МерекеӘлеумет

Тауық жылы қандай болады?

Жұлдызжорамал

Мешіннің еншісіне жазылған 2016 жылмен қоштасып, тауық жылын қарсы алуға сақадай сай отырмыз. Есігімізден тауық жылы кіріп келеді. Әдетте, мешін, тауық жылдары десе, үлкендердің арқасы мұздап қоя беретіні бар. Өйткені, тарихқа қарасақ, қазақ басындағы нәубет жылдары көбіне осы жылдарға сәйкес келіпті. Алайда қазақ халқы қашанда келер жаңа жылды жақсылыққа жориды. Сондықтан ел ішінде «Тауық жылы — табысты жыл» деп те айтады. Өткен жыл еліміз үшін көптеген жақсылықтарымен, қуаныштарымен, ерекше оқиғаларымен есте қалды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Ал биылғы жылы біз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз. «Тауық жылы қандай болады?» деген сауалға келсек, жұлдызнамашылар бұл жылды ауыр жыл деп болжауда, алайда, ол тек болжам ғана. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Бойында таланты бар, алға қарай талпынатын еңбекқор адамдардың еңбегі елеусіз қалмайтын табысты жыл болады.
Шығыс болжамдары бойынша тауық ерте оянады, тәртіпті қадағалап, бақылайды. Сол себепті алдағы жылы қоғамдық өмірімізде өз жолымыздан жаңылмай, жаңашылдыққа талпынып, барлығын бақылауда ұстауға тырысуымыз қажет. Сонда ғана сәттілік үнемі біздің жағымызда болады.

Тауық әрекетсіз отыруға төзбейді, барлық іс-әрекетте ұқыптылық пен тәртіпті қалайды, сондықтан ойды ретке келтіріп, алға қойған мақсатыңызға нақты жоспар құрыңыз. Егер жоспарыңызды іске асыруда өмірге деген көзқарасыңыз бен ұстанымдарыңызға өзгеріс енгізу қажет болса, одан да бас тартпаңыз.
Тауық жылында іскер, мансапқор, билікқұмар жандар үнемі көптеген амал-әрекеттің ортасында болады. Егер сіз өз ісіңіздің шебері болсаңыз, бұл жыл — сіздің жылыңыз. Өз шаруаңызға берілген жан болсаңыз, тауық жылында көп нәрсеге қол жеткізесіз.
Жұлдызжорамал бойынша тауық жылы адамдарға кейбір міндеттемелерді қабылдай отырып, жауапкершілікті сезінуге үндейді. Оны ескермей, немқұрайлылық танытуға болмайды!

Тышқан (1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008)

Тауық жылында тышқан жылы туғандарды қызметтік өсу күтіп тұр. Жаңа мүмкіндіктерге әсіресе наурыз және маусым айларында жол ашылады. Ең бастысы, басшыңыздың көңілінен шыға білсеңіз, жағдайыңыз жақсара түспек. Ал кәсіби біліктіліктің жетіспеуі, сіздің жетістіктеріңізге кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан да көп ізденіп, біліміңізді жетілдірген артықтық етпейді. Көбіне жалғыз жүргенді ұнататын тышқан жылы туғандар  биылғы жылы да еркіндікті жаны қалайды. Сол себепті де, 2017 жылдың күзіне дейін екінші теңін табуға онша құлшынысы бола қоймайды.

Дегенмен, осы уақыт аралығында жеке өміріңізде керемет кездесулер, махаббат хикаясы мен қызықты оқиғалар орын алады. Ал маңызды әрі ұзақ қарым-қатынасқа тек күз айларында ғана баруыңыз мүмкін. Материалдық жағдайыңызға байланысты айтарлықтай өзгеріс болмайды. Керісінше біршама шығындануыңыз мүмкін. Қосымша табыс түсетін сәтті кезең — сәуір, мамыр және маусым айлары. Асығыс шешім қабылдаудан сақтаныңыз.

Сиыр (1901, 1913, 1925, 1937, 1949, 1961, 1973, 1985, 1997, 2009)

Үлкен жетістіктер мен жеңіске жету үшін сиыр жылы туғандарға тауық жылы көп мүмкіндік береді. Жеке өмірі мен қызметте бұларды үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жаңа жұмысқа ауысуыңыз немесе қоныс аударуыңыз мүмкін. Кейбір сиыр жылы туғандарға жеке бизнесін бастауға жол ашылмақ. Осыған дейін бір орыннан қозғалмаған бұл белгідегілер тауық жылында кез келген салаға ауысып, өзіңізді көрсете аласыз. Ал жұмыссыз жүргендерге белгілі бір қызметтің тізгінін ұстауға мүмкіндік мол. Тауық жылы сізге романтикалық көңіл күй сыйламақ. Бойдақтарды түрлі қызықты кездесулер күтіп тұр. Бірақ оның барлығы тұрақты қарым-қатынаспен аяқталмауы мүмкін. Қаржы мәселесінде қауіп басым болатын шешімдерден аулақ болған жөн. Қарызға не несиеге алған ақшаға абай болыңыз. Одан да қолда бар қаржыны қанағат тұтқан дұрыс.

Тауық жылында табыстың кілті еңбекте жататынын есте сақтаңыз. Сиыр жылы туғандар арасында аңғал, әркімнен тек жақсылықты ғана көргісі келетін, барлығына бірдей тілеулес болып тұратын жандар көп. Сондықтан сіздің аңғалдығыңызды пайдаланып кеткісі келетіндерден сақ жүргеніңіз дұрыс.

 Барыс (1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010)

 Барыс жылы туғандар келер жылы көбіне отбасы, баспана және мүлікке қатысты тірліктермен айналысатын болады. Ипотекалық несие, мұра және баспана қауіпсіздігіне байланысты мәселелер оңай шешімін тауып отырады. Қызмет пен мансабыңыздың өсуіне тауық жылында жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Кейбір орындалмай жүрген армандарыңыз жүзеге аса бастайды. Жалғызбастылардың 2017 жылы отбасын құруға деген ниеті басым болады. Дегенмен, алғашқы жартыжылдықта қандай да бір жанмен тұрақты қарым-қатынас жасауға бел буа алмайсыз. Қыркүйек пен желтоқсан айлары арасындағы таныстықтың соңы жақсы аяқталуы мүмкін. Ал екінші теңін тауып үлгерген барыс жылында туғандар мансап үшін қарым-қатынасты үзіп алмауға тырысуы қажет. Туыстарыңыздың жеке өміріңізге қатты араласуына жол бермеңіз. Қазан-желтоқсан айлары бірге саяхаттауға өте қолайлы. Келер жылы қолда бар дүние-мүліктен түскен пайдаға кенелесіз. Үйіңізді сатуыңыз не жалға беруіңіз мүмкін. Сондай-ақ,  жылжымалы мүлік түріндегі мұраға ие болу мүмкіндігі де жоғары. Жақын туыстарыңыздың қаржылық қолдауына да ие бола аласыз.

Қоян (1903, 1915, 1927, 1939, 1951, 1963, 1975, 1987, 1999, 2011)

Қоян жылы туғандар үшін 2017 жыл ізденіске, білім алуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға қолайлы болады. Жаратылысынан көпшілікті онша ұната бермейтін жұлдызнама иелері көптен ойлап жүрген дүниелерді іске асыра бастайды. Келер жылы қоян жылы туғандар іссапарға көп шығуы мүмкін. 2017 жылы жаңа жұмыс орындарынан да ұсыныс түседі. Ал жеке өміріңізде жағымды жаңалықтар орын алады. Бойдақ немесе тұрмыс құрмағандарды өмірлік маңызы бар кездесу күтіп тұр. Екінші жартыңызды жолықтыруға ең қолайлы уақыт ақпан айы мен сәуір айы аралығында болмақ.  Ал өз махаббатын жолықтырып үлгергендердің қарым-қатынастары нығая түседі. Көктем немесе жаз айларында бірге демалуға барсаңыздар, оң әсерін тигізеді. Қаржы мәселесіне қатысты айтарлықтай өзгерістер болмайды. Ұтымды іскерлік байланыс жасап жатсаңыз, жақсы пайда табуыңыз мүмкін. Алайда бірнеше ай қаржы дағдарысына да ұшырауыңыз ғажап емес. Бәріне сақтықпен қарап, үнемшіл болыңыз.

Ұлу (1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988, 2000, 2012)

Қай іске болса да жауапкершілікпен қарайтын ұлу жылы туғандар тауық жылын көптен күткен жоспарларды жүзеге асырудан бастайды. Бірақ бұл жыл жаңа бастамалар үшін сәтті кезең емес. Одан да аяқталмаған істерді соңына жеткізіп,  соның нәтижесін күткен дұрыс. Басшылық қызметтен қорқудың қажеті жоқ. Белсенді ұлулардың іскерлігін әріптестері жоғары бағалайтын болады. Тауық жылында бұларға екінші теңін жолықтыру сәті түсе қоймайды. Ал отбасылы ұлу жылында туғандардың тәтті өмірі өзгеріп, түрлі кикілжіңдер туындауы мүмкін. Дегенмен мұндай кедергілерге бой алдырмай, сүйікті жанның көңілінен шығу үшін басқа да амалдар ойлап табуға тырысыңыз. Кәсіби шеберлігіңіз бен қызметіңіз сізге едәуір табыс түсіреді. Бірақ бұл қаржымен материалдық жағдайыңызды толықтай реттеу мүмкін емес. Пайда көп түскенмен, шығындарыңыз да артады. Алайда шығынға қарамай, тауық жылы табысты жыл болатынына кәміл сеніңіз. Сеніміңіз сізді алдамайды.

Жылан (1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989, 2001, 2013)

Сіз үшін бұл жылдың қызығы мен шыжығы мол болады. Жеке өміріңізде, мансап жолында, ақша мәселесінде, имиджіңізде барлығы жоспарлағаныңыздай болады. Жұмыста көбіне шығармашылық мүмкіндіктеріңізді пайдаланыңыз. Кәсіби тұрғыдан өсу үшін де жан-жақты болу керек. Сондықтан да, біліміңіз бен тәжірибеңізді жетілдірудің еш артықшылығы жоқ. Басы бос жылан жылы туғандарды тауық жылы көптеген кездесулер күтіп тұр. Мұндай кездесулер ұзаққа созылмағанмен, сіз махаббат айдынында біршама уақыт өзіңізді бақытты сезінесіз. Ал отбасылы жандар тұрмыстық қажеттіліктермен бас қатырып, жеке өмірін ұмытып кетпегені жөн. Екінші жартыңыздың жалғызсырауына жол бермеңіз. Қарым-қатынасқа романтиканы көбірек қосыңыз.

Материалдық жағдайыңыз жылдың екінші жартысында дұрыстала бастайды. Қыркүйек-қазан айларында қаржыңыз еселене түседі. Қанағатшыл болыңыз.

 Жылқы (1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002)

Жылқы жылы туғандар тауық жылында адамдармен қарым-қатынаста өте абай болған жөн. Сондай-ақ, алыс іссапарларға шығатын болсаңыз, алдын ала дұрыс жоспар жасау қажет. Жаңа жұмысқа орналасқан жылқы жылында туғандар үшін қиындыққа толы жыл болмақ. Өйткені арманыңыздағы қызмет боп көрінгенмен, сізге түрлі кедергілерден өтуге тура келеді. Алайда армандарыңызды жүзеге асырудан қашпаңыз. Әріптестеріңізбен қарым-қатынаста жұмыс пен жеке өмірді араластырып алмау қажет. Жеке өміріңіз келер жылы қызыққа да, келіспеушіліктерге де толы болмақ. Дегенмен кез келген кикілжіңнің алдын алу өзіңізге байланысты. Ең бастысы, бір-біріңізге көп шектеу қоймаңыз. Ал бойдақтар күтпеген жерден жеке өміріне қатысты шешім қабылдауы мүмкін. Жаңа қатынасқа қандай жолмен қадам бассаңыз да, бақытты болуыңызға кедергі келтірмейді. Қаржылық жағдайыңызда да көп өзгерістер болады. Бірден қалтаңыз қалыңдауы мүмкін немесе күтпеген жерден көп шығындаласыз. Қаңтар, ақпан айларында бастаған жұмысыңыз табысты аяқталады.

 Қой (1907, 1919, 1931, 1943, 1955, 1967, 1979, 1991, 2003)

 Қой жылы туғандарға тауық жылы жаңа үміт пен жаңа жоспарлар сыйлайды. Жақсы идеялар туындап, нәтижелі жұмысқа қол жеткізуіңіз мүмкін. Болашаққа бағдар жасай бастайсыз. Дегенмен біршама бастамаларды қолға алу үшін кішкене қаржылық қиыншылықтар кездеседі. Достарыңыз да сізге тек ақыл-кеңестерін айтқанмен, материалдық қолдау көрсете алмайды. Жұлдыздар келесі жылы жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарау керек екенін айтады. Егер басшылар тарапынан көп қысым көрсеңіз, жаңа жұмысқа ауысып кетуіңіз де мүмкін. Келер жылы өзінің жеке бизнесімен немесе жеке шығармашылығымен айналысатын бұл белгідегілер үшін сәтті болмақ.

Тауық жылында жеке өміріңізге көбірек мән бергеніңіз дұрыс. Махаббат мәселесі отбасы мен тұрмыстық мәселелерден ысырылып қалмасын. Екінші жартыңыз сіздің қолдауыңыз бен ерекше ықыласыңызға зәру. Егер әлі бойдақ (тұрмыс құрмаған) болсаңыз, жыл бойына өз теңіңізді жолықтыруыңыз әбден мүмкін. Қой жылында туғандардың материалдық жағдайы 2017 жылы ең әлсіз тұстарының бірі болады. Қолдағы қаражатты үнемдеп жұмсаған дұрыс. Қымбат демалыстар мен бірқатар іссапарларды кейінге қалдырған дұрыс.

 Мешін (1908, 1920, 1932, 1944, 1956, 1968, 1980, 1992, 2004)

Келер жылы сізді күтетін өзгерістің бәрі де өзіңізге байланысты болады. Дұрыс шешім мен үлкен жауапкершілік сізге сәттілік әкеледі. Ал аяқсыз қалған жұмыстарды соңына жеткізгеніңіз дұрыс. Тауық жылы сізге қызметтік өсуді уәде береді. Басшылар тарапынан алғыс алып, деңгейіңіз жоғарыламақ. Алдыңыздан көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Тәжірибеңізді шыңдай түскеніңіз абзал. Жалғызбастыларды жаңа танысулар күтіп тұр. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасы сізге қажет болады. Сондықтан да әрбір қадамыңызды ойлап басқан абзал. Ал отбасылы мешін жылы туғандарды қызықты саяхаттар күтіп тұр. Материалдық жағдайыңыз бірқалыпты болады. Жалпы, тапқан табысыңыз өзіңізді және отбасыңызды асырауға жеткілікті болады. Үнемдеп жұмсасаңыз, бұрыннан ойлап жүрген затыңызды сатып алуға мүмкіндік бар. Бәрі өзіңізге байланысты. Ең бастысы, бұл жыл сіз үшін жақсылықтары көп жыл болмақ.

 Тауық (1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005)

Келер жылы өмірге деген көзқарасыңыз өзгереді. Білім алуға деген құштарлығыңыз да артады. Алайда жаңадан алған ақпараттардың кейбірі жалған болуы мүмкін. Ал дінге жақын адам болсаңыз, сізді қызықтырған сұрақтарға жауап табыла қоймайды. Жылдың алғашқы жеті айын тауық жылы туғандар тәжірибе жинауға жұмсайды. Түрлі семинарлар мен конференцияларға қатысу сізге оң нәтижесін бермек. Жылдың екінші жартысында жұмысқа байланысты тиімді ұсыныстар аласыз. Ол жұмыс сіздің қызметте өсуіңізге де септігін тигізеді.  Махаббат айдынында сіз өте белсендісіз. Жаңа таныстықтың арқасында шетелге сапарға шығуыңыз да мүмкін. Жүрегіңіздің айтқанымен жүрсеңіз, өз махаббатыңызды қателеспей табасыз. Қаржы мәселесіне қатысты біраз өзгерістер орын алады. Қосымша табыс көзі ашылып, қалтаңыз қалыңдауы мүмкін. Ақшаны орынсыз ысырап етуден аулақ болыңыз. Тауық жылында туған сіз үшін бұл жыл ерекше жыл болмақ.

 Ит (1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006)

 Тауық жылында өз өміріңізді өзгертуге байланысты шешім қабылдауда сізде ерекше күш-жігер пайда болады. Жаңа жылда сізді көптеген жағымды жаңалықтар күтуде. Шешімі табылмай жүрген мәселелер оң шешімін табады. Денсаулығыңыз мазалап жүрсе, емделуге қолайлы уақыт. Жұмысыңызда сәтті қадамдар көп болмақ. Басшылық тарапынан тек мадақ сөздер естисіз. Мансабыңыз жоғарылап, әріптестеріңіздің үлкен қолдауына ие боласыз. Сіз махаббатта жолы болғыш жансыз. Дегенмен өз дегеніңізге жету үшін біршама қиындықтардан өтуіңізге тура келеді. Бұл жолда сізге өмірлік тәжірибеңіз көмектеседі. Қолдағы бақты бағалай біліңіз. Жаңа жылда сізді қомақты қаржы күтіп тұр. Қосымша табыс көздерінен бас тартпаңыз. Тауық жылында жаңа бастамалардан мол ақша табуға мүмкіндік ашылады.

Доңыз (1911, 1923, 1935, 1947, 1959, 1971, 1983, 1995, 2007)

Доңыз жылында туғандарға келесі жылы қоғамдағы өзгерістермен санасуға тура келеді. Айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасты реттеңіз. Тауық жылында жаңа достармен де танысасыз. Жұмысың өзіңізге жақсы көңіл күй сыйлайтын болады. Өйткені жұмысыңызда жақсы жаңалықтар көп орын алады. Бастығыңыз сіздің кәсіби мүмкіндігіңізді байқап, мансабыңыз арта түспек. Сіз үнемі жүрек қалауымен жүретін жансыз. Келер жылы да жүрегіңіз сізді алдай қоймайды. Егер басыңыз бос болса, екінші жартыңызды жолықтырасыз. Ал отбасылы болсаңыз, қызықты әрі ерекше демалыс күтіп тұр. Ақша мәселесі кез келген жағдайда оңтайлы шешімін тауып отырады. Жыл бойына материалдық жағдайыңыз жақсара түседі. Бұл жылы қомақты қаржыға ие болып, баспана немесе көлік алуыңыз мүмкін. Келер жыл сіз үшін табысты болмақ.

 Жұлдызжорамалдарға сүйене отырып әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button