Білім

Әлеуметтік мәселелер қалай шешілмек?

Жас ғалымдар кеңесі

 Сенбі күні М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде TED x жобасы аясында Жас ғалымдар кеңесі мүшелерінің басқосуы өтті.

Шарада Жас ғалымдар кеңесінің белсенді мүшелері бүгінгі күні еліміз үшін маңызды мәселелерді ортаға салып, өз пікірлерін білдірді.

Атап айтсақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Әсел Шетиева «Ақтөбедегі әлеуметтік мәселелер» тақырыбында өзінің ой-пікірін қорғаса, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «акушерлік және гинекология факультетінің интерні Данир Ким «Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы: мәселелерге көзқарас» тақырыбында жазған жобасын көпшілікке таныстырды.

Әсел Шетиеваның айтуынша, облыста соңғы екі жылда жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылық, адамдар арасындағы кездейсоқ өлім саны көбейген. Сонымен қатар облыста қоршаған ортаны ластау, сыбайлас жемқорлық, жастар арасында ішімдік пен есірткіге әуестік, тағы басқа мәселелер — бүгінде күн тәртібінде тұрған мәселелер.

  • Аталған мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеудің бір тәсілі — тұрғындар арасында сауалнама жүргізу. Бұл тұрғыда біз бүгінгі күні онлайн режимінде немесе қағаз түрінде жауап алуға дайындалып жатырмыз. Өз кезегінде қала тұрғындары біз дайындаған әлеуметтік мәселелерге қатысты өз жауаптарын айтып, оларды шешу жолдарын да өздері ұсынады. Сауалнамалардың қорытындысы жас ғылымдар кеңесінің келесі басқосуларында талқыланады, — дейді ол.

Жас ғалымдар кеңесі мүшелерінің айтуынша, қазіргі күні жастарды мынадай мәселелер көп ойландырады: жоғары білім ала алмау, өз отбасын материалдық жағынан қамсыздандыру қиындықтары, өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылу мәселесі, т.б. Ал денсаулық сақтау саласына келсек, соңғы жылдары елімізде негізгі медициналық көрсеткіштер  — туу, өлім-жітім, өмір сүрудің орташа ұзақтығы тұрақтанған. Жұқпалы аурулармен ауыру саны төмендеген. Денсаулық сақтау саласында бірқатар реформалар жүзеге асырылып, бүгінде олардың кейбірі табысты іске асырылуда. Сонымен қатар қазіргі күні елімізде, оның ішінде облысымызда қазіргі заманға сай клиникалар мен медициналық ұйымдар құрылысы жүзеге асырылып, оларға күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ  ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсарту, емдеу-диагностикалық үрдістерге жаңа медициналық технологиялар енгізу қолға алынып жатыр. Алайда айта кететін бір жайт, елімізде әлі де халықтың көп бөлігінің денсаулық жағдайы қанағаттанғысыз болып отыр.

Басқосуда сондай-ақ, тіл мәртебесі, тарихты зерттеу, ондағы кездесетін қиындықтар, т.б. мәселелер де сөз болды.

 Д.ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button