
Әр мерекеде адамдар бір-біріне сыйлық жасап, осылайша, өзара арадағы сыйластықты арттыратыны бар. Жаңа жылда да бұл әдемі үрдістің жалғасын табатынын ескеріп, біз әртүрлі сала өкілдеріне төмендегідей сауалдарды жолдағанбыз:
- Жаңа жылға қандай сыйлық алғыңыз келеді?
- Бұл мерекеде есіңізде қалған сый-сияпат.
- Өзіңіз биыл кімге және қандай тарту жасамақсыз?
«Бұл сый бұрынғыдан өзгерек»
Орынбасар Мұхитов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы:
— Мен үшін ең жақсы сыйлық — ата-анамнан, тума-туыстарымнан, достарымнан естіген құттықтау сөздер, солардың айналамда аман-есен жүруі. Әйткенмен, заттай қандай сыйлық алғыңыз келеді десеңіз, жақсы иіссу берсе, қарсы болмас едім.
Жаңа жыл мерекесінде иемденген ерекше сыйлық есімде қалмапты. Шынымды айтсам, бұл күні ешқандай сый күтпеймін.
Биылғы жылы бірінші боп әрі ерекше сыйлықты ұлыма жасағалы отырмын. Кішкентайымызбен алғаш рет бұл мерекені қарсы алғалы отырмыз. Сондықтан ең алдымен сәбиімді қуантпақпын. Оған нақты не беретінім құпия болып қалсын. Айтпақшы, ұлымның есімі — Ералы.
Барлық жұртшылыққа бақ-береке, байлық тілеймін. Еліміз әрдайым тыныштықта өмір сүріп, гүлдене берсін!
«Әкем сыйлаған көйлек ұмытылмайды»
Венера Серғазина, облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тележүргізушісі:
— Меніңше, шын көңілден берілген кез келген сыйлық адам жанына шуақ сыйлайды. Бағасы қымбат болмаса да әдемі оралған кәмпиттің өзі неге тұрады? Ең бастысы — пейіл ғой. Барлық әйел заты ретінде бағалы әшекей бұйымдарын ұсынса, тіптен риза болатын едім. Бұл жағынан менімен қыз-келіншектер қауымы келіседі ғой деп ойлаймын.
Кезінде мереке күні әкем сыйлаған көйлектің мен үшін орны бөлек. Түсі аппақ, өте нәзік матадан тігілген, жылтырағы бар киім еді. Сол жаңажылдық сыйды әлі күнге дейін ерекше жылылықпен еске аламын. Ол ешқашан ұмытылмайды…
Уақыттың тығыздығынан болар, Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда дүкен аралап, жақын-жуықтарыма сыйлық таңдауды әдетке айналдырғанмын. Биыл да солай болғалы тұр. Ең бірінші кезекте анам мен апаларыма көйлек сыйласам, сіңлілерім мен келіндеріме әтірлер немесе косметикалық заттар, кішкентайларға тәттілер алғалы отырмын. Әйтеуір, шамам жеткенше барлығын ескерусіз қалдырмауға тырысамын.
Менің ең басты тілейтінім — Тауық жылы баршамызға құтты болғай! Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Әр шаңыраққа ырыс-ынтымақ тілеймін.
«Әдемі әрі үлкен үй болса…»
Майгүл Мұзбаева, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың актрисасы:
— Барша адам бала кезінен Жаңа жылда сыйлық алуға құштар ғой. Есейе келе, шын көңілден берілген азғантай заттың өзіне мәз-мейрам боп қаласың. Өйткені бұл өмірде риясыз ниеттің өзіне ештеңе жетпейді. Өзім қалаған нақты сыйлыққа келсек, Аяз ата шынымен бар болса, оның әдемі әрі үлкен үйді сыйға тартқанын тілейтін едім (күліп).
Жылда әртүрлі сый-сияпатқа кенеліп жатамыз. Оның әрқайсысын жақсы ырымға балап, балаша шаттанамыз дегендей. Бірақ, естен кетпейтін сый деп Астанада оқитын қызымның Жаңа жылға бір күн қалғанда келуін айтар едім. Ол оқудан шыға алмайтын болып, іштей көңілім құлазып жүрген. Ертеңгіліктерден жұмыстан келсем, үйде қызым отыр! Маған осындай тосын сый жасап, бір қуантқаны бар. Бұл сезімді баласын сағынған ана ғана ұғар.
Өмірдегі және өнердегі достарыма, өзім қуантқым келген адамдарға шамам жеткенше сыйлық жасап тұруға тырысамын. Және мен мұны жылда 31 желтоқсанға дейін бір ізге келтіремін. Сосын «Үйдегі бір затты бере салсам болады» деген ойдан түбегейлі аулақпын. Оған шынымен қажет болар, көпке дейін пайдасына жарайтын сыйлықты табыстауға мүдделімін. Сондықтан мереке алдында әр адамды өзімше зерттеп, ұзақ ойланып барып, бір қуантатыным бар.
Келер 2017 жыл жайлы жыл болғай! Бұрын аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілекті естігенде, бұны жаттанды сөз ретінде қабылдайтынбыз. Соңғы жылдары одан артық лебіздің жоқ екенін, оның расымен бәрінен де маңызды екенін түсінгендейміз… Сол себепті, осы тату-тәтті тіршілігімізді Құдай көпсінбесінші демекпін. Балаларымыз аман, нанымыз көп болсын!
«Әтір, халат, көрпе және жемпір…»
Меруерт Айғара, «Фрески» би ұжымының жетекшісі:
— Кез келген нәрсені қуана қабылдаймын. Өзімнің негізгі қалаған сыйлығымды айтсам, әрине, ол жайлы пәтер.
Жадымда мәңгі сақталатын сәттерді айтайыншы. Мәселен, 2014 жылға аяқ басарда күйеуімнің ата-анасымен танысқаным ешқашан есімнен кетпейді. Тура бір жылдан соң, Жаңа жылды аяулы жар, келін ретінде қарсы алғанымды қалай ұмытайын? Әрі ол кезде аяғым ауыр еді. Биыл, бұйыртса, Тауық жылын кішкентай ұлымызбен атап өтпекшіміз. Меніңше, бұлардың ешқайсысы ұмытылмайды, сыйдың төресі — осы бақытты күндерім.
Жаңа жыл түнінде енеме әтір, күйеуіме жуынғаннан соң киетін халат, өзімнің ата-анама жылы көрпе (пледті айтады — А.С.), ал ағама жемпір табыстағалы отырмын.
Әр отбасына алдымен тыныштық тілеймін. Жақындарымыз келер жылы да жанымыздан табылсын. Әрқайсысымыздың армандарымыз орындалсын.
P.S. Қым-қуыт тіршілік, жұмысбастылық, әрі-беріден соң әрқайсысымыздың
бітпейтін шаруамызға қарамастан, жылда «қабаттасып» келетін әр мереке, соның ішінде Жаңа жыл бір-бірімізді бір сәтке болса да қуантуға себеп екені рас. Қанша кішкентайлардың мейрамы десек те, санаулы сағатқа болса да бәрін ұмыттыратын, жақсылыққа ұмтылдыратын 31-і күні өзгелерге сыйлық жасауға асығыңыз! Өйткені Шариғаттың өзінде бұның сауапты іс екені айтылады. Бұл сыйлығыңызбен сіз екі дүниедегілерді де разы қыласыз деген сөз…
Айбек СЕРІКҰЛЫ.




