МерекеӘлеумет

Жаңа жылды қайда, қалай қарсы аласыз?

Жаңа жылды әр отбасы әрқалай қарсы алады. Бұл күні ғажайыпқа сенетін балалардан бөлек үлкендердің өзі келер жылдан қуаныш күтеді. Мерекеге қызу дайындалып, бала-шағасымен  бірге шырша безендіреді. Отбасы мүшелері бір-біріне сыйлық әзірлеп, дастарқан жайылады. Тіпті «жылды қалай қары алсаң солай өтеді» деген ырымға сенетіндер де бар.

Сонымен Тауық жылын кім қалай қарсы алады?

 24 ЖЫЛ ЖҰМЫСТА ҚАРСЫ АЛДЫМ

 Жаңа жыл — отбасылық мереке. Әркім осы күнді отбасында, бала-шағасының қасында қарсы алғанды жақсы көреді. Ең болмаса түнгі сағат 12.00-де үйде болғанды қалайды. Алайда соған мүмкіндік бермейтін мамандық иелері бар. Мәселен, мен теміржолдың күзетінде жұмыс істеймін. Мереке қарсаңында түрлі қауіп-қатердің алдын алу үшін күзет қызметі күшейеді. Қызылорда облысының Сексеуіл ауылынан бастап Ресейдің СольИлецк жеріне дейінгі жүк пойыздарының қауіпсіздігіне, жүктің тиісті жерге ешқандай кедергісіз, бүлінбей жетуіне жауап береміз. Өйткені мереке қарсаңындағы қарбаласты пайдаланып, түрлі қарақшылық шабуылдары жасалуы мүмкін. Ілгеріде бұндай оқиғалардың болғаны рас. Ал қазір күзет қызметі күшейді. Барлық қауіпсіздік шаралары сақталады. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ» демекші, бір сәт те босаңсуға болмайды. Сондықтан келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін мереке күндері күзет қызметіндегілер қатаң тәртіпте  жұмыс істейді.  Жұмыстың осындай қиындықтарына байланысты 31 желтоқсан күні теміржол бойында жүремін. Жаңа жылды үйде қарсы алмағаныма 24 жыл болыпты. Ал жұмыс аяқталған соң үйге  қайтамын. Үйге келгенде зайыбым Жайнагүлге міндетті түрде сыйлық әкелемін. Онсыз болмайды. Ал балаларыма тәттілер сатып аламын. Биыл немерем Ахметке арнап сыйлық алдым. Осының өзі біз үшін үлкен қуаныш.

 Байтұрсын ДІЛМАНОВ,

Шалқар станциясындағы 60-шы әскерилендірілген күзет бөлімінің күзетшісі.

 

 АУРУХАНАДА КЕЗЕКШІ БОЛАМЫН

 Біз үшін көңілді мерекенің бірі — Жаңа жыл! Сондықтан бұл мерекені барша достарымыз сияқты, біз де өз дәстүріміз бойынша қарсы аламыз. Мереке жақындаған сайын үйдегі үш ұлым шырша құрып, сәндеуге кіріседі. Кішкентайым Аяз атаға хат жазып, мәре-сәре болады. Ал мен 31 желтоқсан күні көп жағдайда үйде болмаймын. Дәрігер болғандықтан ауруханада кезекшілік атқарамын. Жаңа жылды ауруханада әріптестеріммен бірге қарсы аламын.Тіпті дәл сол күні ота жасап жатқан кездерім болды. «Мереке» деп өз ісіме салғырт қараған кезім болған емес.  Жалпы жылда міндетті түрде балаларға, жолдасыма сыйлық дайындаймын. Әрбір кірген жаңа жылдың адам баласына дайындап отырған қуанышы, бақыты, сыйы болады деп түсінемін.
Ескі жылдың қайғы-мұңын, өкпе-назын — барлығын артқа тастап, кіріп келе жатқан жаңа жылды көтеріңкі көңіл күймен, таза, тың ойлармен қарсы алуға тырысамын. Әр жылдан жеке басыма, отбасыма жақсы жетістіктер мен жағымды жаңалықтар күтемін.

 Ренат БАСЖАНОВ, облыстық көпсалалы аурухананың жалпы хирургия бөлімінің хирургі.

 АУЫЛДА ҚАРСЫ АЛАМЫЗ

 Осыдан үш жыл бұрын  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жолдасым Нұрболат екеуіміз Шалқар ауданы Жылтыр ауылындағы Төлтай Шанов атындағы орта мектепке  жұмысқа орналастық. Сол жылдан бері Жаңа жылды ауылда қарсы алып келеміз. Ауылдық жердегі мәдени ошақ —  мектеп болғандықтан барлық жауапкершілік ұстаздар  қауымына міндеттелген. Мерекені тойлау мектеп ішін безендіруден басталады. Сынып жетекшілер мектеп шыршасына өз сыныптарымен бірге түрлі ойыншықтар іледі және қабырға газеттерін шығарады. Желтоқсан айының 28-і мен 30-ы күндері мектебімізде оқушылардың жаңажылдық шыршасы өтеді. Барлық ұстаздар маскарадтық киімдер киіп, түрлі ойындар өткізіп, оқушыларға, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мешін жылы біздің мектебімізде жақсы жаңалықтар көп болды. Бір оқушымыз «Алтын белгі» иегері атанды. Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған республикалық көркемсөз оқу байқауында оқушыларымыз жүлделі ІІ, ІІІ орындармен марапатталды. Ұстаздарымыз Рсалды Құдайбергенова, Нұрболат Құлжабаев оқушы тәрбиесіне қосқан еңбектері үшін аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Жылдың ең басты мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өттік. Биыл келе жатқан тауық жылын қарсы алуға да қызу дайындалып жатырмыз.

Ал өзіме келер болсам Жаңа жылды жолдасым Нұрболат және қызым Еркежан үшеуіміз үйде қарсы аламыз. Мерекеге арнап тәтті тағамдар әзірлеймін.  Күні бұрын жамандықтардың барлығы ескі жылда қалсын деген ырыммен тазалық жұмыстарын жүргіземін. Жаңа жылда жақсылықтар болсын, ас мол болсын деген ниетпен жаңадан дастарқан алып жаятын әдетім бар. Үйге шырша құрып, безендіреміз.  Достарымызбен бірге Аяз ата, Ақшақар болып киініп, үйлерді аралап, кішкентай балдырғандарға сыйлықтар таратамыз. Сағат тілі 12.00-ге жеткенде жақсы тілектер айтып, от шашу атып, Жаңа жылды қарсы аламыз. Биылғы жыл  барлық отбасына қуаныш, бақыт алып келсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барлық ұстаздар қауымына жақсылық тілеймін!

 Айсұлу СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ,

Т.Шанов атындағы орта мектептің мұғалімі.

Шалқар ауданы.

 НАЗЕРКЕ ЖӘНЕ АҚШАҚАР

 Жаңа жылды асыға күтемін. Бұл жолы да мерекеге ерекше дайындалып жатырмыз. Тәуелсіздік мерекесі өткеннен кейін қызым Назерке екеуіміз шырша құрып, сәндеп қойдық. Ал дәл мереке күні дастарқан жайып, отбасымызбен жылды қарсы алмақпыз. 31 желтоқсан күні  Назеркеге  Аяз атаның атынан сыйлық әзірлеп бермекпін. Ол қуанып Аяз атаны асыға күтіп жүр. Әлі есімде, осыдан үш жыл бұрын  үйге Аяз ата мен Ақшақарды шақырдық.  Қызым ол уақытта үш жастан асқан еді. Сағат 11.00-ден өте үйге  Аяз ата мен Ақшақар келді. Қызым қатты қуанды. Тақпағын айтып, сыйлығын алды. Мен қонақтарды шығарып салып, үйге келсем, қызым «Мама, Ақшақардың ішінде бөпе бар ма?» дегені. Аяғы ауыр  Ақшақарды кішкентай қызым да байқап қалыпты. Не дерімді білмей қалдым.

Жалпы кейбіреулер «Жаңа жылды тойлауға қарсымын» деп жатады. Мен бұл пікірге қосыла алмаймын. Себебі  айналаны аппақ қар басқан қыстың қызығы да осы мерекеде деп ойлаймын. Ең бастысы, адамдар Жаңа жылда бір-біріне жақсылық тілеп, бір-бірін іздеп жатады. Сондықтан қоғамға зияны жоқ мерекеден бас тартудың қажеті жоқ.

 Жұлдыз ҚОЖАБЕКОВА, айтыскер ақын.

 ЖАҢА ЖЫЛ — ЖАҢА ҮМІТ БАСТАУЫ

 Біз үшін  Жаңа  жыл ерекше әрі  отбасылық мереке,  ағайын-туыстың  ортақ қуанышы болып саналады. Әр келген Жаңа жылды  отбасы мүшелерімен бірге қарсы алуды дағдыға айналдырдық. Мерекеге бір апта қалғанда балалар шырша құрып, сәндейді. Мерекеден бір күн бұрын мен үй тазаласам, жолдасым Ержан достарымен моншаға барады. Ал дәл 31 желтоқсан күні үйде жылдағы дәстүр бойынша  ет асылады, түрлі салат, торттар әзірленеді. Және міндетті түрде қаздың еті асылады. Себебі ауылда қаз өсіреміз әрі жолдасым қаздың етін ұнататын болғандықтан, бұл күні қаз етінен жасалған тағамдар мол болады. Бұл күні үйден қонақ арылмайды. Достарымыз және ағайын-туыс, қайын інілерім мен келіншектері келеді. Барлығымыз бір дастарқанның басында тамақ ішіп, тілек айтып мәз-мәйрам боламыз. Бір-бірімізге сыйлық береміз. Әсіресе балаларды қуантуға тырысамыз. Бұл біздің әулетте жалғасып келе жатқан дәстүр. Жалпы үйде бала күтімімен отырған ана болғандықтан бұл мереке балаларыма қызықты болсын деп ойлаймын. Аяз ата мен Ақшақарды шақырмасам да театрға, түрлі қойылымдарға алып барамын.

Тауық жылынан жақсылықтар күтемін. Жаңа жыл әр отбасына береке, бірлік, қуаныш алып келсін!

 Гүлзира БАЙМЕНШИНА,

бала күтімімен үйде отырған ана.

Ақтөбе қаласы.

 

Дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button