БілімТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Өмір өзегі

Дөңгелек үстел

 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде белгілі жазушы Рауль Мир-Хайдаровтың 75 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараға Ақтөбе қаласындағы зиялы қауым өкілдері, университеттің профессорлары мен оқытушылары, филология факультетінің студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылыми-инновациялық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Алтыншаш Бекбауова  Ақтөбе облысының Мәртөк қаласында  туған жазушы жерлесіміз Рауль Мир-Хайдаровты ректорат атынан мерейтойымен құттықтап, жылы лебіз білдірді. Осы оқу ордасының 55 жылдығына арнап әзірленген Құдайберген Жұбанов бейнеленген кілемше мен университет туралы кітапты сыйға тартты. Жазушы өз кезегінде Құдайберген Жұбановтың бейнесінің өзінің музейінің төрінен орын алатынын айтты.

Одан соң Рауль Мир-Хайдаровтың шығармашылық жолы туралы  университеттің орыс филологиясы және мәдениаралық қарым-қатынас кафедрасының аға оқытушысы Татьяна Коробкова баяндама жасады.  Мамандығы бойынша құрылыс инженері болғандықтан, құрылыс саласында табысты қызмет жасап, мансабы да өскен Рауль Мирсайдұлының  бойындағы жазушылық қабілеті оның 40 жасында шығармашылыққа бет бұруына ықпал еткенін айтты. Р.Мирхайдаровтың «Пешие прогулки» романы, «Двойник китайского императора», «Масть пиковая», «Судить буду я» шығармалары енген  «Черная знать» кітабы туралы, онда қозғалған көлеңкелі экономика туралы жайында, осы кітап шыққаннан кейін жазушыға қастандық жасалғаны туралы әңгімеледі.

Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Болат Баймұқанов жазушының  шығармаларын талдап, олардың қазіргі күні де өзектілігін жоймай отырғанын тілге тиек етті.

Рауль Мир-Хайдаров  қайда жүрсе де қазақтардың ортасында жүргендей сезінетінін, туған жері Мәртөкке деген сағынышы бөлек екенін айтып өтті. Жазушылық жолға өзіне, қабілетіне сенгендіктен түскенін, әйтпесе табыс көзі деп санамағанын да жеткізді. Филология факультетінің студенттеріне: «Егер филолог болсаңыздар, сіздер күнде бір дүниені оқып отыруға тиіссіздер», — деді. Өзінің әріптесі әрі досы Роллан Сейсенбаев туралы, басқа да  сұрақтарға жауап берді. Дөңгелек үстел ұйымдастырған университет басшылығына ризашылығын білдірді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button