәсіпкерлік негіздеріне, бұның қыр-сырына үйреткен жоқ. Шыны керек, кезінде жөн сілтеп, бағыт-бағдар берер ешкім болмады. Қателесіп барып, әр істен сабақ алып, бүгінгі белесіме жеттім. Бұл, бір жағынан, дұрыс па деп ойлаймын. Түбінде ешкімге тәуелді болмайсың, — деп ой бөліседі компания директоры.

Әңгіме арасында осы саланың түйткілдеріне де тоқталған Қуаныш Айғожин кейбір елдерде ісін енді бастаған жас кәсіпкерлерді салықтан үш жылға дейін босататынын, сол ғайыптан бізде де енгізілсе, өзі секілді іскер жастардың көбейетіні талассыз екенін білдірді. Сонымен бірге, ол бизнесте жүргендердің көп уақыты мемлекеттік органдарда құжат толтырумен өтетінін, мүмкіндігінше ол электрондық түрге көшірілсе, қуанатындардың қатары көп болатынын айтпай қалмады.

— Қай жерде болсын, бизнесті бастауға ынтасы бар қыз-жігіттер баршылық. Бірақ, белді бекем буып, тәуекелге баратындар соншалықты көп емес. Жалпы, Ақтөбеде кәсіпкерлікке бет бұрған өзім секілді жастар саусақпен санарлық деп айта аламын. Бұл да болса, жастардың жасқаншақ екенін, оларды демеп жіберетін үлкендердің аздығын байқатса керек, — деп түйіндеді сөзін ол.

«Біз — жетекші орындамыз!»

Әліби САБЫР,

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас менеджері: 

 — Өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша біздің облыс республикада жетекші орынға шықты. Жылдың басынан «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша барлығы 15,6 миллиард теңгеге 157 жоба субсидия алды. Бұл көрсеткіш, 2015 жылмен салыстырғанда, 16 пайызға өсті. Сонымен қатар, ауылдық жобалардың саны артты. Елді мекендердегі 52 субсидияландыру жобасы барлық жобалардың 33 пайызын құрайды. Осы орайда 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы оң шешім қабылданған субсидиялау жобаларымен елімізде екінші орынды иеленгенін айта кету керек.

Кепілдендіру бойынша 2,6 миллиард теңгеге 93 жоба мақұлданды. Яғни, оның саны 2015 жылмен салыстырғанда, 18 пайызға ұлғайды. Сөйтіп, кепілдендіру жобаларының көптігімен Ақтөбе Қазақстанда бірінші орынға лайық деп танылды. Бұл — көңілді марқайтар көрсеткіш.

Сондай-ақ, «Кең Дала» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы бойынша жалпы құны 505,8 миллион теңгеге 43 жоба қаржыландырылса, «Ақтөбе ЖасСтарт» бағдарламасы шеңберінде 182,1 миллион теңгеге 15 жоба қолдау тапты.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button