Жеңіс жыры
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Сырбай ақын.
Биыл — Ұлы жеңістің 65 жылдығы.
Қасіретті жылдар бізден алыстаған сайын қан майданға қатысып, ел мен жер үшін қанын төккен аяулы ата-әкелеріміздің есімдері тарих төрінде айшықтала түсуде. Олар бізге соншалықты қымбатқа түскен Жеңістің қадірін ұғындырады.
КСРО дейтін алып елдің ортақ қасіретіне айналған зұлмат соғысқа Ақтөбе өңірінен 122 мың жауынгер шақырылды. Сол боздақтарымыздың 36 700-і майдан даласынан елге оралмады.
Енді Жеңістің жалауын желбіретіп, елге аман-есен келгендердің өзі жыл өткен сайын азайып, қатары селдіреп барады. Былтырғы Жеңіс күніне сол ардагерлеріміздің 659-ы аман-есен жетті.
Биылғы Барыс жылының табалдырығын аман-сау аттаған ардагерлеріміз енді алдағы Жеңіс күні мерекесінің төрінен сапын бұзбай көрінсе деген тілекпен «Жеңіс жырын» бастағымыз келеді.
Біз соғысқа аттанған, майдан даласында қаза тапқан ерлеріміздің деректерін әлі күнге дейін толық жинай алмай келеміз. Жақында жеке қағаздарымды қарап отырып, құнды бір дерекке тап болғандаймын. Оны маған осыдан он жылдай уақыт бұрын байғаниндік азамат, кезінде сол өңірде шаруашылық басқарған, бүгінде марқұм болған Әйладыр Етенбаев беріп еді. Бұл — атыраулық зерттеуші ұстаздың хаты екен. Өкініштісі, ол кісінің аты-жөні мына хатта белгісіз болып, көрінбей тұр. Біз үшін маңыздысы, ондағы мәліметтер.
Хатта әйгілі Матросовтан нақ он жеті күн бұрын сондай ерлік жасаған, бірақ саясаттың әсерінен бе, әлде қателіктен бе, Жарлыққа кейін іліккен Кеңестер Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың ерлігін зерттеуші ұстаз Әйладыр ағаның әкесі Етенбай Тілеулиннің де қан майданда батырмен бірге болғанын айтады. Мұны ол 1965 жылы тамыз айында КСРО Қорғаныс Министрлігінің Орталық әскери архивінде болып, сонда қолына тиген ресми құжаттармен дәлелдейді. Тіпті, сенімді болу үшін сол құжатта көрсетілгендей, Етенбай Тілеулиннің 1917 жылы дүниеге келгенін, екі кластық білім бар, 1942 жылы қаңтар айында Байғанин ауданынан әскерге алынғанын баян етеді. Майданға аттанғандағы мекен-жайы: «Самучанский сельсовет» деп жазылыпты. Сірә, Сам деген сөзден шықса керек. Екі баласы бар екендігі, әйелі туралы мәліметтер келтірілген.
«Итенбай» деген сөзді архивте көп офицерлерге қараттым, — деп жазады автор, — қазақтың осы бір сөзінен көп азап шектім. Ительбай ма, Итешбай ма, Итембай ма деп ойладым. Орыстар басқа ұлт жігіттерінің аты-жөндерін көбіне қате жазғанға ұқсайды. Ақыры, міне, дұрысын тауып отырмыз. Соғыс ерлеріне біздер қарыздармыз. Сондықтан оларды ерінбей іздейміз».
Біздің назарымызды аударған бір жайт — ақтөбелік бір топ жауынгерлер туралы архивтен алынған тың деректер еді. Бәлкім, ұрпақтары, оларды білетін адамдар табылар деген оймен назарларыңызға ұсынғымыз келеді (атаулар архивтегі жазылған күйінде алынып отырғандығын ескерулеріңіз сұралады).
1. Голиев Тяжгод, 1918 жылы туған, қазақ, 5 класс бітірген, әскерге 1942 жылы қаңтарда алынған. Мекен-жайы: Байғанин ауданы, Акросор ауыл советі. Үйленбеген, анасы – Еділова Баян.
2. Аймағанбетов Төлен, 1912 жылы туған, қызметкер, 2 класс бітірген, қазақ, 1942 жылы ақпанда Новоресей аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға алынған. Мекен-жайы: Ақтөбе облысы, Шарошинский район, «Колкөктөбе» колхозы. Әйелі – Аймағанбетова Қалида.
3. Майлыбаев Өтесін, 1904 жылы туған, ВКП (б) мүшесі, 3 класс бітірген, қазақ. Сартоғай ауыл советі, №10 ауылдан. 1942 жылы қаңтарда майданға алынған. Үш баласы бар. Әйелі – Майлыбаева Ақбазар.
4. Тұрғанбаев Будса, 1910 жылы туған, жұмысшы, 2 класс бітірген, қазақ, тракторшы, Сартоғай ауыл советі, №10 ауылдан. 1942 жылы қаңтарда әскерге алынған.
5. Өтеншин Тұяқбай, 1917 жылы туған, колхозшы, комсомол, 2 класс бітірген, Сартоғай ауыл советінен алынған. Үйленбеген. Әкесі – Жылысбаев Өтенші.
6. Құрмашев Дәулетбай, 1903 жылы туған, қазақ, 1942 жылы қаңтарда Ойыл ауданы, Қаракемер колхозы, №2 ауылынан әскерге алынған. Үш баласы бар, әйелі – Нұрашева Бәтима.
7. Карикенов Қарабала, 1910 жылы туған, шопан. Ойыл ауданы, Ақшат ауылдық советінен, №2 ауылдан 1942 жылы қаңтарда әскерге алынған. Екі баласы бар. Әйелі – Карикенова Қатима.
… Соғыс жалыны басылғанына алпыс бес жылы өтсе де, оның өртінің лебі әлі сезіледі. Соғыста хабарсыз кеткен жақынының ең болмаса бір дерегін білсем дейтін ұрпақтары әлі де баршылық. Соларға сеп бола ма деген оймен осы мәліметтерді ұсына отырып, осында аталған жауынгерлердің кейінгі жеткіншектері немесе оларды білетін адамдардың редакцияға хабарласуын сұраймыз.
Елі мен жері үшін жанын пида еткен аяулы азаматтарымыздың есімдері ұмытылмауы тиіс. Рас, бұл ретте облымызда біраз тірліктер атқарылды. 1993-1994 жылдары «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» деген атпен облыста 5 томдық естелік кітап шықты. Осындай шаралар аудандарда да атқарылуда. Жеңістің 55 жылдығы қарсаңында Қобда ауданының ардагерлер кеңесі ұйытқы болуымен сол өңір майдангерлерінің бар-жоғы түгенделді.
Дегенмен, қазірдің өзінде жылына ондаған, жүздеген адамдар әлі күнге дейін Ресейдің, батыстағы басқа да мемлекеттердің архивтеріне, әскери комиссариаттарына хат жазып, аталарын, әкелерін іздеуде.
… Жасы жетпістің үстіне шығып, денсаулығы сыр беріп жүргеніне қарамастан Жалғас Дарханов аға осы бірер жылдықта қасына баласын ертіп, Мәскеу асып, одан әрі сырын ішіне бүгіп жатқан майдан жолдарымен әке басына барып қайтты.
… Қан майданда қаза тапқан жауынгер Әбдіғали Сейіткамаловтың ұрпағы да аталарының басына барып, дұға еткісі келеді. Бірақ әзірге қолдарында бар дерек — 1943 жылы Харьков маңындағы ұрыста қаза тапты деген қара қағаз хабары ғана.
Біздің айтып отырғанымыз секілді жайттар әлі күнге көптеп кездеседі…
… Редакция қоржыны қай кезде де майдан мен тыл өмірінен жазылған естеліктерден құр алақан тұрған емес. Осыдан тура он жыл бұрын жазылғанымен архивте сақталып қалған бір топ хаттарды жақында қайтадан қарап шығудың реті келді.
«Қаражар» деп аталатын колхоздан екі боздағын майданға аттандырған Жаным деген ананың мұң-зары туралы Бисен Жақанұлының жазбасы жүрек тебірентерлік. Аралары үш жасар Қарабайы мен Таңатарын бір күнде жолға шығарып салып тұрып, кейуана:
Қалайша жыламайын, қос ботам,
Артыңда қайғыланып қалды анаң.
Құдай-ау, тілегімді қабыл етші,
Түндіктің ашылуына тілеймін таң, —
деп зарланып, тілек тілеген екен. Өкінішке қарай, қос арыс та 1943 жылы майданда көз жұмған. Ал асыл ана ең болмаса шаңырақ көтеріп те үлгермей кеткен баларының опат болғанына сенбей, 1968 жылы жетпіс алты жасында өзі дүниеден өткенінше «құлындарым келеді, келеді» деумен үмітін үзбепті…
Алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі А. Қалқаманов жазған «Иесін таппаған награда» деген хат та назарымызды аударды. Өйткені сұрапыл соғыстың тағы бір жаңылтпашы — көптеген марапаттаулар мен наградалардың майдан далаларындағы иелеріне жетпей, кейде жаңылыс қолға түскендері. Соның бір мысалын хат авторы жауынгер Ахмет Мұхамбетовке байланыстырып баяндайды.
Он жеті жасында Ойыл ауданының Бабатай ауылынан майданға аттанған жас жігіт 1-ші Украин майданында 348-атқыштар дивизиясында пулеметші болып соғысқа араласады. Ол өз қаруластарымен бірге Днепрді кешіп өтеді және Берлинге он төрт шақырым қалғанша жауынгерлік жолын жалғастырады. Ахмет Мұхамбетов 1944 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Одан кейін шамалы уақыт өткенде жауынгердің бір операцияны сәтті өткізгені үшін тағы да жоғары марапатқа ұсынылғаны айтылады. Бұл туралы ресми қағаз оның туған ауылына да жіберіледі. Өкініштісі, одан кейін награда иесін таппай қалғанға ұқсайды…
Байғанин ауданынан Итібай Жантұрғанов былай деп жазыпты: «1945 жылы 9 мамыр күні ауа райын бақылайтын бюроның қызметкерлері әр үйдің есік-терезелерін сындыра қаққылап, «Жеңіс! Жеңіс! Соғыс аяқталды!» деп жар салмасы бар ма?! Далаға жүгіре шығып, мән-жайды шала түсінген мен қатарлы балалар елді қуантуға жан-жақтағы колхоздарға қарай шапқыладық. Мен он бес шақырым жердегі Сорқұдықта егін салып жатқан ауылға қарай зымырадым. Алдымнан шыққан су тасушы кемпір Мерует пен бригадир Жұмағали шалды қуанттым. Ауылдағылар мені қоймай сүйіп жатыр. Сол кезде бір кемпір маған: «Біздің ауылдың балаларының бәрі сабан соңында, сен енді мына тұрған Теректіге барып, сондағы елді қуант», — деді. Салып ұрып тағы да он бес шақырым жерге құлдыраңдай жөнелдім. Сүйіншілеген даусымнан мән-жайды тез ұғынған халық бір айранын, бірі тары-талқанын беріп, мені қадірлеп жатыр.
Сол күні Жеңіс хабарын жеткіземін деп барлығы алпыс шақырым жерді жүгіріп өтіппін».
Иә, елдің еңсесін көтеріп, төбесін көкке жеткізгендей бір ауыз сөздің құдіреті осындай еді.
Жеңіс туы көтерілгелі 65 жыл! Бұл — бір адамның ғұмыры. Бірақ соншама уақыт өтсе де, соғыс салған жара әлі жазылып кете қойған жоқ.
Жеңіс күні бізге ең алдымен бейбітшіліктің бағасын ұқтырады.
Миллиондаған адамның өмірімен қолымызға тиген 1945 жылғы Жеңіс күні бізге мейлінше қымбат.
Сол Жеңіс жыры әлі жалғасып келеді…
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.




