Мәдениет

Өткен күн суреттерін баяндаған

Мерей

 С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі, бірнеше прозалық шығармалардың авторы Тынымбай Төлепбайұлының 75 жасқа толған мерейтойына орай студенттермен кездесу кеші өтті.

Аталған шараға университеттің проректоры Анатолий Усов, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының басшысы Раукен Отыншин, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, Шымкент қаласынан келген ақын, аудармашы Гүлдария Әшірбаева, басқа да зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.

Тынымбай Карин Байғанин ауданындағы Жарқамыс селосында дүниеге келген. Тараз қаласындағы жоғары оқу орнын бітіріп, инженер-технолог мамандығын алған. «Өмір сыры», «Қанағат», «Шырғалаң» секілді бірнеше еңбектердің авторы бүгінде мерейлі 75 жасқа толды. Кеш барысында жазушының «Шырғалаң» романы мен «Пиғыл» атты әңгімесі оқырмандар назарына ұсынылды.

— «Шырғалаң» романының негізгі идеясы — өткен ғасырдағы социализмнің көрінісін баяндайды, қазақ халқының тағдыры суреттеледі. Шығармадаға айтылатын әңгіме жастарға адалдықты, шындықты ту етіп, жақсылыққа ұмтылуға шақырады.

Тәуелсіздік таңы атқан кезеңдегі бүгінгі жас ұрпақ өте бақытты деп ойлаймын. Бойларында ұмтылыс, жігер болса, биік жетістіктерге жетуге ешкім кедергі келтірмейді, — дейді қаламгер Тынымбай Төлепбайұлы.

— Қазақ әдебиетінің қоржынын молайтып, проза жанрында қалам тербеп жүрген Тынымбай Төлепбайұлы басқа салада жүрсе де қолынан қаламын тастаған емес. Күні бүгінге дейін көптеген әңгіме жинақтарының авторы атанды. Жазушының бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік жазушылықтан көрініс тапқандай. Ұлтық тәрбие, ұлттық дүниетаным халқымыз үшін аса қажетті құндылықтар. Оның барлық шығармасында ер жігіттің мақсат-мүддесі, арман-тілегі, кеңес дәуірінің шындықтары кеңінен баяндалған. Жазушының әңгімелерін оқу арқылы бүгінгі жас буын үлгі-өнеге алары сөзсіз, — деді Гүлдария Әшірбаева өз сөзінде.

Сондай-ақ кеште Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір «Байғанин маршы» әнін асқақтата орындады.

Университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Тілектес Жаңабергенқызы Тынымбай Кариннің өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Кеште жазушының жолдастары, туыстары сөз сөйлеп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Аталмыш оқу орынның білім алушылары толғандырған сұрақтарын қойып, жазушының өз аузынан жауаптар алды.  Сонымен қатар белсенді студенттер ақын Есенбай Дүйсенбайұлының «Тынымбай» атты өлеңін оқып, күмбірлеген күй шертіп, әсем әуендер орындады.

Шара соңында С.Бәйішев атындағы университеттің ұжымы атынан жазушыға естелік сыйлық табысталды. Тынымбай Төлепбайұлының мерейтойына арналған шаралар қаламгердің туған жері Байғанин топырағында, Жарқамыс, Қарауылкелді елді мекендерінде де жалғасуда.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button