Тарих

Пиғыл

Жерлесіміз,  жазушы,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Өмір сыры», «Қанағат», «Шырғалаң» секілді кітаптардың  авторы Тынымбай Төлепбайұлы 75 жасқа толып отыр. Соған байланысты бүгін С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде оқырмандар жазушымен кездеседі. Одан кейін шаралар  қаламгердің туған жері Байғанин топырағында жалғасады —  Жарқамыста, Қарауылкелдіде кездесулер өтеді.

Біз Тынымбай Төлепбайұлын мерейтойымен құттықтай отырып, оның «Пиғыл» атты әңгімесін оқырманға ұсынып отырмыз.

(Әңгіме)

Түн ұйқысын төрт бөліп, мазасын алған ой Бигүлдің санасын сарсытып тастады. Денесі бірде ысып, бірде суиды. Ойы әр саққа бытырап, өмірі көріп білмеген, ынтызарлық сезім бойын кернеп барады. Қиялымен жігітінің ыстық құшағында жатқандай балқып, кірпіктері айқаса берген…

* * *

Бір жатақханада жатқан екеуінің бөлмелері де қарама-қарсы. Өзінен бір курс жоғары оқитын Жандоспен сауық кештерінің бірінде танысты. Әуелгіде өзін биге шақырып, жанынан кете алмай, айналсоқтап жүрген, ұзын бойлы жігітке үйрене алмай, жатырқап жүрді. Келе-келе өзгелерге ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тани түсіп, көп ішінен дүрдиген бұйра басы көзден таса болса болды, тағат таппай, айналасына алақтап, әлдене жетпей, сыңарын іздеген аққудай алаңдайтынды шығарды. Осы бір қара торы  жігіт жүрегіне шоқ болып түскенін сонда ұқты. Сол шоқты махаббат сезімімен аялап, жел тиген өрттей лапылдатқысы келді. Неге екенін өзі де байқамай, ол есіне түскен сәтте жаны жадырап, езу тарта жымия қалатыны рас. Өзге жігіттерден гөрі, өзіне ыстық тартатын Жандосты сырттай меншіктеніп, иемденіп алатыны соншалық, сырт көзден де қызғанатын. Дегенмен арадағы қылау түспеген достықты көздің қарашығындай сақтап, одан асып ешқандай іс-әрекетке бара қоймаған Жандосқа, бұл қылығының артық екенін білді. Ұры сезім өз-өзін іштей қыштап, қатты ұялтады. Екеуі күнде, күн құрғатпай кездесіп жүрсе де, жігіт өзіне әлі күнге дейін, я сөзбен болса да, я тіс жарып, жылы лебіз білдірген емес. Әрдайым кездесуге Бигүлдің жүрегі лүпілдеп барып, тасыған көңілі су сепкендей басылып қайтушы еді. Сонда да ол, Жандостың аузынан шығар бір сөзді есту үшін, күнде күдерін үзбей, асыға күтумен жүрді. Оңаша ұшыраса қалса, көбіне Бигүлдің өзі сөйлеп, жалығып кететін кездері де болады. Ондайда Жандостың ойлы жүзін жаңа көргендей, көз айырмай қадала қарап: «Япыр-ай, осындайда ой бөлісіп, көңіл көтеріп, сөйлеп отырса қайтер екен, жап-жас басына жараса ма, осы? Өзге жігіттер қиналмай айта салатын бір ауыз сөзді, соншама зарықтыра күттіріп, адамды қинайтыны несі екен?» — деп ойлайды. Оның кексе кісілердей, тым байсалды кейіп танытатындығына күйіп-піседі. Сүйтсе де, реніштің көлеңкесінен із де қалмай, жігіттің осы мінезінің өзі-ақ, көзіне тым жылы  ұшырап, ол дегенде шығарға жаны бөлек бола қалатынын айтып жеткізе алмайсың. Жігіттің махаббат жайлы жұмған аузын ашпауы, қызға жұмбақ еді. Кейде Бигүл: «Әлде бұл мені ұнатпай ма?» — деп те күмәнданды.

Жылы төсекте түн көрпесін жамылып, көз ілмей, таңды ұйқысыз атқызған талай түндер қыз арманының үнсіз куәгері болғандай-ды. Әйтсе де, Бигүл өз лебізін білдіре алмай, «қыздың жолы жіңішке» деген әдептен аса алмай, жігіттің ұсынысын тағатсыз ұзақ тосты.

 

* * *

Жандос осы институтқа өз қалауымен түсті. Оқу бітіріп, аулында инженер  болып жұмыс істесем деген алдына қойған мақсаты бар еді. Бес жылдық оқу да бітуге таяу. Ол әлі білімнің тереңіне бойламады, қызық өмір қумады. Өзі қатарлы жігіттердің жұп-жұп болып, қыздармен жүргендерін көргенде: «Алдымен оқуымды бітіріп алайын» деп, өзін алдарқатушы еді.. Осы уақыт ішінде бір қыздың бетіне қарап, бір ауыз сөз айтып көрмепті. Қазір де қызға көңілі жоқтай, өзінің ынжықтығына қатты қысылып жүрген кезі. Ойламаған жерден, оған Бигүл кездесті.

Екеуі алғашқы кездескен күннен-ақ, бір-біріне үйірсектігі ұлғайып, нығая берді. Махаббат туралы әлі бір сөз айтылмаса да, үн-түнсіз тұратын талай сәттерде екеуінің бейкүнә көздері ұшырасып қалатын-дағы, Бигүлдің жанары жәудіреп, жіп-жіңішке шеке тамырының лыпылдай соғатынын Жандос байқап, таңғалатын.

Жандос деген жігіт қиялындағы қызын тапқаннан бері, жаңа сезімге бой ұрып, өзгеріп кеткен. Махаббат сезімін аялап, кейде жалын атқан жүрегі жыр төгеді, жастық шақтың қызығын енді танып ұққандай. Мына өмірдің жаңа таңы енді атқандай, әйтеуір, бойында бұрын болмаған өзгерісті байқады. Басқалар не десе, о десін, Бигүлдің басқа қыздардан сұлу, тартымды екені айдан анық. Бәрінен де, соған риза еді. Кейде қыздың келбетіне сүйсіне қарайды. Қарайды да, соған шүкіршілік етеді. Сабырын сақтап, үркітіп алмауға тырысады. Өзінен аса көрікті, сұлу адамның жанары өткір келетіні шындыққа жанасатындай. Жандосты Бигүлдің мысы басады. Содан да болар, қызға көңілін білдірейін десе, батылы жетпейді. Әлі де Бигүлмен кездесіп жүргенінің өзі шындықтан гөрі, елеске көбірек ұқсап жүр. Сондай бір өзінің күйзелген кездерінде Бигүлді көзімен көріп барып, көңілі көншитіні бар. Қыздың өзіне деген ықыласын әлдене бөліп тұрғандай сезінеді. Қашанда аңқылдаған ақ көңіл жайдарылығынан, әдемі қыздың наздану мен балаң еркелігі жарасым тауып, бетін қақпай, ерке өскен қыздың іші-бауырына кіріп, қас-қабағы ашылып, Жандос барса, көтеріңкі күйінен жаңылмай, мәз болып қарсы алады. Бұған оның көңілі тасып, абдырап қалады. Онымен қоса, Бигүлдің даусы да, жігіттің тұла бойын иітіп жібереді. Әйтсе де, Бигүлді көргенде, қысылып-қымтырылып, берекеті қашып, өзін еркін сезіне алмайтыны бар. Осыған түсінбейді. Бәрінен де оны, қатты толғандыратын тағы бір нәрсе, танысқандарына бір жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін, қызға көңілін білдіре алмай, азаптанып жүргені еді. Осы жігерсіздігіне күйінеді. Ол аздай, кейде Жандос Бигүлмен кездесіп сөйлескендерін, жанына жақын тартудың орнына, жоқты-барды әңгіме қылып, айдалаға лағып кететіндігіне жыны келеді. Осылар жөнінде өздерінің ара қатынасын санасына жеткізе түсіндіргісі келіп, әрі Бигүлдің  өзіне деген ықыласын білмекші болып, ішкі ойымен қанша арпалысқа түсті? Ондайда іздегенін тапқан жігіт көңіліне, қыз ылғи оттай басылады. Бигүлдің елден асқан сымбаты мен ажарына көзімен-ақ, тояттап марқаяды. Ең бастысы: оның мінсіз мүсіні, мінезі мен жан сұлулығы, тым-тым қашықтан, буалдыр тұман арасынан бұлдырап қана, қиялындағы  қыздың көшірмесін өңінде тапқандай болып, ұзақтан ғана құмартады. Алғашқыда Бигүлдің сұлулығына сұқтанып, қайран қалып, көзімен ғана ішіп-жеп, аялап жүрсе, бірте-бірте қиялдап отырып тілдесетін. Махаббат жайлы әлі ойламағанымен, сүйіспеншілік алдында болатын сағынып-сарғаюдың мұңлы сезімдеріне толы жайттарды басынан өткеріп жүр. Қай жерде болып, көңілін немен сергітіп бақса да, Бигүлдің бейнесі есінен кетпей, тұла бойы соған қарай алып-ұшып, қыздың сөйлеген сөздерін, сүп-сүйкімді мінезі мен еркеліктері жүрегіне тыным таптырмай, қайта кездесуге асығады. Бір айыбы — сөзге жоқ. Тұйықтық пен ұялшақтықтың азабын тартудай-ақ тартты. Бұл аздай, жұрт сияқты жайбарақат, емін-еркін, ойнап-күліп, әзілдесіп отыру орнына тобық жұтқандай, томпиып іштен тынады. Сөз деген көңілде сайрап, көмекейге құйылып-ақ келеді, бірақ сыртқа шықпағасын, не пайда? Кейде бұлбұлдай сайрап отырған қыздың алдында, тамағына кептеліп кеп тұрған сөзді шығара алмай, міңгірлейтіні несі екен?

Жандостың стипендия алған күні, екеуі мейрамхананың екінші қабатына көтеріліп, оңашалау жерден бос орын тауып отырды. Даяшы әйелді едәуір тосты.

Сол аралықта үнді әні шырқалды.

— Қандай мұңлы ән?! — деді Бигүл, мағынасын ешкім аударып бермесе де, сүйіспеншілік жайлы екенін іштей ұғынып.

«Осындай оңашада, сүйгеніңнің қасында отырғанға не жетсін. Сөздің қажеті жоқ, тек қана жүректің нәзік пернесін басатын әуен керек», — деп Жандос та ішінен әнді ұйып тыңдап қалды.

Пиала түбіндегі суыңқырап қалған шайын ұрттаған оның көзі, бұрыштағы столда отырған екі жігітке түсті. Өзімен курстас Сауранбайды тани кетті. Сәлемі түзу, ақ көңіл жігіт. Ол да Жандосты көргенде, екі езуі құлағына жете мәз болған. Сауранбай Жандостың жанындағы қызды енді байқап, бірден: «Қыз керемет!» —деп бас шайқап,  бармағын шошайтты. Артынша ойнақы әуен естіліп, Сауранбайдың жанында отырған орта бойлы, сопақша жүзді жігіт бұларға қарай беттеді. Жандос Бигүлді биге шақырып үлгергенше, әлгі жігіт:

— Қарындас, сізді бола ма? — деп еппен басын иіп, қолынан ұстай алды. Оның қысылып, қымтырылмай, өзін еркін ұстап, баса көктеп жетіп келгені, оған ерсілеу көрінсе де, өзінің орамы жоқ икемсіздігіне қатты ренжіп, іштей сөгініп қала берді.

Екеуі билеп жүр. Жандостың көзі бейтаныс жігітке түсті. Енді аңғарды,  оны бір жерде көрген адамына ұқсатты. Осы арада, неге екенін өзі де түсінбей, демде Бигүлді одан қызғана бастады. Екеуі Жандостың ойын сезе қойғандай, бұрыннан таныс, ет жақын адамдардай, тым көңілді бола қалды. Бірін-бірі жоғалтып, жаңа табысқан сияқты. Екеуі вальстің ырғағымен ортада билеп жүр. Осы кеш солардікі сияқты, өздерін-өздері ұмытқан. Бигүл жұқа ернін жымқырып, бұған қарап, күлімсіреп қойды.

«Көрдің бе, өзіңдей жігіт үйіріп әкетті. Сендей емес, қалай сөйлесудің жөн-жосығын біледі. Ал сен ғой, мыңқиып әлі жүрсің. Жан дүнием қалай  азаптанып жүргеніне көңіл бөлмейсің. Ойыңа кіріп те шықпайды. Ғашықтар неге бірін-бірі зарыға күтеді?» — деп емеурінін бимен сездіргендей.

Жандос Бигүлге іштей елжіреп, жаңа көргендей қарап отыр. Жан дүниесін тәтті сезім баурап алған. Екі беті дуылдап, жүрегі тулап, дүрсілдеп қоя берді. «Қыз деген сезімтал келеді деуші еді. Менің осы қалпымды Бигүл біле ме екен? Өзің қандай нәзік болсаң, жаның да сондай сұлу шығар?! Сенің күлімсіреген көздерің анағұрлым көбірек ұнайды маған. Ондайда сенің дидарың дәл баланың өңіндей сүп-сүйкімді көрінеді», — деп іштей толқып, өмірінде ойына келмеген тұп-тұнық, кәусар сезім он екі мүшесін тулатып, жан толғанысын сыртына шығара алмай тебіренді. Сені айтуға «әдемі» деген сөз де жетпейді деп, нақ қазір айтқысы келіп кетті. Одан жанарын ала алмай қалды. Күтпеген сәттің орайы келіп, бір-біріне жымия қарасты. Бұл жай ғана табысу емес, екі жастың көрмесе тұра алмайтын, аңсаған жүректердің сағыныш лүпілі еді. Қыздың тұп-тұнық, мөлдір қара көздері тағы да күлімсіреп жігітке қарады. Осы көзқарас Жандосқа көп нәрсені ұқтырғандай еді. «Менде кінә жоқ», — деп бейкүнә қараған. Оның жәудіреген көздерін көргеннің өзіне көңілі бір серпіліп қалды. Айналадағы көпшіліктің Бигүлге назар аударғанын байқады. Қыз өзінен алыстап бара жатқан тәрізді. Көп арасына сіңіп, көрінбей кетті. Мына Сауранбайдың серігі  қызғанышын қоздырып, тағы да аласапыран күй кештірді. Міне, екеуі дөңгелене билеп, тағы алыстан көзге шалынды. Бейтаныс жігіттің құшағында жүрген Бигүлге еріксіз назары ауды. Қасындағы жігіт оған бірдеме дейтін тәрізді. Қыз кет әрі емес, сәл жымиғандай болды ма?! Лапылдап, тұла бойы ыси бастады. Тап бір безгегі ұстаған жандай, қалш-қалш етеді. Сүйткенше болмай, би де аяқталды. Іле шала екінші би басталды. Со мезетте, қызды орнына апара жатқан бейтаныс жігіт орта жолда ізет ете иіліп, Бигүлдің қарсыласуына мұршасын келтіртпей, қолтықтай алып, би ырғағына бөгелмей ілесе жөнелді. Оның пиғылы да, көңілі де тоқ. Жандос жігітке қызығып та, қызғанып та қарап отыр. Олар көптің ішінен ырғала билеп, бір дөңгеленіп өтті жанынан. Екеуінің күлімсірей қараған жанарлары түйісіп:

— Бәсе, мені ұмытпаған екен ғой, — деп қызғанышын басты. Бигүл де өзіне таныс Жандостың жүзіндегі бұрын байқап, аңғармаған ерекше сүйкімді бет-әлпетіне ынтығып қараған сәтте, жігіт бойындағы жаңа өзгерісті сезгендей, қадалған жанарын тайдыра алмаған күйі ұзап бара жатты. Бигүлге деген бір жақындық  көктемнің бәйшешегіндей бой көрсетіп, Жандостың көңілін әлдилеп барады. Өмірде ешқандай көзбен көрмеген әсемдік, сырлы сезім, жылы шуақ соның ғана көзінен табылғандай. Бигүлде адамды бірден тартып кететін сүйкімділік бар екенін біледі. Сондықтан да бейтаныс жігітпен екеуінің тіл табысып кетуінде, бүліне қоятындай ешнәрсе жоқ екеніне кәміл сеніп отыр. Қазір ол бөтен ой кірмейтіндей, қамсыз отыра алмасын түйсініп тұр.

«Қалай ол танымайтын қызбен бірден шүйіркелесіп кетті? Бұрыннан таныс адамдай үйіріп алды. Менің осыным дұрыс па? Әлі күнге дейін, бір ауыз сөз айта алмай, соңында салпаңдап жүрмін. Бүйте берсем, қыздан айырылып қалуым да мүмкін-ау».

Бұрын мұндай ой ойламаған санасы енді кеш болатындай шошынып отыр. Жандос ақыры билеген жоқ.

Олар күре жолдың бойымен қатар келе жатыр. Араларында қолайсыз үнсіздік орнаған. Жандостың жүрегінде елегізу, қобалжу пайда болған. Қапаста қиналып, сүйеніш іздегендей, қыздың ып-ыстық алақанынан ұстап, өзіне тартты. Қыз осыны күткендей, қарсылықсыз, икеміне көне берген. Жаңа ғана жан дүниесін құрсаулаған қызғаныш пен күдік атаулының қалың тоңы әп-сәтте еріп кетті. Жігіт көңілі орнына түсіп, ептеп батылдық бойын билеп…

Қыздың ыстық демі тұла бойын лап еткізіп, күйдіріп барады. Екеуі ыстық сезімнің құшағында масая бастағандай. Жандос күнілгері дайындаған сөз тиегін ағытпақшы. Жасқаншақтығы тілін күрмей берді. Екеуі ай сәулесі түсіп тұрған еменмен қатарласқан тұста, сөзін бастауға оқталды. Көп жігіттер «сүйдім-күйдім» деп, ауыздары-ауыздарына жұқпай, қыздардың басын оп-оңай айналдырып алады. Басқалар айтқанды бұл неге айта алмайды осы? Қазір айтады. Қызды ұнататынын, жақындаса тіл-аузы байланып, өртеніп кете жаздайтынын, алыстаса күндіз-түні сағынатынын, ойлай беретінін, көңіл түкпірінен кетпейтінін… Жан сарайы сайрап келеді, бірақ қанша оқталғанмен, ләм-мим дей алмады. Ақыр аяғында: «Сөздің керегі қанша, сөзден де күшті құдірет бар. Ол — адамның көзі. Көз іші сырды тез жеткізеді», — деп өзін жұбатып қойды.

Түн ортасынан ауып барады, қала ұйқыда. Зеңгір аспан жыпырлаған жұлдыздарға толып, қылықты қыздың күлкісіндей көз тартады. Табиғат тылсым құшағына бөленіп, өзгеше сыр шерткендей, мүлгіп тұр. Тымық ауа. Жандостың кеудесі қуанышқа толы. Төбесі көкке екі-ақ елі жетпей тұр, себебі қыз кешкі салқыннан тоңды ма, жігіт құшағына тығыла түсті.

Олар бір топ ағаштың ортасында үй орнындай жерді көмкеріп, желегін кең жайған, алып қайыңның  қасындағы қаулап өскен шалғын шөптің арасына отырды да, жігіт қызды бауырына тартып, аймалай бастады. Бигүл сүйкімді көздерін жұмып, жігіт құшағына құлай берген. Қызбен бірге Жандос та көк майсаға құлай берді… Басы, көзі, мойнынан өліп-өшіп сүйіп, құлын мүшесін қос алақанымен жоғары-төмен сипалап жатыр, сипалап жатыр… Екеуін де ыстық сезім баурап, қыздың талықсыған үні естілген шақта, жігіттің бойын кернеген бұла күш лықсып келіп, жан құмарын қандырғысы келген ыңғай танытты. Қыл үстінде тұрғанын сезді ме, қыз да әлсіз бұлқынып қойды. Өзгелерден артық санап, ардақ тұтқан жігіті, мұндай әрекетке бара қояды деп ойламаған. Жігіт пиғылын байқаса да, жан мен тән тілегі намыспен арпалысып әлек. Сырт көзге қыз мінезді жігіттен, өрескелдік ойлаудың өзі қисынсыз. Бөтен емес, жанындай жақсы көретін Жандос болған соң, еркінен айырыла берген…

Қыздың демі жігітті күйдіріп-жандырып, талықсыған тәтті үні жан дүниесін қопарып тастады. Ақыл санаға бағынбай, пиғылы өзгеріп кетті. Тап қазір оны таразылап, зерделеп жатуға уақыт жоқ. Тұтқиылдан бас көтерген ғаламат сезім кернеп, лықси жөнелгенде, саусақтары қыздың іш киіміне жетті…

…Жалындай шарпып игертер емес әлдене,

Білмей тұр жігіт аңсарын басар жол іздеп…

Кенет желкеден бүрген қарулы қол батыра қысты да, Жандосты бала құрлы көрмей, алдына дік еткізіп тұрғызған адамды көрген сәтте, естен тана үрейленіп, төбе шашы тік тұрды. Қарсы алдындағының бет-әлпетін түн қараңғысы көлегейлеп көрсетпеді. Тіл-аузы байланған. Оңашада пайда болған бейтаныс, оның есін жиюға мұрша бермей, қақ шекеден періп кеп жіберді. Шалқасынан құлаған Жандос орнынан қайта тұра алмады.

— Саған осы да жетер.

Үні зілді шықты. Жандосқа қайрылған жоқ.

Бигүл оқыс шошынып, отырған жеріне кіріп кетер тесік таппай, байғұс қыз дір-дір етті.

— Тұр! — Бигүлде өші бардай, зекірген өктем дауыс. Қасындағы адам тұрған орнынан қозғалған жоқ. Бигүлдің  өздігінен қозғала қоймасын білді ме, жаңағы адам, Бигүлді қолтығынан ұстап тұрғызып:

─ Даусыңды шығарушы болма! Ана жігітіңдей қасыңда тығылып жататын адамың біз емес. Ұқтың ба? — деді.

Сәл мүдіріп:

— Маған бәрібір, — деді жарықшақтана шыққан дауыс. Бигүл орнынан тұрып, құлаған жерінде жатқан Жандосқа ұмтыла бергенде, қызды жібермей ұстап қалды да:

— Оған сенің жаның ашымай-ақ қойсын! Өлмейді, қазір тұрады, — деді жаңағыдан бетер ызғарлы. Бигүлді қолтығынан ұстап, трассаға қарай жетектеп кетті. Қыз қарсыласпай, көне берген.

Әуелгіде Жандос ес жия алмады. Бигүл ойына түскенде барып, оның басы салбырап, айналасына сезіктене қарады. Маңайынан ешкім көрінбеген соң, қызды уайымдай бастады. Жандостың басына небір ойлар бірінен соң бірі қабаттаса келіп, жаман ойлағысы келмей, ел аман, жұрт тынышта қасындағы қызынан айырылып қалғанына намыстан жарылардай күйініп кетті. Бұл өзін қорлағанмен бірдей еді. Бейтаныс адамның оны алып кеткенін іштей сезді. Бойын кернеген ашудан құтырынып,  әлгінде өзін соққыға жыққан адаммен жекпе-жекке шыққысы келді. «Сенен келген пәле болса, көрдім ендеше» деп, белін бекем буынып, тапап тастайтындай сыңай танытты. Балтасын айға білеп, бойындағы күшін қайда сиғызарын білмей, төзімі таусылып, ішін намыс оты өртеп шыдатар емес. Аяқ астынан біреу кеудесін езіп жатқандай ышқынып, екі жұдырығымен жерді төмпештеп ұрды. Сәлден кейін бір уыс шөпті уыстап тұрып:

— Бигүл! — деп тас қараңғы түнде айқайлаған жігіттің қаһарынан жан түршіккендей еді.

«Олар мезгілсіз уақытта не істеп жүр? Қаны бұзық біреулер болса, мені бұлай тастап кетпес еді ғой. Онда қызды неге өздерімен бірге алып кетті? Бұл жерге қалай келді?»

Енді Бигүлден әбден күдерін үзіп, қажыған Жандос жанары бір орнынан қозғалмай, мелшиген күйі отыр. Айналасына зер салды. Әлі де Бигүл қасына қайтып келетін сияқты. Оған қарайғанның бәрі бірдей, адам сықылды көрініп, көзі жеткен жерге тесіле үңіледі. Құлағына су сарынының шуылы естілгендей. Төменде арнаның бойын қуалап, жылтырап ағып жатқан суды көргенде, кішкентай күніндегі апасының тілерсегіне түсетін шолпысы есіне түсті. Баяу жүрген сайын, сыңғырлаушы еді. Шолпының даусын естігенде, ойын баласы көбелекше желпіне қалатын. Тап сол күйді қазір де басынан кешіп…

 

* * *

Әлгі екеу қызды жатақханасына жеткізіп салды. Бигүл бөлмесіне жетіп, кереуетіне құлай кеткен. Жанындағы қыздар үйлеріне кетіп, бөлмеде бір өзі еді. Болар іс болды десе де, екі жігіт қатар ойынан шықпай, басы қатты. Бірінен-бірі ыстық тартып, жанын қоярға жер таппай жатыр. Енді бір мезетте, ұмыт болып кеткен сонау бір күндер қыз жанарына ұялап, қапсағай денелі Дәурен елестеді. Оның біреу қуып бара жатқандай, асыға сөйлейтін әдеті болушы еді. Дегенмен Бигүлге ұнайтын. Орта бойлы, бидай өңді, пісте мұрын жігіт көз алдында тұр. Бәрі сол қалпы. Ұмытылып бара жатқан сағынышы қайта оралып, бойында жатырқайтын жаттық жоқтай. Дәуреннің бейнесіне көзі тоймай, іші-бауыры елжіреді.  Қапталдан кесе көлденеңдеп, Жандос шыға келгенде, Дәуреннің бейнесі зым-зия жоғалды. Оның жағдайы қалай? Бөлмесіне жетті ме екен? Қолтығынан демеуге шамасын келтіртпеді ғой, мана Дәурен. Жандосты аяды. «Енді ғана табысқанымызда көрмейсің бе, келе қалғанын», — деп Дәуренге өкпеледі. Осы кезге дейін іздесең, қайда қалдың? Әлде қыз басыммен менің іздеуім керек пе еді, сені? Түннің бір уағына дейін торуылдап жүретіндей, кімің едім сонша? Әлде маған істеген мазағың ба?» Қиналған қыз ағыл-тегіл жылап-жылап, әзер көзі ілінді.

 

* * *

Жандос есін жиғанда, қыздың өзіне бұйырмайтынын білді. Амалсыздан: «О, баста қыздың артық жаратылысын білген едім, өзіме тең емесін сезген едім. Енді қарашы, ойлағандай болып шыққанын», — деп күйінді. Іші қыз-қыз қайнады. Опынғанмен, өкініштің орны толмасын түсінді, болған істі мойынмен көтеру ғана қалып, құсалықпен қыз көзіне қалай көрінерін білмей, қатты састы. Қиналғаны соншалық, алдынан Бигүл шыға келгендей, жүзі шайлығып, махаббатынан айырылғанына кәміл сенді.

Ертеңіне үлкен үзілістен шығып, екінші қабаттан төмен түсіп бара жатқан Жандосқа Сауранбай қарсы ұшыраса қалды. Сол баяғы, қашанда ашық, ақ жарқын күйінен жаңылмай:

— Ау, күйеу бала, той қашан?! Бигүлді жаңа көрдім, — деді ол салған жерден ойында ешнәрсе жоқтай ыржия күліп. Ол Сауранбайдың ақ пейілділігі, сөйлегенде ар жағынан көмекейі көрініп тұратын, арамдығы жоқ, аңқаулығына риза болып, кездескен жерде өзі де ықыластана амандасатын. Ал қазір оны көрген сәтте-ақ, көңілі қалған адамдай суқаны тартпай, бойын жайсыздық билегеніне таң. Қалай болғанда да, кежегесі кейін тартып, кешегі мейрамханадағы отырысынан кінәрат тауып, өкпесі бар адамша, сөйлесуге зауқы соқпады. Сауранбайдың: «Күйеу бала» дегені жынына тиді. Онымен қоймай, қыздың аты естілгенде, сіркесі су көтермей тұрған Жандостың кешегі тас болып қатып қалған ашуы аяқ астынан бұрқ-сарқ қайнап, өзін ұстай алмай, байқаусыз тұрған жігітті жақтан салып жіберді.

— Өй, есің дұрыс па? Саған не болды? — деді жұдырық күтпеген Сауранбай.

Жандос жөнсіз кеткенін білсе де, сыр берген жоқ. Қайта өршелене

түсіп:

— Әй! Сен не дедің? Қане айтшы.

Ашуға булығып, шыдамы қаша сөйлеген Жандостың қас-қабағы түйіліп, көзі ызғар шашып, Сауранбайға төне түсті. Әлі де сыбағасын алып болмағанын байқатып, екі қолының жұдырығы түюлі. «Үндемегеннен үйдей бәле шығады» деген. Енді ұрынарға себеп іздегендей, даусы кілт үзілді. Әбден қызынып алған оған, Сауранбай әлдене десе, ілінісе кетуге шақ тұр. Жандостан басқаны күтсе де, тап осыны күтпеген ол, алақанымен жағын ұстап, онымен сөйлесудің мәні жоғын сезген қалпы, жауап қатпастан, жоғарғы қабатқа қарай тез-тез адымдай берді.

Күтпеген жерден ши шығып, ерегестің асқынып кетпей, тез аяқталып қалғаны да жақсы болды. Оларды ешкім көрген жоқ.

Қанша ұстаймын деп құлшынсаң да, қолға ұстауға келмейтін алтындай қымбат уақыт, аққан судай жым-жылас өтіп жатты. Сол кештен бері, өзіне ғана өкпелеген Жандос жаратылысына біткен жігерсіздігінің азабын тартудай-ақ тартты. Жігіт болып, қызбен тіл табыса алмаған қателігін түсінді. Өмірінде қызға жақындамай, еркекке тән іс-әрекеттің болмағанынан кеткен кемшілігін ұғынып, қызға қайтып баруға намыстанды. Бигүлден мүлде хабарсыз кетті. Кешегі қызғаныш пен күйініштің не екенін өмірінде тұңғыш рет, шындап сезінген күндер өтті басынан. Қайда жүрсе де, қапталдан қалмай еріп, Бигүлді бір көруге зар болып жүргенімен, уайымға мүжіліп, өңі қашып, жүдеп, махаббат азабына шыдай білді.

 

* * *

Жазғы демалыс аяқталып, жан-жақтағы студенттер қайта орала бастады. Жандос та теміржол вокзалынан такси ұстап, қаланың үлкен көшесімен сырғыған күйі, төрт қабатты жатақхананың алдына келіп тоқтай қалды. Әншейінде тыным таппай, ашылып-жабылып тұратын сыртқы есік тып-тыныш тұр. Студенттердің әлі келмегенін кезекші әйелден естіді. Жатқан бөлмесінің кілтін алып, орнына кетті.

Жатақхана іші бос.

Кенет есікті тықылдатып, бөлмеге Сауранбай кіріп келді. Жандос сенерін де, сенбесін де білмей: «Бұл қайдан жүр?» — деп ойлады ішінен. Сауранбайдың келгеніне тіксініп, ұната қоймаған. Бұның келетіндей реті жоғы өзіне аян. Жай жүрмегенін іштей сезді.

«Сонда неге келді? Менің келгенімді қалай білген?» Оның суыт жүрісіне түсіне алмай отыр.

— Сәлем! — деді Сауранбай Жандостың бетіне күлімдей қарап. Дәнеңе

болмағандай, қол алысып, амандасып жатыр.

Іле сөзінің соңында:

─ Саған шаруамен келдім, — деді ол қипақтап. — Әңгіме Бигүл жайында, — деді тағы.

— Бигүлге не болды?! — Жаны мұрнының ұшына келе қалды.

— Бигүлге ешнәрсе де болған жоқ, аман.  Сен білмейтін шығарсың, қыздың ауылда жігіті болған. Онымен мектепте он жыл бірге оқыдым. Былайша айтқанда — менің досым.

— Оның маған не қажеті бар? Қыздың өзіне барып айт.

Даусы зорға шықты.

— Иә, білем, оны айтпасаң да болады. Сен ойлағандай, бұл жай шаруа емес. Дәл қазір екеумізге екі адамның тағдыры байланысты. Қысқасы, менің досымның Бигүлге үйленгісі келеді. Болған жайды егжей-тегжей айтып берсең, жігіт қызға қосылмақшы.

Жандостың қазіргі жағдайына ол мән бермей, ашыла сөйледі.

Бигүлді сағынған жүрегі жаңа ғана шым-шым еткен. Жандостың үнсіз қалғаны Сауранбайды әлекке салғандай.

Ол енді жалына бастады:

— Сенен өтінем, бәрін жасырмай айтшы… Маған жасаған жақсылығың болсын, осы жақсылығыңды өмір бойы ұмытпаймын деп, уәде берейін. Біле білсең, сенің әнеукүні қол тигізгеніңді көңіліме алмай, келіп отырған жоқпын ба, алдыңа?

— Енді маған не дейсің? — деді Жандос ашумен.

Оған тесіле қараған Сауранбайдың жүзінен қиналыс ізі байқалды.

Бірде Бигүлдің: «Мені ұнататын жігіт бар», — дегені есіне түсті.

— Жандос! Жалынамын, менің орнымда сен болсаң қайтер едің? Мені түсінуге тырысшы.

Осы сөз Жандостың жанына батты. Пиғылы жаман адам екенін енді білген тәрізді.

«Әлде, Бигүлмен сөйлессем бе екен? Кешірім сұрап, алдына жығылсам қайтеді? Қиянат жасағам жоқ қой».

Сауранбайға:

— Саған айтатындай, арамызда ешнәрсе болған жоқ. Осы шын сөзім, сенсең.  Басқа сұрайтының бар ма, менен? — деді қабағы салыңқы күйде.

— Ендеше, екеуміздің арамызда ешқандай түсінбеушілік болмасын, жолдас болайық, — деп Сауранбай қолын ұсынды. Екеуі қол алысты.

Содан соң:

— Сен тек Бигүлге ғана емес, маған да қатты ұнайсың, біліп қой, оны.

Ашыла сөйлеген Сауранбай жайдары күлген болды.

— Иә, айтпақшы, саған өткенде қол жұмсаған Бигүлдің жігіті екенін білгенің дұрыс, бірақ қасындағы жігіт мен емес. Өзімен бірге істейтін жолдасы. Екеуі жұмыстан шығып келе жатып, сырттарыңнан сендерді көрген-дағы, соңдарыңнан ілесіп, жүріп отырған. Сендерге жақындап, не істерін білмей аңтарылып, біраз тұрыпты. Алғашқы екпіндері басылып, тектен-тек, қастарыңа жетіп барудың я қайтып кетудің есебін таппай, бөгеле берген. Біршама уақыт өткенде еміс-еміс шыққан Бигүлдің даусын естиді. Со кезде, қызғаныштан өті жарылардай болып, қалай жетіп барғанын білмей, саған тарпа бас салған көрінеді.

Түннің бір уағында, маған келді. Осылай да осылай Бигүлді бөлмесіне апарып келіп отырмын, — деп болған жайды баяндап берді. Мен оған не дейін, болар іс болғасын. Шынымен, араларыңда ештеңе болған жоқ па?

— Жоқ, болған жоқ!

— Осы сөзді өз аузыңнан естігім келген. Саған рақметімді айтам. Қош! — Сауранбай Жандоспен құшақтасып  қоштасты.

 

* * *

Күннің көзі ашық. Желсіз тымық ауа. Тау баурайында  ақша бұлттар қалқып жүр. Бес жылдың қалай зымырап өткені де белгісіз, алда диплом қорғайтын күн жақын. Қазір жетекшісіне барып, жазған жұмысын тексертіп, қолын қойдыртып алса болғаны.

Аялдамада адам көп. Тұсынан өтіп бара жатқанында, өзіне таныс, нәзік дауысты құлағы шалғандай болды. Сүйткенше болған жоқ, білегіне әлдекім жармасты.

— О, Жандос, сәлем! Сені де көретін күн бар екен ғой?! — деді қуанышын ірікпей.

Жалт қарап:

— Бигүл! — деді Жандос.

— Сол баяғы қалпың, өзгермепсің, — деді басқа сөз таппай қысылған ол, Бигүлдің жанарынан құйындай ойнаған қуанышты байқап:

— Қайдағы, кемпір болдық қой. Бір балам бар. Өзің ғой, келмей кеткен, әйтпесе… — Бигүл ойына әлдене түсіп кеткендей, сәл іркілді.

Іші өртенген Жандос:

— Кінә өзімнен болды. Білем. Іздемедім. Алдыңа кешірім сұрап барғым келген, бірақ…

— Мен сені сүйгенмін, сенсең. Ал сен қайрылмай кеттің ғой, сонда…

Бигүлдің кірпіктері лезде жасқа шыланып қалды. Жандос елжіреп:

— Мен сені ұмыта алатын емеспін… — деді бар болғаны.

— Енді кеш, болары болды. Сенің өмірің әлі алда, бақытты бол! — деді Бигүл жүрегіндегі астан-кестен сезімді ірке алмай.

Көп тұруға дәрмені жетпеді ме, Жандостың бетінен сүйіп алып, қайрылмастан жүре берді.

Бигүлді сол түнгі кештен кейін, көріп тұрғаны осы. Жүрегі жылаған жас жігіт келіншек көз ұшынан ұзап кеткенше, артынан қарап тұрды…

 Тынымбай ҚАРИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button