Мәдениет

Бойтұмар

Ырғыз өңірінің тамаша перзенті Сәндібек Байжиен тірі болса 28 ақпан күні 60 жасқа толар еді. Алайда үлкен жүректі азаматтың ғұмыр жолы ерте аяқталды. Қызы Жанар жақында «NOBEL» баспасынан әкесінің әр жылдарда жазған мақалалары, тарихи зерттеулері, әңгімелері һәм күнделіктерін жинастырып «Бойтұмар» атты кітап шығарды. Біз төменде сол кітаптың алғысөзі мен Сәкеңнің күнделіктерінен үзінді беріп отырмыз.

Адал ерден қалған із

Сенгім келмейді: Сәндібек ендігі жерде тірілер арасында жоқ…

Адамның өмірден өтеріне қадым замандарда-ақ еті үйреніп кеткен көнтерілі тіршілік өзгермек түгілі, қымс еткен жоқ: «Алланың жазуы, өмірдің заңы осылай» дейді ойым.

Қашаннан қазақы береке мен үйлесімнің бесігі болған, талай дегдарды өмірге әкеліп, жұмырбасты пенделерге өнеге берерлік деңгейге көтерген, айқай салып, аттандамай-ақ, өмірге тірек бола білетін шынайы қасиетті адамдарға ұқсайтын Ырғыз өңірі топырағына тарта туған тағы бір ұлынан, меніңше – бірегей ұлынан! – айырылды.

Ол «атағы жер жарған», «алашқа аян» адам емес-ті: ондай болмақ үшін кісіге қосымша бір мінездер керегін әркімнің іші біледі. Қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов айтатын «Айқай салып, арзандатпа шындықты!» деген ұстанымды ұстанған, өте адал, бірақ пенде үшін ауырлау  жолмен жүре білген, дүние, тіршілік, адам атаулыға деген алғаусыз тілектестік пен мейірімді серік еткен азамат еді Сәндібек. Ол өзін ескермей, өз «менін» ешкімге тықпаламай өмір сүрген нағыз кісі еді. Оның нәзік жаны тек қана дүниеге, өмірге тілеулестіктен тұратын секілді еді. Өтті де кетті…

Дүниені мықтылар ұстап тұр. Әркімнің бірақ пенделік мықтылығы әрқалай. Солай ойлап, солай ұғамыз. Ал мен ойлаймын: киелі өмірді … сол өмірге міндетсуді, «мен ше?!» деуді тіпті білмейтін адал, дүниеде кие барына, адамшылық салтанат құра береріне риясыз сенетіндер өмір етіп тұр. Сәндібек сондай сиректің бірі еді. Алпысқа енді аяғы ілінгелі тұрғанда көз жұмған ол өзін мына құбыласыз, құбылмалы өмірге бола арзандатқан жоқ. Табиғи, адами, азаматтық қалпын өзгерткен жоқ. Солай кетті…

Көңілге медеу болары: қолыңыздағы кітап. Бұл – оның қолы қалт еткенде істеген еңбегі. Ойлаймын: егер Сәндібектің ғылыммен, тарихпен, әдебиетпен алаңсыз айналысуға мүмкіндігі болған болса, бүгінде қазақтың жоғын түгендесіп жүрген атақтылардың қатарына қосылар еді. Дегенмен «аттың жалы, түйенің қомында»  жүріп-ақ жазып қалдырған мақалалары, толғаулары, жазбалары осындай көркем, керекті дүние болып шығыпты. Осы кітаптың алғашқы дүниесі кезінде  «Қазақ әдебиеті» газетінде бір жылда жарық көрген небір ойлы, ғылыми мақалалар арасынан жарып шығып, ең үздік мақала болып танылып еді. Мойыны қашық Ырғызда жүрген білім саласының қызметкері Алматының апайтөс тарихшы-ғұламаларына таңдай қақтырған. Енді қарап отырсам, Сәндібек Ырғыз ғана емес, жалпы өлке, қазақ тарихи зердесі үшін үлкен еңбек атқарып кетіпті.

Осы кітап біздің шет-шегі жоқ, түгендеусіз жатқан жоғымыздың бір кемшін тұсын толтырарына, оның авторы Сәндібек Байжиеннің  есімі ел, өңір тарихында қаларына, қазіргі ұрпаққа адами, азаматтық өнеге боларына бек сенем.

Сәндібек өз топырағына тартып туған адал ұл, нағыз азамат еді. Ол туралы өткен шақтың белгісімен сөйлеу қиын: қимаймын…

…Бірақ оның аз да болса адал мұрасы киелі Ырғыздың өнеге тұтарлық перзентінің ізі ретінде өз өлкесімен бірге жасары, келер ұрпақтың аяулы бойтұмарына айналары анық.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

ҮЗІК ОЙЛАР немесе КҮНДЕЛІКТЕГІ ЖАЗУЛАР

Әрқашан әділдік жеңеді. Әділдік әрқашан еңсеңді көтереді.

Біз, адамдар, адал болғымыз келеді. Нақыл мен небір асыл сөздерді серік етеміз. Әйтеуір, адалдыққа ұмтыламыз. Жаманды көрсек, езді көрсек, жек көре келемеж етеміз. Өзгеге сын таққышпыз. Жұрттың мінін көргіш-ақпыз. Ал өзіміз ше? Өзіміз жайлы өзгенің пікірі бізге белгісіз. Басқаға кінә артпас бұрын адам өзіне, өз ісіне есеп беріп алғаны жөн. Жамансың ба? Жаман ісің көп пе? Өзіңді тәрбиеле. Біз басқаны қаншалықты дәрежеде жақсы көріп, сыйласақ, яғни баламызға, жарымызға, бауыр-туысымызға, жалпы, өзге адамға не берсек, соны аламыз, ісімізге, көрсеткен жақсы-жаман пейілімізге орай жауабын аламыз. Қазақтың «сыйға – сый, сыраға – бал» деген мақалы дұрыс айтылған. Шынымен, «не ексең, соны орасың».

Өмірге әркім өз «Менін» ала келуі керек. Бірақ кейде сол «Мен» басқа «Мендерден» өзін артық қоюдың пайдасын көздеуі мүмкін. Әр «Меннің» өз ерекшелігі бар. Мысалы, бір «Мен» өз құлқынын тойдырып, өз байлығын еселей түсуді көздесе, бірі дүниеқоңыздықтан гөрі атақты, даңқты мансұқ етеді. Енді бір «Мен» алдымен өзіне емес, еліне, жұртына титтей де болса пайдамды тигізсем дейді. Демек, «Мендердің» ерекшеліктерімен қатар әрқайсысының өз соқпағы бар болғаны…

*          *          *

Ешқашан біреуге жасаған жақсылық пен ізгі достық, адал махаббат текке кетпек емес. Адал ниетпен көрсеткен жақсы ісің түбінде өзіңе еселеніп қайтып келеді. Ал адал сүйе білсең, ол сезіміңнің де қадірін білер… Жақсы көріп, мәпелеген адамың сенің сол бір ілтипат көзқарасыңды, пейіліңді ешқашан ұмытпақ емес.

*          *          *

Кейде түнге қарай небір ойлар келеді. Әсіресе, жүрек тұсым шаншып ауырып, жанымды қоярға жер таппаған сәтте мына жалған дүниенің де құны болмай қалады. Бітпейтін күйбең тірлік, кәкір-шүкірге бола сабырыңды тауысу, асығып-аптығу, әлдекімдермен дауласу, намысың кеп, жұлқыласу – бәрі де мағынасыз секілді көрінеді. Тіршіліктегінің бәрі қымбат екенін, оны аялап, мәпелеп, қолдан шығарып алмау керек екенін, болмашыға бола ағайынмен, көршімен бет жыртыспау керек екенін түсінесің.

Мына дүниеден кім өтпеген дейсіз?! Әркім өз әлінше өмір сүреді. Әркім өз әлінше шиыр-шиыр із салады.

Жолдар көп. Өмірдің жолдары. Тарау-тарау соқпақтар жатыр. Соның ішінде менің де соқпағым бар-ау…

*          *          *

Талап кемшін. Әуелі өзіңе талап қоя білу керек, сосын басқаға. Осы бір талап қоя білмеу – адамның түбіне жетер. Жұртқа қойған талапты алдымен өзіңе қоя алмасаң, не пайда? Ең қиыны — өз-өзіңе талабыңның жүрмеуі. Адам баласы, бәлкім, өле өлгенше өз-өзімен күресіп өтер…

*          *          *

«Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген сөз дұрыс айтылған. Интернатқа меңгерушілікке келгелі бері бұрын сыйласып жүрген таныстар басқаша қарай бастады. Бірге жұмыс істесіп жүріп, бетіңе күле қарап, сыртыңнан күңірене сөйлейтіндер де бар. Іштей сезем. Аяқтан шалғысы келетіндер көп сияқты. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүріп, өзін мақтап, өзінен басқаны көрмеу адамшылық па?

Өзгеге тым сену – менің кемшілігім шығар.

*          *          *

Егер сенің адал махаббатың болмаса, маған мына ғұмырда дүниенің де, мүліктің де, байлықтың да бір тиын қажеті жоқ. Атақтың, мансаптың, биік дәрежеге жетудің де түкке керегі жоқ, егер сен мені сыйламасаң, ренжітсең, мен сені сыйламасам, ренжітсем.

Маған егер Алла: «Миллион сом ақша берейін бе, сүйген жарыңа деген адалдық, сенім берейін бе?» – десе, ойланбастан бірден сүйген жарымның маған және менің оған деген сүйіспеншілігімді, адалдығымды, бір-бірімізге деген нық сенімімізді бере гөр дер едім!

*          *          *

Адамның мінез-құлқы, ойлау қабілеті уақыт өте келе өзгере ме? Иә, дер едім. Өмір сүрген қоғамы мен жүрген ортасы, жолдас-жорасы, істеген қызметі адам мінезінің жақсыға не жаманға өзгеруіне ықпал етеді.

*          *          *

Өзің білмейтін іспен айналысу адамға опа бермейді. Білмейтініңді білем деп, өзгемен тайталасу да ұятсыздық. Өрең жететін, өзің білетін іспен айналысуға көп адам мән бере бермейді. Әлі келмейтінге қап, таң қалып жүреді. Неге?

Соңғы кез бақыт туралы ойландым. Бақыт деген не? Бақыт қайда өзі? Оны қалай табуға болады? Өзіңе таныс жолмен, әлде бұралаңы көп, қауіпті жолмен жүру керек пе? Бірақ қауіпті, қиындығы көп жолмен жүріп, тапқан бақыттың  дәмдірек болатыны сөзсіз. Дегенмен тағдырың ұсынбай, көрер көзге әдейі қиын жолды таңдау әділетсіздік болар еді. Ал оп-оңай қолың жеткен қуаныш пен қызықты бақыт деуге болмас. Тағдырың қиын жол ұсынса, қасқиып қарсы ал, қиындықты жең!

Меніңше, бақыт – еңбекте. Әлсіздікпен, арсыздықпен, жезөкшелікпен, дүниеқоңыздықпен, пайдакүнемдікпен, мансапқорлықпен, ұрлықпен, алдаумен, жәдігөйлікпен қолға келген бақытты бақыт деп есептемеймін. Мұндай бақыт баянсыз болмақ. Мұндай жолдарды қаламаймын. Өз ісіңе адалдық болмаған жерде еткен еңбегіңнен, қызметіңнен рахат таба алмайсың.

Ең жақсы, ең қызық, дәулеті де көп бақыт – маңдай теріңді төгіп, арып-ашып тапқан бақыт.

*          *          *

Әр кез өзімді мына бір ойлармен жани түсемін.

Алға қойған мақсатқа жету керек! Ол үшін тәртіп, қатал тәртіп керек. Өзіңді аямау! Әрқашан соны жаңалық, шығармашылық, еңбекқорлық, ілгері ұмтылу, талапшылдық, ынталану, қызығу, сенім, іскерлік қажет.

Өзіңді табу! Адами өмірден өзіңді табу, өзіңді тани білу, соған ұмтылу, жету…

Текті, бекзат ұрпақ қашан да білімге, ғылымға, еңбекке ұмтылады. Сөйтіп, өзінің де, елінің де мәртебесін көтереді.

Үлкен адамгершілік – мәдениеттің белгісі. Адамгершілік, әділдік, шыншылдық. Әр ісіңді адамгершілікпен, кісілікпен жаса. Алға ұмтыл! Жығылғанды тұрғыз, сүрінгенге қол ұшын бер!

Адамның жүрегі – қуат пен сенімнің қайнар көзі. Адам тығырыққа тірелгенде сол ақылға толы жүрек қана жолбасшы болады. Ақыл мен терең ойлы ғана қайғы, қиындық келсе, мойымайды, алға ұмтылады.

Адамды теріс пиғыл, жаман ниет бұзады. Теріс пиғыл аспаннан түскен бұршақтай иесін ауыртады.

Алла берген жақсы күнге шүкіршілік ете отырып, биіктерге ұмтыл! Әр атар таңды, келер күнді қуанышпен қарсы ал!

Қандай ауырлық, қиыншылыққа тап келсем де жақсылықтан күдерімді үзбедім. Алладан тілек тіледім. Үмітімді жоғалтпадым. Сол үміт мені әлі күнге дейін жетелеп келеді…

*          *          *

Шығармашылық – ізденіс… Шығармашылық дегеніміз, меніңше, адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы. Өмірде дұрыс жол табу үшін дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі. Адам бойындағы қабілеттерді дамытып, олардың семуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі, жол ашады.

Бәлкім, адам бойындағы белгілі бір нәрсеге деген бейімділік оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі шығар. Белсенділік, қызығушылық және әр ісін көтермелеп отыру адамның шығармашылық қабілетін нығайтады, шыңдай түседі.

Мақсаты жоқ адамдардың өмірі бос кеңістік қана. Бірақ арманы жоқ адамда мақсат қайдан болсын?!

Әкім-қаралардан, биліктегілерден қарапайым халық мейірім күтеді. Ал Наполеон: «Әрбір король мейірбан деген пікір айтылса, оның билігінің іске аспағаны» деп жазды.

*          *          *

Асығыстық… Мына жарық дүниеде жақсы істерді жүзеге асырып, бәріне үлгергім келеді. Отбасыма, туған-туысқа, бауырға, еліме, туған жеріме бір пайдам, жақсылығым тисе екен деймін. Өзгелерді түсінгім келеді…

Балаларым жайлы ойлаймын… Нағыз адамша өмір сүрсе екен деймін, ойлы, саналы…

Сәндібек БАЙЖИЕН.

«Күнделіктен».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button