Мереке

Барыс жылы туған ек…

Қазақ «Алланың әрбір күні сәтті» деген, сол секілді тышқаннан бастап доңызға дейінгі барлық жыл да жақсы болар. Дегенмен, барыс жылдары туғандардың барыс туралы пікірлері қандай екен? 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998 жылдары туған азаматтарға сұрақтар қойдық.

1.Барыс жылын қалай бағалайсыз?

2.Сіздің мінезіңіз барысқа келе ме? Барыс жыртқыш аңға жатады ғой. Сізде жыртқыштық мінез бар ма? Барыстай қарулы, жылдам адамсыз ба?

3.Барыс жылдарында өміріңізде қандай жаңалықтар болды? Алдағы жылдан не күтесіз?

Жақсылық АНАРБЕКОВ, зейнеткер 1938 жылы туған:

1. Мен 1938 жылы, халық үшін «салқын» жылы дүниеге келген адаммын. Барыс жылын жаман деп айта алмаймын. Өйткені 1937 жылы қарқын алған зобалаң келесі барыс жылы аяқталды. 1937 жылы аталарымыз Жалғасбай, Бүркіт, Нұртаза, Балмұхамбет, әкем Анарбек бай ретінде ұсталып, бірі Магаданға айдалып, бірі Шалқардың түрмесінде жатқан. Содан мен дүниеге келгенде осының бәрінің арты жақсылық болар ма екен деп атымды Жақсылық қойған. Шүкір, арты тек біздің әулет үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін жақсы болды деп ойлаймын.

2. Жас кезімізде сен Барыс жылы туғансың, барыстай айбатты да қайратты бол деп жігерлендіріп отыратын әкелеріміз. Жаспыз ғой, барыс болуға ұмтылып бақтық. Қандай шаруа болса да тындырып тастауға тырыстық. Жастайымнан колхоз жұмысына араласып, тың игеруге қатыстым. Ауыл шаруашылығындағы қол еңбегін жеңілдетушілер, яғни жаңашылдар, өнертапқыштар қатарында болдым. Соның нәтижесінде мемлекеттік марапаттарға ие болдым. Мұның бәрі Барыс жылы туғандығымнан болар.

3.1962 жылы колхоздар ірілендірілді. Сол жылы тракторшылар бригадирі, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, инженер болдым. Барыс жылы Ғарифулла атты ұлым дүниеге келді. Алдағы жылы барлық жұртқа жақсылық тілеймін. Мен секілді зейнеткерлердің көңілдері көтеріңкі болсын.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

облыстық «Қазақстан-Ақтөбе»

телекомпаниясының редакторы 1950 жылы туған:

1. Бұл сұраққа не айтуға болады? «Қазақ совет энциклопедиясының» ІІ томында былай деп түсініктеме беріліпті: «Ежелгі түркі тайпалары мүшел есебін жыл санауымыздан мың жылдай бұрын қолдана бастаған, онда Барыс жылы «жаман» да емес, «жақсы» да емес, «орташа» болып есептелген». Менің жеке пікірімше, бұл жыл жақсылар санатына жатады. Ел аман, жұрт тыныш, дастарқан тоқ.

2. Мінезім жөнінде мені білетін өзгелердің айтқаны дұрыс шығар. Анығы жыртқыштық сипатым байқалмаған сияқты. Бір шаруаны қолға алсам, жылдам бітіргенді жөн көремін, яғни мазасызданамын. Мұндай ерекшелік жалғыз менде емес, барыс жылғы құрдастарымның біразында бар.

3. Сауал әр мүшелдің тұсына байланысты қойылып тұрса керек. Кеңес Одағы кезінде адамның ары қарай жылжуы үшін қажеттіліктің бірі – Коммунистік партия қатарына өту еді ғой. Мен екінші мүшелімде, дәлірек айтсам, 1975 жылдың наурызында СОКП мүшелігіне кандидаттыққа қабылдандым. Үшінші мүшелімде Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторлығына бекітілдім. Айтуға болатын қуаныш шығар. Басталғалы тұрған жыл қарсаңында көптен бергі пәтер жөніндегі тілегім орындалды.

Шоқан АМАНҒАЛИЕВ, жүргізуші 1962 жылы туған:

1. Жалпы жылдың жаманы жоқ. Әр жылдың иесіне қарай жақсы қасиеттері болады. Дегенмен, мен үшін Барыс жылы — ерекше жыл. Атының өзі айтып тұрған жоқ па? «Аң патшасы — арыстан» дейді, бірақ ол да барыспен санасады деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетімізді «Азияның барысына» айналдырамыз деген мақсат қойып отыр. Бұл — басқа елді жаулап алу емес, беделімізді барыстың деңгейіне көтеру. Қазақстанды әлем елдері санасатын мемлекет деңгейіне жеткізу деп білемін. Сондықтан басқа жылдары туғандар, бәріміз барыс болуға ұмтылайық.

2. Барыс жыртқыш аңдар қатарына жатады. Бірақ алып қарасақ, аңның қай-қайсысы да жыртқыш емес пе? Сондықтан барысты жыртқыш деп кінәлауға болмайды. Аңдардың арасынан барыс неге құрметпен аталады? Өйткені барыс — күші басым, жігерлі, жүйрік аң. Мен өзімді жыртқышпын деп айта алмаймын. Ешкімге ызғар шашпаймын, өзіммен-өзім шаруа істеп жүрген адаммын. Барыстар жемі үшін күндіз-түні жүре береді ғой. Сол секілді мен де бала-шаға қамы үшін «ГАЗель» автокөлігімен уақыт талғамай жүре беремін.

3. Барыс жылдарында айтарлықтай жаңалық болмаған секілді. Қуанышты күндер кездескен де шығар. Есімде сақтамаппын. Бірақ отбасың, жан-жағың, ел-халқың аман болғанының өзі жақсы ғой. Алдағы Барыс жылында да еліміз аман, тыныш болсын!

Жанар НҰРҒАЛИЕВА, «Керек-инфо» ақпаратық апталығының тілшісі 1974 жылы туған:

1. Барыс жылын бағалау? Барыс жылы туғандықтан болар, жаныма жақын жыл. Ал жаныңа жақынды қашан да жақсыға бағалайсың. Барысқа келсек, өздігінен ешкімге тиіспейді, сырт қарағанда момын, сүйкімді болып көрінеді, бірақ өзіне тиіскенді оңдырмайтын мықты аңдардың бірегейі. Әрі сұлу, тәкаппар, өзіне тән тектілігі бар. Жалпы бұл — біздің қазақы болмысымызға жақын келетін аң.

2. Осыдан үш жыл бұрын көп жыл мемлекеттік қызметте жасаған бір әжей маған қарап тұрып, «Сен осы Барыс жылы туған жоқсың ба?» деп сұрады. «Иә» деп ем, «Бәсе, сенің болмысыңнан, жүріс-тұрысыңнан барысқа ұқсас элементтерді байқадым. Сенде барыс сияқты байсалды кейіп, сосын бір салқындық және шорт кесетін қатты мінез бар. Ал мен доңыз жылы туғанмын. Жан-жағымды түртінектеп шашамын да отырамын, торсаңдап ренжігішпін. Адам туған жылына тартады» деді. Бұрын мән бермейтінмін, сонда ойланып қалғам.

3. Бұдан бұрынғы Барыс жылын Аралда қарсы алғам. Сол жылы ақпан айында Қызылорда облыстық ақын қыз-келіншектер мүшайрасына қатыстым, еншіме бас жүлде бұйырды. Сырдың жері өнердің өлкесі ғой. Бір айдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 8 наурыз мерекесіне орай арнайы қабылдауына шақыртып, құттықтап, сыйлығын, Алғыс хатын берді. Кейін ол кісінің бұл ісін Арал ауданының әкімі жалғастырып әкетті. Мен ойламаған жерден мектептер, мекемелер кездесуге шақырып, өлең оқып беруімді өтінген-ді.

Әр жылдан ерен бір жақсы жаңалық күтесің ғой. Барыс жылынан да солай, қашан да соны жаңалыққа толы ерен жақсылық күтемін. Жан-жағым, елім аман болсын.

Рүстем Қопаев, Бадамша спорт мектебінің жаттықтырушысы 1986 жылы туған:

1. Барыс — жыртқыштардың ішіндегі түрі, тұлғасы жағынан әдемі, ерекше аң. Оның бойында жыртқыштықпен қатар, жауын басындырмайтын және оны жеңе білетін қасиет бар. Тұлғасы сымбатты, көрікті аңды жыртқышқа жатқызуға да қимаймын. Барыс жылы адамдар да барысқа тән алғырлықпен, күш-қуатпен еңбек етеді деп ойлаймын. Сондықтан Барыс жылын жоғары бағалаймын.

2. Жасымнан боксты серік еттім. Бокспен айналысқаннан кейін барысқа тән мінез болмаса, қарсыласыңды жеңу қиын. Сондықтан барыстың қарулылығы, жылдамдығы бойымда бар деп санаймын. Қазір жаттықтырып жүрген балаларымның ішінде де Барыс жылы туғандар көп. Оларға рингте өздерін барыс секілді ұстауды ескертіп қоямын.

3. Барыс жылдары мен үшін сәтті болып келеді деп есептеймін. Сондықтан келер жылдан күтерім көп. Жаңа жыл ақтөбеліктерге, барша қазақстандықтарға береке, бірлік әкелсін.

Дамир Төлеп, №4 Ақтөбе орта мектебінің оқушысы 1998 жылы туған:

1. Барыс жылын өзім осы жылы туғандықтан ғана емес, жалпы жақсы көремін. Өйткені барысты жыртқыш аң дегенмен, әдемі аң, әсіресе, баласы өте сүйкімді. Сондықтан Барыс жылы жақсы болуы керек. Әзірге барысты тек теледидардан ғана көріп жүрмін.

2. Бұрын өзімді барысқа мүлдем ұқсатпайтынмын. Еркелігім жоқ, біреуге зәбір көрсетпейтін, тыныш бала сияқтымын. Бірақ кейін дзю-домен айналысқанда өзімді барыстай сезіндім. Шапшаң сияқтымын. Барыс жемтігін тығылып жатып, сәті келгенде шапшаң секіріп, қуып жетіп алады ғой. Сол сияқты мен де татамиде қарсыласымды асықпай бағып, сәтін күтемін. Реті келген кезде шапшаң әдіс қолданамын. Жалпы, барысты арыстанға қарағанда жұмсақ секілді, бірақ басқаға есесін жібермейтін аң секілді көремін.

3. Біздің отбасыда Барыс жылы менен бұрын 1986 жылы апам Мира дүниеге келіп, қуанышқа бөлеген. Сондықтан Барыс жылдары біз үшін жақсы жыл болып саналады. Ал өзім алғашқы мүшелге толайын деп отырмын. Сондықтан бұл жыл мен үшін табысты болады деп ойлаймын. Жаңа жылда барлық құрдастарыма, яғни «барыстарға» зор денсаулық, сәттілік, бақыт тілеймін!

Бердібай КЕМАЛ.

***

Жаңа жылдық тілек

Әлияны айтудан жалықпаймын…

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос шынар» қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— Биыл біршама игілікті істер тындырылды. Әуелі Псков облысының Новосокольники ауданы, Әлияның қайтыс болған жері — Казачиханың неміс-фашистерден азат етілуіне 65 жыл толуына орай өтетін шараға шақырту алдық. Бұған Қазақстаннан, оның ішінде, Ақтөбеден бес адам боп барып келдік. Әлия туралы ізденіп жүрген екі оқушыны — Ізімғали Байдербесов пен Адай Қанатты ала бардық. Мәскеуден Ресей қазақтарының диаспорасының өкілдері, сондай-ақ Санкт-Петербургтен келген делегация қатысты.

Жазда облыс әкімінің қолдауымен Әлияның бюсті дайындалып, Санкт-Петербургтегі Әлия атындағы орта мектепке апарып табыс еттік.

Сондай-ақ биыл Астанада өткен үкіметтік емес ұйымдардың ІV форумына қатысып келдім. ҮЕҰ-дың өкілдері ашық пікір алаңда біраз мәселелер талқылап, ұсыныстар айтты.

Ал біздің қоғамдық бірлестік үш жылдан бері «Ақтөбе-Бұлақ-Әлия-Қобыланды» бағыты арқылы дарынды балалар мен бір күлкісі кем өскен оқушыларға тарихи-танымдық шара ұйымдастырып келеді. Осы бағыт бойынша 3 жыл ішінде 462 оқушы батырлар мекеніне саяхат жасады.

Мен батыр ұл-қыздар туған киелі мекен — Қобда елінің мәдени істеріне 40 жылдан астам өз үлесімді қосып келемін. Жақында осы ауданның 80 жылдық мерейтойында «Қобда ауданының құрметті азаматы» атағына ие болдым. Еңбегімді бағалап жатыр, рахмет.

Ал жаңа жылдан бастап күрделі жөндеуден өткен «Әлия» музейі қайта ашылып, өз жұмысын бастамақ. Осы жерде ҰОС ардагерлері мен Ауған соғысының ардагерлерін шақырып, қаңтардың 14-і — Әлияның қайтыс болғанына 65 жыл толуына орай ас беру жоспарда тұр.

Жаңа жылда әдеттегідей мерекелік дастарқан жайып, зайыбым Париза, екі қызым, төрт немерем — бәріміз шаңырақта қарсы аламыз.

Барыс жылы әр отбасында қуаныш көп болсын, ең бастысы — деніміз сау болсын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button