ЖастарЖаңалықтар

Жастар саясатын дамытуға былтырғыдан үш есе көп қаржы бөлінді. Нәтижесі қандай?

Бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бұл саладағы жыл бойы атқарылған шаруалар жөнінде есеп беріліп, жұмыспен қамту, қылмыстың алдын алу мәселелері қаралды.

Кеңес мүшелері, басқарма басшылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және белсенді жастар қатысқан шарада облыс басшысы алдымен жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, еліміздің дамуы жолында олардың үлесі айрықша екен дейін айтты. Сонымен қатар, Бердібек Машбекұлы жыл басталғалы жастармен үш рет кездескенін, оның екеуі елордада өткенін, онда көтерілген мәселелер негізінде жауапты органдарға 58 тапсырма жүктегенін айтты. Оның біразы орындалғаны хабарланған отырыста әлі де шешілмей жатқан жұмыстардың бары белгілі болды.

— Сол кездесулерде көтерілген ең үлкен мәселелердің бірі — олардың жоғары оқу орнын бітірген соң жұмысқа орналасу жайы. Ол үшін біздің басқармалар кәсіпорын басшыларымен кездесулер ұйымдастырып, тиісінше жұмыс істеуі керек. Әсіресе, мектеп бітіріп, мамандық таңдағалы отырған түлекпен дұрыс жұмыс істеу керек. Келесі бір сұрақ, ақтөбелік студенттерге грант бөлу жөнінде біраз айтылды. Бұл тікелей біздің құзырымызда болмаса да, алдағы уақытта облыста жетіспейтін мамандық бойынша қосымша грант бөлетін боламыз.

Жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Ақтөбеде 11 спорт алаңы, 4 аула клубы ашылды. Болашақта әлі де аула клубтары ашылатын болады. Өйткені біздің негізгі міндетіміз — жастарды спортқа тарту арқылы тәртіп бұзушылықты азайту.

Осы жылы жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 566 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат, 2015 жылмен салыстырғанда, үш жарым есеге көп. Демек, жасалатын жұмыстың нәтижесі үш есеге көп болуы керек. Бірақ  мен оны әлі көріп отырған жоқпын, — деді Бердібек Сапарбаев.

Одан соң сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дариға Исмағамбетова облыстағы жастардың саны 206 мыңды құрайтынын, бұл ақтөбеліктердің 25 пайызы екенін айтты. Оның сөзінше, олардың арасында жұмыссыздық деңгейі бүгінгі таңда — 3,4 пайыз. Жұмыспен қамту орталығында 841 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал мемлекеттік «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында 392 адам жұмыспен қамтылыпты. Жалпы, қала мен аудандарда тұрғын үй кезегінде 18 мың адам тұрса, оның 5 пайызы «Жас отбасы» санатындағылар. Соңғы дерек бойынша, Ақтөбеде 30 жастар ұйымының барын, қыз-жігіттердің арасында еріктілердің де аз еместігін айта кету керек. Мәселен, «Экспо-2017» көрмесі және қысқы Универсиадаға 118 ерікті дайындалып қойылған.

Сөз арасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салаға жауапты басқарманың жұмысын сын тезіне алып, жастар орталықтарының белсенділігі кемшін екенін айтты.

— Мен ылғи айтамын, «Түлек.кз» сайтын ашып жатқандар әлі де аз. Неге бұған қатысты жұмыстар дұрыс жүргізілмейді? Жалпы, бір реттік шаралардың керегі жоқ. Бастаған істі соңына дейін жеткізіп, орта жолда қалдырмау керек. Бір жаманы, бізде тек өткізу керек болған соң ғана өткізеді. Жастардың бос уақытын нендей іс-шаралармен қамтып жатырсыздар? Демалыс күндері мұндай шаралар өте аз ұйымдастырылады. Осыдан барып қол қусырып бос жүрген жастар заңбұзушылыққа барады, не істерін білмеген соң қылмыс жасайды. Теріс ағымдарға да қосылады. Бұның барлығы жүйелі жұмыс жүргізілмегендіктен болып отыр.

Сосын мүмкіндігі шектеулі,аз қамтылған студенттерді қолдауға бағытталған қайырымдылық балы неліктен тек Марат Оспанов атындағы медициналық университетте өтеді? Бізде бұл игі шараны іліп әкетер басқа оқу орындары жоқ па?

Өңірдегі ірі кәсіпорындарда жастардың комитеті, болмаса кеңесі әлі де аз. Облыста ондай 12-ақ кеңес бар екен. Бұл — өте нашар көрсеткіш. Жұмысшы жастармен байланысты нығайту керек, — деді облыс басшысы.

Мұнымен бірге, жиында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Асылжан Бүркіталин тәуелсіздік жылдарындағы жастардың жеткен жетістіктерін айта келе, билік партиясына мүше боламын деген қыз-жігіттердің қатары жыл санап артып келе жатқанын баян етті. Ал «Ақтөбе дамуы» қоғамдық қорының директоры Жанна Қадырова жыл басталғалы атқарған жұмыстарын тілге тиек етсе, облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан мешіттердегі теолог мамандардан гөрі, әлеуметтік желідегі дінге қатысты жазбаларға сенетіндердің азаймай отырғанын жеткізді. Ол өз сөзінде оқу орындарында жалпыға бірдей өткізілетін жиналыстарға қарағанда, дәстүрлі діннен адасып жүргендермен жүргізілген жеке-жеке кездесулердің берері мол екенін атап өтті. Жыл басталғалы мұндай кездесулердің 1200-ге жуығы өтіпті. Сондай-ақ, Бауыржан Есмахан атқарушы биліктен дін мен дәстүр сабақтастығын түсіндіріп, жастардың теріс ағымдарға қосылып кетпеуі үшін аудандарда өтетін жиындарға қарамағындағылардың ғана емес, облыстық жастар саясаты мәселелері, білім басқармаларының мамандарын жұмылдыруды сұрады. Әкім бұл ұсынысты мақұлдап дереу өзінің орынбасарына тапсырыс берді. Өз кезегінде жергілікті полиция қызметінің өкілі Клара Исламова тәртіп бұзатын жастардың көпшілігі шынымен екі қолға бір күрек таппай жүргендер екенін, бұл мәселеге тереңірек үңілу керектігін алға тартты. Одан бөлек, тәртіп сақшысы жуырда түрмеде отырған 500 жасқа рақымшылық жасалатынын, олардың бостандықтағы өмірін оқыту, артынша жұмыспен қамтумен байланыстыру керектігін, әйтпесе бұның соңы жақсылыққа апармайтынын білдірді.

Тағы қайталаймын, жұмыстың бәрі жүйелі түрде жасалуы керек. Басшыларға көріну үшін, болмаса жоспарды орындау үшін жұмыс істеуге болмайды. Бұл мемлекеттік органдар, әсіресе, жастар басқармасына қатысты айтылып отыр. Жауапты мамандар жастарды мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруге шақыру керек. Оларды бұл туралы мейлінше хабардар етуі шарт. Қағаз жүзінде ғана бәрін реттестіріп қоюға болмайды, нақтылы іс жасалуы тиіс, — деп қорытындылады сөзін Б.Машбекұлы.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button