Халық құрметтеген Қияс еді…
Тағзым
Ұлы Отан соғысының ардагері, жетінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының ХХІІІ съезінің делегаты, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері, халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР социалистік мал шаруашылығының еңбек сіңірген шебері, Ақтөбе облыстық және Ырғыз аудандық кеңестеріне бірнеше рет сайланған депутат, облыстық, аудандық партия комитеттерінің бюро мүшесі, соның ішінде, көптеген орден-медальдардың иегері және республикалық дәрежедегі зейнеткер болған белгілі қоғам қайраткері Қияс Ыбырайұлы Сәрсембаев — екі мәрте Ленин, үш мәрте «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері еді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде саяси әскери училищесінде оқыған, батальон саяси жетекшісі және рота командирі қызметін капитан деңгейінде жалғастырған ол жеңіспен елге оралды.
Қияс Сәрсембаев 1914 жылы 15 қазанда Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданы Тасөткел ауылында дүниеге келген. 1931 жылы Қарабұтақ орталау мектебін, 1934 жылы Ақтөбе малдәрігерлік техникумын бітірген. Еңбек жолын 1934 жылы Ырғыз ауданы Темірастау ауыл кеңесінің хатшысы болып бастайды. 1937 жылы аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы, одан кейін кадр бөлімінің бастығы, жалпы бөлім бастығы, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Комсомол мүшелігіне өтіп, партия қатарына қабылданады.
Бряснк саяси әскери училишесін бітірген жас жауынгер 1942 жылы соғысты 1144-ші атқыштар полкінің 340-шы атқыштар дивизиясында бастаған. 1943 жылы ауыр жарақаттарына қарамастан батальонның саяси жетекшісі ретінде қол бастап, жауынгерлік жолын ерлікпен жалғастырған. 939-шы атқыштар полкінде батальон командирінің орынбасары және рота командирі болады. Воронеж, Белгород, Харьков, Днепр, Киев, Варшава, Прага, Берлин қалаларын азат етуге қатысқан.
Ұлы Отан соғысынан, кейін 1946 жылы Карпат тауларында қашып жүрген фельдмаршал Шернердің ұйымын ұстаумен соғысты ерлікпен аяқтап, елге оралған.
Қияс Ыбырайұлы 1946-1949 жылдары Ырғыз аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 1949-1952 жылдары Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқиды. Одан кейін Ырғыз аудандық атқару комитетінің төрағасы, С.М.Киров атындағы колхоздың басқармасы қызметтерінің тізгінін ұстайды.
Ырғыз ауданының Құрылыс елді мекенінде Калинин атындағы ұжымшар орнап, 1954 жылы Калинин МТС-і ашылды. 1956 жылы сол МТС тарап, соның ауқымында 1957 жылдың ақпан айында Калинин атындағы кеңшар ашылып, оған басшы болып Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, Ырғыз аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, отыз мыңыншы есебінде Киров ұжымшарын басқаруға жіберілген тәжірибелі әрі қарым-қабілеті орнықты біліммен ұштасқан Қияс Сәрсембаев тағайындалды. Халық аш-жалаңаш, киерге киім, ішерге тамақ жетіспейді. Көбісінің үстерінде үйі жоқ. Мектеп, аурухана, мәдениет үйлері туралы қиялдаудың да реті келмейтін. Бастауыш сыныптардағы балалар бір бөлмеде отырып оқитын. Партасыз білім алған кездер болды. Шаруашылықта ешқандай материалдық база деген болмады. Үй тұрғызып, құрылыс салатын бір бұрау ағаш және жоқ. Осы қиын жағдайлардан мүлтіксіз шебер басқарушының қабілетінің арқасында төрт-бес жылда шығу мүмкіндігі табылды.
МТС-тен қалған ескі техниканы жамап-жасқап, құлақ естіп, көз көрмеген Башқұртстанға он шақты автокөлікті колонна етіп жіберіп, ол жақтан қыруар бөрене жеткізілді. Сөйтіп, ауыл құрылыс алаңына айналды. Орталықты айтпағанда, фермалардың өзінде мектептер, тұрғын үйлер, мәдени ошақтар, аурухана, мал баздары салынып, шаруашылық республикадағы ең арзан қой етін өндіретін үлгі тірек шаруашылығына айналып үлгерді. Кеңшар мамандары басқа шаруашылықтармен салыстырғанда 25% үстемеақы алып, жыл соңында рентабелділік көрсеткіштеріне сай алты айлық көлемінде сыйақыға және ие болды.
Бас-аяғы жеті-сегіз жылдың көлемінде шаруашылықта 60 мың қой, 4-5 мың сиыр, 3 мың жылқы, 200-ден астам түйе өсіріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Нәтижесінде бір шаруашылықтан «Тәуіп», «Талдық», Партияның ХХІV съезі, «Киров» кеңшарлары бөлініп шығып, олар да көп сапалы шаруашылық дәрежесіне көтерілді. Сондай ірі де іргелі үлкен кеңшарды басқарған Қияс Ыбырайұлы тәрбиесінен ауданның 70% шамасындағы кадрлары өсіп, ел басқару ісіне араласты. Сол кеңшарда қызмет атқарған 12 бас маманның кеңшар директоры болып тағайындалуы да ауыз толтырып айтарлық жай емес пе?! Осы қатардағы Т.Байдәулетов, С.Қалтаев, Б.Тұяқбаев, А.Қаратаев, Ы.Шолжанов, Ж.Жарылқапов, Қ.Байғанин, Ү.Жұмағалиев, С.Омарғалиев, Х.Өтеуов, С.Наурызбаев кейін алдыңғы қатарлы азаматтар ретінде танылды.
Қияс Ыбырайұлы өзі басқарған кеңшар шаруасы төңірегінде шектеліп қалмай, ауданның, елдің экономикасын көтеруге де қарым-қабілетін аяған жоқ. Халық қалаулысы Т.Жақыповпен кеңшар орталығындағы кездесуде бірден үш мәселені көтерді. Ауданда автобаза, «Казсельхозтехника» кәсіпорындарының болмауынан жергілікті шаруашылықтардың көрші Шалқарға тәуелді болып отырған қиын халін айтып, соның себі тиген шығар, көп ұзамай сол кәсіпорындар Ырғызда да жұмыс істеді.
Дүние жаралғалы Ырғыз өзенінен өтетін көпір жоқтығына байланысты аудан экономикасының шатқаяқтап тұрғанын тілге тиек етіп, Сармолдадан көпір салынса деген тілегін елге келген министрдің құлағына салды. Министр бірден шешім қабылдап, «адамыңызды жіберіңіз, көпір салынады» деп уәде берді. Жедел түрде өзінің орынбасары Толыбай Қасқырбаевты Алматыға жіберіп, көпір құрылғыларын вогонға тиетіп, елге жеткіздірді. Алты айға жетпейтін уақытта көпір салынып, пайдалануға берілді.
Қазір дүниежүзінің үштен бір халқының автокөліктері Батыс Еуропа — Батыс Қытай күре жолымен Қияс Ыбрайұлы салдырған көпірмен жүйткуде.
Ұлы Отан соғысы қаһармандарының бірі, Қазақстан ауыл шаруашылығының майталман қас шебері Қияс Сәрсембаевтың ерен еңбегін ескеріп, Ырғыз ауданының Калинин атындағы кеңшарын құрып, ұзақ жылдар табысты басқарған қызметін мәңгі есте қалдыру мақсатында Құрылыс елді мекенінің атын Қияс ауылы деп атаса, жөн болар еді деп ойлаймыз.
Б.МОЛДАБЕКОВ,
С.НАУРЫЗБАЕВ,
С.ТҰЛҒАБАЕВ.



