Барыс — Орталық Азияның сәні
Келер 2010 жылдың иесі — Барыстар. Біздің елде ең көп кездесетін түрі — Орталық Азия таулы массивін мекендейтін мысық тұқымдас сүтқоректіге жататын қар барысы (немесе ирбис, латын тілінде «Pantera unicum»). Жаңа жыл қарсаңында Қар барысына сипаттама беруді де жөн көрдік. Оқып көріңіз…
Атауы. ХVІІ ғасырда орыстың тері сататын саудагерлері «Ирбис» сөзін Азия аңшыларынан естіген. Тувада бұл аңды «ирбиш», Жетісуда «ильберс», Қытаймен шектесетін Алматының шығыс жағында «ирвиз» деп атайды. Түрік тілінен «ирбиз» сөзі «қар мысығы» деп аударылады. Осы сөз кейін орыс тіліне еніп, соңғы «з» әрпі, қатаң дыбысты «с» әрпіне айналды. Ал қазақтар олардың өмір сүру жағдайына қарап, «қар барысы немесе тау барысы» деп атайды.
Сыртқы түрі. Қар барысы — әлі толық зерттелмеген, сыры жұмбақ аң. Сыртқы түр келбеті жағынан қар қабыланына (леопард) ұқсағанымен, «туыстығы» шамалы, әрі қар барысының түрі одан әлдеқайда кіші. Қар барысы немесе ирбистің бас сүйегі гепардқа, дене тұрқы тау арыстанына (пума) көбірек ұқсайды.
Ұзын, жібектей, қалың әрі үлпілдек жүні ашық-сұр түсті, тіпті ақ деуге әбден болады және оның үстіне қара әрі ірі дақтар шашыраңқы орналасқан. Әр дақ шеңберінде тағы да бірнеше ұсақ дақтар бар. Бұл тұрғыдан қарағанда ирбис теңбілшерге (ягуарға) өте ұқсас. Аң үстіндегі дақтар бас жағына қарай ұсақ әрі біркелкі, құйрығына қарай сирек әрі ірі боп келеді. Денесінің төменгі бөлігі — тіпті аппақ, дақтар болмайды. Кейбіреулер барысты (барс) аты ұқсас болған соң, жолбарыспен (тигр) шатастырады. Мысық тұқымдастар қатарына жататын жолбарыс тіпті бөлек аң. Екеуінің де тері түсі ала болғанымен, барыстың үстінде ірі дақтар, ал жолбарыста жолақтар бар. Өзіне тән ерекшеліктері әр халықтың аңыз-әңгімелеріне арқау болып жүр.
Ал қар барысы — дөңгелек басты, дөңес маңдай, тік құлақ, үлкен әрі сары көзді, қара мұрынды, ақ-қара мұртты, жалпақ ерінді. Ұзын әрі қалың жүні суықтан қорғайды. Ал жұмсақ табандары сілеусінді еске түсіреді, табандарының ерекше орналасқандығының арқасында омбы қарда батып кетпей, қар бетімен жүре алады. Барыстың дене тұрқы — 112,5-125 см, құйрығының ұзындығы — 91,8-95 см, ал шоқтығының биіктігі — 50-65 см, құлағының ұзыны — 7-7,2 см, салмағы — 40 кг. Жаңа туған аланның бойы — 28-29,5 см, құйрығының ұзындығы — 15-15,5 см, салмағы 420-470 грамм болады.
Мекені. Қар барысы Гималай, Памир, Тянь-Шань, Алтай Батыс Саян, Үлкен Кавказ таулары мен таулы массивтерді мекен етеді. Шатқалдарда, жоталарда, таудың ең биігінде жүретін ол адам аяғы баспаған жерлерде ғана тыныш өмір сүре алады. Ол 6000 метр биіктікке дейін шыға береді. Жаз мезгілінде өз «шекарасынан» — шатқалды, таулы аймақтардағы ағаштары мол өскен жерлерден төмен түспейді. Ал қыста керісінше, тау етегіне қарай түсіп, орман ішімен жортуыл жасайды.
Орталық Азия тауларында қанша қар барысы мекендейтінін ешкім анық білмейді.
Кейбір ғалымдар оның санын 8 мың десе, кейбір есеп бойынша, 4 мыңнан төмен. Тіпті әлем бойынша ерекше түрдің 2 мыңы қалды деген де пессимистік пікір бар.
Барыстың әлем бойынша өсіп-өнген әрі тығыз орналасқан жері — Непал.
Қар барысы Қазақстанда Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы жоталарында, Үлкен Алматы шатқалында, Тарбағатайда, Оңтүстік Алтайда, Күршім жотасында, Бұқтырма өзенінің бастауында, Марқакөл өзенінің атырабында кездеседі.
Өмір сүру дағдысы. Қар барысы немесе ирбис жалғыз жүргенді ұнатады. Өзі тұйық, дыбыс шығармайды. Кей жағдайда ғана жыртқышқа тән ырылын естуге болады. Сондай-ақ барыстың көру және есту қабілеттері ерекше дамыған. Барлық мысық тұқымдастар секілді ол, әсіресе, түнде жақсы көреді.
Қар барысы өте сақ. Көбіне түнде жортуылдайды. Ымырт түсе бастағанда қорегін іздеуге шығады. Барыстардың күнделікті қайтып келетін тұрағы жоқ. Тек аналықтары — таутандар кішкентай аландарын аяққа тұрғызғанша 1,5-2 айға дейін уақытша үңгірлерді мекендейді. Барыстар ақпан-сәуір айларында көбеюге жұп іздейді, ал таутандардың жүктілік мерзімі 98-103 күнге созылады, көп жағдайда таутандар мамыр айында төлдейді.
Оның негізгі қорегі: ешкі, арқар, қабан, марал, елік, қоян, кекілік пен ұлар.
Жаз мезгілінде жаңа жас өскіндерге «тәбеті тартқан» тауешкі, арқар секілді тұяқтылар тау басындағы «ақ телпек» — қарлы шыңда жүргенді ұнатады екен. Сондықтан да барыстар дәл қасына өз аяқтарымен келіп тұрған қоректі аулап, жазда тау етегіне көп түсе бермейді. Ал қыста қар барысы тұяқтылардың ізімен таудың етегіне жортуылға шығады. Олардың қорек іздеу барысында пайдаланатын басты әдісі — секіру. Барыс тығыншықтай бұлшық еті мен ұзын аяқтарының арқасында үлкен секірістер жасайды. Аңшылардың әңгімесіне сенсек, қар барысы бір секіргенде ені 7-8, кейде 10 метр болатын шатқалдардан асып түседі. Ол тау-тастың арасымен жүріп, жоғарыдан төменге жіті қарап, көз жібереді. Шапшаң қимылдайтын қар барысы биіктеу тастың үстінде тұрып, төмендегі өзі көздеген тұяқтыға жоғарыдан білдіртпей секіріп, үстіне дәл түседі. Ұзындығы шамамен метрден асатын үлпілдек ерекше құйрығы — секіріс жасағанда бағыт беретін «рөлі» іспеттес. Сондықтан да ол құрбан болатын жануардың үстіне дәл түседі. Оның қатты иілген әрі өте өткір тырнақтарына ілінген ұсақ жануар бірден өліп кетеді. Сондай-ақ үй жануарларына қатты ашыққанда немесе ауырып, әлсірегенде ғана ауыз салады.
Барыстардың еркіндікте қанша өмір сүретіні белгісіз. Ал зообақтарда олар 18 жылдай өмір сүреді екен. Олардың бақталасы әрі жауы — қасқыр. Барыстар қояншық ауруымен ауырады, басқа аурулары зерттелмеген.
Қорғау, сақтау. Қазір әлем бойынша қар барысының азайып кету қаупі бар. Олар Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына және Қазақстанның Қызыл кітабына енді. Барыстарды аулауға немесе атуға тыйым салынған.
Кеңес Одағында 1936 жылдан 1970 жылдарға дейін ел зообақтарына түр жинау мен экспортқа шығару үшін 400-ге жуық барыс ауланған. Қар барысы қолға үйретуге келмейді. Әлемнің 70-80 зообағында ғана қар барысы бар, Қазақстан зообағында жоқ.
XIX ғасырдың орта тұсында барыс сирек кездесетін аңдар қатарына қосылмады, керісінше, зиянды жыртқыш ретінде оны жыл бойына аулауға рұқсат етілді, тіпті атуға қызықтырды. Бұл аңның терісінен тігілген тон мен ішік, бас киімді тек дәулетті адамдар ғана киетін. Ал барыс терісінен тігілген малақай аңшының шеберлігін әрі ержүректілігін көрсететін болған.
Қазір де билік пен байлықтың нышаны саналатын барыстың бағалы терісі шамамен 4 мың долларға бағаланады. Сирек кездесетін жыртқышты өлтіргендер әр елде түрліше жазаланады, айыппұлдан бастап, 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айырады.
Қар барысын сақтап әрі көбейтуге үлкен үлес қосатын — қорықтар. Қазір бұл аң Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан қорықтарында қорғалады. Қазақстанда қар барысы Алматы және Ақсу-Жабағылы қорығында бар.
Мемлекетіміздің символына айналған орта азиялық барыстың тұқымы жыл сайын кеміп барады.
Марапат. Кеңес Одағы территориясындағы барлық бес тауды — жетімыңдықты бағындырған альпинистерге «Қар барысы» атты ресми емес атақ беретін. Қазір бұл атақ ТМД елдері арасында әлі де сыйлы.
Геральдика. Орталық Азияның сәні саналатын қар барысы — Қазақстан Республикасының ұлттық символы. Сонымен қатар барыс бейнесі Алматы қаласының гербінде бар. Стильді қанатты ирбис Хакасия (хак.«парыс») және Татарстан (тат. «Ак Барс») елдерінің гербтерінде бейнеленген. Сондай-ақ Қазан қаласының хоккейшілер командасы да «Ак Барс» аталады. Қырғызстанның Бішкек қаласының гербінен де барыс бейнесін көруге болады.
Біздің символ
«Қазақстан — 2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының «Қазақстан мұраты» екінші бөлімінде Елбасы көп халық үшін тектілік пен мықтылықтың символы саналатын қар барысына айрықша сипат берді.
«…2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Бізде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін Қар Барысы дүниежүзілік қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар. Бұл — өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ. Ол ешкімге бірінші болып шабуыл жасамайды әрі тікелей соқтығыстардан бойын тартатын болады. Бірақ егер өзінің еркіндігі мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады. Ол сыптай да серпінді болуға және семіздік пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиіс: әйтпеген күнде ол қатаң табиғи ортада өмір сүре алмайды. Ол жаңа асулар мен шыңдарды бағындыруда, мақсатына жетелейтін елеусіз, бірақ сенімді соқпақтарды іздестіруде табанды да бірбеткей болуға тиіс. Қауіп-қатерден қаймықпауға, тоқшылықтан босаңсымауға тиіс. Ол өз ұрпағын баулыған кезде: оны баса-көктей келген қонақтардан қорғай отырып, аузындағы дәмдісін соның аузына тосуға, оның саулығына, өресі мен пайымына нәр беруге тиіс, сөйтіп кез келген ортадағы қатаң бәсекелестік жағдайында ерте сақайып, өз бетінше дербес өмір сүруге жетелеп, көрегендік танытады. Ендеше қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздік деңгейіне үстелген батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемеңгерлігі мен төзімділігі де тән болуға тиіс», — деген Елбасымыз Н.Назарбаев еліміздің бағытын айқындап берді.
Стратегиялық бағдарламада еліміздің символы ретінде барыстың не үшін таңдалғанын Әбіш Кекілбаев былайша түсіндіреді: «Президент Барыстың бейнесін кездейсоқ алып отырған жоқ. Жұлындай жұтынған ортаазиялық Барыс… Оның гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің бабаларымыздың дүние танымына, адамгершілік мұраттарына барып ұласады. Барыс — сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, айнала төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар. Ешқашан қапия қалмайтын аса сезімтал, айбынды қасиетке ие…
Бұл метафора біздің мемлекет ретінде қандай қасиеттерді қалайтынымызды көрсетеді. Біздің қазіргі дүниеде өзімізбен-өзіміз томаға-тұйық болуға да, сондай-ақ өзгелерге ұқсаймыз деп өзіндік қадір-қасиетінен жұрдай айырылып қалуға да тырыспайтынымызды, жан-жағымызбен жарастықты қарым-қатынаста өмір сүргіміз келетіндігін айқын көрсетеді. Күшімізге кәміл сене отырып, өзгелерге ұстамды бола алу саяси мінез-құлқымыздың мақсаты мен мәні болмақшы. Ондай байсалдылық бізді өзгелердің алдында құрдай жорғалаудан да, кеудемсоқтық, даңғазалықтан да сақтай алады. Сондай-ақ өзімізге-өзіміз тамсанатын немесе жоқтан өзгеге бола өзімізді-өзіміз жерден алып, жерге салатын ерсі қылықтарға да ұрындырмайды».
Барыс бейнесі және Логинов
Елімізде бірінші болып Өскеменде тұратын Олег пен Ирина Логиновтар «Ирбис» клубын құрып, сайт ашты.
Клубтың жұмысы 1993 жылы Алматы зообағында Жаңа жыл түнінде орын алған оқиғадан бастау алды. Олег пен Ирина бұл уақытта осы мекемеде жұмыс жасап жүрген-ді. Зообақтағы аңдар арасында олар екі қар барысын —Альчик пен Долларды өте жақсы көрді. Сол жылы біреу ұшында инесі (шприці) бар таяқпен дәрі салып, қастандық жасайды. Альчик бірден жүре алмай қалып, оны тордан шығарып, терісін сыпырып алады. Тірілей. Ал Доллар тоғыз ай ауырып жатып, қиналып өліпті.
Олег Логиновтың барыс бейнесінің ел символына айналуына да қатысы барын көп адам біле бермейді. Ең алғаш «Алтын адам» 1969-1970 жылдары тарих ғылымдарының докторы, академик Кемел Ақышев бастаған археологтар тобының қазба жұмыстары нәтижесінде Алматы қаласына 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан табылды. Есік обасынан табылған 4 мыңнан астам бұйымдардың көбі алтыннан жасалған. Мәселен, бас киім 150-ге жуық әшекей заттармен безендірілген. Биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасындағы бас киімі әшекейлердің орналасуына байланысты үш бөліктен тұрады: көк әлемі, жер әлемі және жер асты әлемі. Мұндағы таудағы барыс — бұл образ жоғарғы әлем — аспанды білдіреді. Жалпы алғанда жоғарғы дүние мен адамдар әлемін байланыстырушы — «әлемдік тау» деген мағына береді. Жауынгер идеалын кейіптейтін барыс бейнесі ер жүректіліктің, тәкаппарлықтың, еркіндіктің және патшалық тұқымның нышаны санатында есептелген. Осыған қарап еліміздің болашаққа ұмтылысын білдіретін барыс образы мемлекетіміздің елдік рәміздерінен лайықты орын алып отыр.
1993 жылы Алматы түбіндегі Есік қаласында тұратын Олег Логиновқа академик Кемел Ақышев барыстың суретін салып беруіне ұсыныс жасап, «Жас мемлекетімізге символ етіп неге алмасқа?» деген пікірін де айтады. Кейін Логинов фотоға қарап, барыстың суретін салып беріпті.
Сондай-ақ қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Таулар құлағанда» атты («Когда падают горы») соңғы кітабының жазылуына да Логиновтың қатысы бар. 2000 жылы жазушы Олегтен тау барысының жалпы сипаты мен өмір сүру дағдысы туралы айтып беруін сұрапты. «Жазушының кабинетіне кірсем, еденде барыстың терісі жатыр, таңғалып қарап қалыппын. Жазушы мұнымды аңғарып, «сыйлады» деді. Үш сағаттай сөйлестік. Негізінен мен сөйледім. Ол диктофонға жазып алды. Оның идеясы қызық еді: адам — барыс — тау», — деп жазыпты Олег интернет сайтында. Бұл кездесуде Олег жазушыға өзінің қар барысын бейнелеген картинасын сыйлапты.
Интернет материалдары бойынша әзірлеген
Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.
****
Жаңа жылдық тілек
Ғалымжан НҰРЫШЕВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
— Тарихтан жылжып бара жатқан жылдың біз үшін басты жаңалығы — институтымыздың Республика жоғары оқу орындарының Әлем университеттері ұлы хартиясына мүше болып қабылдануы. Болоньяға сапар, бұл беделді халықаралық білім бірлестігіне мүше болу екі жақты әріптестікті нығайтып, өзімізде несиемен оқыту жүйесін жетілдіруге, болашақ ұстаздарға тәлім-тәрбие беру ісін жаңа сатыға көтеруге ықпал етері анық.
Мақсатты жүргізілген жұмыстар нәтижесінде биыл республикадағы жоғары оқу орындары арасында үшінші орынды иелендік. Мемлекетаралық бақылау бойынша еліміздегі 150 жоғары оқу орындары ішінен отызыншы орынға табан тіредік. Бакалавриат мамандықтары бойынша білім беру бағдарламаларын насихаттау жөнінен Ұлттық аккредитациялық орталық мәлімдеген ЖОО рейтингісі бойынша институтымыз физика мамандығы бойынша бірінші орынға, музыка мен химия мамандығы бойынша үшінші орынға лайықты деп табылды.
Студенттеріміз өз таланттарымен талай жарыс-сайыстарда топ жаруда. Соның бір мысалы — 1-курс студенті Естай Өтеулиев «Азат рухты атамекен» атты республикалық байқауда терме номинациясы бойынша бірінші орын алып келді.
Жаңа жыл — жаңа істердің, жақсы жаңалықтардың жаршысы, бастауы. Сондықтан алдағы жылдан күтеріміз көп. Барша ақтөбеліктерге жаңа табыстар, мықты денсаулық, әрбір шаңыраққа мол береке, бақыт тілеймін!



