Спорт

Универсиада — еліміздің әлеуетін әлемге танытатын шара

Айдана НАМАЗБАЕВА,

ҚР белбеу күресінен спорт шебері.

Мен Ақтөбеде өтетін ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 алауының эстафетасына қатысамын. Мен үшін бұл шараның маңыздылығы ерекше. Өйткені Универсиада өз елімізде ұйымдастырылғалы жатыр. Бұл жарыс — еліміздің әлеуетін әлемге танытатын, ел спортшыларының тағы бір мәрте өздерін көрсетіп, ел абыройын асқақтататын үлкен дода, Сондықтан біз қазақстандықтар, бар күш-жігерімізді, өнерімізді паш етуіміз керек.

Мен — Маңғыстау өңірінің тумасымын. 8-сыныптан бастап спортқа бет бұрдым. Алғашында дзюдомен айналыстым, Ақтөбеге келіп студент болғаннан бастап белбеу күресімен шұғылданып жүрмін. Жаттықтырушым — Сағдат Естілеуов. Қазір Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медициналық-профилактикалық іс факультетінің 4-курсында оқимын. Бүгінге дейін белбеу күресінен бірнеше дүркін жеңімпаз атандым. Атап айтсам, 2015 жылғы Әлем чемпионатында, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында «Гореш» түрікмен белбеу күресінен өткен 2016 жылғы Азия чемпионатында қола медальға қол жеткіздім. Сонымен қатар классикалық стиль бойынша күміс жүлдегер атандым. Мұның бәрі —жаттықтырушымның еңбегі мен спортқа деген сүйіспеншілігімнің арқасында жеткен жетістіктерім. Елімізде өткелі жатқан үлкен шараға қатысуым — мен үшін үлкен қуаныш, бақыт. Тіпті эстафета кезінде қандай сезімде болатынымды көз алдыма елестете алмаймын. Бұл маған, біріншіден, үлкен жетістік болса, екіншіден, менің еліме, спортқа қосқан үлесім.

Ал қысқы ойындарға қатысатын барлық қазақстандықтарға жас спортшы ретінде жеңістер мен сәттіліктер тілеймін.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button