ЖеңісТарих

Ерлер елеусіз қалмаса екен…

Зерде

 Ұлттық идеология ұлттың батырларын, ерлерін дәріптеуден басталады. Сонда ғана жүрегінде намыстың оты лаулаған ұрпақ қалыптасады. «Егемен Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 4 наурызындағы санында «Қазақтың 104-ші батыры» деген бір беттік көлемді мақала шықты. Авторы — қазақтың ұлы жазушысы Ғабеңмен аттас журналист Ғабит Мүсіреп мәселені дұрыс көтерген, зерттеп-зерделеген, дәлелдеп көрсеткен. Ол батыр — ақтөбелік Іният Наурызбаев болатын. Онда оның Ақтөбе облысының Алға ауданында дүниеге келгендігі, тегі — бәрі нақты жазылған.

Өткен 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Бұл күнде қатары сиреген сарбаздарымызға құрмет жасадық. Алайда, сол батырларымыздың қатарын толтыратын тұлға туралы елдің басты басылымында жария етілсе де, жерлестері мұны жадымыздан шығарғандай болдық. Бұл Ақтөбенің батырын жатсынғандығы ма, әлде қалай? Мақтануға келгенде алдына жан салмайтын ағайындар да үнсіз қалды. Өкінішті… Неге?

Кешегі революция жылдарында Ақтөбеге бір күн келіп, бір сағаттық жиналыс жасаған С.М.Кировтан бастап, бәріне ғимараттарға тақта орнатып, есімін жаздық. Бұл — кеңестік идеология. Сол дәуірде өз батырларымыз, бұрынғы бабаларымыз жайында бір ауыз сөз айта алмадық. Өйткені саясатқа қарсы келетін еді. Тәңірге тәубе, Тәуелсіздік алып, еңсемізді көтердік. Оған да биыл 25 жыл. Сол жолда ғасырлап ел, жер үшін күрескен тұлғаларды дәріптедік, ұлықтадық, ұлттық намысты ояттық. Жеңістің 70 жылдығында алғалықтар батырын іздер ме екен деп үміттеніп едік, үнсіздік танытты.

Осы жылдың ақпан айында Алматыға жол түсіп барғанда, Інияттың көзін көрген ағайындар: «Ау, ақтөбелік бауырлар, батыр Іният Наурызбаев есіміне көше бердіңдер ме? Біз де оралдық, ол да жеріне келді ме?» — деп сауал қойды. Амалсыздан «ойластырудамыз» дедік. Сонда бір қария: «Бұл батыр ауданның атын ғана емес, елдің мәртебесін биікке шығаратын тұлға. Жай батыр емес, батырдың батыры. Өйткені алғы шепте өлімге бас тігетін штраф батальоннан мұндай көзсіз ерлердің шығуы тегіннен-тегін емес», — деген-ді.

Сол мақалада Інияттың 1910 жылы Алға ауданында дүниеге келіп, 1918 жылы қоғамдағы дүмпу салдарынан көршілес елге әулетімен жер ауып кетуі баяндалған. 1938 жылы сауда саласында қызмет жасап жүргенде, бір жетім аз ғана күнге қарызға ақша сұрайды. Бірақ, ертеңіне тексерушілер келіп, түскен қаржы жетпейді деп он жылға соттатып жіберетіні айтылған. Итжеккенге солай кете барған ол сол жақта жүріп, 1942 жылы «Бұлай жүргенше ақталайын, Отан үшін күресейін», — деп соғысқа баруға өтініш білдіреді. Айыптылар батальонына жіберіледі. Алғы шепте қардай жауған оқ тиіп, талай рет жарақаттанады, өлімнен де аман қалады. Жарақаты ауыр болса да госпитальдан шыққаннан соң қайтадан сарбаздар қатарынан табылады. Өзін көрсеткеннен кейін сенімге ие болып, взвод командирі де болады. Талай ерліктері үшін орден, медальдармен марапатталады. Кеңес Одағының Батыры атағын алады.

Бұл батыр туралы мен Ақтөбе қаласының байырғы тұрғыны, елге танымал ақсақал Амандық Дүйсенбаевтан 80-ші жылдары естігенмін. Көпті көрген абыз ақсақал білгенін айтып, үнемі ағалық танытатын еді. 1970 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Қарақалпақстандағы нағашыларына барып, Іниятпен кездесіп, танысады, әңгімелеседі. Жұмысбасты болғандықтан, батыр елге, туған жерге бір бара алмай жүргендігін мұңая жеткізеді. Жүректегі сағыныш өмірден өтерден бір жыл бұрын, 1995 жылы Ақтөбе топырағына жетелейді. Кіндік қаны тамған жер Алға ауданындағы Қарағандысайдағы атақоныс мекенін көріп қайтады. Ол жердегі бабалар рухына тағзым етеді. Ұрпағымды әкеліп көрсетем деп жүргенде, 1996 жылы өзі дүниеден озады. Іниятты көргендер бар ма екен деген сауалдарды Өзбекстаннан оралған бауырларға қойып жүрдік. Бірде облысқа белгілі ақын Базарбай Иманмен жолығып қалып, әңгіменің арнасын батырға бұрғанмын. Ол: «Іният ағамыз біздің үйде болғанда көргенмін», — деді. «Іният — ер тұлғалы кісі. Жанарынан от шашып тұрғандай сезіледі. Көп сөйлемейді. Айтары қысқа-нұсқа» деп ағам да айтып отыратын. Ол кезде батыр Қарақалпақстанның Еңлікқала ауданында колхозда жұмыс істейді екен. 1965 жылы Өзбекстанда Жеңістің 20 жылдығы атап өтіледі. Оған Іният та шақырылады. Мерейлі мерекеге орай барлық сарбаздарды Ташкентке жинағанда Іният залда келе жатып, соғыста штраф батальонды басқарған командирімен кездесіп қалады. Қан майданда шені майор болған ол сол жылы генерал-майор лауазымында екен. Аман-саулық, жөн сұрасып «Ау, батыр, сен неге Алтын жұлдызды тақпайсың?» — дейді. Ол Мені кім елеп жатыр», — деп жауап береді. Сол кездегі генералдар азулы, бірден Қарақалпақстанның бірінші басшысы Камаловқа телефон шалады… Содан бастап Іният Наурызбаев жиналыстан қалмайды. Ел тани бастайды.

Кеңес Одағының тұрғындарға отандық паспорт беру рәсімінде батырдың аты-жөні, тегі өзбек ағайындардың ала шапанын жамылып шыға келеді. Сөйтіп, Инаят Наврузбаев болады. Заты қазақ ол оған да көнеді. Батыр болса да кеудесін керген жоқ. Ел қатарлы еңбек ете берді.

Іният Наурызбаевтың соғыс жылдарындағы, әскер сапындағы жолы ерлікке толы. 1942 жылдың сәуір айынан бастап майдан шебінде ұрысқа қатысқан. 254-ші атқыштар дивизиясы, 993-ші атқыштар полкінің пулеметшілер бөлімінің командирі болып, қанды шайқастарды бастан өткереді. Калинин және Украина майдандарында алдыңғы шептен табылады. Фашистермен болған ұрыстарда ол бірнеше рет жараланады. Өмір мен өлім арасында ол қайтпас жігерінің арқасында емделіп шығып, қайтадан қаруды қолына алады. 1943 жылы 2 қазанда сағат 23.00-де Днепрдің арғы жағына өтуге бұйрық алады. Іният басқарған топ ағысы қатты өзеннен алғашқылардың бірі болып, дарияның арғы жағына жетіп, қолайлы позицияны иемденеді. Сөйтіп, өздерінен кейінгі әскери әріптестерінің өтуіне мүмкіндік жасайды. 3 қазан күні Інияттың пулеметшілер тобы дұшпанның төрт шабуылына тойтарыс береді. 4 қазан күні Наурызбаев плацдармды кеңейту үшін алып барған күшімен жаудың екі пулеметшісінің көзін жойып, бір пулеметін иеленеді. Сөйтіп, плацдармды екі шақырымға кеңейтеді. 17 қазанда Крещатик селосы үшін күресте оның тобы 42 гитлершілерді жер жастандырады. Олардың үш оқ ату нүктесі мен қару-жарақ қоймасын және жүгімен бір автомашинасын жарып, миномет позициясына ие болады. Сөйтіп, дұшпанды бекіністен қуып шығады.  Днепрден өту кезіндегі асқан ерлігі үшін 1944 жылы 22 ақпандағы СССР Жоғарғы Советі Президиумының бұйрығы бойынша Совет Одағының Батыры атағы беріледі. Алтын жұлдыз және Ленин ордендерімен марапатталады. Алғы шептегі ерлікке толы сарбаздық жолы үшін, дұшпанның бомбалауға келе жатқан самолетін пулеметпен атып түсіргені үшін «Қызыл жұлдыз» ордені беріледі. Черкаскі ауданындағы ұрыста жаудың дотына басып кіріп, жекпе-жектегі өжет ерлігі үшін екінші рет «Қызыл жұлдыз» ордені оның омырауына тағылады. Аға сержант, кіші лейтенант әскери атағын алған ол 45 мм батареяның взвод командирі кезінде бірнеше орден-медальдарға ие болады.

Қаһарман жауынгер соғыстан соң Тамбов әскери училищесін бітіріп, әскери комисариаттарда қызмет етеді. Запастағы лейтенант еліне оралған соң, колхозды басқарады. 1970 жылы Қарақалпақстанда зейнеткерлікке шығады. Жас ұрпаққа тағдырлы өмір жолын баяндап, бейбіт күндегі тірлікке тәрбиелеуге атсалысады.

Өткен ғасырдың тауқыметі зор. 20-30 жылдарда кеңестік саясат салдарынан жер ауған қазақ азаматтары Отан соғысына қатысып, Іният секілді ерлігімен көзге түскен. Батырмен есімі қатар аталатын ерлердің түп-тегі қазақ екенін бүгінгі жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Бес қаланың бес батыры аталған кімдер еді? Солардың бәрі қазақ жерінде туып-өскендер екен: Іният Наурызбаев, Плис Нұрпейісов, Мақаш Балмағамбетов, Жұман Қарғұлов, Жұмағали Қалдықараев.

«Бұл бес қаланың бес батырының ерліктері жайындағы деректер менің қолымда. «Даңқ» орденінің иегері Әлімбай Аманбаевтың тегі — Әлім еді», — дейді сол жақта туып-өскен Базарбай Иман. Мұны жазып отырғанымыз, бәлкім, туыстары болса, іздестірер деген ниет. Елінен, жерінен ерте кеткен бауырларымызды туған өңірге, бауырымызға тартсақ, оның айыбы болмас… Бұл мақаланы жазуға ала тақиялы елден Алматыға оралған ағайындардың «Ай, ақтөбеліктер, батырларыңызды жатсынбаңдар, олардың кіндік кескен жері өздерің тұрып жатқан құтты мекен», — деген сөзі ой салды.

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button